Мен заманды адам билесе деп армандаймын
Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, «Айгөлек» журналының бас редакторы, ҚР мәдениет қайраткері:
– Қымбат Әбілдәқызы, отандық балалар баспасөзіне біраз еңбек сіңірдіңіз. Жиырма жылдай Қазақ радиосында балалар аудиториясына арналған бағдарламалар жүргіздіңіз, кейінде жас өскіннің руханияты үшін «Айгөлек» журналын жарыққа шығардыңыз. Көпшіліктің батылы бара бермейтін игі істеріңіз арқылы барша қазақстандық сәбилердің маңдайынан сипап, қазақи таным-түсінігін қалыптастыруға үлес қосып жүрсіз. Десек те, бүгінгі сәбидің бар ермегі – көгілдір экран, одан қалса, темір жәшікке телміретіні жасырын емес. Ал экран іші шетелдің «қаңсығына» толы. Жат елдің туындыларынан тәлім алып, санасына сіңіріп келе жатқан бүгінгі жеткіншектердің бойынан тұлғалық һәм қазақылық қасиет көресіз бе?
– Сұрақ салмақты екен. Бір-екі ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Мұндай сәтте еріксіз халықтың даналығына жүгінуге тура келеді. Қазақтың әр мақал-мәтелінен, нақыл сөзінен дән іздеген кез келген жан өзін-өзі тәрбиелеуіне әбден болады. Кейде маған мынандай ой келеді: қазақтың қанатты сөздерін Конституцияның бір-бір тармағына жазып қояр ма еді. Сонда Абай хакім айтқандай: «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» дейтіндей, ар-ұят үшін безектейтіндер табылар еді. Қазақтың «Не ексең, соны орасын» деген нақыл сөзі диқаншыларға ғана қаратылып айтылған ба? Әрине, жоқ. Ол барша тіршіліктің күтімі мен бабына, әсіресе санасы жоғары саналатын адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір дағдысын таразыға тартып беріп тұрғандай.
Егер ел баласының тұлғалық һәм қазақтық болашағына күмәнмен қарасам, бар уақытымды, саналы ғұмырымды бала тәрбиесіне арнамас па едім, кім білген... Мансапқа барар жолдағы баспалдақ үшін немесе белгілі бір дәрежеде өз ұпайын түгендеп алу үшін жүрген ниеттің адамы емеспін. Мақтанды демеңіз, еркімнен тыс, тылсым бір күш мені ел баласының ар-намысын қайрау үшін құлша жұмсайды. Сеніңіз, сенбеңіз, өңім түгел, түсімде де «Айгөлектің» шаруасын дөңгелетіп жатамын. Тура өңімдегідей. Хаттарды дауыстап оқып, ұжымға: «Осындай ойды зиялы деп жүрген анау ағаларымыз да айта алмайды. Кезексіз жариялайықшы», – деп мәз боламын. Жалпы, тұлғалық қасиет те, қазақы болмыс та, ең әуелі, тектің мықтылығынан ба деймін. Бұрынғы ата-бабаларымыздың баласы ержеткен соң өмірлік серігін өздері таңдап әперуі де тегін емес. «Шешесін көріп, қызын ал» деген қазақ тәлім көрген тәрбиелі келіннен туған балаға «жатқан жатыры жақсы ғой» деп баға берген. Яғни бала тәрбиесіндегі ең пәрменді, ықпалды күшке ата-ана ие. Қорқыт бабамыз айтады: «Қыз – ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, Ұл – жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе...» Әйтсе де, заманында әке мен шешеден оза туатын ұл-қыздар да болған. Олардың санасын жетілдіретін, жол көрсетіп жетектейтін – қоғамдық орта. Бала көру, білу, сезу түйсігі, сөйлесу, қимыл-әрекет жасау арқылы ортаға бейімделеді. Кімдермен ойнайды, қалай ойнайды? Қай тілде, қай тақырыпта жиі сөйлейді? Құрбыластарымен тіл табыса алды ма, әңгімелері жараспаса не себеп? Міне, ата-ананың аса мән беріп, алаңдайтын басты мәселелері осылар болуы керек-ті. Балабақшадан, мектептен келген баласына міндетті түрде уақыт бөліп, не үйренгенін, неге қызыққанын, нені түсінбей, неден көңілі қалғанын сұрап, досындай жақын сырласа білген ата-ананың ұл-қызы ғана қоғамнан орнын таба алатын тұлға болып қалыптасады. Өмірден өз орнын табу жолында еңбектену керектігін түсінеді. Өкінішке қарай, қазір ұлтымызда бала тәрбиесі деген ұғым «баламның қарнын ашырмайын», «киімін, өзге керегін түгендеп берейін» деген секілді материалдық өлшемдермен ғана шектеліп жүр. Бұл аз десеңіз, баланы адам жалдап тәрбиелеу, оқыту үрдісі белең алып барады.
– Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі бәсең дейсіз ғой. Алайда қазір сананы тұрмыс билеген заманда, бала бағып, үйде отырған ана аш қалуы бек мүмкін ғой...
– Қазір біз заманның илеуінде жүрміз. Мен заманды адам билесе деп армандаймын. Қазір нарық заңы, дағдарыс дейміз, қарапайым халыққа күнкөрістің өзі оңайға соғып тұрған жоқ. «Еңбек етпеген – ішіп-жемейді» дейтін кодекстің күші әлі де мықты. Сондықтан Жаратқан қазақты жұмыссыздықтан сақтасын дейік. Десек те, үйінен таңмен таласып кетіп, қас қарая оралатын ата-ананың баласы қандай тәрбиемен өсіп жатыр? Гәп – осында. Салмақ балабақша тәрбиешілерінің арқасына түседі. Ал оларды даярлайтын жоғары оқу орындарындағы талаптар бұрынғыдан өзгерді ме? Қандай жаңашылдықтар қосылды? Ол жағы бұлыңғыр. Қазіргі жас мамандардың не оқығанын, қандай іс-тәжірибеден өткенін біліп болмайсың. Әйтеуір, басшының тілін табуды үйренген «шикіөкпе» мамандар айлықтан-айлыққа аман жеткендеріне қанағаттанады. Меніңше, тәрбиешіні мінез-құлқы, балажандылығы, ізденіс-қабілеті, жан-жақтылығы, тіпті кескін-келбеті, үнінің жағымдылығы жағынан есепке алып, кәдімгідей таңдау жасайтын уақыт әбден жетті. Тек мамандығына бейімделген, талап-талпынысы бар, өз ісіне адал маман ғана бала тәрбиесіндегі көп түйткілдердің бір түйінін болса да шешер еді. Әбден сарапқа түсіп, сайдың тасындай іріктелген салиқалы мамандардан ұлттық тәлім-тәрбие алып, қазақи танымын кеңейткен жас өскін көбейсе, ұрпақ тәрбиесі туралы таусыла сөйлемес пе едік?!
Мектеп тәрбиесінің жайы да осыған ұқсас. Мұғалімдер 45 минутын ың-шыңсыз өткізсе, соған тәубе айтады. Сол себептітәртіп-тәрбие мәселесін білім беру ісінің алдына шығармай, көсегеміз көгермейді. Біздің қоғамның дерті кез келген салада маман жұмысты беретін нәтижесіне қарап емес, көрсеткішіне арқа сүйеп атқарады. Бұл ауру білім саласында дендеп тұр. Тәрбие саласындағы қағазбастылық жүрек айнытқандай. Құшақ-құшақ қағаздардың бала тәрбиесіне еш қатысы болмаса да, жоғарыда отырғандардың жасайтын есеп-көрсеткіштері үшін ауадай қажет. Осылайша мұғалім, тәрбиешілеріміз бар уақытын тәртіп-тәрбие, білім беру ісіне арнағанның орнына қағаз толтыруға жұмсап отыр. Неше жылғы еңбек өтілі бар ұстаздардың өзі шығармашылық әлеуетін толық пайдаланып, шаршамай сабақ беруге мұршасы жетпейтініне сан мәрте көз жеткіздім. «Жығылған үстіне жұдырық» болып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – мектептегі бітпейтін комиссиялық тексерулер. Мұғалім мен оқушыны мезі ететін комиссиялардың шексіз тексерулері түкке де керек емес-ау. Одан да сорақысы, тәртіп бұзған балаға ескерту айтып, дұрыс жол көрсеткені үшін тәрбиешілер мен мұғалімдер жазықты атанып жүр. Қоғам селт етпейді бұған. Сонда деймін-ау, қазақылығы мықты, тұлға болатын ұл-қызды қайтіп тәрбиелейміз?
– Бүгінде баланың кітап оқымайтыны, газет-журналдарға қызықпайтыны жайында аз айтылып жүрген жоқ. Бала біткеннің бәрі сиқырлы жәшіктерге телміреді, қалталарында – бір-бір ұялы телефон. Түбінде осыдан бір зиян тартуымыз мүмкін ғой...
– «Бала кітап оқымайды, газет-журналға қызықпайды» дегенге мүлдем келіспеймін. Ондай ұшқары пікірді баланың жан әлеміне жақындап көрмеген, алыстан болжам жасайтындар айтуы мүмкін. Рас, электронды ақпарат құралдары қарыштап дамымай тұрған кезеңдегі кітап, газет-журнал оқуға деген құштарлықты қазіргімен салыстыруға келмейтінін мойындаймын. Алайда бес саусақ бірдей емес. Қызыға, құмарта оқитын бала болмаса, 13 жылдан бері әкімшілік биліктің міндеттеуінсіз-ақ «Айгөлекке» өз ықтиярымен жазылатын жас оқырмандардың қатары жыл өткен сайын азая берер еді ғой. «Қарағайға қарап тал өседі, қатарына қарап бала өседі» демекші, бірінен-бірі қалыспай, журналдан керегін тауып сабағына, қоғамдық жұмыстарына пайдалана білетін балалардың хаттарын күнде оқып отырмын ғой.Осы жерде тарқатып айтатын бір мәселе бар. Баланың кіршіксіз жан дүниесін кірлетпей, қызықты, ұғынықты, ойната отырып ойландыратын әсерлі материалдар дайындап ұсынсақ, бала жүрегін лүп еткізер шығармашылық бәйге-байқаулар ұйымдастырсақ, топжарған жүйріктерін даралап мақтап, мадақтап, қанаттандырып отырсақ, «қанат ұшса – қатаяды» деген нақылды ақыл қылғанымыз. Осы жағы бізде ақсап жатыр. Ал енді көркем-әдеби кітаптар оқитын ұл-қыздардың да аз еместігіне дәлел келтірейін. «Айгөлек» журналында жоғары сынып оқушыларына арналған «Табылған тапсырма» атты айдарында белгілі жазушылардың көркем шығармаларынан үзінді келтіріп, жас оқырмандардың толық оқыған-тоқығанын дәлелдейтіндей бірнеше сұрақтар қоямыз. Міне, сол тапсырмалардың ешқайсысы жауапсыз қалып көрген емес. Ал «Біз күткен шығарма» айдары арқылы «Сөз – жібек жіп, жыр – кесте» (Дулат Бабатайұлының аталы сөзі) көркемдік шеңберінде әңгіме, эссе, новелла жазуға жол ашып қойдық. Мұны неге айтып отырмын?! Баланың тілін қызықтап, ойын оятып, талабын тануда адалдық, сүйіспеншілік танытсақ, олар біз күткеннен де артық қуаныш сыйлайды.
«Айгөлек» екі жылда бір мәрте алғырлығымен, жазғыштығымен, белсенділігімен танылған жас талапкерлердің басын қосып, Алматыда ауқымды фестиваль өткізуді дәстүрге айналдырды.Осыдан екі жыл бұрын «Атамұра» корпорациясы демеушілік көрсетіп, фестиваль жеңімпаздарына су жаңа, таңдаулы ақын-жазушылардың 100 кітабын сыйға тартты. Соны 14 облыстан келген балалардың қандай қуанышпен қабылдағанын көрсеңіз... Елдеріне аман-есен жеткен жас өскіндер оқырмандар конференциясын ұйымдастырды. Оқыған кітаптары туралы жазған хаттарын тебіреніп оқыдым. Қорыта айтқанда, кітап, газет-журнал оқу ескірген жоқ. Тек ата-ана, мектеп ұжымы балаға не оқу керектігіне жөн сілтеп, жол көрсете алмай отырмыз. Біздің қоғамда баласына кітап дүкенін көрсетпек түгіл, бір кітап сатып әперіп көрмеген ата-аналар бар. Атүсті, жоспар үшін емес, шын ықыласымен мектептерде жас оқырмандар конференциясын, пікірталастарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай жүрген ұстаз-жетекші, кітапханашылардың да кінәсі бар. Осы олқылықтардың орнын аз да болса толтыру үшін «Айгөлек» те шама-шарқынша өз үлесін қосуда. Иә, өркениеттің өрісі кең. Заманауи ақпарат құралдарына ешкім тосқауыл бола алмайды. Жан-жағымыз тұнған – жаңа дүниелер. Асылы қайсы, жасығы қайсы, озығы қайсы, тозығы қайсы – айыру қиын. Ересектердің өзі түсініп болмаған «қызықтарға» кіріп кетіп, «шыжығы» шығып жүргенде, бәріне сене салатын патша көңіл баланың сана-сезімін жат елдің көз алдар, көңіл байлар қауіп-қатерінен аман сақтап қалу – әрбірімізге міндет. Бүгінгі жас өскіндердің қазақтың қамын жейтін, қанын қастерлейтін ұлы мен қызы болып жетілуіне бүкіл қоғам жауапты. Бала еш уақытта өз бетінше жамандықты ойлап таппайды. Олар өмірден көргенін, білгенін, ілгенін қайталайды. Үйде, теледидарда, көшеде не көрсетсек сол үлгі. Мамандар баланың келешекте қандай тұлға болып қалыптасатыны оның 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады деп жүр. Ал бұл ретте ата-аналардың тіршілік қамын күйттеп, күні-түні жұмыстан босамайтынын ескерсек, бүгінгі сәбидің ермегі көгілдір экран, одан қалса, темір жәшікке телміреді. Ал отандық телеарналар балалар аудиториясына келгенде жұпыны. Өзге елдің таным-түсінігіне, менталитетіне орай түсірілген шығармаларды аударып беруден әрі аса алмай отыр.
Бір мысал айтайын, жапондықтарға «Жетістіктеріңіз жетерлік, оған қалай қол жеткіздіңіз?» деген сұрақ қойылады екен. Сонда олар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Жетістік – тәрбиеден. Біздің мемлекетте ең басты қолдау мен құрмет тәрбие саласына бағытталады. Ең үлкен табыс та солардікі» деп жауап береді. Сол елдің Ибука Масари деген психолог дәрігері бір тәжірибелі ұстазбен бірігіп, «Үш жастан соң кеш» деген еңбек жазып шықты. Күллі әлем осы еңбекті танып, керегін содан алып отыр. Қазаққа баланы 10 жасқа келгенше өзге тілде бір сөз айтқызбастан, туған тілінің уызына жарытып, өз тілінде тәрбиелейтін жапондардың жанға жағымды отансүйгіштік қасиетінен үлгі алу керек. Біздің елде бала тәрбиесіндегі түйткілді мәселелерді көтеріп, түйінін тарқатып, жол сілтер еңбек жазылып жатыр ма? Бұл жағын ешкім дөп басып айта алмайды. Елімізге болашақ ұлт зиялысын баптайтын, ұлттық рухы биік, адамгершілік ары таза, баламен шынайы жұмыс істейтін мамандар тәрбиелеуде жаңа серпіліс, тың көзқарас керек. Мен жоғарыда айттым, тағы да қайталап айтамын, бала тәрбиесінде екінші кезектегі маңызды рөлге ие – тәрбиеші, мұғалім. Сапалы маман даярлау мәселесін ескерусіз қалдыра берсек, біраз жылдан кейін қазақтың төл тәрбиесі туралы ауыз аша алмайтын халге жетуіміз әбден мүмкін.
– Балалар басылымының жұмысы журналистиканың басқа саласынан әлдеқайда ауырлау сияқты...
– Баламен жұмыс істеу қиын екені рас. Ойыншықтарын шашып ойнайтындай, ойларын да емін-еркін төгіп, шашып жазады. «Мынауым жарамсыз емес пе? Жарияланбай қалуы мүмкін-ау» демейді. Олардың ішкі түйсігі, сенімі мықты. Жазғаны шықпай қалса, ренжігенін де жасырмайды. Мен әр хаттан олардың ойларын оқып, көңілдерін танып отырамын. Әрине, сақа мамандарсыз ай сайын, дер уақытында балаларға журнал дайындап шығару айтуға ғана оңай. Маманнан қиналатын кезім аз емес. Бірақ тамыр-таныстықпен, сыйлықпен ешкімді жұмысқа қабылдап көргенім жоқ. Сонда да жұмыс сұраушы көп болғанымен, меңгеріп алып кететін, балаға қамқор, обал мен сауаптың арасын айыра білетін, үлгі-өнегесін аямайтын балажан маманға зәрумін. Бізде ондай маманды даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Университеттерде журналистика факультеттері көбейгенімен, балалар тақырыбы деген мәселе бүгінге дейін күн тәртібіне қойылмай келеді. Соның кесірінен баспасөзде де, радио-теледидарда да бала жүрегіне жол таба білетін: үнінде, түрінде, сөз-сөйлемінде жасандылығы жоқ, жанып тұрған бала мінез маман жоқ. Бұл – қасірет. Бұл жоғары биліктің баланы да, бала тәрбиесіне қатысты маманды да менсінбеушілігін танытады. Бұл – рухымыздың әлсіздігі, мақсатымыздың мәнсіздігі. Біздің ұлт осы тақылеттес әр саладағы берекесіздіктердің зардабын аз тартып жүрген жоқ. Күрт түзелмесек, келешекте де сорымыз қалыңдай бере ме деп қауіптенемін.Сұрағы мен сынағы көп өмірден өз орныңды табудан асқан бақыт жоқ. Бір қуантатыны – сурет салатын он баланың бірі менің бейнемді сөйлете салып, тілегін жазатыны, қолына қалам ұстап хат жазатын жас оқырмандардың риясыз көңілдері. Қайда барсам да, «апайлаған» балалардың тәтті үні, тәнті жүзі. Қолында билігі жоқ, қызметі, ақшасы жоқ ақжүректерімнен асқан сый-құрмет жоқ шығар.
Алашқа айтар датым...
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде ұлтымыз тәжірибеден кенде емес. Қазақ қара домалақтарын бесік жырына елітіп, батырлар жырларына, ертегілерге қанықтырып өсірді. Қазір бұл үрдіс сиреп кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес-ау... «Қазақ желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскінді өз ұлтын сүюге қалай тәрбиелейді?» деген сұрақтың тууы заңдылық. Осы арадан өткен күндерге шегініс жасасақ, ата-әже институтының атқарған рөлі күшті болды. Қазір баласын ата-әже тәрбиесіне бермек түгіл, маңдайынан иіскетпейтін шикіөкпелерді көзіміз көріп жүр. Қазақша мектепке, балабақшаға барған балаларымыз отбасына оралғанда орысша шүлдірлеп келеді. Ойын баласы аулаға шықса да, ұлттық нақыштағы ойын алаңын көрмейді. Жаңа заманның жасампаз жетістіктерімен қоса, ұлттық негізде тәрбие беретін ойын алаңдарын неге жасамасқа деген ой келеді.