Кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге тұсау болып отырған әкімшілік кедергі көп
Нұржан Әлтаев, Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының директоры:
– Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниет етушілер көбейіп келеді. Бірақ олардың істі неден бастарын, қандай құжаттар жинау қажеттігін білмейтіндігі рас. Сондықтан Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының ашылуы дер кезінде қолға алынған игі істердің бірі болды деуге толық негіз бар. Дегенмен қолбайлау болып отырған жағдайлар да аз емес шығар?
– Елбасы былтырғы жылғы шілде айында Тараз қаласында өткен жиында кәсіпкерлерге қолдау көрсететін орталықтар ашу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Орталығымыз сол тапсырманың негізінде ашылып отыр. Қарап отырсаңыз, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан көптеген көмек, жеңілдіктер жасалып жатыр. Түрлі бағдарламалар бар. Осындай бағдарламалардың саны 30-дан асып жығылады. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы», «Экспортер», «Инвестор» атты бағдарламалар бар. Бірақ ол бағдарламалардың көмегі дер кезінде кәсіпкерге жетпейді. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге тұсау болып отырған әкімшілік кедергі көп. Егер бір зауыт саламын десеңіз, құрылыс жүргізуге, техникалық құжаттарға рұқсат алам дегенше шашыңыз ағарып, меселіңіз қайтып қалады. Рұқсат беретін құжаттарға қол жеткізу үшін адамдар айлап емес, жылдап күтуге мәжбүр. Екіншіден, қаражат та қалтасын қағады. Үшінші мәселе – оқыту. Кеңес Одағы кезінде ешкім кәсіпкерлікпен айналысқан жоқ. Тек жалақымен ғана күнелтті. Нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін жұрттың қайраңдап қалған қайықтай не істерін білмей сенделіп қалғаны да рас. Ертерек ес жиып, тірлігін түзеп, өз кәсібінің несібесін жеп отырғандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі қолға алынып отырған бағдарламалардан хабардар болып, бизнеспен айналысқысы келетіндер қатары күн санап артып келеді. Дегенмен кәсібін неден бастауды, бизнес-жоспарды қалай құрып, қалай жүргізу керектігін білмейтіндер көп. Кейбіреулер зейнеткерлікке шыққан соң, енді біреулері жұмыстан шығып қалған соң кәсіпкерлікпен айналысқысы келеді. Бірақ қалай бастау керектігін білмейді. Орталықта үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Әуелгі жұмыс – кәсіпкерлерге рұқсатнама құжаттарын алуға көмектесу. Мемлекеттік органдарға барсаңыз, «анау керек, мынау керек» деп саны жоқ көп құжаттың тізімін береді. Оған жүгіру де оңай емес. Екінші міндет – қаржыландыру көзін табу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша көмектерді алып беру. Бір ғана мысал. Бір кәсіпкер көмек сұрап келді. Ол медициналық құрал-жабдық шығаратын зауыт салып жатыр екен. Оған банктен несие алып бердік. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша ол кісі банктен 14 пайызбен несие алатын болса, Үкімет 7 пайызын субсидиялап береді. Сол бойынша шешім қабылданып жатыр. Елімізде инвестиция туралы заң бар. Сол заң баптарын қарап отырсақ, кәсіпкерлер зауыт салу үшін құрал-жабдықтарды шетелден алып келеді. Ал кеденнен алып өткенде қаншама қаражат төлеу қажет. Негізі заң бойынша, құрал-жабдықтарды алып келген кезде кеден алым-салығынан толықтай босатылады. Мұндай жеңілдік бар екенінен олар мүлдем хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ көптеген басқа салықтан босатылатынын да білмейді. Жер және мүлік салығынан жеті жылға дейін толық босатылады. Яғни осы аралықта бір тиын да төлемейді. Техникалық дамудың ұлттық агенттігі тарапынан да көп көмек бар. Зауытқа қажетті құралдар жоғары технологиялы жабдықтарға жатады. Сол бағдарламалар бойынша кәсіпкердің 1 миллион долларға дейін грант алуға мүмкіндігі бар. Негізі, олардың құрал-жабдықтарының бағасы 2 миллион доллар тұрады. Біз 1 миллион долларын мемлекеттен грант есебінен алып беріп жатырмыз. Қайтарымсыз. Дұрысы, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың ең үлкені деуге де болады. Тағы бір үлкен қолдаудың бірі – инженер сынды мамандарды біліктілігін арттыру үшін шетелде оқытуға қажет 2 миллион теңгенің 40 пайызын мемлекет өз есебінен төлейді. Мұны да әлгі кәсіпкер білмейді екен. Шетелден маман шақыртқан жағдайда да 40 пайызын Үкімет төлейді. Ресми құжаттар, өндіріс кіріс-шығыстары үшін де грант алуға болады. Оның 70 пайызы мемлекеттің мойнында. «Экспортер – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкер Ресейде де өз өнімдерін шығара алады. Ол жақта өнім өндіру үшін сертификат алу керек. Мұндай құжат болмаса, өнімін ол елде сата алмайды. Сол сертификатқа жұмсалатын қаржының 50 пайызын мемлекет төлейді. Шетелдерде құжат рәсімдеудің де 50 пайызын мемлекет өтейді. Сондай-ақ шетелде өз өнімдеріңіздің көрмесін өткізгіңіз келсе, жалдаған залдың 50 пайыз ақысы мемлекеттен қайтарылып беріледі. Ол жақтан өкілдік, қойма, дүкен ашатын болсаңыз, жұмсаған қаражаттың 50 пайызын мемлекет өз қалтасынан қайтарып береді. Егер жарнама беріп, билборд ілетін болсаңыз, телеарнаға берсеңіз, тағы да 50 пайызы – Үкіметтің мойнында. Брендинг, вэб-сайт ашу, шетелдік рынокқа маркетингтік зерттеу жүргізу, экспорттық стратегияны бағдарлау – бәрінің 50 пайызын мемлекет өтейді. «Қазмедприбор» зауыты келешекте өндірілген өнімнің 40 пайызын шетелге экспорттаймыз деп отыр. Олардың Ресеймен келісімшарттары да бар. Қаншама бағдарламаның ішінде көптеген жеңілдік бар. Өкінішке қарай, мұның барлығын кәсіпкерлер біле бермейді. Біздің негізгі міндетіміз – алдына үлкен мақсат қойып келіп отырған әр кәсіпкерге шынайы жанашырлықпен қолдау көрсетіп, көмектесу. Бұрындары көмекті алу үшін түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келетін. Мәселен, «Экспортер» бағдарламасының көмегін алу үшін Астанаға «Казнекске» бару керек болатын. Ұлттық компаниялардың облыстарда өкілдіктері жоқ. Бүгінгі таңда аталмыш компаниялармен келісімшартқа отырдық. Енді өкілдіктердің де қызметін атқарамыз. Кәсіпкер бір құжат үшін Астанаға ат арытып бармайды. Орталығымызға келіп, барлық көмекті бір мезетте алуына болады. Алдымызға келген кез келген кәсіпкерге қандай жобалар бар, қандай бағдарламалар бар, сондағы барлық жеңілдіктерді айтып, бағыт береміз. Құжаттарының бәрін өзіміз жинаймыз. Екі айдың қорытындысы бойынша орталығымызға 1000-нан астам кәсіпкер келді. 1000 ғана емес, оның артында қаншама отбасы, қаншама жұмысшы тұр. 650 кәсіпкер көмек алды. Жобаларды қаржыландыру бойынша оқыту, рұқсат беретін құжаттарға қол жеткізді. Қаржыландыру бойынша 500-ден астам кәсіпкер көмек сұрап келді. Оның жартысынан астамы, яғни 270-і қаражатқа байланысты көмекке қол жеткізді. 100 кәсіпкер рұқсат беретін құжаттарға байланысты көмек сұраса, оның 48-інікі қанағаттандырылды. Жұмысының жеңілдегеніне, құжаттарға тез қол жеткізгеніне қуанған кәсіпкерлер арнайы келіп, алғыстарын жаудырып жатыр. Сайрам ауданынан келген бір кәсіпкер екі жыл бойы құжаттың соңынан жүгіріп, тірлігін тындыра алмаған соң, біздің орталыққа көмек сұрап келді. Мәселесін бес күннің ішінде шешіп бердік. 400-ден астам кәсіпкерді оқыттық. Жылыжай шаруашылығымен айналысуға ниет еткен адам келсе, біз, ең алдымен, оны кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтырамыз, бизнес-жоспар жасауға, қаржылық талдауға үйретеміз. Жылыжай салу үшін қанша қаржы кетеді, өнімді сатуды қаншаға өткересіз, қанша табыс қалады, соны сараптауға жәрдемдесеміз. Одан кейін арнайы жылыжай шаруашылығымен айналысатын мамандарды, агрономдарды шақырып, қандай көшетті алу керек, қандай пленкамен жабу керек – соның бәрін тәжірибе жүзінде көрсетеміз. Тегін оқытамыз. Жұмыс істеп тұрған жылыжайға апарып көрсетіп, қаржыландыру жағының қамын жасаймыз. Операциялық залымызда түрлі банктердің өкілдері отыр. Қазагроқаржы, Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, Агронесие корпорациясының өкілдері отыр. Барлығы да бір орталыққа тоғыстырылған. Сервистік компания да бар. Ол бизнес-жоспар жасауды үйретіп, заң, маркетинг бойынша кеңес береді. Әрі барлығы да тегін. Облыстағы ең мықты, тәжірибелі салық маманын осында жұмысқа қабылдадық. Ол кісі салыққа байланысты барлық сұрақтарға жауап береді.
– Кәсіпкерлерге көмек көрсететін орталықтың Алматыдан кейін екінші болып Шымкентте ашылуының сыры неде?
– Алматы қаласындағы орталықтың жұмысы біздікіне қарағанда бөлектеу. Онда тек қана кеңес берумен айналысады. Біздегідей рұқсат беретін құжаттарды реттеумен айналыспайды, оқыту мүлде жоқ десе де болады. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша ең көп кәсіпкер шоғырланған орталық болып саналады. 120 мыңнан астам кәсіпкер бар. Бұл – жұмыс істеп тұрған ірі және орта бизнес көздері деген сөз. Еліміз бойынша мұншама кәсіпкерлік нысандарымен ешбір облыс мақтана алмайды. Облыс орталығынан бөлек, аудан орталықтарында да филиалдарымызды ашуды көздеп отырмыз. Ауыл тұрғындары қалаға жүгіріп әуре болмайды. Аудан орталығына келіп-ақ тірлігін тындыра алады.
– Орталыққа келіп жатқан кәсіпкерлердің дені қай салаға ниет етіп отыр? Тыңнан түрен салуға ниеттілер бар ма?
– Басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытады. Аграрлы облыс болғандықтан бұл түсінікті де. Оның үстіне, кәсіпкерлердің көбінікі шағын бизнес. 3-5 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсетуді сұрап келіп жатқандар көп. Шағын цех, тігін цех, скотч жасайтын цех ашқысы келіп көмек сұрайтындар бар. Мал өсірумен, бордақылаумен айналысуға ниет еткендер басым. «Жұмыспен қамту-2020» – өте тамаша бағдарлама. Ауылдықтарға 3 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Екінші деңгейлі банктердің дені ауылға бармайтыны, ауылдықтарға несие бермейтіні белгілі. Кәсіпкерлікке ниет еткен соң, кепілдік, әлбетте, болуы керек. Бағдарлама бойынша «Ырыс» МКО несие береді. Олар саман үйлерді, жерді қабылдай береді. Ал банктер алмайды.
– Кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытатын оқытушыларыңыздың біліктілік деңгейі қандай?
– Оқытудың екі бағыты бар. Біріншісі – кәсіпкерліктің алғышарты. Бизнес жобалау деген. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ден, банктің директорлары бізбен келісімшартқа отырып оқытуға құлшыныс танытып отыр. Жылыжай шаруашылығымен айналысқысы келгендерге агрономдарды шақыртып, оқытамыз.
– Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігі шектеулі жандардың да көптеп ниет етіп жатқаны белгілі. Алайда соларға өз деңгейінде көңіл бөлінбей отырғандай. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келген мүгедектерге қандай жеңілдіктер бар?
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға «Даму» қорынан байқау арқылы 400 мың теңгеге дейінгі гранттар бөлінеді. Кейбір мүмкіндігі шектеулі жандар көмек сұрап келеді. Бірақ олардың бизнес-жоспары – 400 мың теңге емес, 3 миллионнан асатын жобалар. Осыған қарап, оларға бөлек бағдарлама қабылданса деген тілек бар. Жеңілдіктерді қарастыратын арнайы бағдарламалар жоқ. Сондай-ақ шағын несиелерді кепілдіксіз беру жағын қарастырса жақсы болар еді. Мүгедектерге де, он екі мүшесі сау кәсіпкерлерге де бірдей бағдарлама ұсынылады. Мүгедектерге тек қана салықтық жеңілдіктер, «Даму» қорының азғана жеңілдігі бар. Одан басқа жеңілдік қарастырылмаған. Жуырда орталығымызға бір аяғынан айырылған мүмкіндігі шектеулі жан келді. Массаж кабинетін ашқысы келеді екен. Жоспарын қарастырып жатырмыз. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша наурыз айында ақша түсе бастайды. Қыс айларында құжаттарын түгел дайындап береміз. «Ырыс» МКО-ның несиелері онсыз да аз, 6,5 пайызбен беріледі.
– Ірі кәсіпорын немесе үлкен сауда орнын ашқысы келетін кәсіпкерге жер алу мәселесінде мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі ме?
– Кәсіпкер рұқсат беретін құжатқа қол жеткізу үшін арызы мен сенімхатты біздің маманға тапсырады. Ол ары қарай әкімшілікпен жұмыс істейді. Инвестиция да қарастырылған. Жер қазір аукцион бойынша сатылып, жалға беріледі. Онда да ол жерде нақты инвестициялық жобаларды іске асыратын болсаңыз ғана. Заңда нақтыланған талаптар бойынша шешімін табуға көмек көрсетеміз. Жер аламын дегеннің бәріне, әрине, жер алып бере алмаймыз. Ол бұл учаскеде қандай бизнес көзін ашады, қанша қаражат салады – бәрін нақтылаймыз. Соңғысын әкімшілік шешеді. Қалада бос жер жоқ. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін десеңіз, қаланың сыртында бос жатқан жерді беруі мүмкін. Индустриалды аймақ ашылған. Сол аймақтан алып беруге мүмкіндік бар.
– Орталық тарапынан қанағаттандырылмай қайтып жатқан жобалар бар ма?
– Әрине, бар. «1 миллиард теңгеге зауыт салайын деп едім» деген фантастикалық қиялмен келетіндер де бар. «Әуелі қаражаттарыңды беріңдер, ары қарай көре жатармыз» дейді. Біз өзіміздің де, олардың да ұятқа қалмау жағын қарастырамыз. Келешегінен көп үміт күттіретін жобалар да болады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасында арнайы бөлім бар. Егер кепілге қоятын жылжымайтын мүліктің құны жетпесе, 50 пайызына мемлекет өзі кепілдік беруі мүмкін. «Үкімет асырауы керек» дегенді санасына сіңіріп алғандар «телеарналардан айтып жатыр, маған несие беріңіздер» деп келеді. Оларға «біздің орталықтың ақшасы жоқ, біз тек көмек береміз. Жобалардың ішіндегі ең тиімдісін, пайыздық ставкасы төменін таңдап, құжаттарды өткізуге көмектесеміз. Әр банктің өз ішкі тәртібі бар. Біз одан аттай алмаймыз» деп түсіндіреміз.
– Оңтүстік өңірде кәсіпкерлер өндірмейтін өнім жоқ десе де болғандай. Дегенмен аймақтағы кәсіпкерлердің арасында өндірген өнімін шетелге шығарып жатқандары бар ма?
– Олар өздері өндіргенімен, бүкіл қаланы қамти алмайды. Әсіресе азық-түлікпен, оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс, етпен. Бұл – өте ауқымды нарық. Ресейлік кәсіпкерлер келіп, осы өнімдерді алып кетпек болып келісімшартқа отырмақ болған. Мәскеуді көкөніспен қамтуға біздің облыстың қауқары жетпейді. Облыстың бүкіл кәсіпкерлері жұмыла жұмыс істесе де қамти алмайды. Ресейліктер кез келген өнім түрін қанша тонна болса да алып кетуге дайын. Алайда біз оған дайын емеспіз. Өйткені облыстағы кәсіпкерлік нысандары шағын. Ресей кәсіпкерлері «біз аралап, бәрінен біртіндеп жинап жүрмейміз. Бізге 6 мың тонна қызанақ керек болса, біз оны бір жерден алып кетуіміз керек» дейді. Біздің жылыжайларымыз шағын ғана, 1 гектар, ары кетсе 5 гектар. Одан көп өнім жиналмайды. Осы мәселені шешу керек. Әлеуетіміз үлкен. Қаншама қызанақ өндірсек те, ол өте аз болады. Қаншама мал асырап, ет өндірсек те бәрібір жетпейді. Ал қазақстандық нарық үлкен емес. Кедендік одаққа кіргелі жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Ешқандай кедендік кедергі жоқ, әкеліп сата бересіз. Бізге «Мерседес» шығарудың қажеті жоқ. Бәрібір біз немістер сияқты жасай алмаймыз. Одан да өзіміздің қолымыздан келетін істі жетілдіруіміз қажет. Біздің облыс ауылшаруашылық өнімдерімен-ақ нарықты толық жаулап ала алады.
– Қытайдың, Өзбекстанның дәмсіз жемістері мен көкөністері базарларымызды толық жаулап алған десе де болады. Олардың өнімдерін базар сөресінен қуып шығуға қауқарымыздың жетпеуінің бір себебі осында жатыр ма, қалай?
– Еліміз бойынша салынған жылыжайлардың 70 пайызы – біздің облыста. Бірақ сонда да болса аз. Өзбекстаннан келетін өнімнің жолы жабылды. Оларда жұмыс күші арзан тұрады, сондықтан базарларымызды кезінде өзбекстандық өнімнің басып алғаны рас. Бүгінде оларда газ жағынан проблема туындап отыр. Ол жақтан келетін өнімнің азайғаны бізге көп көмек болып тұр. Өзіміздің өндірісіміз артып келеді. Алма бұрын Қытайдан әкелінетін. Бүгінде оны да нарықтан қуып шығатын кез алыс емес. 2011-2012 жылдары облысымызда алма бақтары отырғызылды. Бірақ ол алма ағаштары енді үш жылдан кейін өнім бере бастайды. Сол кезде өнімді қайта өңдейтін зауыттар салу керек болады. Өйткені алма тамыз айында піскеннен кейін сатылғаны сатылады да, қалғаны жерге түсіп рәсуа болады. Не қойма жоқ, не өңдейтін зауыт жоқ, бекерге рәсуа болады. Өнім сақтайтын қоймалар салынып жатыр. Одан кейінгі мәселе – қайта өңдейтін, яғни шырын, павидло, алмадан жасалатын өнімдер шығаратын зауыттар салу керек. Кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Қытайдағылар бұрын өздеріндегі алманы біздің рынокқа әкеліп сататын. Қазіргі таңда халқының саны өсіп жатыр. Соған орай, тұтынушылық қабілеттері де артып отыр. Бұрын олар тек күрішті азық етсе, енді қарапайым халқының өзі дұрыс тамақтануды үйреніп келеді. Олар апельсин, алма, көкөніс өнімдерімен азықтануға бет бұрып келеді. Алдағы уақытта Қытай алмасын экспорттамайтын болады. Өйткені өз халқын қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. 1,5 миллиард тұрғынның тамағын тауып беру де оңай емес, әрине. Ішкі тұтыну нарығын толтыра алмай қалуы да ғажап емес. Сонда олар бізге экспорттамақ түгіл, өздері бізден таситын болады. Қытайлар бізге сұраныс жасап отыр. Сояны қанша көлемде болса да сатып аламыз деп. Алайда облыста сояны өсіру өте қиындық тудырып отыр. Жаңа технологиялар енгізбесе, өте қиын. Өйткені сояны комбайнмен жинаған кезде шашылып кетеді. Сондықтан инновациялар енгізу керек. Тұрғындардың жақсы өмір сүруіне, кәсібінің нәсібін жеуіне көмек көрсетіп, тамшыдай болса да үлес қоса алсам, еңбегімнің жанғаны.