Өз мамандарымыздан шетелдіктердің қандай артықшылығы бар екенін түсінбеймін
Марат ӘЙНЕКОВ, суретші-монументші, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Марат аға, біз өзіңізді Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов секілді көптеген қазақтың маңдайалды тұлғаларының бейнесін жасаған мүсінші ретінде танимыз. Сіз мектеп бітірген сонау 1960-70 жылдары қазақтан шыққан мүсінші деген тіпті жоқтың қасы еді. Осы өнерге деген құштарлық өзіңізде қалай пайда болды?
– Кішкентай күнінде баланың бәрі шимайлауға құмар ғой. Мен де сол бала кезімнен жарларды, жерді сызғылап ойнауға, қолыма түскен қағазға сурет салуға ерекше аңсарым ауатын да тұратын. Мектеп бітірер алдында үлкен бір көрмеге барып, тамаша әсер алғаным соншалық – мүсін өнерін өміріме серік етуге бел байладым. Өзімнің туып-өскен жерім, Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін кәсіби түрде суретші, мүсінші мамандығын игеру мақсатында Алматыға келіп, Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Оқып жүріп, арасында әскери борышымды да өтедім. Осы оқу орнын үздік бітіріп шыққаннан кейін мені жолдамамен қазіргі Санкт-Петербург қаласына оқуға жіберді. Онда Көркемөнер академиясын суретші-мүсінші мамандығы бойынша алты жыл оқып, үздік бітіріп шықтым. Мұнда белгілі академиктер В.Б.Пинчук, М.К.Аникушин секілді есімдері бүкіл Одаққа белгілі мүсіншілерден дәріс алдым. Оқуды тамамдағаннан кейін сол жерде қалуыма ұсыныстар жасалды, алайда мен елге қайтқым келді. Сөйтіп, көп ұзамай Алматыға оралдым.
– Білуімізше, сіздің алғашқы үлкен жұмысыңыз қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші екен...
– Иә, мен Ленинградтан оқу бітіріп Алматыға келгенімде, мұнда қазақтың қос шынары – Әлия мен Мәншүктің ескерткішін жасауға байқау жарияланған екен. Осы байқауда бағымды сынап, жеңіске жеттім. Сонымен, Әлияның ескерткішін жасау маған бұйырды. Әлия туралы бұрыннан естіп жүрсек те, жұмысқа кіріскен кезде естіген дерек аз болады екен. Сондықтан Әлия туралы мақалалар жазылған газеттерді, қолыма түскен барлық мәліметтерді жинастырып, әдебиеттерді оқи бастадым. Ескерткіш орнатылатын, Әлияның қаза тапқан жері Ресейдің Псков облысындағы Новосокольники қаласына барып, жергілікті тұрғындармен жолығып, әңгімелестім. Олардың Әлия туралы әңгімелерін тыңдап, көз алдыма батыр қыздың бейнесі келді. Өзі қаршадай он жеті жасар қыз қолына мылтық ұстап, Отан үшін жанын қиған еді. Бет-бейнесін көз алдыма келтіріп, бар болмысын сезінгенде барып Әлияның ескерткішін жасауға кірістім. Міне, осыдан кейін жоғарыда өзіңіз атаған тұлғалардың ескерткіштері біртіндеп жасала берді. Әр тұлғаның өз ерекшелігі болды. Олардың әрқайсысының мүсінін соғарда мен кейіпкерлерімнің өмірін зерттеп, шығармаларын зерделеп, жүрегімнен өткіземін. Сонда ғана балшықтан, ағаштан, қоладан жасалатын бейнелерден адамның ішкі дүниесін, ойын оқуға болады.
– Бүгінде тарихи деректері сақталса да, нақты суреттері сақталмаған көптеген хандар мен батырлардың ескерткіштері жобалап жасалынады. Бұларды әр мүсінші өз ата-бабасына ұқсатып жасайды деген пікірлер жиі айтылады. Осы мәселеге сіз не айтар едіңіз?
– Нақты адамның бейнесін жасап шығару үшін, әрине, оған дерек керек. Көбіне деректер аз болғандықтан, ерте заманда өмір сүрген хандар мен батырлардың ескерткіштері олардың жақындарына қарап, сол заманның адамдарына келтіріліп, жобамен жасалады. Сондықтан әр суретші, мүсінші белгілі біреудің бейнесін жасарда жан-жақты ізденіп, зерттеуі тиіс. Осы тұста баса айтарым, негізінде, әңгіме ескерткіші жасалған тұлғаның бет-бейнесінің ұқсауында емес, әңгіме оның көркем образын аша алуында. Ақын-жазушыларымыздың шығармаларында адамның бет-бейнесі ғана емес, мінез-құлқы, ой-өрісі суреттелуі арқылы образы ашылады ғой, мүсін өнері де дәл сол сияқты. Мәселен, халық арасындағы Абылай ханның көзі ұқсамайды, Қабанбайдың мұрны ұқсамайды деген әңгімелер ұсақ-түйек нәрселер. Өйткені бұл фотоаппараттан түсірілген сурет емес. Тастан немесе қоладан, мейлі ағаштан жасалған бейне болсын, ең бастысы – оған рух беру. Ескерткішті көрген адам сол адамның рухын сезінуі керек.
– Сіз Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде болдыңыз, Түркияда біраз жыл жұмыс істедіңіз. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің елдегі мүсін өнерінің деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Мүсіншілік – бізге кейін келген кенже өнер. Қазақ мұсылман болғалы бұл өнерге көңіл бөлінбеді, күнә деп саналды. Біздің шалдар тіпті суретке де түспейтін. Сол себептен біз өнердің бұл саласында басқалармен салыстырғанда кейін қалдық. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби мүсінші Наурызбай Хакімжанов Украинадан білім алып келген соң, 1950-60 жылдары біртіндеп мүсін өнері дами бастады. Одан кейін 70-жылдары біз келдік. Жалпы, Өнер академиясы ашылғанға дейін мүсіншілердің саны саусақпен санарлықтай ғана болды. Кейіннен саны да, сапасы да өсті. Бүгінде мен белгілі мүсінші деп Төлеген Досмағамбетов, Ескен Серкебаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі мүсінші Бақыт Әбішев, Еркен Мергенов деген азаматтарды ерекше атар едім. Қазір осы өнерге қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Бүгінде бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыстар көп емес, қаржысыз көрме өткізу тіпті мүмкін емес. Алайда соған қарамастан, жастар талпынып, өз маңдай терлерімен жасаған жұмыстарын күнкөріс үшін сатып, пұл қылып жүр. Шамалары жеткендер көрме де ұйымдастырады. Жалпы, қазіргі заманда өнермен пайда табу оңай емес. Жүйе өзгеріп, нарық келгелі өнермен шұғылданып жүрген адамдарға өте қиын болды. Мен Польшада, Германияда, Сингапурда басқа да мемлекеттерде қызмет істегенімде ол жақтағылар кеңестік білімнің тереңдігіне, сапалылығына таңғалатын. Студент кезімізде аптасына 18 сағат сурет салуға бөлінетін. Кейін соның жемісін көрдік.
– Жаңа бір сөзіңізде ислам дінінің мүсін өнеріне қарсылығын айтып қалдыңыз. Дін демекші, өзіңіз мұсылман елдерінде талай қызметтік сапарлармен болдыңыз, тіпті дәріс те оқыдыңыз. Демек, исламға берік мемлекеттерде бұл өнер өркен жайған ғой?
– Бұл өнер де адамның бойына Алладан беріледі ғой. 2006 жылы Елбасының қолдауымен Мәскеуде ұлым Саид Әйнеков екеуміз Абайдың ескерткішін аштық. Одан кейін 2007 жылы Ирандағы елшілік шақырып, Тегеранда да Абайдың ескерткішін қойдық. Сол кезде Тегеранда 12 жыл бойы салынған кітапханасында болдық, онда Қасым ханның қолжазбасы бар екен. Иран – дінге өте берілген нағыз мұсылман мемлекеті. Соған қарамастан, мұнда аятолла Хаменеидің үлкен ескерткіші бар. Бір таңғаларлығы, Тегеран, Исфахан секілді басқа да қалаларындағы ескі мешіттерде адам бейнеленген суреттер ілінген. Тегеранға 150 шақырым жерде біздің мына Талғар секілді шағын ғана бір қаласының тіпті әр көшесінің қиылысында қоладан құйылған, тастан жасалған мүсіндер қойылған. Бұл туралы жергілікті тұрғындардан сұрастырсақ, парсылар екі қауымға бөлінеді екен. Бірі дінге қатты берілсе, екіншілері өздерінің ата-бабасынан қалған ескерткіштерді ерекше әспеттеп, көне замандағы ақындарының, жазушыларының, ұлы тұлғаларының ескерткіштерін жасайды екен. Меніңше, тек Иранда ғана емес, басқа да мұсылман мемлекеттерінде мүсін өнері өркендеген.
Мен 11 жыл бойы Түркияда тұрдым. 1990 жылдары Түркия мен Қазақстан арасында байланыс орнай бастаған кезде қызым сол жаққа оқуға түскен болатын. Ол жақта қыздарға қатал қарайды, сондай-ақ қыз баланың жырақта жүргені ата-ананы да алаңдатады екен. Қызым Түркиядағы оқуын қалай жалғастырар екен деп екі ойлы болып жүрген кезімде америкалық бір азаматтан маған Түркияда анасына арнап салғызбақшы сарайына көмектесуіме ұсыныс түсті. Ол менің Ә.Қастеев мұражайында өткен көрмеме қатысып, менің ағаштан, тастан, қоладан да мүсіндер соғатынымды көріп ұсыныс жасаған екен. Сонымен, Түркияға үш айға барып, 11 жыл сол жақта тұрдық. Анкарада мүсін өнерінен дәріс бердім. Белгілі қоғам қайраткері Ататүріктің бірнеше ескерткішін жасадым. Көрмелер, жәрмеңкелер өткізіп, халықаралық түркі мәдени ұйымы ТҮРКСОЙ ұйымдастырған көрмелерге қатысып тұрдық. Түріктер басқа мұсылман елдерімен салыстырғанда Еуропаға жақындау екен. Ол жақта Еуропадан оқып келген мамандар көп жұмыс істейді. Ал жергілікті тұрғындардың арасында бұл өнерді қабылдайтындары да бар, қабылдамайтындары да бар. Діни оқу орындарында оқитындар бет-ауыздарын тұмшалап, мешіттің айналасында жүреді. Олар өнерден мүлде жырақ. Бірақ кейінгі он шақты жылдан бері Түркияның әр қаласында өнер университеттері көптеп ашылып, жастар өнер-білімге талпынуда. Сондықтан бұл елде сәулет өнері жақсы дамып келеді.
– Өткен жылы сіз ойшыл ақын Шәкәрімнің қартайған шағындағы бейнесін жасаған екенсіз...
– Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Суретшілер одағы Шәкәрімнің мүсінін жасауға байқау жариялаған болатын. Осы байқауға қатысып, көрмеге Шәкәрімнің мүсінін қойдым. Нәтижесінде осы мүсін марапатталып, жақында Ә.Қастеев мұражайына қойылды. Шәкәрімнің бұл мүсінінің бұған дейінгілерінен ерекшелігі – оның ұлғайған шағындағы бейнесіне қарап жасалуы. Бұл кісінің үш суреті сақталған екен. Біріншісі – 1905 жылы қажылыққа барарда құжатына сурет керек болып түскен суреті. Одан кейін бір орыс ғалымы түсірген бүркіт ұстап отырған суреті сақталыпты. Соңғысы, 73 жасында түскен суреті жақында Семейдің мұрағатынан табылды. Бұл суретке мұқият қарасаңыз, Шәкәрім орыстың белді жазушысы Лев Толстойға ұқсайды. Шәкәрім Толстоймен тығыз шығармашылық байланыста болып, хат алмасып тұрған. Шәкәрімді зерттеген адам ол кісінің әр саладан хабары бар, жан-жақты болғанын жақсы біледі. Өзі мерген, музыкалық аспаптарда ойнаған, нота білген, сағаттарды жөндей алған, математикадан хабары болған Шәкәрім қажының тағы бір қасиеті – барған жерінен кітап жинайтын болған. Шәкәрімнің шығармалары ғажап, оқи отырып терең философияға бойлайсың. Ол кісінің мүсінін жасауға ерекше ынтамен кірістім.
– Соңғы жұмысыңыз, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіші қай өңірге қойылмақ?
– Биыл Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының бір топ іскер азаматтары бұл кісінің ескерткішін жасауға байқау ұйымдастырған болатын. Саид екеуміз осы жарысқа да белсене қатысып, жеңіп шықтық. Қазіргі таңда Қонаев ақсақалдың қоладан құйылған мүсіні дайын тұр. Ескерткіш Талдықорған өңіріне қойылады деп жоспарланған болатын. Белгілі бір себептермен қазірше ескерткіш әлі орнатылмады. Сәті түссе, осы жылдың соңына дейін Талдықорған топырағында Қонаев ескерткіші ашылады.
– Қазіргі кезде жеке адамның ескерткішіне қарағанда, белгілі бір тақырыпқа арналған композициялық ескерткіштерге деген қажеттілік бар секілді. Айталық, Алаш арыстарына арналған композициялық ескерткіштер керек-ақ.
– Біз Суретшілер одағына қарайтын болған соң жыл сайын одақ суретшілердің, мүсіншілердің, қолөнер шеберлерінің, басқа да сала мамандарының симпозиумдарын өткізіп тұрады. Мысалы, былтырғы жылы кескіндеме өнерінің мамандарының басын қосып, жиын өткіздік. Жиынға көршілес Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден мамандар келді. Сондай-ақ таяуда мүсіншілердің үлкен көрмесін ұйымдастырдық. Мамандар жиналған осындай басқосуларда көптеген проблемалар қылаң береді, оларды бірлесіп талқылаймыз. Сіз айтып отырған композициялық ескерткіштердің халық үшін, болашақ ұрпақ үшін қажеттігі бар екені рас. Алайда бәрі де биліктің өнерге деген көзқарасына, саясатына байланысты. Бұрындары құзырлы орындар осындай тұлғаларға ескерткіш орнатылуы керек деп арнайы бағдарламаға енгізіп, алдын ала жоспарлайтын. Сөйтіп, мүсіншілерге тапсырыс беретін. Бүгінде мемлекеттік тапсырыстар өте аз болғандықтан, мүсіншілер өздігінен ойына келген ескерткішті жасай бермейді. Айталық, ауылдық, қалалық жерлердің басшылары біздің ауылға немесе осындай көшеге мынандай композициялық ескерткіш керек деп ұсыныс жасаса, мүсіншілер оларды жасаудан аянып қалмайды. Қазіргі заманда бұған мүмкіндік те, материал да жетеді. Ағаштан оясың ба, тастан қашайсың ба, қоладан құясың ба немесе материалды шетелден алып келесің бе, шектеу жоқ, қажетті құрал-сайманның да түр-түрі бар. Жалпы, композиция іздеу, жасау қиын емес. Шүкір, мамандар бар, тек тапсырыс керек.
– Бүгінгінің байлары ғаламат сарай салдырып, ауласына түрлі мүсіндер қоюды сәнге айналдырды. Егер сізге бір қалталы азаматтан үйінің жанына қоятын мүсін жасап беруге ұсыныс түссе қабыл алар ма едіңіз?
– Егер идеясы жақсы, ойға қонымды мүсін болса жасап беруге неге келіспеске? Келісер едім. Бірақ мен осы уақытқа дейін қазақтың қалталы азаматтарының арасында өнерге шын жаны ашитын, қазақ өнер иелерін құрмет тұтатын азаматтарды кездестіргенім жоқ. Түркияда тұрғанымда да ондай адамдар кездеспеді. Көбінесе ақшасы бар байлар өздерінің зәулім сарайларын өз туған жерінде емес, шетелдерде салуға құмар.
Алашқа айтар датым...
Өкінішке қарай, Астана болсын, Алматы болсын, еліміздің көптеген қалаларында көшелерге, саябақтарға, аллеяларға түйенің, бұғының, қасқырдың, сондай-ақ неше түрлі жануарлардың мүсіндерін қою сәнге айналды. Мүмкін, мұндай мүсіндер қажет те шығар. Бірақ мені қынжылтатыны, осы мүсіндердің бәрі Қытайдан әкелінеді. Бізде оқу бітіріп жатқан қаншама жас кәсіби мүсіншілер бар. Неге соларға жасатпасқа? Сонда біз болашақ мүсіншілерді не үшін оқытып жатырмыз? Жалпы, қай салада болсын әншілерді де, сәулетшілерді де шетелден шақырту мәртебе секілді. Ал біздің сәулетшілеріміз мешіт, шіркеу болсын, мәдени ғимараттар немесе тұрғын үй болсын ешкімнен кем салмайды. Мен өзіміздің мамандардан шетелдіктердің қандай артықшылығы бар екенін түсіне алмаймын. Әйтеуір, шетелдік мамандардың қалтасын қампайтып жіберуге құмармыз. Ал өзіміз мемлекеттен қандай да бір тапсырыс ала қалсақ, еңбекақымызды ала алмай сандалып жүргеніміз. Қолымызға берілуі тиіс қаржы анаған-мынаған ұсталып, соңында, әйтеуір, тиын-тебенге әрең жетеміз.