Өнерің бұлдауға тұрса, бұлда!

Өнерің бұлдауға тұрса, бұлда!

Маралтай Райымбекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

– Маралтай, жас ақындар де­генде, ең алдымен сіздің атыңыз аталады. Тұманбай, Қадыр ағалардың жанында жас болғандарыңызбен, сіздердің де жастарыңыз қырыққа тақады. Өнерді жасқа бөліп қарауға бола ма?
– Сөзді сәл әзілге бұрар болсақ, соңғы екі-үш жылға дейін мені жұрт «жас ақын» десе, намыстанатынмын. Мен де үлкен ақын болдым ғой, мені неге бәрі жас көреді дейтінмін. Ал қазіргі қырыққа иек сүйеп тұрған шағымда жас ақын болып жүре бергім келеді. Қырыққа әлі жете қоймасам да, қырықтың адам­ды салмақтандыратынын, ой-санаң­ды өмірдің ауқымды дүниелеріне жүгір­те­тінін түсініп келемін. Сондықтан да қы­рықтың жауапкершілігінен қашқақтап, бұ­рынғыдай еркелеп жүре бергім келеді. Мұқағалидың «Қырықта дәнеме жоқ дара тұрған, бұл баяғы бала мінез, бала тұлғам» дейтін өлеңі бар ғой. Басқа саланы қайдам, меніңше, әдебиетте ақындарды «жас», «кәрі» деп бөлудің еш жөні жоқ. Қазақ әдебиетінде «ақсақализм» деген ұғым бар. Бірақ мұны дұрыс түсіну керек. Үлкенді құрметтеу, ағалардың алдынан кесе өтпеу де­ген — біздің әдетімізде, ғұр­пымызда, мә­дениетімізде жолға қо­йыл­ған, бар нәрсе. Ақындық – Алла та­ғаладан берілетін қасиет. Нағыз ақын 15 жасында-ақ өзінің ақын екендігін көр­сетеді. Ал кейінгі ғұмырында ол өзін оқумен, тоқумен, дүниетанымын ке­ңей­тумен, білімін жетілдірумен өмірлік тә­жірибесін жинақтайды. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Абайдың өзі сол 13-15 жасында алғаш өлең жазуды бас­­тап, жастайынан қоғамға, өмірге ара­ласты. Кейін қырық жасында поэзияға қай­тып оралды. Қазақтың сұрапыл ақы­ны Кеңшілік Мырзабеков те алғаш 15 жа­сында «сұмдық-сұмдық» өлең жазып, өзін ақын ретінде танытқан. Өмірден ерте кеткен Артығали Ыбыраев та 15 жасында өлеңімен өзгелерді мойындатқан. Оның кезінде «Қазақ әдебиетіне» шыққан өлеңдері көзіңді жұмып, аузыңды аштыра­тын өлеңдер еді. Демек, ақындық 15 жасқа дейін берілсе – беріледі, қалғанын ақын өзі қалыптастырады. Сондықтан мен ақын­дар­ды жас ақын, орта жастағы, егде тарт­қан ақын деп бөлуге қарсымын. Ақын ба – ақын.
– Өткен ғасырдың 90-жылдары нағыз материалдық және рухани дағдарыс кезеңінде өздеріңіз секілді ақындар шықты. Сол кездегі дағдарыс пен қазіргі дағдарысты салыстыра алар ма едіңіз?
– Кешегі мен бүгінгіні салыстыратын түгі жоқ. Қазақта «ойын жолы» дейтін сөз бар. Қазіргі дағдарыс – осы ойын жо­лы. Бізді ақын етіп қалыптастырған шақтағы дағдарыста алдың көрінбейтін түнек болатын. Қайда, қалай бара жат­қанымызды білмедік. Адамның құны, қа­сиеті жойылды. Бірінші орындағы құн­дылықтар кейін қарай шегеріліп кетті. Өмірде мән қалмады. Халық тек қарын тойдыруды ойлап, бір күнгі күнкөрістің қамына қанағаттанды. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» дегендей, сол уақытта әде­биетке жаңа келген біздер ел есін жия алмай жатқан тұстарда терінің бір пұш­пағын илесуге тырыстық. Қайта-қайта айта берсең, жылағандай боласың. Бірақ бұл — құр жылау емес, мен шындықты айтамын. Бір үзім нанға зар болған кезіміз болған. Ал қазіргі жағдайды дағдарыс деп айта алмас едім. Қазір ел еңсесі көтерілді, аяғынан тік тұрды. Басқа елдермен салыстырғанда, шү­кір, жағдайымыз жаман емес. «Екі қол­ға бір күрек» дегендей, істеймін деген адам­ға жұмыс табылады. Тек шын ниет болу керек.
– Өзіңіз айтқандай, сіз — өмірдің ащысын да, тәттісін де көріп келе жатқан ақынсыз. Тағдырдың таяғы тиген кездері, қатты тарыққан, торыққан шақтарда сізге демеу болып, қол ұшын ұсынған адамдармен қазір байланыс жасап тұрасыз ба?
– Әрине. Мен оларды неге ұмытуым керек? Қазақ айтпақшы, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді». Шы­ным­ды айтсам, маған көмектеспеген адам жоқ. Мен үшін адамзат баласының барлығы маған жақсылық жасау үшін жаралғандай болып тұрады. Мен өзім осылай қабылдаймын. Өзіме жасалған жақсылықтың бәрін Алланың берген нығметі, қасиеті деп білемін. Кейде «осы қа­ры­зымды қайтара алдым ба, парызымды өтедім бе?» деп жиі ойланамын. Мұндайда өзімді «маған жақсылық жасағандар ме­нің көркіме, әйтпесе дүниеме қызықан жоқ қой. Өнерімді, бойымдағы қасиетімді, қазақ өнерін, әдебиетін сыйлағандықтан көмектесті» деп жұбатамын. Сондықтан менің парызым – өзімді де, өзгені де жерге қаратпайтын жақсы өлең жазу.
– Сіз өзіңізді ылғи «заманның заңғар ақыны, үш жүзге атым мәлім Маралтаймын» деп таныстырасыз. Сіздің ақындығыңызды көпшілік мойындағанымен, жеке мінезіңіз туралы «Маралтай қисық, қыңыр сөйлейді, қиын адам» дегенді естіп қалып жатамыз. Осыған өзіңіз не дейсіз?
– Кезінде Қалтай Мұхамеджанов аға­мыз айтты-ау деймін: «Егер мені халық ақымақ десе, мен ақымақпын», — деп. Мен де халықтың етегін басып, ештеңе айта алмаймын. Олар не десе, кім десе мен солмын. Халқым бала десе — баламын, дана десе — данамын, ақымақ десе — ақы­мақ­пын. Өйткені мен өзімнің мінезім, болмысым сондай болса, қайтіп өзгерте ала­мын. Жұмекен Нәжімеденов: «Көл күледі, күлмегенде қайтеді, Жасырған соң қоқтығын. Мен де күлем, күлмегенде қай­темін,  Жасыратын  жоқ түгім», —  дейді. Менің де жасыратын түгім жоқ. Өмірім, тағдырым халықтың көз алдында өтіп жатыр. Өз еліме, халқыма еркелеймін, еркелігімді көтереді. Менен жақсылығын аямаған өнердегі, әдебиеттегі ағаларым­ның еш­қай­сысы менің маңдайымнан шерткен жоқ, еркелетеді, ешқайсысы да­уыс кө­тер­ген емес. Мен олардың өнерімді баға­ла­ға­нына басымды иемін.
– Қазіргі әдебиет жалпақшешей­леніп бара жатқандай. Ақын-жазушылармыз белгілі мақсатты көздеп, атақ-абырой, материалдық құндылықтар үшін талантын бұлдап жатады. Осы қаншалықты орынды?
– Өнерің бұлдауға тұра ма, бұлда! Мұны заманның өзі талап етіп отыр. Тек бұлдауға лайықты болсын. Ал қаптап кеткен шөп-шалаң, түкке тұрмайтын дүниелерді бұл­дау­дың жөні бөлек. Мұны уақыттың өзі ретке келтіреді. Желге ұшатындар желге ұшып, суға ағатындар суға ағып жоқ бо­лады, тек асыл тас қалады. Әрине, кейде кейбір «халтурщиктердің» кесірі таза өнер­ге салқынын тигізіп, таланттардың ая­ғы­нан шалатыны рас.
– Бүгінгінің «сарай ақындары» туралы не айтасыз?
– Жалпы, әлемдік әдебиеттің негізін қала­ған – сарай ақындары. Бүгінде баз бі­реу­лер «ой, пәленше сарай ақыны» деп мұрнын шүйіреді. Бірақ сен алдымен сол сарай ақыны дәрежесіне жетіп ал. Болмыс-бітімің, ар-ұжданың, ішкі жандүниең, ақылың соған сай келетін болса, онда ол — үл­кен абырой. Бізге дейінгі әдебиеттің інжу-маржанының бәрін сарай ақындары жасап кеткен.
– Қазіргі нарықтық қоғамда поэзия қаншалықты өтімді?
–    Бұл өлеңнің кімге қаншалықты қажеттігіне байланысты. Кім қаншалықты өзін мәдениеттімін деп санайды, ақсүйек сезіне алады, ұлттың болашағын ойлайды, осыларға өлең қай уақытта да керек. Өлең байлықпен, мансаппен өлшенбейді Мұқағали «Адамдықтарын алтынмен өл­шей­тіндерге ашынамын» деген жоқ па? Өлеңді бәрінен жоғары қоятын адамдар поэзияға қашанда бас иеді. Өлең оқу да, оқымау да әркімнің өз еркінде. Мен өз басым адам о дүниеге кеудесін қазынаға толтырып аттануы керек деп ойлаймын.
– Бүгінгі жеңіл-желпі жанрлар алға озып тұрған заманда қазақ поэзиясын өркендетудің жолы бар ма? Мүмкін, қазақ ақындарын, олардың шығармаларын әлемге паш ету үшін бізге де арнайы әдеби агенттер, менеджерлер керек шығар?
– Бәріміз Мұқағалиды білетін болған­дықтан, сол кісінің жайынан айтайын. Ақиық ақын соңынан қанша інжу-мар­жанды төгіп кетті! Бірақ өзі бір түйір жемісін жемеді. Қаншама осындай таланттар өмір­ден жас кетті. Ақын өзінің сіңірген ең­бегінің 5 пайыз рахатын көрсе, жетер еді. Егер Мұқағалидың жанында оның өлеңін насихаттаушы, қолдаушы, не нәрсенің жөн-жосығын білетін адамдар болғанда, бас­қаша болар ма еді. Қазіргі заман сұра­ны­сына сай ақындарды насихаттаушы ме­нед­­жерлер керек. Ақын өлеңін жазсын, оқысын, тоқысын. Ал оны елдің алдына алып шығумен, насихаттаумен тиісті адам­дар айналысқаны дұрыс. Мен бағана са­рай ақыны туралы неге айттым? Шерхан аға­мыз: «Баяғыда сарай ақындарына патшаның көңілі толса, аузы толғанша ал­тын тілді асатады екен, ал ұнамаса, есектің қиын асатады. Бізде осылай болса, біраз ақындар өлең жазуды қойып кетер еді», — дейді. Ал сол кездің патшаларының бәрі жынды болған жоқ қой? Қазіргі кезде де сондай басшыларымыз бар. Патшаны айтпағанда, Алматы қаласы аудандары әкімдерінің өзі бір ақынмен сөйлесе қал­са, есін шығарарлықтай деңгейі бар. Олар бекер басшы болып отырған жоқ. Білімділері жетерлік. Мысал үшін айтайын, Алматыдағы Әуезов ау­да­нының әкімі Әділ Несіпбаев дейтін аға­мызбен кездесіп, сөйлескенімде, таң­ғал­дым. Әділ аға Жарасқан Әбдірашев ағамыздың өлеңдерін 17 минут үзбей жатқа оқыды. «Қаладан келген қыз» бал­ладасын мүдірмей айтты. Ол Абайдың, Сұлтанмахмұттың өлеңдерін де бірінен кейін бірін төгілтті. Мен осындай азамат­тарымыздың көп болғанын қалар едім.
– Жақында халықаралық «Алаш» сыйлығын иелендіңіз. «Кентавр» жинағыңыз көпшіліктің көңілінен шықты. Алайда мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітабыңыз бар болғаны 2000 данамен шықты. Қанша қаламақы алдыңыз?
– 70 мың теңгедей қаламақы алдым. Мен ол ақшаға өз кітабымның 200 да­на­сын сатып алдым. Кітабымның әр данасы 250 теңгеден бағаланды. Ал мен кітапты өзім сатпаймын ғой. Әдебиеттегі замандастарыма, ағаларыма таратып жатырмын. Мен кітабымды шығарған бас­паға ешқандай өкпе айтпаған болар едім. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз басқаратын баспа кітабымды өте сапалы, әдемі етіп шығарып берді. Қолдарынан келгені осы. Олардың өзі жоғарыдан бөлінген қаржыға лайықтап кітап шығарады. Барлық баспа­ның басында қазаққа жаны ашитын, сөздің қадірін білетін азаматтар отыр, әттең, қол­дары қысқа. Біздің кітабымыз қанша көп данамен шықса, олар соншалықты қуанар еді деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан қолдау болу керек. Былтырлары күшті-күш­ті әңгімелер шықты. Поэзияның бір баспа табағына 100 000 теңгеден бері­леді деп естідік. Сол кезде мен жеті баспа табағыма 700 мың аламын деп қуандым. «700 мың теңге алсам, қарыздарымды беремін, үйдің балконын жөндетемін, ба­лама велосипед әперемін» деп іштей қиялдадым. Аяғында, 70 мың теңге алдым. Бірақ бұған да тәуба. Бұрынғыдан бетіміз бері қарады.
– Сіз азулы ақын ретінде талай жыр мүшәйраларына қатысып, тіпті төреші де болып жүрсіз. Өзіңіз өлең оқыған мүшәйраларда ылғи алдыңғы орындарды иеленесіз. Жалпы, жақсы өлеңді қалай анықтауға болады? Өлеңге қойылар белгілі талаптар бар ма?
– Менделеевтің кестесінде алтын 79- орында тұрса да, ол — бәрібір алтын. Сол сияқты мүшәйраға 100 өлең қатысса да, жақсы өлең арасында жарқ етіп көрініп тұра­ды. «Өлең дейтін не?» дегенге ешкім ешқашан нақты жауап берген емес. Кезінде Есенғали Раушанов деген ақын ағамыздан жастар «өлең деген не?» деп сұрағанда ол кісі: «Өзім де білмеймін», — деген екен. Меніңше, өлең тірі болу керек, жаныңды баурап, көңіліңді босата алса ғана – өлең.
– Соңғы кезде «Маралтай өлең жазбай кетті» деседі. Бұған не дейсіз?
– (Рахаттана күлді). Осы сұрақ маған жиі қойылады, ылғи алдымнан шығады. «Жақсы ақыннан жаңа, жақсы өлең күту — заңды нәрсе» деп ойлаймын. Ал егер «Ма­ралтай өлең жаза алмай қалды» дей­тіндер болса, оған да жауабым дайын. Мен – өлеңнің өнеркәсібі, зауыты емеспін, шығара беретін. Менің жүрегімді не, қай уақытта тербетеді, мен сол уақытта өлең жазамын.
– Ақиық ақын Мұқағали «өнерде жарыс болмайды» дейді. Осыған келісесіз бе?
– Өнерде пенделік жарыс болмау керек. Тұлпар бәйгеге түскенде, шын жүй­рік­тігін дәлелдейді. Тұлпарды баптаған секілді ақынға да бап керек. Ғалым Жайлыбаев: «Ақындары алақан жайған елдің қатындары ұл тұмайды», — дейді. Ал өз тарапымнан айтарым: «Халық болып ешқашан да оңбайды, жылатқан ел ақыны мен батырын». Бейбіт күнде ақын керек, іргеміз сөгілердей болғанда батыр керек.
–  Маралтайдың музасына айналған Айнұры қайда екен?
– Естуімше, Айнұр бүгінде отбасылы. Ол туралы артық бірнәрсе айтсам, отбасына кесірім тие ме деп қорқам. Бұл — менің көңі­лімдегі жабулы қазан күйінде қалған ма­хаб­бат. Мен қыздардың бәрін жақсы көремін, өлгенше сүйіп өтемін. Шын сөзім. Қыздарды жақсы көрмеу, ақындығым бы­лай тұрсын, адамдықтан қалу ғой. Кеңшілік ағамыз айтқандай, «16 жастан, 17 жастан сүйгенмін, 18 ерек, 20-да бөлек күйге ен­дім... Отыз бесте де, қырық жаста да сүйемін!.. Сүйе беремін, қурап қалғанша сү­йемін!». Менің де ұстанымым осы.

Датым!
Айтатынды айтарда іш қазандай қайнайды. Мен — еш­қа­шан еш нәрсеге бал аштырмаған адаммын. Бірақ қазақ тілі­нің болашағы үшін бал аштырғаным бар. Сонда балгер «он жыл­дан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақ тілі сал­танат құрып тұрады» деген еді. Осыған сенгім келеді. Ана тілі­мізді сақтау үшін абайтану пәнін жүйелеп, мектепте бірінші сы­ныптан бастап оқыту керек деп ойлаймын. Қазақ, кәріс, орыс, татар деп ұлтқа бөлмей-ақ, бәріне абайтану оқытылса деп армандаймын. Абайды бүге-шігесіне дейін білетін оқу­шы ғана жоғары оқу орнына түсе алса, билікке бара алса, осын­дай талап болса, сонда қазақ қазақ болар еді. Сонда кез кел­ген қазақстандықтың рухы, дүниетанымы қазақтанар еді. Қо­лым­нан келсе, осы нәрсені жүзеге асырар едім.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста