«Медеу» – халық байлығы, Қазақстанның архитектуралық ғимараты
Сабыржан Бектемісов, «Медеу» мұзайдыны спорт кешенінің директоры:
– Сабыржан Саматұлы, бүгінде «Медеу» мұзайдыны қарапайым халықтың да коньки теуіп, дем алатын орнына айналған. Сондай-ақ кейінгі жылдары қайтадан халықаралық дүбірлі додалар да ұйымдастырыла бастады. Былайша айтқанда, екеуіне де қызмет етеді. Десек те, «Медеу» негізінен осы екеуінің қайсысына арналған? Түптеп келгенде, халық игілігіне көп қолданылатын сияқты ма?..
– Негізінен, халыққа көп қызмет етіп, халық игілігіне көп пайдаланылады. Оның бір себебі, қазір біздің мұзайдын үлкен спорттың заманауи талаптарының қайсыбіреулеріне сәйкес келмейді. Мәселен, конькимен жүгіру спортын алайық. Қазір біздің мұзайдында халықаралық маңызды додалар өткізуге келмейді. Нақтырақ айтқанда, конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаттары мен әлем кубогының кезеңдік бәйгелерін өткізе алмаймыз. Себебі қазір бүкіләлемдік бұл бәйгелер төбесі жабық мұзайдындарда өткізіледі. Біз тек жастар, жасөспірімдер арасындағы бәйгелер мен басқа да додаларды өткізе аламыз. Бұл конькимен жүгіру спортына байланысты. Басқа спорт түрлерінен кез келген біріншіліктерді өткізе аламыз. Алайда бұл тұрғыда, әлемдік спорттың назары бізге ауа қойған жоқ. Сондықтан біз халықаралық ірі додалар өткізіп, төрткүл дүние назарын өзімізге аударуға тырысудамыз. Осындай сынақтық доданың бірі 2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары болды. Одан кейін биыл, жыл басында бендиден (допты хоккейден) әлем чемпионатын өткіздік (29 қаңтардан 5 ақпанға дейін). Үшіншісі 2014 жылғы конькимен жүгіру спортынан жастар арасындағы әлем чемпионаты болмақ. Бірақ бізде үлкен спорттан оқу-жаттығу жиынын өткізуге болатын тамаша база бар. «Медеудің» табиғи әсемдігі мен ерекшелігін ескерсек, бізде жаттығу жиынын өткізу – өте қолайлы және тиімді. «Медеудің» теңіз деңгейінен 1691 метр биікте орналасқандығын ескерсек, бұл жер – спортшыларды дайындауға таптырмас орын. Осы жерде дайындалған спортшылар аса жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Мысалы, қазір бізде конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Олар алдағы әлем кубогы маусымына дайындалып жатыр.
Әйтсе де, өзіңіз айтқандай, біз бұқаралық спортқа көп көңіл бөлудеміз. Бұл сөздерімді математикалық көрсеткіштермен жеткізер болсам, біздің бұқаралық спортқа ден қоюымыз 80 пайызға жетіп жығылады. Бұл жоғары жақтың нұсқауын орындаудан жүзеге асып отырған тапсырма емес. Ашығын айтайын, бүгінгі тірлігіміздің өзі осылай болып, осыған тіреліп тұр. Шындығы – осы. Сондықтан бүгінгі таңда, негізінен, халыққа қызмет етудеміз. Ал тұтынушыларымыздың (яғни халықтың) көңілінен шығу үшін тәулігіне 12-14 сағат жұмыс істейміз. Өйткені халықтың көбісі күндіз жұмыс жасайды да, мұзайдынға кешке қарай келеді. Кейбіреулер күндіз келіп, коньки тепкенді қалайды. Келетін халық әр санатты, яғни жас шамалары әрқилы. Балалар да қызығады, зейнеткерлер де келеді. Жастар да ағылады, ересектер де ат басын бұрады.
Халықтың арасында «Медеуге» үйреніп алғандары, осында бір келмесе, отыра алмайтындары да баршылық. Оларды мұнда тартып тұратын «сиқырлы күш» – әсем табиғат аясы, жұпар таза ауа, мейірлі күн шуағы, сылдырап аққан тау сулары. Міне, осылардың бәрі көптеген адамдарды «Медеуге» магниттей тартып тұрады.
– Кешіріңіз, сонда «Медеуге» көп келетіндер кімдер? Қала тұрғындары ма, әлде Алматы қонақтары ма?
– Білесіз бе, қанша дегенмен – қала тұрғындары. Біз өзіміз де, осыған қызығып, есептеп (саралап) көрдік. Ресми түрде емес, әрине. Сонда көз жеткізгеніміз, «Медеуге» келетіндердің 70 пайыздайы – қала тұрғындары. Бірақ қараңызшы, студенттерді қайсысына жатқызуға болады. Қала тұрғыны деп қабылдайық па, әлде уақытша Алматыда тұрып жатқан білім алушылар деп пе? Міне, көрдіңіз бе? Біз студенттерді қала тұрғындарына жатқыздық. Ал егер оларды қонақтар қатарына жатқызсақ, онда қонақтардың үлесі басып кетеді. Себебі бізге топ-тобымен ең көп келетіндер, негізгі «қонақтарымыз» – осы студенттер. Олар осында келеді де, ойнайды, асыр салады, алысады, жүгіреді, әбден шаршап, ұйықтап та алады. Бірақ ешқандай бұзақылыққа бармайды. Тәртіп бұзбайды. Біз сол үшін оларға ризамыз. Содан соң «Медеудің» ішіне кіргендердің бәрі коньки теппейді. Кейбіреулері мұзайдынды айнала жүріп, айналасын тамашалайды. Баз біреулер орындықтарға отырып, дем алса, кеуделерін шешіп тастап, күнге қыздырынатындар да бар. Яғни бәрі таза ауамен тыныстап, табиғат аясында дем алады. Бізде тамақ ішетін орындар бар. «Шығыс» трибунасының астында 50 адамдық кафе, ал «Батыс» трибунаның астында 150-180 кісілік кафе-ресторан бар. Онда теледидар көріп отырып, тыныстауға болады. Сіздің сұрағыңызға қайта оралсам, бізге халықтың пайыздық көрсеткіші маңызды емес. Адам көп болса, болды. Әрине, адам көп болса, мұзды таптап тастайды. Сондықтан біз мұз сапасын жоғалтпауына алаңдаулымыз.
– Бәлкім, халық лек-легімен ағылар да ма еді. Бірақ бірнеше жыл Экология бекеті «Медеуді» бетке алғандардың жолына кесе-көлденең тұрды ғой. Кейінгі кезде қазір сол бекет алынып тасталған ба?
– Қазір олар жоқ. Олардың орындары ескерткіш сияқты ғана болып тұр. Бендиден әлем чемпионатының алдында, шамамен қаңтар айының аяғында Экология бекеті алынып тасталған. Қазір халық «Медеуге» емін-еркін, тегін келе алады. Тек бір өтініш, келгендер табиғатты ластамаса екен дейміз. Әсте адам екенімізді ұмытпай, айналамызға құрметпен қарап, табиғатты аялай білсек, өзімізге жақсы емес пе?
– Осыдан бірер жыл бұрын заман талабына сай «Медеудің» төбесін жабу керек деген ұсыныстар айтылды. Одан кейін «егер әйгілі мұзайдынның төбесін жапсақ, онда оның барлық әсемдігі мен артықшылығынан айырыламыз, тұмшалап, тар қапасқа айналдырамыз, одан да сол қаржыға оның жанынан төбесі жабық басқа мұзайдын салу керек» деген дәлелді пікірлер айтылды. Бірақ ештеңе салынбады да, «Медеудің» төбесі жабылмады да.
– Айтпағыңызды түсіндім. Бірден айтайын, бізде 2017 жылғы Бүкіләлемдік ақ универсиада дайындығы бағдарламасында төбесі жабық басқа мұзайдын салу ойластырылуда әрі қаралуда. Бұл мұзайдын халықаралық талаптарға сай, соңғы үлгідегі спорттық кешен болуы керек. Ол Халықаралық конькимен жүгіру федерациясының барлық талаптарына сәйкес салынады. Мұндай мұзайдын болады, бізде. Оған сөз жоқ. Менің білуімше, ол Алатау ауданында болады. Әрі оның жанында «олимпиада қалашығы» салынады. Конькимен жүгіру спортына арналған әлгі үлкен мұзайдынның жанында бірнеше кішігірім мұзайдындар болады. Олар шорт-трек, шайбалы хоккейге арналады. Ал «Медеуге» тиісудің, бүлдірудің, берекесін кетірудің қажеті жоқ. Әрине, ақшаны төгіп, оны қайтадан «рекордтар фабрикасына» айналдыруға болады. Бірақ бұл жерде халық денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру бәрінен жоғары қойылуда. Бүгінде «Медеу» халықтың демалатын сүйікті орнына айналған. Сондықтан оны халықтан айырудың қажеті жоқ. Мысалы, Алматыда қаншама мұзайдын бар. Бірақ халық алыс та болса, осында келеді. Неге? Әрине, «Медеу» тау төсінде, көз тоймас табиғат аясында орналасқан дерсіз. Негізі, ең бастысы, «Медеудің» мұзы бәрінен де ерекше. Мұзайдын қадірін білетіндер «Медеуге» сол ерекше мұзы үшін келеді.
– Сонау жылдары, КСРО тұсында «Медеу» шынымен-ақ мұзымен ерекшеленді. Өйткені мұзайдын кәусар таза тау суынан қатырылды. Осыдан бірер жыл бұрын тау суы жайына қалды десек те болар. Тіпті құбырдан аққан судан қатырылған да шығар-ау. Ал қазір ше? Тау суы бұрынғыдай сүзіліп, тазартыла ма?
– Рас, осыдан үш-төрт жыл бұрын да судың сапасына аса көңіл бөлінбеді. Өйткені қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатты. «Медеуді» тезірек іске қосу қажет болды. Халық «Медеуді» сағынды. Сонда суды, өзіңіз айтқандай, «құбырдан алып, қатыра бердік» деуге боларлықтай жағдайларды бастан кешірдік. Өйткені жағдай солай болды. Одан кейінгі жылдары араластыра бастадық. Ал қазір мұзайдын шынайы таза тау суынан қатырылады. Жоғарыда Кіші Алматы өзенінен жиналатын су қоймасы бар. Содан бері тау суы тазартылудың сегіз сүзгісінен (деңгейінен) өтеді! Соңғы тазарту сүзгісі, бұл – ультракүлгін сәулелер. Жеті сүзгіден өткен соң-ақ, суда бактерия қалмайды. Ал төбесі жабық кешендердегі мұзайдындардың мұздары неге шытынап кетеді? Өйткені оның суының құрамында бактериялар бар. Ал «Медеудің» мұзының құрамында бактерия атымен жоқ. Сегіз сүзгіден өткен тау суы залалсыздандырылған су болып шығады. Ішетін залалсыздандырылған судай таза. Қазір «Медеу» мұзының сапасы өте жоғары. Сонау 70-жылдардағы «рекордтар фабрикасына» айналған кезіндегі деңгейіне жетті.
– «Медеу» қысқы 2011 жылғы Азия ойындары қарсаңында күрделі жөндеуден өтті. Бірақ сыртқы көрінісі өзгертілмеді. Мүмкін, заман талабына сай сыртқы пішінін де әсемдеп, өзгерту керек па еді?
– «Медеу» – халық байлығы, Қазақстанның архитехтуралық ғимараты. Оның мол шежіресі мен өзіндік тарихы бар. Сондықтан оның сыртқы көрінісін сақтау керек болды. Бұл – біздің емес, жоғары жақтың шешімі. 1972 жылғы алғашқы көрініс-кейпін сақтай отырып, күрделі жөндеуден өткізілді. Бірақ «ине-жібіне» дейін барлығы айырбасталып, түгелі жаңартылды. Себебі қырық жылда құбырлары да, желілері де, жабдықтары да бәрі де, бәрі әбден тозған болатын. Ішінің бәрі қазіргі заманға сай жабдықтармен, механизмдермен алмастырылды.
– Ал жазда не істейсіздер? Мұзайдын қатырылмаса да, спорттық кешен басқа да мақсаттарда қолданылатын шығар?
– Мүмкін, біздің жарнамамыз аса жоғары деңгейде емес шығар. Бірақ бізде 2011 жылдан бері «Медеу жазғы саябағы» жұмыс істеуде. Ал «жазғы саябақ» дегеніміз не? Бұл – футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корттары, скейтбордқа арналған жолдар, велоспорт жолақтары және т.б. Жаз айларында «Медеудің» ауқымды ауданы бос қаңсып тұрмас үшін, осындай спорт алаңдарына бөлдік. Жазда төбесінен суретке түсіріп алсаңыз, өте әдемі. «Медеудің» іші қайнаған спорттық додаларға толы. Келіп, таза ауа жұтып, дем алып, доп теуіп, додаға түсетіндер аз емес. Біз жазда да қыстағыдай таңертеңгі сағат 9:00-ден түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Аптасына үш күн – жұма, сенбі, жексенбі. Бізде қаламен ауа температурасының айырмашылығы 6-10 градусқа дейін жетеді. Мысалы, қалада 30 градус ыстық болса, бізде бар болғаны – (+)20 градус қана. Сондықтан келушілер өте көп болды.
– Бірақ жазда өрт шықты. Сол өрттен «Медеу» де зардап шекті ме? Жалпы, «Медеудің» қауіпсіздігі жөнінде не айтуға болады?
– Иә, жазда зор құлшыныспен тәп-тәуір жұмыс жасап жатыр едік. Келушілер де көбейе бастаған. Өкінішке қарай, «Шымбұлаққа көтерілетін тау беткейінде, өрт шығып, тілсіз жау таудың сәнін келтіріп тұрған шыршаларды «жалмады». Басты зардап осы ғой. Ал қауіпсіздік жағына келсек, өрт кезінде қар көшкініне қарсы қорғаныстар (құрылғылар) зардап шекті. Ондағы өсімдік қабаты өртеніп кетті. Биік шыршалар қар көшкініне қарсы қорғаныстың негізгі бөлігі һәм «қалқаны» еді. Мамандар енді оның қалпына келуі үшін 100 жыл уақыт керек дейді. Абырой болғанда, негізінен, батыс беткейдегі шыршалар өртеніп, оңтүстік-шығыс беткейді өрт аса көп шарпымады. Яғни ең қауіпті аймақтар соншалықты зардап шеккен жоқ. Ең бастысы, «Медеудің» қауіпсіздігі мұнымен шектеліп, кеміп қалған емес. Осы саланың мамандары үнемі қауіпсіздік шараларын жүргізіп отырады. Бәрі олардың назарында. Бетін аулақ қылсын, бірақ қар көшкіні бастау алатын қауіпті жерлер мен «Медеуге» дейінгі арақашықтық – шамамен бір жарым шақырым. Мұны біз емес, кәсіби мамандар өлшеген. Яғни қар көшкіні бола қалса, тағы да қайталап айтамын, бетін аулақ қылсын, «Медеуге» дейін оның екпіні бәсеңсиді. Өз орнына мығым жайғасқан мұзайдынды жапырып кете алмайды. «Медеу» соңғы жылдары заман қиыншылықтарын ғана емес, табиғат апаттарын да басынан кешіруде. Биыл өрт шықты, былтыр екі рет өте қатты, екпінді дауыл тұрды. Сонда бекітілмеген қондырғы-құрылғылар ғана құлап, бүлінді. Қалғанының бәрі өз орнында. «Медеу» дүлей дауылға да төтеп беріп, аман қалды. Тіпті өте қымбат табло да, қып-қызыл ақшаға алынған жарықтандыру қондырғылары да өз орындарында тұр. Ештеңе құлаған да, бүлінген де жоқ. Соңғы екі жылда «Медеу» құдды, сынақ «полигонына» айналғандай, бірақ бәрінен аман қалды.
– Жамандық атаулысынан Құдай бетін аулақ қылсын. Енді жаңа маусым жайлы аз-маз айтып өтсеңіз.
– Бірінші жұмыс режімдерінен бастасам. Біз қала тұрғындары мен қонақтар үшін бейсенбіден бастап, жексенбінің қою қара түніне дейін қызмет етеміз. Негізі, дүйсенбі-сәрсенбі күндері де жұмыс жасай аламыз. Бірақ бұл күндері халық аз болады. Әрі спортшыларға да уақыт қалдырғымыз келеді. Алайда қандай да бір кәсіпорын немесе мекеме өз жұмысшыларын осында әкеліп, демалуды қаласа, біз ондайларды қуана қарсы аламыз. Кез келген уақытта (күндіз болсын, түнде болсын) есігімізді айқара ашамыз. Ал бейсенбі-жексенбі күндердегі жұмыс режімдеріміз төмендегідей:
І-күндізгі уақыт – 10:00-ден 12:30-ға дейін.
Қысқа үзіліс – 12:30-дан 13:30-ға дейін.
ІІ-күндізгі уақыт – 13:30-дан 16:00-ге дейін.
Ұзақ үзіліс – 16:00-ден 18:00-ге дейін.
Кешкі уақыт – 18:00-ден 23:00-ге дейін.
Мұндай режімге көшу себебіміз, бұрын түске қарай мұзайдынның беті жіпсіп, барлық талаптарға сай болмайтын. Коньки тебуші қонақтарымыздың өздері мұзайдын сапасына кейіп жататын. Өйткені күн қыза келе, шынымен де мұзайдын сапасы нашарлай бастайды. Әрі мұзайдында жүргендердің бәрі кәсіби конькишілер емес. Конькиді бәрі бірдей дұрыс теппейді. Сондықтан біз күндіз екі рет үзіліс жасап, мұзайдынды қалпына келтіріп аламыз. Ал кешкі мезгілде мұзайдын өз сапасын жоғалтпайды.
Екіншіден баға саясатына тоқтала кетсем. Біз биыл бағамызды сәл көтердік. Таратып айтар болсам, «Медеуде» биыл бір сағат коньки тебудің бағасы 320 теңгеден 480 теңгеге көтерілді. Бағаны көтеруге мәжбүрміз. Себебі өздеріңізге белгілі, электр энергиясы, жанармай қымбаттады. Ал біз 2009 жылдан бері бір бағаны ұстап келдік. Негізі, бір сағат коньки тебу құны 600-700 теңге болуы керек болатын. Бірақ біз халықтың қамын ойлап, бағаны көтермедік. Әрине, өзімізге бұдан ешқандай пайда түскен жоқ. Инфляцияға қарамай, бірнеше жыл бір бағаны ұстап келгенімізбен, биыл бағаны сәл көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Алайда сонда да біз қаладағы ең арзан мұзайдынбыз. Қала ішіндегі мұзайдындардың бір сағаты – 800-1000 теңге айналасында. Бірақ нұсқаушылар (коньки теуіп үйретушілер) қызметі, конькиді жалға беру және коньки қайрау бағалары сол бұрынғысынша қала береді.
Осы ретте айта кетейін, коньки тепкісі келетіндерді үйрететін нұсқаушыларымыз да бар. Мәселен, балалар мен зейнеткерлерге коньки тебуді үйретсек, олар қызығып, тағы келіп тұратын болады. Өйткені бұл адамның денсаулығы үшін пайдалы. Ал олар коньки теуіп үйренсе, тылсым табиғат аясында дем алуға тез бейімделеді. Айтпақшы, естеріңізде болар, Азия ойындары кезінде бізде «Қар барысы» саябағы болған. Биыл да сондай саябақ ашып қоймақпыз. Қар қалың түскен соң, демеушілерімізбен және серіктестерімізбен бірлесе отырып, балаларға арналған осындай саябақ жасаймыз. Онда коньки тебе алмайтын жеткіншектер мен жас балалар сырғанақ теуіп ойнай алады. Маусым бойы әртүрлі мәдени-бұқаралық шаралар өткіземіз.
– Сабыржан Саматұлы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.
– Сіздерге де рақмет. Сөз соңында 5 қазан күні, яғни алдымыздағы жұмада жаңа маусымның ашылуы болатындығын ескерте кеткім келеді. Бұл күні сағат 16:00-ге дейін коньки тебу – тегін. Келіңіздер!