Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді
Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, А.Байтұрсынұлының мұражай-үйінің жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі:
– Сабыржан Шүкірұлы, биыл Алаштың алғашқы әліппесіне 100 жыл толып отыр. Бұл еліміздің мақтаныш етер айтулы оқиғаларының бірі болғанымен, ешқандай арнайы шаралар тізбегі байқалмайды. Неге бізде осындай мерекелер жетім қыздың тойындай болуы керек?
– Мынау қазақ даласында 1912 жылға дейін қазақтың төл әліпбиі болмаған. Қазақ жазуы қалыптаспаған. Қазақ – қазақ болғалы, Қазақ хандығы көтерілгелі бабаларымыз басқа елдердің жазуларын пайдаланып келді. Ол замандағы халқымыздың рухани азық еткен жазуы парсы жазуы болатын. Одан – араб жазуы, бертін келе татар жазуын пайдаланды. Осылай орыс жазуына көштік, орыс таңбасын қолдануға тура келді. Бұл енді қазақтың рухани дүниесін, ұлттық болмысын жою үшін миссионерлік бағытты ұстанған Ильминскийдің алып келгені ғой. Дәл осы кезеңдегі жаппай сауат ашу мәселесінің түпкі төркіні қазақтың санасын улау болатын. Қазақты орыс рухының алдында тізе бүктіру, шоқындыру мәселесінде орыс таңбасы таптырмас құрал болды. Сонымен қатар өзге ұлт сөздері қазақтың тілдік қорына араласа бастады. Бірақ мұның бәрінде қазақтың төл дыбыстары ескерілмеген еді. Қазақтың сөйлеу ырғағын, дыбыс мәнерін, жазба тілінде ақпарат бере алатын төл әліпбиінің қажеттілігі осы кезде арта түсті. Осыған орай 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдей отырып, тұңғыш әліпбиін жасады. Осыдан бастап 1929 жылға дейін Ахаң жасаған араб қарпіндегі әліпби қазақтың жазба мәдениетінде кең қолданыста болды. Оқулықта, газет-журналда, іс-қағаздарында, кеңсе жұмыстарында негізгі қолданысқа енген де осы әліппе болатын.
Орыстың жымысқы саясатының арқасында 1929 жылы Қазақ әліпбиі латын қарпіне көшуге мәжбүр болды. Одан кейін 1940 жылы кириллшеге ауыстық. Мұның барлығы қазақты тарихи жадынан ажыратудың арнайы ұйымдастырылған алғашқы амалы ғана болатын. Соған қарамастан Ахметтің араб қарпінен бейімдеген төтеше жазуы Алтай-Тарбағатай қазақтарына кеңінен тарап кетті. Төл әліпбиіміздің таңбалануы бірнеше рет өзгергенімен, Байтұрсынұлы бекіткен қазақ әріптері өзгерген жоқ.
«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегендей, сөз орайында айта кетейін. Мына біздің сүттей ұйып отырған мемлекетіміз көптеген елдің қызығушылығымен қатар, қызғанышын да тудыратыны сөзсіз. Кейбір қандастарымыз латын әліпбиіне көшейік дегенді соңғы уақытта оқтын-оқтын шығарып жүр, тіпті жиі айтады. Тілтанушы ғалымдар мұны жай сауатсыздыққа жатқызып келді. Бірақ осы әрекеттің астарына үңілсек, сыртқы күштердің үлкен саясаты жатыр. Бұған мақсатты түрде тоқтау салмасақ, үлкен қауіп болғалы тұр. «Қаупің қайдан болса – қатерің содан» деп қазақ тегін айтпаған. Қазақ ешқашан да латын әліпбиіне көшкен емес, көшпейді де. Алаш баласы әлі күнге дейін Ахаң әліпбиін қолданып келеді. Тек әліпбиді беру формасындағы таңбалар ғана өзгереді, осыны естен шығармауымыз керек. Қазақ латын әліпбиіне көшті деген сөз – халықтың тұтас рухани мәдениеті құрыды деген сөз. Латын әліпбиіне көшу дегеніміз – сол тілдің емлелік ережелері мен тілдік танымын тұтас қабылдау деген сөз. Ал қазақ тілінің емлелік ережелері мен латын емлесі мүлде сәйкес келмейді. Сол себепті мұндай өрескел қатеден аулақ болуымыз қажет. Әңгіменің дұрысы – латын әліпбиіне емес, латын қарпіне көшу. Осындай жағдайлар біздің халықты бұл мәселеге үрке қарауға итермелеп отыр.
Біздің қазақ, жалпы, қызық халық қой: шетелде бір өзгеріс болса, соны ұрандап жүріп өзіне көшіріп алғысы келеді. Бұл қазақтың, сыпайы айтқанда, жаңалық атаулының жаршысы болмақ ниеті шығар. Жақсы, қазақ жазуын латын қарпіне көшірдік делік. Көшкен жағдайда не ұтамыз, неден ұтыламыз, алдымен соны саралап көрейік. Латын қарпіне көшейік деп жүргендер, бірінші, «қазақ тілінің дамуына үлесі зор», «түркі әлемін біріктіреміз», «орыс тілінің ықпалынан арыламыз», «ғаламтор кеңістігінде еркін ақпарат алмасамыз» деген дәйектерді жиі айтады. Негізінен, ұлт санасын сақтауда, халықты рухани құндылықтарға ұйыстыруда әліпбиді ауыстыру өте ұтымды шешім деп санамаймын. Өйткені мынау тарихы қалыптасқан іргелі елдер ешқашан да өз тарихында алғашқы әліпбилерін өзгерткен емес. Мына біздің әліпбиге қарағанда олардың әліпбилері мүлде басқаша, күрделі келеді. Мысалы, оларда бір дыбысты екі-үш әріппен беру – қалыпты жағдай.
Түркі әлемін біріктіру идеясы өте жақсы. Мен оны қолдаймын. Ортақ әліпби болса, жақсы болар еді. Бірақ біз түркілік әліпби бірлігіне жете алмаймыз. Өйткені түркі халықтары ұзақ уақыт бойы бөлек-бөлек, өз алдына дербес мемлекет ретінде өмір сүрді. Тілдері бірігудің орнына тым алшақтап кетті. Ұлт болып бөлініп кетті ғой. Қазір олардың бәрі бір ұлт емес, түркі текті бірнеше ұлт болды. Сөз орамдарының орны ауысып, әрқайсысының сөйлеу мақамы, сөз мағынасы түгел өзгеріп, әу бастағы мағынасынан мүлде басқа арнаға бет алып, әр ұлтта әрқилы мән беретін болды. Сондықтан бір атадан тарап, бірнеше тармаққа бөлініп кеткен қауымнан қайтадан бір ұлт жасау, бір тілде сөйлетіп, бір әліпбимен оқыту мүмкін емес. Мәселен, Тәуелсіздік алған жылдары біздің түркітанушы, тілтанушы ақсақалдарымыз Түркияның Анкара қаласында барша түркітектес бауырлармен бас қосып, бір таңбада жазатын боламыз деп, 34 таңба белгілеген. Сол бекітілген 34 таңба негізінде ортақ әліпби жасайын десек, көптеген айырмашылық байқалды. 11-ден 20 таңбаға дейін дыбыстық ерекшеліктер болды. 34 таңбамен бүкіл түркі халықтары ортақ әліпби жасай алмайтынын түсінді. Ол таңбада жаза алмасын, сөйлей алмасын білген соң, бұл мәселе аяқсыз қалуға мәжбүр болды. Ғалымдар да осы шешімге тоқтады.
Егер алда-жалда латын қарпіне бейімделген ортақ әліппе шыға қалған күннің өзінде біз ұлттық бірлікке де жете алмас едік. Оның сыры – мынада. Мұндай өзгеріс бола қалса, Қазақ мемлекетінде тұратын қазақтардың қазақтілділері ғана латын қарпін қабылдайды. Ал одан бөлек, қазақ әліпбиін қажетсінбейтін қаншама орыстілділерің бар, тіл білмейтін көптеген өзге ұлт өкілі бар. Осылардың барлығы орыс қарпінде, орыс әліппесінде – кириллшеде қалады. Сонда онсыз да бөлініп, бөлшектеніп әбден зығырданы қайнаған қазақ ұлты тағы да бірнеше бөлікке амалсыз бөлінуге тура келеді. Мемлекеттік әліппе бірлігінің көбесі сөгіледі. Орыстілді орта сөзсіз кириллшеде қалады, ол анық. Ал ағылшынша ағып тұрған шалатілді қандастарымыз дереу латын қарпін сылтау етіп, еуропалық әліпбилердің біреуін таңдайтыны даусыз. Оның сыртында біздің Қытайда, Моңғолияда, басқа да мұсылман елдерінде бір қауым ел болып отырған қандастарымыз Ахмет Байтұрсынұлы негіздеп берген араб қарпіндегі төте жазуды әлі күнге дейін қолданады. Оларға салған беттен латын қарпін қолданайық деп айта алмайсың. Солтүстік көршілерімізде де біздің 1,5 млн қаракөзіміз бар. Олардың барлығы кириллшеде отыр. Қазақ айтты екен деп, Ресей латынға көше салады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті Ресейдің Мемлекеттік Думасы татарға латын қарпіне көшуге арнайы қаулымен тыйым салған. Міне, осындай себептерді латын қарпіне көшеміз деп жүргендер ескере бермейді. Ал осы қадам арқылы орыс тілінің ықпалынан құтыламыз деген сөз де – бекершілік. Орыс тілінің отарынан құтылудың қарапайым жолы – қазақ пен қазақтың қазақша сөйлесуі, тілдің қолданыс аясын кеңейту, арттыру ғана.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде көптеген мешіт пен медресе ашылып, сауат ашу курстары жүргізіле бастады. Бірақ соның барлығы – араб қарпінде жазу жазатындар. Ал кеңсе мен іс-қағаздарыңыздың тілі тұтас орысша жүріп жатыр. Өзіміздің қазақ таңбалы жазуымыз өз қызметін толық атқара алмай отыр. Сондықтан оның деңгейін жоғарылатып, қуатты тілге өз қызметін толық паш етуге жағдай мен мүмкіндік жасауымыз керек.
– Сабыржан Шүкірұлы, ХХ ғасырдың басындағы игі жақсыларымыздың бәрі шығармаларын осы Ахаң негіздеген төте жазу үлгісінде жазды. Бұл, әрине, қыруар еңбек еді. Ал қазіргі таңда жастарға осы жазудың қандай пайдасы бар дегенді айтатындар өте көп. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мынаны ескеру керек, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі әліпбидің өзі – Ахаң әліпбиі. Анау латынға көшкендегі қолданатынымыз да осы Ахаңның әліпбиі болады. Таңба өзгерістері болғанымен, тіліміздің дыбысталуы өзгерген жоқ. Бұл жерде шешуші рөл атқаратын – таңба емес, дыбыс. Таңбаны шартты түрде санмен де белгілеуге болады. Ал енді жаңағы төте жазудың қандай қажеті бар деген мәселеге келейік. Ең алдымен, ол – біздің рухани байлығымыз, тұмса тарихымыз. Кешегіні білмей, бүгінгіні тану, өткен мен бүгінгіні жалғастырмай, болашаққа бару мүмкін емес. Сондықтан ол – біздің келер ұрпаққа ауадай қажет құнды жәдігер. Егер бұның барлығы өткеннің сарқыншағы, келер күнге еш пайдасы жоқ деп есептесек, бабамыздан жалғасып келе жатқан негізден айырыламыз. Өткеннің бәрін көмескі көріп, жойып тастап, жаңадан бастай беру ісі сана тәрбиесінде өскелең ұрпақ үшін орасан зор зардап келтіретін жағдай деп білемін... Біздің ұрпақ осы бағытты таңдайтын болса, сөзсіз адасады. Мұндай ойдан жылдам арылмасақ, біздің тіліміздің, дініміздің, діліміздің ыдырауына әкеліп соқтырады. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген нақылының шындық екеніне тағы бір көз жеткіземіз. Біздің қай-қайсымыз да өз тілінің тірлігін жете зерделемеген адамды Отанның жанашыры, қоғамның мүшесі деп есептемеуіміз керек. Ал сіздің айтып отырғаныңыз – араб қарпіндегі төте жазу ғой. Бұл жазу ХХ ғасырдың орта кезіне дейін тұтас қолданыста болғаны рас. Бірақ одан кейін қолданыс аясы біршама тарылды. Себебі жергілікті халық латын мен кириллшеге көшті де, кезінде тағдыр талайымен шетел асқан болмаса өзінің байырғы қонысында қалып қойған қандастарымыз араб қарпіндегі төте жазуды таңдады. Осылай қазақ мәдениеті бірнеше керуеннің жетегін ұстады. Сол себепті қазаққа төте жазудың қажеті жоқ деп ойлауға мүлде болмайды. Сөз басында айтып кеткендей, мына Қытай мен Моңғолия, басқа да мұсылман мемлекеттеріндегі қандастарымыз әлі күнге дейін осы жазуды тұтынады. Ол жердегі қандастарымыздың жазған шығармаларын қазақ қоғамына қажеті жоқ деп айтуға келмейді. Ол шығармалар кейінгі әдебиет пен ертеңгі тарихтың мәйегіне айналмасына кім кепіл? Сондықтан бұл мәселеге абайлап қарау керек.
– Тарихта көптеген елдің әліппесінің тарихы тым қысқа болған екен. Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиін жасаған кезде Ахаңның қолында бірнеше нұсқа болған. Бірақ сол нұсқалардың ішінен нақ осы өміршең әліппені таңдауының сыры неде деп ойлайсыз?
– Енді ол кісі маман ретінде арғы-бергі әліппе тарихының барлығын зерттеген, салмақтаған, салыстырған. Бекерден-бекер түркітанудың атасы атанбаған ғой. Бүкіл түркі халықтары бұл кісінің түркітануға қатысты еңбектерін мойындаған. Оның тағы бір мынадай себебі бар: көптеген әліппе нұсқаларын саралай келе, Ахаң сол замандағы қазақтың сөз байлығы, сөйлеу мәнерін, сөздік қорын, тарихи танымын зерделеп, ғылым-білім саласындағы барлық сөз оралымында қазақ қандай дыбыстарды қолданады дегенді ескере отырып, осы нұсқаға тоқтаған. Сол дыбыстарды анықтау арқылы осы әліпбиді жүйелеген. Ал енді қазақтың бүгінгі сөзін қайтадан сол Ахаң заманындағы өлшеммен қалыпқа саламыз деп әбігер болатындар да бар. Мысалы, қазақ тілінде біреу – 18, біреу 13 әріпті қысқарту керек дейді. Сонда біз орыс тілінің ықпалынан құтыламыз, бұрынғы сөйлеу мақамына көшеміз дейді. Қазақ енді олай сөйлей алмасы анық. Өйткені уақыттың талабына сай заман да, қоғам да дамып кетті. Сөздік қор молайды, ғылым-білімнің өсу қарқыны қарыштады. Техника мен технология да дамыды. Оның барлығының атаулары бар. Ол терминдердің барлығын сол анау өткен ғасырдың басындағы жағдаймен, сол өлшемге сай дыбыспен айту, жазу, түсіндіру мүмкін емес. Ол – қателік. Кейбір мүйізі қарағайдай доктор, профессорлар да осындай пікірді көңілің қалмасын, ұзаққа бармасын деген пиғылмен айту деген осы екен деп жөнсіз сөзді жөнелте салады. Парламент депутаттары да ұялы телефонына әріп жетпейтінін әңгіме қылып, ұйқыдан оянғандай кейіппен мінберден түспейтін болып алған.
Әріп қысқарту, әріпті өзгертумен мәселе шешілсе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты баяғыда жасап тастар еді. Ол үшін кәдімгідей ғылыми-зерттеу жүргізу керек. Бүгінгі қазақтың салалық пән терминдерінде, ғылыми атауларда, техникада, технологияда, кеңсе іс-қағаздарында сөз қолданысы қандай деген мәселелер өлшеніп, таразы басына теңестірілуі қажет, ғылыми тұрғыда саралануы керек. Содан кейін ғана мына әріп бізде қолданыста жоқ, мұның қазақ әліпбиіне қажеті шамалы деп айту дұрысырақ болады. Ал оның бірде-біреуі жоқ. Сөйте тұра бір күнде латын қарпіне көше салғысы келеді. Ғалымдардың бір тобы «ю», «я» деген әріптерді қосарланған дыбыс болғандықтан, қос таңбамен белгілеуге тиіспіз дейді. Ол да дұрыс емес. Кейбір сөздерде бұлар жеке дыбыс болып қалыптасқан. Таңба түрінде болса, мен өкпелемес едім. Мәселен, и мен у әрпі біріккеннің өзінде кейде ю әрпінің толық мағынасын аша алмайды. Осындай басқаша жазуға келмейтін, тек сол таңба ғана сөздің толық мағынасын ашатын көптеген ғылыми термин мен атау бар. Осының барлығы жүйеленіп, ғылыми айналымға түсуі керек.
– Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Жылдың жартысын өткізіп, соңына дейін санаулы уақыт қалды. Бірақ әлі күнге дейін Алаш әліпбиінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты қимылдаған құрылым, министрлік көрінбейді. Себебі неде?
– Бұл өте орынды әрі салмағы ауыр, өзекті өртейтін сауалдың бірі мен үшін. Дәл биылғы жылы қазақ үшін Ахаңның жылы болуы керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Мәселен, сіз тек қана әліпбиді тілге тиек етіп отырсыз. Ал Ахаңның «Тіл құралы» атты тіл ғылымының негіздерін жүйелеген оқулығына да биыл 100 жыл толып отыр. Өзің айтқан әліппеге де 100 жыл толды. Ахаңның 140 жылдық мерейтойының өзіне ешқандай шаралар жоқ. Мен мына нәрсені қадап айтар едім. «Әшейінде ауыз жаппас, той дегенде дым таппастың» кері келді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен жай күндері газет бетін сиялап, әдебиетті ұрыс алаңына айналдырып, бір-бірінің отырған-тұрғанын сөз ететін боямашы ақын-жазушылардың ешқайсысы осы мәселеге үн қосайын демейді. Ғалымдардың да жырғатып жатқаны шамалы. Әйтпесе Ахмет Байтұрсынұлының атын иемденген білдей орталықтар жұмыс істеп тұр. Барлығы жан-жақтан осы мәселені жыл басынан бері бірінен-бірі іліп әкетіп, айтуы керек еді, жазуы керек еді. Өкінішке қарай, оның бірі орын алмады. Бізде барлығы қаулымен, бұйрықпен, шешіммен шешіледі дейтін үйреніп қалған жаман әдет, қалыптасып қалған кереғар көзқарас бар. Өздерінің екі иықтары бос, жұмыр бастарына жүн толтырып алғандай. Пәлен уақытта аталсын деген қаулы болмаса, өз еріктерімен қимылдау жоқ. Мысалы, Байтұрсынұлының 140 жылдығы аталсын, әліпби мен «Тіл құралы» оқулығының 100 жылдығы аталсын деген қаулы немесе шешім болса, жұрт өре түрегеліп жүгіріп кетер еді. Соған пікір айтпайтын адам қалмайтыны белгілі. Сөйте отыра біз тәуелсіз ұрпақ қалыптастырдық, жадымыз жаңғырды, жаңаша ойлауды үйрендік, демократиялы қоғамға айналдық деп көлгірситін, қаламын сүйкектетіп қанжығасын майлайтындардың біреуі үндесе, шіркін!
Мұндай шараларды, негізінен, тұтас халыққа жауып қоятындар өте көп. Мұндай шараларды елдің сүт бетіне шығар қаймағы жүзеге асыруға атсалысуы тиіс. Мен зиялы қауымды айтып отырмын,. Зиялы қауым дегенде де өнер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерін. Әйтпесе бізде мемлекеттік қызметкердің барлығын зиялы қауым санайтын үрдіс қалыптасқан. Осындайда Мао Цзе-Дунның «Халық деген – ақ қағаз, не жазсаң, сол орындалады» деген сөзімен келіспеске амал жоқ. Мен мұнымен «Көп қорқытады, терең батырады» деген нақылды теріске шығарғым келіп отырған жоқ. Саясат пен билік – қашанда халықтың жетегі. Көп халық үлкен қозғалысқа түскенше көп уақыт кетеді. Замандар өтеді, жүзжылдықтар артта қалады. Ал негізгі мәселелер жеке тұлғалардың шешіміне байланысты. Мәселен, осы уақытқа дейін Абайдың, Махамбеттің мерейтойлары қандай тамаша өтті. Бірақ ол шараларға Елбасымыз өзі мұрындық болды. Бірақ одан кейінгі шаралар толқыны жағаға жетпей құмға сіңгені көз алдымызда. Елбасының көрсеткен жолын айналасындағы атқосшылар жалғай алмады. Мемлекет басшысының айтулы даталарды санаудан басқа жұмысы жоқтай. Айтуға ұят болса да айтайын, азат қазақ отырып Ахаңның еңбектеріне қатысты даталардың аталмай қалуы естіген құлаққа да жағымсыз. Халқының сол замандағы мәдениет тарихында мұндай еңбек еткен адам әлі жоқ. Ал басқа мемлекеттер мұндай тұлғаларын әулие көреді. Мысалы, орыс үшін Кирилл мен Мефодийді әулиелердің қатарына қосады. Шіркеулерінің есімдерін бергенімен тұрмай, солар үшін дұға жасалып жатады. Олардың да алып бара жатқан әулиелігі жоқ. Олар ежелгі грек таңбаларын негіздей отыра, мына қазіргі кирилл әліпбиінің нұсқасын ғана жасады. Одан кейін олардың әліпбиіне қаншама өзгеріс жасалды. Олар мына біздің Ахаңдар сияқты тұтас тіл білімі ғылымын, емлелік ережелерін жүйелеген емес. Тек таңба ғана жасады. Соның өзінде славян халқы оларды төбесіне көтереді.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгі қазаққа кінә қою қиын. Оған жүрегім де дауаламайды. Бірақ қоғамдық формация өзгерген кезде халық пен биліктің аражігі ажырап қалды. Осы мәселе орнына келсе, өте орынды болар еді. Содан кейін біздің әлі де ұлттық намысымыз ояна қоймаған, сол мені қынжылтады. Отбасылық, рулық намысы тұтас ұлттық намысқа ұласса. Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді. Тек әркім өз ісіне жауапты болып, ғылым мен білімді игеріп, жалпақ жұрт болып Қазақ елін алға сүйресе деймін. «Неге біз өзгеден техника саласында кенжелеп қалдық» деген сөзді естуге намыстануымыз керек. Халықтың қазынасына қол салған қандастарымыз үшін намыстануымыз керек. Ол – анархиялық жолмен көшеге шығу болмаса оппозиция болып мемлекетке қарсы шығу емес. Тек қана азаматтық және ұлттың бір бөлшегі ретіндегі көзқарас пен намыс әрдайым егіз болуы міндетті.