Қауіпке басын тікпейтін режиссер режиссер емес

Қауіпке басын тікпейтін режиссер режиссер емес

Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер, ҚР Халық әртісі:

– Талғат Досымғалиұлы, қай кез­де де өзіңізбен сұхбатқа келгенде әл­дебір алаңдаулы, әлдебір мазасыз күйде, қарбалас жұмыс үстін­де көреміз. Осы жолы да театр­да жаңа қойылымыңыздың тұ­сауы кесіліп жатыр, екінші жағынан «Менің күнәлі періштем» атты филь­мі­ңіз де жұрт назарына ұсынылуда. Бәлкім, тағы бір дүниенің дайын­ды­ғында шығарсыз?
– Қазақта «тоғыз қатынның толғағы қатар келді» деген бір мысқыл сөз бар. Сол секілді мен де әлі мына киномның тұ­сауы кесіліп болмай жатып, театр сах­насында «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеттің» пре­мьерасын енді ғана өткізе сала, «Ка­р­мен­ге» кірісіп кеткен жағ­дайым бар. Прос­пер Мерименің повесі «Кармен» бар, Жорж Бизенің «Кармен» либереттосы, сондай-ақ Радион Щед­рин­нің «Кармен сюита» балеті тағы бар. Осы үшеуін араластырып микс жа­садым да, содан кейін оның артығын алып тас­тап, өз нұсқамды әзірлемекпін. Тіпті «Кар­меннен» басқа кейіпкерлердің атта­рына дейін өзгертіп тастадым. Оқиға да бүгінгі күнде өтеді.
– «Кармен» – классикалық кесек туынды, алайда оны қазақ қоғамы қабылдай қояр ма екен, қалай ойлайсыз? Осы жағынан ешқандай да бір қорқыныш жоқ па?
– Елдің нәсіліне, олардың діни сеніміне бағынбайтын нәрселер болады. Шыңғыс Айтматовтың өздеріңіз көрген «Қызыл орамалды Шынарымы» бол­сын, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл тө­бетін» де, ешкім қырғыздың басынан өткен оқиға немесе нивх халқының қасіреті екен деп бөлмейді. Ұлы туын­ды­ның ұлылығы сонда, мейлі, ол қай заманның оқиғасы болсын, одан әркім өзін табады. Өзі сондағы кейіп­кер­ге айналып кетеді. «Кармен» де дәл сондай деңгейдегі туынды деп ой­лай­мын. Әр әйелдің жанында, жүре­гін­де бір-бір «Карменнің» өмір сүре­тініне өз басым сенемін. Сондай-ақ ер­теңгі күні ол біздің сахна өнеріндегі үл­кен туынды бола ма деген таудай үмітім де бар. Би де бар онда, ән де бар, барлық өнердің басын қосқан осы қойылым елдің ру­хани дүниесінің қоржынына түссе дей­мін ғой.
– Сіз былтыр өзіңізбен сұхбатқа келгенімізде «Қызыл орамалды Шынарым» қойылымын тәмамдап, алғаш тұсауын кесіп жатқансыз, арада бір жылға жуық уақыт өтті, енді осы күзде «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетті» сахналадыңыз. Екеуі де – «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыстай шоқтығы биік тұлғаның туындылары. Жалпы, Шыңғыс шығармаларын сахналаудың өзі ерлікті қажет ететіндей. Себебі оқымаған жан кемде-кем, сондықтан әркім өзінше бір сыншы. Осыны біле тұра, Шыңғыс Айтматовқа баруыңызға не себеп?
– Жас кезде адам жеңіл-желпі дү­ниеге құмар болады. Ал кәсіби шеберлік кейін дүниені танумен, ізденумен, толысумен қатар келеді де, ол кезде адам жеңілге жармасуға ұялады да екен. Осы жағынан менің қазір өремнің, әлемімнің, философиямның біршама қалыптасқан кезі болып тұрғандай. «Қызыл орамалды Шынарым» Шікеңнің жас, албырт кездегі махаббатынан туындаса, Шыңғыс Айтматов осы «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетін» менің жасымда жазған екен. Әрине, егер бұлар оңай дүниелер болса, кез келген театр қоя берер ме еді. Мысалы, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетті» саха театрынан басқа әлемде бірде-бір театр қойған жоқ. Өйткені оның сахнадағы шешімі қиын. Оқиға бойынша төрт адам­ның тағдыры мен тарихы тек қана бір қайық үстінде өрбиді. Ал оны сах­на­ға алып шығу үшін қандай үлкен тәуекел керек? Ерлік те, өрлік те керек, шешім керек.
– Сізде «ал егер шықпай қалса ше?» деген қауіп болған жоқ па?
– Кез келген іске кіріскенде қауіп болады. Қауіпке басын тікпейтін ре­жис­сер режиссер емес. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегендей, қауіп бола тұра, соған бас тіккеннің өзі – ерлік. Ертеңгі күні ел алдында масқара болып қалмауға ұм­тылудың өзі өнерге, туындыға, оған кірісуші режиссерге де, әрбір актерге де жан бітіреді, біле-біл­сек. Сол оймен ұйықтай ал­мау, болмаса қандай іс жасап жүрсе де, үнемі сол туынды санасынан шықпауы, осы­ның өзі – бір тіршіліктің белгісі. Шүкір, өзім­нің қауіпке бас тігіп, тәуекелге бел буып шы­ғар­ған туындыларымның қай-қай­сысын бол­сын, қазірде кез келген жерде ұял­май көрсете аламын.
– Талғат Теменов десе, ең бірінші «Махаббат бекеті», сосын «Адамдар арасындағы бөлтірік» секілді кинолар еске түседі. Яғни ел-жұрт сізді әуелі кинорежиссер деп таныды. Ал сіз Жастар мен балалар театрына басшы болып келгеннен кейін сахналық туындыларыңызды шығара бастадыңыз. Осыны жақсы қабылдап, қуанатындармен қатар, сізді «театрға киноның көзімен қарайды» деп сынайтындар да кездеспей ме? Жалпы, режиссураны кино немесе театр деп бөлу дұрыс па?
– «Киношник» деп кекеткісі келе­тіндер болмай тұрмайды, бірақ оның бәрін де мен пендешілік қызғаныш деп түсініп, бәріне биіктен қарауға ты­ры­самын. Қайта кино­дағы тәжірибем театр сахнасына жаңалық, әлдебір қоз­ғалыс әкелмесе, оған ешбір селкеу түсірген емес. Мысалға айтсақ, соғыс кезін бейнелейтін «Бұлбұлдар тү­нін­де» мина жарылғанда, аспаннан сау етіп то­пырақ жауады. Осы уақытқа дейін сах­на­да солай, өмірдегідей қарекеттерді шы­ғар­са, кім кімнің қолын байлапты?!. Сол сияқты «Қызыл орамалды Шы­на­рым­да» да қыз бен жігіт машина үстінде сезімге беріліп тұрған шақта, жел соғып, қыздың орамалы желбіреп тұрады. Ол өз кезегінде көрер­менге керемет әсер етеді. «Тарғыл төбетте» де сол, теңізді жел тербеп, толқын шай­қалып тұрады, тұманданып. Негізі, сахнада тұманды беру мүмкін емес. Бірақ біз соған қол жеткіздік. Міне, осындай киноның эф­фек­тілерін қолданған әрекеттерім кей­бі­реулерге жақпаса керек, бірақ ол жаман болғандықтан емес, пенде­ші­лік­тен ғана. Мысалы, кезінде Сұлтан Қо­жы­қов «Қыз Жібекті» түсіруге кіріскенде де анталаған жұрт: «Сен біздің қазақты ұятқа қалдырдың, о заман да бұ заман Төлегеннің шашы ұзын болмаған, не­мене хиппи түсірдің?» – деп етектен тарт­қан. Бұл – таза шындық, бала бол­сақ та көзімізбен көрдік оны. Ақырында тіпті Сұлтан Қожықов инфаркт алып, ау­ру­ха­надан бір-ақ шыққан. Бүгінде сол сыншыларды кім біледі? Ешкім. Ал «Қыз Жібек» қазақ киносының «Алтын қо­рын­дағы» ең асыл жауһарларының бірі болып тұр. Сондықтан сынаушылар қа­шан да та­бы­лады, сынай берсін, оған мұқалатын мен емес, себебі өзім өнерге қызмет етіп, өзімнен кейінгіге қалатын іс жасап жатқанымды білемін.
– Сынды қабылдамайсыз ба сонда?
– Қабылдаймын, егер өзі ай­тар­лық­тай туынды жасап, кәсіби шеберлігімен көзге түскен жан айтса, ел мойындаған тұлға, шынында да, кемшілігімді айтып, соны түзеуге ұсыныс айтса... Ал өзі еш­теңе істей алмай жүріп, жағаға жар­мас­са, онда күлкілі. Бірақ мен ондайға қа­рай­лап, көрінген тас лақтырғанға мойын бұра беретін адам емеспін. Себебі қандай дүниеге барсам да, адам­ның рухани дүниесіне әсер ететін кейіпкерлерді шығарамын.
– Жаңа туындыңыз «Менің күнәлі періштем» фильміне оралсақ, маған киноның бір тұсы қатты әсер етті: жігіт ұрлықпен ұсталып тұрғанның өзінде қарт профессор оны полиция алдында арашалап алып қалады. Соңынан кешірім сұрай келген жігітке: «Бүгінге дейін түрменің ең құрығанда біреуді түзегенін көргем жоқ», – деген сөзі. Кино тек махаббат жайлы айтып, өмірді тек махаббат құрайды дегенге құрылмаған секілді. Тағы қандай биік мақсаттарды көздедіңіз? Осы кино арқылы қоғамға қандай ой, қандай серпін беруді ойладыңыз?
– Әрине, тек қана жалаң махаббатты көрсете салуды көздегенім жоқ. Көп­те­ген әлеуметтік мәселелер де қозғалды. Қазір қоғамда осы фильмдегі бас кейіп­кер Айшамен тағдырлас қыздар қан­ша­ма? Соларға бұл әсер етпейді дейсіз бе? Сол секілді жігітті алсақ, ол – ұсақ-түйек күйбеңмен қылмысқа барып жүрген жігіт. Мына қоғамда ондайлар да жүз­деп, мыңдап кездеседі. Асхат Бабаевич секілді банкирлер де көп. Бірақ үшеуін, яғни үш түрлі күй кешіп, үш түрлі әлеу­меттік ортаның адамын тоғыстырып, үшеуін бір нәрсеге тәуелді қылып отыр­ған нәрсе – махаббат. Махаббатқа кез­дес­кен кезде жігіт те, қыз да, банкир де өзгереді. Тіпті өгей әкесіне өкпелеп, ше­ше­сінен қол үзіп кеткен жігіт соңында өмірді түсініп, шешесінің алдына барады ғой. Яғни махаббат, адамгершілік, сүйіс­пен­шілік деген сезімдер барда, мына фильм көрерменнің сүйікті киносына айналуы керек деп ойлаймын.
– Жалпы, кино сахналық қойылым болсын, әр заманда жазылған туындыдан өз заманының тынысы сезіліп тұратындай. Сіз қалай ойлайсыз, өнер уақытқа қызмет етуі керек пе, әлде өнер уақыттың кеңістігіне сыймайтын, заманның заңына бағынбайтын құдірет пе?
– Жақсы шығарма, жақсы туынды науқанға бағынбауы тиіс. Мысалы, «Махаббат бекетін» түсіргеніме 20 жылдың жүзі толды. Әрине, ол жерде қы­зыл галстук таққан оқушылар жүр, Лениннің бюсті тұр, бірақ содан бері қоғам­дық фор­мация өзгергенімен, олардың адамгершілігі, махаббаты, сезімі деген дүниелері өзгерген жоқ қой?.. Сол секілді мына кино да ­таудан аққан қар көшкіні секілді, уақыт өте өз көрерменін арттырмаса, кемітпесі анық. Әр адамның жүрегінде жақ­сы­лыққа, тазалыққа, махаббатқа деген іңкәрлік барда, ол мәңгі өшпейді.
– Таяуда елордамыз Астанаға шығармашылық гастрольмен барып қайттыңыздар. Астана қалай қабылдады?
– Өте жақсы қабылдады, мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов театр­дың ашылу, жабылу салтанаттарына келіп, қабылдауларына шақырды. «Те­ңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетті» көріп, өз риза­лығын білдірді минист­рі­міз. Жылы лебіз­дерін білдірді, дегенмен өзіме әлі күнге көңілім толықтай толған емес. «Әлі де үлкен дүние қоюым керек» деп, үнемі бір ізденіс маза таптырмайды. «Болдым, толдым» дейтін адам болса, ол болғаны да емес, толғаны да емес. Әлі үлкен туындылар жасауы керек.
– Театрға оралсақ, біреулер қазір драматургиялық жұтаңдық байқалатынын айтады. Осыған сіз театр маманы, басшысы ретінде не айтар едіңіз?
– Театр – түп-тамыры тереңде жат­қан әрі өміршең өнер, ол cонау ежелден бері бүгінге дейін және әлі қанша заманға дейін өз биігінде қала береді. Бірақ біз бүгінде, шыны керек, прозадан қойылым тудырып жүрміз ғой. Ал кө­рер­менге прозадан жасалған қойы­лым бола ма, арнайы жазылған пьеса бола ма, бәрібір, тек жақсы туынды болса, жетеді. Прозадан да қойылымды не үшін шығарып отырмыз, жоқ болғаннан кейін. Соның өзін шеберлікпен шығару біреудің қолынан келсе, біреудің қо­лы­нан келе бермейді. Менің қолымнан кел­гендіктен жасап жүрмін. Ал өзгелер үшін жалпы масштабта драмаға татыр­лық дүниенің жоқтығы, жұтаңдығы – өкінішті жайт.
– Аға, бүгінде киноның айналасында, театрдың да көптеген фестиваль өткізіліп жүр. Әйтсе де осы фестиваль атаулының өнерге берер пайдасы қаншалықты?
– Шынымды айтсам, фестивальдерге соншалықты бір құмарлығым да, қы­зы­ғушылығым да жоқ. Себебі көбі тек дақ­пырт үшін ұйымдастырылатындай. Өнерге беріп жатқаны шамалы. Орысша бір тіркес бар «около киношная девица» деген білгенге бұл – өте ауыр сөз. Біздің фес­тивальдер дәл сол сөзді еріксіз еске түсіреді. Театрдың, ки­ноның маңайында жүрген қаншама «са­бын­ның көпір­шік­тері» бар, мұндай алаулаған, жалаулаған дүниелер соларға керек. Ал шын мә­нін­дегі өнер адамына берері жоқ, фес­ти­вальге келген үлкен актер, үлкен ре­жис­серлермен бір-екі стакан соғыс­ты­рып, иық тоғыстырғаннан түк те өзгермейді, не бір жаңа идеямен де алмаса ал­май­сың. Бірақ егер әлемдік фестивальдер болса, ондай дүниені көрген дұрыс. Өйткені алғаш рет мені 1989 жылы Әбіш Кекілбаев пен Қанат Саудабаев Шың­ғыс Айтматовтың үйіне алып барып, сол бір заңғар тұлғамен таныс­тырған болатын. Ол кезде мен «Мос­фильмнен» жаңадан келген кезім. Сол кезде маған Шықаң: «Балам-ау, осыған дейін қайда жүрдің, әлемдік дүние­лер­ді көру керек қой», – деген болатын. Күні бүгінге дейін әлемнің 70-ке жуық мемлекетін ара­ла­сам, сол дүниені көргендігім, та­ны­ған­дығым емес пе? Шыңғыс Төреқұлұлының сондағы сөзін бүгін терең түсініп, байыбына енді жетіп отырғандаймын. Әлемді аралау, дүниені тану деген адамның көкжиегін кеңейтіп, өресін өрге жетелейді екен.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Шығармашылық ізденіс барысыңыз қалай?
– Қазір менің қолымда төрт бірдей сценарий бар. Шет жағасын ғана айтып қояйын, бірі Зарина ханшайым жайлы. Жалпы, біздің қазір өнерге беретін ша­ғы­мыз. Азамат ретінде қалыптасқан, біраз тәжірибе жинақтаған біз айтпа­ғанда, біз бермегенде, кеше оқу бітір­ген, әлі қалыптаспаған бала бере ме? Болашақ ұрпаққа бойдағы барымызды осы кезде тастап үлгермесек, күні ертең артымызда не із қалады? Айналып келіп, «Менің күнәлі періштеме» орала берді демеңіз, алайда айтпағым, мұның атауының өзі сонау адамзат пайда болғалы бар дүниелер. Адам ата, Хауа ана екеуі де періштедей пәк еді о ба­сында, кейін күнә жасады, біз тарадық. Осы тұста біздерге күнәлі мен күнәһар деген ұғымдарды айырып алу керек се­кіл­ді. Себебі айналасына заһар шашатын адамды күнәһар десек, күнәлі – бір күнәсі бар, бірақ біржолата беті қайт­пай­тын адам емес, түбі тәубаға келіп, түзелетін адам. Тіпті әрбірден соң оның күнәсіне уақыт, қоғам, заманның да қа­тысы бар.

Оқшау ой
Бір нәрсеге қарным ашады. Айталық «Басты рөл» деген алау­латып, жалаулатқан тележоба жүріп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен актері бар, актер емесі бар, бәрін еліктіріп, шоу жасамақ. Бұл, бәлкім, біреуге керек, біреуге тиімді шығар, дегенмен ол – үлкен қателікке ұрындыратын дүние. Неге? Себебі әр сценарийдің өз кейіп­кері болады. Әншілер секілді емес, кино актері деген – кәсіби маман. Түсіретін нақты кино болмаған соң, ненің «басты рөліне» адам іздейді? Содан тайсалмай өтсе де, қандай керемет адам боп тұрса да, мен өз кинома ешбірін алмаймын. Өйткені мен режис­сермін, өз таңдауым – өзімде. Алдыңа келген әр әртіс – жеке тағдыр иесі. Кейде біздер науқаншылдық деп «адам тағдыры» дегенді аяқасты етеміз. Өнер алмас қылыш секілді, байқамасаң, біреудің тағдырын кесіп жіберуің мүмкін. Сондықтан өнерді шоу-бизнеске айналдырмау керек, мен өзім осы нәрсеге қарсымын. Эстрада – шоу-бизнес, ал бірақ кино – үлкен өнер. Сондықтан киноға түсуді армандамайтын жігіт, қыз жоқ. Сөйтеді екен деп оларды жинап алып, тағдырына жара салудан абайлауымыз керек. Ертеңгі күні тауы шағылып, тағдырлары өзгерсе, қиын болады. Алаңдайтыным – осы жайт.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста