Медицина саласына саясатты араластырмай, тек ғылымның өресімен дамытқан ләзім
Қадырбек РАМАЗАН, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Қадырбек Рамазан мырза! Жүрек ауруларына қатысты білікті маман ретінде әлемдегі жүрек ауруларының жағдайын қалай бағалар едіңіз?
– Расында да, соңғы жылдары қан айналымы жүйесі аурулары, оның ішінде жүрек қан-тамырлары ауруы әлемдік деңгейдегі эпидемия сипатына еніп келеді десек артық айтқандық болмас, сірә. Бүгінгі күні өлім-жітім бойынша жүргізілетін есепте жүрек-қан тамыры аурулары алғашқы сатыға шықты. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылы жүрек-қан тамырлар ауруы әлем бойынша 17,5 млн адамның өліміне тікелей себепші болыпты. Бұл – барлық өлім жағдайының 30 пайызы деген сөз. Негізінен, бұл ауру түрлерінің өршуі даму үстіндегі һәм дамыған елдерде өте шапшаң қарқын алып отырғаны байқалады. Яғни бұны көпшілік ғалымдар өркениет пен ірі қалалар ауруы, қызу қарбалас, қым-қуыт өмір ырғағымен жүріп, еңбек пен демалыс нормаларын сақтауды кейінгі орынға ысырып отыратын өмір салтымен байланысқан ауру деп санайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тағы бір зерттеулеріне қарағанда, 2020 жылға қарай даму жолындағы мемлекеттердегі халықтың жұқпалы емес ауру түрлерінен қайтыс болатындар көрсеткіші 70-80 пайызға жететіні болжанады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Ал соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруы 1-орынға шығатынына және назар аударылады. Егер кез келген азаматтың санасына осы аурудың салдарын түсіндіре алсақ, онда осындай жұқпалы емес бола тұра, жұртшылықтың арасында кеңінен етек алған эпидемияның алдын алатын едік. Ал бүгінгі деректер керісінше өсу үстінде екендігін, оның мемлекет үшін экономикалық салдарын әркім жете түсінген ләзім.
– Білуімізше, Қазақстанның жүрек ауруларына қатысты жағдайы да мәз емес секілді. Бұған не айтасыз?
– Расымен, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі жүрек-қан тамыры ауруларының деңгейі аса алаңдатарлық жағдайда. Жүрек-қан тамыры ауруларынан, жоғары қан қысымы секілді аурудан о дүниелік болатындар саны жыл сайын артып барады. Қазір еліміздегі аурудың басымы жоғары қан қысымынан болып табылады. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге көз жүгіртсек, соңғы 20 жылда Қазақстандағы жүрек-қан тамыры аурулары 10 есеге, ал осының салдарынан туындайтын өлім 2 есеге артқан. Елімізде салыстырмалы түрде алғанда жүрек-қан тамырлары өршіп тұр. Газеттерде жарияланған және бір деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың бес айының ішінде 65,5 мың адам қайтыс болса, соның 43 пайызын жүрек-қан тамырлары аурулары құрап отыр. Бұл Қазақстандағы жағдайдың тым мүшкіл екенін тағы айғақтайды. Тағы алаңдайтын мәселе, бұндай аурулар бұрынғы тәжірибеде тек ересек адамдарға тән болса, қазір науқастар қатары жасарып барады.
– Бұндай келеңсіз көрсеткіштердің елімізде белең алып, жүрек ауруының қазақтар арасында өршуін немен түсіндіресіз?
– Ең алдымен, бұл аурудың даму үстіндегі елдерге тән екендігін тағы еске сала кеткім келеді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қарай Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік бағытында үлкен өзгерістер орын алды. Бұрынғы жүйе құлағанда, көпшілік жұрт қоғамнан өз орнын таба алмай, күйзеліске түсіп, стрессті жағдайларға тап болды. Екіншіден, қиын кезеңдері жұртшылықтың көпшілігі ауылды тастап, қалаға көшті. Яғни, қоғамның экономикалық дамуына сай халықтың тұрмыстық тұтыну өресі де күннен-күнге құлпырып, жүріс-тұрысына дейінгі тәсілдерінде үлкен өзгерістер болды. Нарықтық бәсекелестік қоғамға кірісу де бір жағынан елге оңай тиген жоқ. Бертін келе тұтастай халықтың тұрмыстық жағдайының көрсеткіштері біршама жақсарды. Сондай ауыспалы кезеңдерде де жұрт арасындағы аурудың белең алып отырған түрлері де құбылып отырды. Мәселен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұртшылықтың науқастану деңгейі, өлім жітім көрсеткіші біршама кері кетті. Сол тұста құрт ауруы (туберкулез) секілді аурулар қазақтың көпшілігіне тән болды. Бұны тұрмыстық деңгеймен өлшеп келгенімізбен, қазіргі уақытта, білуімше, бұл аурудың беті бері қараған тәрізді. Яғни, жұртшылықтың тұрмысы жақсара бастағанын осыдан-ақ байқауға болатындай. Әйтсе де, халықтың көпшілігі тұрмысын жақсартып, құрт ауруынан құтылғанымен, оның орнын жүрек ауруы басып отырғанын, өкінішке қарай, жасыра алмайтынымыз анық. Әрине бұл «халық байыса, жүрек ауруымен науқастанады екен» деген мәселе емес. Керісінше, бұндай ауру ғылым жолымен ілесіп келіп, жұртшылықтың кең «тұтынуына» сіңіп барады. Өйткені бүгінгі күні заман дамуына сай көптеген тұрмыстық мәселелер автоматты басқаруға ұласып, адамның өмірін жеңілдетіп жатқан жайы бар. «Өмірін жеңілдетті» деген мәселенің қимыл-қозғалысты шектеді дегенмен бірдей екенін аңғаруға тиіспіз. Соның арқасында жұртшылық арасында маңдайының терін сылып, дене еңбегін барынша сарпып, содан рахаттанып күн кешетіндер қатары күн сайын азайып бара жатыр. Оза дамыған елдердің өзі осыған үлкен мән беріп, бұқараның бұлайша берекетсіз өмір сүруіне жол бермей қыруар қаражат жұмсап, жұрттың жаппай спортқа жүгінуіне жағдай жасап жатқаны сондықтан. Ал Қазақстан әлі ондай деңгейге жеткен жоқ. Оның үстіне заманның лезде ауысуы жұртшылықтың бір парасының тұрмыс салтына көп өрнек салса, енді бірінің көңіл күйін ұдайы қысымға салып тастады. Қазір ауқатты жұрттың басым бөлігі дене еңбегімен айналысудан қалды. Үнемі көлікпен жүреді, қызметінде күні бойы отырыс, үйінде бәрі автоматты басқарылады, одан қалса, үй жұмысына да араласпай, күтуші жалдайды. Спортқа кейбірінің уақыты болмаса, бірсыпырасының зауқы жоқ. Ал орташа табыстылардың күнкөріс салты қым-қуыт. Әйтсе де, олардың басым бөлігінің жұмысы да күндіз-түні отырыста өтеді. Демалыс күндерін, бос уақытын, негізінен, қосымша табысқа жұмсағанды пайдалы санайды. Сол екі арадағылардың да, ауқаты одан төменгілердің де көңіл күйі шаршаңқы, басыңқы. Осындай жолмен жіктей отырсақ, жүрек ауруының өршу салдарын көруге болатын еді. Сонымен бірге бұл түрдегі аурулар негізінен енді ғана даму жолына түскен елдерде көп кезігетінін жоғарыда айттық қой. Олай болатын себебі, жаңа дами бастаған елдердегі жұртшылық енді ғана қол жеткізген табыстарының жемісін көру үшін жақсы ішіп жеп, бей берекет қалыптағы тұрмыс салтына көшуге бейім. Өзімен қоғамдық ортаны еш байланыстырмай, тұрмысты ғылыми жүйе тұрғысынан толық меңгере алмайды. Сонымен бірге күнделікті дәне әрекет азайып, жанға жайлы тұрмыс тәсілдерін ұнатады да, керісінше жүріп-тұру әрекеттері азайғандықтан семіріп, артық салмақ қосуға бет алады.
Әрине, бұдан да басқа факторлар жеткілікті. Соның бірі қазақ негізінен қуатты, нәрлі тағамдарды тұтынады. Қазір қай үйге барсаңыз да, алдыңыздан бір табақ ет шығады. Етсіз, құр шөп-шалаңмен, жеңіл-желпі тамақтанғанды қазақ еш жаратпайды. Еттен бөлек пайдаланатын тағамдарымыздың бәрі құнарлы. Оның ішінде май да, айран да, нан да құнары жағынан, сіңімділігі жағынан адамнан көп қимылды талап ететіні және белгілі. Әрине, бұдан «ет жемеу керек» деген қорытынды шығарып та жарытпаймыз. Ең бастысы, жеген тағамының құнарын бойынан дене еңбегі, қимыл-қозғалыс арқылы шығара білу. Әйтпесе біз түскі аста да, кешкі мәзірде де етті тамақты қорек қылып, оның дұрыс қорытылмай тұтастай бойға таралуына жағдай туғызамыз.
– Әйтсе де қазақ бұрын жүрек дертімен осыншалықты ауырып па еді?
– «Бұрынғы қазаққа жүрек ауруы тән емес еді?» дегенге келсек, расымен солай. Кешегі қазақ та бүгінгі секілді қашаннан етті молынан пайдаланады. Көкөніс пен жеміс-жидектің ұлттық тағамдағы үлесі бұрыннан соншалықты жақсы емес. Дегенмен әлбетте қазақтың салты, тұрмысы тіршілікпен етене еді. Қазақ етті опырып жесе де, оны шығаратын жөні болды. Кез келген маусымда мал баққан, көшпелі ел үшін қол еңбегі, дене еңбегі ұдайы қажет етіліп отыратын. Яғни қазақ – жылдың төрт мезгілінде де еш дамыл көрмеген көшпелі халық, еңбеккер ел. Бұл – біріншіден. Екіншіден, қазақтың өмірі ат үстінде өтетін. Тіпті ол кездері «қолым бос, құр сандалып жүрмін» деген адамның өзі үйде жатқаннан гөрі, аттың үстінде жүруді бек ұнатты. Көкпар тартып, ауылды атпен аралап қыдырыстап, жылқы үстінен еш түспейтін. Осының өзі тұтастай дене шынықтыру болып табылады. Әрі атқа міну – ұдайы қимыл-қозғалысты алмастыратындықтан адам денсаулығы үшін үлкен сеп. Сондықтан да, жылқының жалында өскен қазақ тек жүрек ауруын ғана емес, кейінгі кезеңдерде пайда болып, туындап жатқан көптеген аурулардың не екендігін де білмейтін. Бір сөзбен айтқанда, бұрын қазақ үшін атқа міну жанға жайлы болса, қазір көлікпен жүру, аз қимылдау жанға жайлы болатын секілді. Сонымен қатар, меніңше, қазақтың мінезінде де үлкен өзгерістер бар сықылды. Қазаққа тән сабырлылықты жоғалтып жатқан жоқпыз ба, деп те ойланамын кейде. Бұған да неше түрлі себептер баршылық. Оның бірі қалалық тұрмысқа көндігуге қатысты болса, екінші жағынан адамның көңіл күйіне экология, қоршаған ортаның жағдайы да қатты әсер ететіні анық.
– Қазақтар арасында жүрек ауруы жасарып барады деп дабыл қағатындар көп. Бұған қатысты айтарыңыз?
– Менің кардиология саласындағы жұмыс өтіліме 20 жылдан асыпты. Осы 20 жылдық кезеңде, шынымен де, осы науқастардың жасарып бара жатқанын байқаймын. Бұрындары жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болушы еді. Бірен-саран жастардың ауруын негізінен тікелей жүрекке байланыстырып қарамайтын едік. Қазіргі тәжірибемде жастардың осы ауруға шалдығуы таңғалдырмайтын болды. Оның ішінде де бұрын жүрек-қан тамырларының қатаюы, жүректің өлеттенуі тек ересек адамдарда болып, тіпті бұл дерт алдымен жүректің шаншуы арқылы байқалатын. Ал қазіргі жастар көп жағдайда бірден инфаркт алып, ауруханаға түседі немесе инфарктан кейін ауруханаға жетпеген күйі бірден о дүниеге өтіп кеткендері де кездесіп жатыр. Яғни, бұрынғы кездері жүрек аурулары клиникалық байқалып, тұрақты стенокардия, тұрақсыз стенокардия деп бөлінуші еді. Қазір жап-жас жігіттердің өзі бірден инфарк болып жатыр. Бұл – еліміздің медицина саласындағы ең үлкен күрделі мәселе.
Жүрек ауруларымен қоса, жастайынан қан қысымы ауруына шалдығатын адамдар саны да көбейіп отыр. Міне, соның салдарынан азаматтардың негізгі ағза жүйесіндегі қан тамырларының ішкі кілегей пердесі зақымданып артерияның қоймалжыңданып, қатаюын арттырып отырады. Сөйтіп, жүрек бұлшық етінің өлеттенуін, жүрек шаншуын, ми қантамырлары тосылуын тудырып, бүйрек артериясының тарылуы арқылы жоғары қан қысымы ауруы пайда болып жатыр. Дегенмен әлі күнге бұндай диагноздар қою, тек ересек адамдарға ғана арналған десек, жасөспірімдердің қан қысымы туралы әзірге дейін ортақ бірлікке келген диагноз қою өлшемі айқын емес.
– Жұрт біле жүрсін, аурудың туындайтын факторларына да тоқталып өтсеңіз?
– Егер жүйелі түрде аурудың алдын алу шараларын ғылыми ұштастырып, жүзеге асыра білсек, қан тамырлары ауруларынан болатын қауіп-қатерді көрнекті түрде азайтуға немесе алдын алуға болатын еді. Зерттеулерге сүйенсек, ми қан тамырлары ауруларын 40-50 пайыз, жүрек тәж артериясы қатаюын – 15-20 пайыз, бүйрек қызметінің әлсіреуін 50-60 пайызға дейін төмендетуге болады. Сонымен қатар жоғары қан қысымын жүйелі түрде емдегенде, бұны тұрақты күйге тежеуге болатыны да айқын. Бұдан бөлек, жоғары қан қысымы ауруларының 5-10 пайызының белгілі бір себептері бар симптоматикалық артериалды гипертензия болса, оны да емдеп жазуға болады.
Осы тұрғыда жүрек дертіне шалдықпас үшін тоғыз түрлі факторлардан арылуды алға тартуға болады. Біріншіден, құрсақ салып семірмеу, яғни дене салмағын қалыпты ұстау керек. Екіншіден, темекі мен арақтан бас тарту. Темекі – жүрек-қан тамыры ауруының пайда болуын 3-4 есеге арттыратын фактор. Яғни жүрек кеселіне – көбіне-көп темекі себеп. Темекінің түтіні өкпеден шығып, шайыры қан тамырының эластикасын жояды. Сөйтіп, тамыр бітеледі. Есесіне жүрек ауруын тауып алады. Сондай-ақ темекі өкпе-рак ауруларының тууына себепші болады. Үшіншіден – ас тұзын шектен артық тұтынбау. Төртіншіден – үнемі дене шынықтырумен шұғылданып тұру. Мұнда әр аптада кем дегенде бес рет әрекеттеніп жүру және әрбір жүрістің жарты сағаттан артық болуын қадағалау қажет. Адам күніне шамамен 3 шақырымнан артық жол жүргені абзал. Дегенмен әрбір адам өзінің нақтылы шамасы мен жағдайына сай қимыл жасау керек. Оның өлшемі: әрекеттенгеннен кейінгі жүрек соғуы өз жасына сай жүрек соғу ырғағын қосқанда 170 ы/м- ке жетсе, өлшемге толады. Мысалы: Жасы + жүрек соғу ырғағы = 170 ы/м. Бесінші – қандағы май құрамын тұрақты ұстау қажет. Алтыншыдан, қан қысымын да тұрақты ұстау керек. Жетіншіден, үйлесімді азықтану. Жоғары қуатты азықтарға қарағанда көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек тұтынған абзалырақ. Сегізінші – көңіл күйді кең ұстап, рухани, экономикалық, отбасылық күйзелістен арылуға тырысып, демалыс уақытына көңіл бөліп, кең пейілді сабырлы болу қажет. Тоғызыншы – дәрігерге уақытында барып, кеңес алып тұру. Әдетте қазақ ұлтымыз ауырмайтын жол іздегеннен гөрі, ауырып барып ем іздеп жататыны рас. Бұл дұрыс емес. Ал ауырмаудың жолын іздеу – бір науқастың ғана емес, әрбір азаматтың һәм тұтастай мемлекет пен қоғамның жұмысы. Соған орай, жалпы халықтың медициналық танымын жетілдіріп, бұқаралық спортқа жұртты баулу керек. Біздің кейбір жастар спортты тек күрес пен бокс деп қарап, оны чемпиондық жолы ретінде санайтыны бар. Бұны да дұрыс түсінген ләзім. Мәселен, жеңіл атлетика арқылы денсаулығын күтіп ұстағанның чемпиондықтан да зор пайда әкелетінін ел білуі керек.
– Сіз Қытайда туып, сол жақта медициналық білімді жетілдірдіңіз. Қазақстанға шақыртумен келіп, қызмет етіп жатқан, білікті мамансыз. Жалпы, Қазақстанның Қытаймен салыстырғанда медициналық қызмет жүйесіндегі негізгі айырмашылықты атасаңыз?
– Қытай медицинасының кез келген саласында ауру адам нақтылы база ретінде қарастырылады. Дәрігер бұған мүгедек, жарымжан ретінде қарайды да оның сауығып кетуіне бар күшін салады. Сондықтан да, қытай дәрігері аса кішіпейіл, науқасты жазуға мейлінше ықыласты. Өйткені ауруды емдеудің 40 пайызы көңіл күймен қатысты болса, 60 пайызы емдік үдерістерге тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, қытай дәрігері ем ісіне кешенді тұрғыдан қарап, ерекше құлшыныспен кіріседі, сондықтан да дәрігердің ықпалы көп. Науқастардың бұларға рухани сенім артуы да соған байланысты. Қазақстанда дәл осы мәселе кемшін түсіп тұр. Яғни қазақ пен қытай дәрігер мамандарының арасында ауруға қатысты көзқараста ерекшелік бар секілді. Бұл – менің байқағаным. Өйткені елімізде «танысы бар науқас», «танысы жоқ науқас», «қалталы науқас», «жағдайы жоқ науқас» деп бөлініп жататынын байқаймын. Әрине, дәрігердің бәрін бірдей осы санатқа жатқызбаймын, дегенмен медициналық мекемелерде осындай жағдай орын алған. Сондықтан да, Қытайда науқас бірінші орында тұрып, дәрігер тек соны емдеп шығу үшін барын салады. Оны сауықтырып шықпаса, еңбегі еш кеткендей сезіледі. Әрине, бізге де осындай жігер болуы керек деп тілеймін.
– Дегенмен Қазақстанға келгенде қиналған жоқсыз ба?
– Әрине, тіл жағынан аз-маз қиындық көрдік. Көндігудеміз. Жалпы, кез келген елде, әрбір мемлекетте термин мәселелері, оларды аудару мәселелері көп сөз болады ғой. Мен ойлаймын, медицина саласында халықаралық ортақ қалыптасқан терминдерге ендігіде балама іздеудің қажеті шамалы. Өйткені әр ел өзіне бұра тартып термин аударғаннан тәжірибе жинақтайтын мамандар көп қиындыққа ұшырайды. Термин ортақ болса, медицина саласында тәжірибе алмасуда көп қиындықтар тумас еді.
– Қазақстанда кардиологиялық мамандар жетіспеушілігі жайында жиі айтылады...
– Кардиологиялық бағыт бойынша мамандар жетіспейтіні рас, оның ішінде балалар кардиохирургиясын дамыту – төтенше маңызды. Ал маман жетіспеуіне келетін болсақ, бұған бір жағынан мемлекеттің жастығын алға тартуға болады. Елімізде бірін-бірі жетекке алып, тәрбиелейтін білікті мамандар көп емес. Оның үстіне кардиология секілді күрделі салада медицина университетін бүгін бітіріп шықса, ертең маман даяр болады деген мәселе болмауы керек. Білікті маман жас маманды жетегіне алып оқытқаны ләзім. Мәселен, мен 23 жыл өмірімді кардиологиялық білімге жұмсадым. Бұдан бөлек, айлық, апталық курстар жетіп-артылады. Осындай дәрежеге жеткізу үшін Үкімет біршама шығындалды. Ал Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, әсіресе білікті маман тапшы. Бір маман демалысқа шықса, сол маман қолданып жүрген техниканы, технологияны алмастыратын екінші маман тапшы. Әлгі маман қайта жұмысқа шыққанша шетелден әкелінген қымбат жабдық іске қосылмастан, соны күтіп тұрады. Олқы тұсы – сол.
– Ораза ұстаудың адам ағзасына, оның ішінде жүрек дертінің алдын алуға септігі мол деп жатады. Маман ретінде сіз қалай ойлайсыз?
– Білуімше, ораза шартының бірі – сабырлылық. Бұл – кез келген ауру, оның ішінде жүрек ауруы үшін аса маңызды дүние. Ораза ұстау арқылы ашушаң, сабырсыз адам бір ай бойы сабырлылыққа бой алдырса, жанының тыншығанын сезер еді. Ендеше ондай адамның оразадан кейінгі кезеңдерде де ашушаңдыққа бармауын жаны қалар еді. Сонымен қатар, сабыр көп нәрсеге ем болса, ашу көп нәрсеге ұрындырады. Екіншіден, ораза ұстау қанағаттылыққа үйретіп, асқазанды демалтады. Ал салмақ тастау жүрек қызметін де жеңілдетуге пайдалы. Өйткені жүрек ауруларының басым бөлігі азықты артығымен тұтынудан болатынын айттық. Сондықтан да, оразаның пайдасы зор деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Медицина саласы саясатқа емес, ғылымға негізделгені ләзім. Өйткені кез келген елдің медицинадағы жетістігі – оның өркениеттік қана емес, экономикалық-әлеуметтік жетістігі саналады. Сондықтан да, осы салаға тұтастай бетбұрыс жасау арқылы елдің ертеңгі даңғыл жолын да даралауға тиіспіз. Бұл – ертеңге ысырылмайтын, бүгін жасалатын дүние.