Қазақ киносы қазір үлкен белестің алдында тұр

Қазақ киносы қазір үлкен белестің алдында тұр

Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Болат аға, көрерменіңіз сізді жай актер деп қана емес, ұлттық мәдениетімізге үлкен үлес қосып жүрген тұлға деп таниды. Бірақ соңғы кездері театрдан мүлдем көрінбейтін болдыңыз. Шынымен де, театрдан қол үздіңіз бе, әлде бұл уақытша құбылыс па?
– Соңғы кездері сахнадан көрінбей кеткенім көрерменге кәдімгідей білінсе керек, осындай сұрақтың қойылуын мені сахнадан жоғалтып алған көрерменнің іздеуі деп білем. Демек, театрда менің аз да болса орным болған екен. Негізгі менің мамандығым – театр және кино актері. Ә дегеннен өнердегі жолымды театрдан бастадым да, кино жағы кенжелеп қалғаны рас. Бірақ еш уақытта театрдан кетемін деп ойлаған емеспін. Актер болғаннан кейін сахнада да ойнап, киноны да қатар алып жүру керек қой. Алайда театрдың басшылығы соған дұрыс көзбен қарамаса, қол үзуге мәжбүр болады екенсің. Түсінбеймін, киноға түскен актер театрдың қазынасы емес пе? «Бәлен кинода ойнаған актер бүгін бәлен рөлде ойнайды» дегеннің өзі көрермен жинар еді. Осыны театр басшылары түсінбесе, қиын екен ғой. Актер танымал болуы керек, онда да жеңіл-желпі дүниемен емес. Ал актерлікке аяқ басып, «мен танымалдыққа ұмтылмаймын» деген – өтірік сөз. Өзінің табиғатында, ішкі жан дүниесінде өзін көрсеткісі келетін, көрсетуден ұялмайтын адам ғана актер бола алады. Себебі жүздеген, мыңдаған адамның алдында өзінің жүрегін жалаңаштау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жүрегінің түгі бар адам ғана осыған тәуекел ете алады. Бейнелеп айтқанда, сахнаға шығу қол бастап жауға шауып, оны жеңгенмен бірдей. Әр актерде сондай рух болуы керек. Театрда істеген 25 жылда небәрі он шақты киноға түссем, театрдан кеткен төрт жыл ішінде он жетінші фильмге түсіп жатырмын. Яғни киноға біржола бетбұруым уақыт жағынан үлкен септігін тигізіпті.
– Расында, соңғы кездері шығып жүрген кинолардың көбінен сізді көрдік. Әсіресе «Ағайындылардағы» жаттықтырушы рөлі ерекше шыққандай. Сондай-ақ «Жаным садаға» фильмінде де әке рөлі көрерменге сондай жақсы әсер етті. Алайда алғаш сіздің сахнадан кетуіңізге түрткі болған қандай кино?
– Әуел басында театрдан Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша түсірілген «Махамбеттің семсері» фильміндегі төрт басты рөлдің бірі – Баймағамбет сұлтанның рөлін ойнау үшін кеткенмін. Бірақ сол кезде «Махамбеттің» соңынан тағы да 15-16 киноға түсемін деп ойламаппын. Былайша айтқанда, ештеңені білмей, тәуекелге бел будым. Бірақ Алла тағаланың өзі осы жолды бұйырған шығар.
Өнер жолын сол жерде бастағаннан кейін, театрға тоқталмай өте алмаймын. Театр сахнасында мен үшін Абайға дейінгі рөлдерім бір төбе болса, Абай рөлі – бір төбе. Ал енді осыған дейінгі фильмдерімнің ішіндегі «Абайы», яғни сондай жаныма жақын кейіпкерім, осы соңғы түсіп жатқан «Атажұрттағы» Орынбай ақсақал рөлі – даланың академигі деп айтса болатындай ақсақал, қазақтың қазыналы бір қарты. 1937 жылдың нәубетін ауылдағы қарапайым адамдардың тағдыры арқылы көрсететін бұл тарихи туынды өзіме ерекше әсер етуде. Бүгінде, мәселен, ел ішінен бөлініп, «жер біздікі» деп бүлік шығарып жатқан ағайындар сол бір кездері өздерінің қазақ жеріне қандай күйде келіп, қазақтың оларды қалай құтқарып қалғанын білмегендіктен істеп жатыр. Ал бұл өз кезінде олардың ата-әжелерінің «әй, қарақтарым, бұл қазақтың жеріне келген кезде аш-жалаңаш едік, сонда қазақ халқы бізді бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген, соның арқасында біз тірі қалып, бүгін сендер жарық көріп отырсыңдар» деп айтып кетпегендігінен болып отыр ғой. Міне, бұл – соларға жауап ретінде түсірілген фильм. 1933 жылдан бастап Қазақстанға жер аударылған түрлі ұлттар мен ұлыстардың тағдыры бейнеленеді. Шығарманың авторы, жазушы Лаврентий Сон оны өз өмірінен алып отыр, ал режиссері – Сламбек Тәуекел. Лаврентий осы шығарманы жазуды өмір бойғы өзінің мақсаты санапты, себебі кезінде өзі Орынбай ақсақалдың арқасында тірі қалыпты. Шығарма тек кәріс халқы жайлы жазылса, киносценарийде оның біршама ауқымы кеңейтіліп, елімізге шоғырланған түрлі ұлттардың да тағдыры қамтылады. Тағы бір тарихи жайт, осы уақытқа дейін теңдесі жоқ, бүкіл әлем пайдаланатын Калашников автоматын дүниеге әкелген кісі осы қазақ жерінде Матай стансысында тұрған. Сол кісінің  Калашниковті қалай шығарғаны туралы кинода көрсетіледі. Бір жылдай түсіріліп, таяуда бітті. Жақында «Қазақфильмде» ол зиялыларымыз бастаған көркемдік кеңеске көрсетілді. Олардың тарапынан жоғары баға берілді, бұйырса, осы алдағы Тәуелсіздік мерекесіне орай кинотеатрларда тұсауы кесіледі деп күтілуде. Киноға көп нәрсе енбей қалады ғой, сондықтан киностудия басшылары, киногерлер «мынадай материалды бір ғана киноға сыйғызу аз болады» деп, оның бірнеше сериядан тұратын тележобасын дайындауға шешім қабылдады. Онда сонау 1935-1945 жылдар, сосын 1945-тен 1954 жылғы Тың игеру жылдары аралығы түгел қамтылмақ. Оған  Талдықорғандағы Қаратал өзені бойында арнайы ауыл салынып, осы алдағы қыркүйектен бастап түсіру жұмыстарына кіріспекпіз. Кино биыл көрерменге жол тартса, тележоба 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнайы дайындалмақ.
– Бір кездері «қазақ киносы дамымай жатыр» деп алаңдасақ, бүгінде оған жан бітіп, қимыл-қозғалыстар байқалады. Ендігі жерде қаламақы жағы да түзелген болар?
– Киноны көрермен экранның бергі жағынан ғана көреді, ал арғы жағында үлкен еңбек, қым-қиғаш өмір жатыр. Қандай да бір дүние туғызу үшін қаншама адамды жұмылдырып, қанша күш-жігер жұмсау қажет. Ал бұл мемлекеттің қолдауынсыз қиын. Өткенде осыдан бір жыл бұрын «Қазақфильм» киностудиясына Елбасымыздың келгенін білесіздер. Сол кезде ол кісі: «Мен спортқа көңіл бөлдім, теннис ойнап едім, халық теннис ойнай бастады, мен атқа мініп едім, қазір ат спорты дамып, жылқымен айналысатын жекелеген азаматтар пайда болды, енді мен қазақ киносына барамын, киноны көтеруіміз керек», – деді. Расында, елді әлемге танытатын киносы ғой. Мәселен, Ресей қандай керемет кинолар түсіріп жатыр. Айталық, «9-ая рота» фильмі шыққан соң, әскерден қашып жүрген қаншама орыс жастары рухтанып, өз еріктерімен әскерге сұраныпты. Міне, киноның құдіреті! Яғни қазаққа қазір рух жетпей жатса, бұл киноның әлсіздігінен де, бір жағы. Әзірге кино қазаққа ондай рухты бере алмай жатыр. Бірақ шүкір деу керек, киностудияның қазіргі басшысы – киноны жақсы білетін, білгір маман. Мемлекеттен беріліп жатқан қаражат та жақсы, ең соңғы сандық үлгідегі техникамен жабдықталдық қазір. Ресейден режиссерлер келіп жұмыс істеуде, сондай-ақ өз арамызда да керемет дарынды жастар өсіп келеді. Мәселен, елдің аузына іліккен «Ағайындыларды» түсірген режиссер Ақан Сатаев – жап-жас жігіт. Немесе «Обратная сторонаны» түсірген режиссер Қуат Исаевтың бұл бірінші фильмі екен. Серік Өтепбергенов деген жігіттің «Однажды в багажнике» деген киносына түстім. Ол да – жас режиссер. Осындай жас әрі дарынды режиссерлер өсіп келеді, солардан үлкен үміт күтуге болады. Бес-он жылдан соң қазақ көрермені кәріс пен түрік сериалдарына таңғалуды қойып, «шіркін-ай, қазағымның киносын көрейікші» дейтін болады. Қазақ киносы дәл қазір үлкен бір тарихи белестің алдында тұр.
– Кейінгі жылдары киноға актерлерді емес, кастинг арқылы кездейсоқ адамдарды түсіру үрдісі дарып кеткендей. Және де онда басты назарды тек түрге, сырт пішінге, яғни адамның экраннан қалай көрінетіндігіне аударатыны айдан-анық. Жалпы, кастинг арқылы таңдау үрдісі осы қарқынмен дами берсе, онда алдағы уақытта актер мамандығын бітіргендер киноға керек болмай қалмай ма?
– Кино – негізі, таза режиссердің шешімі және көбіне техниканың ісі. Сондай-ақ театрда актер бастан-аяқ сахнада ойнайтын болса, кинода әр эпизод бөлек түсіріліп, кейін монтажбен біріктірілетінін білесіздер. Осы тұрғыдан келгенде, киноға сыртқы мүсін, кейіп те керек, бірақ тек солай бір жақты талап қою дұрыс емес. Актерлік ойын міндетті түрде қажет. Мәселен, Ресейдің бірде-бір киносында сырттан келген актер жоқ. Әр киносынан кем дегенде бір не екі жұлдыз шығады. Өйткені олар – нағыз актерлікті бітірген мамандар. Ал бізде, өкінішке орай, өнерге мүлдем қатысы жоқ, кездейсоқ біреулер «жұлдыз» болып жүр. Кезінде бір-екі кинода ойнағанына мәз. Оларды «жұлдыз» етіп шығарған режиссердің өзі сол деңгейде болуы керек, шамасы. Әлгі фильмдерді көріп отырған саналы көрермен бәрібір жылтыраған бет-пішіннің ар жағында түк жоқ, бос қуыс жатқанын көрмеуі мүмкін емес. Қазіргі қазақ киносында образ жоқ! Кәдімгі кезіндегі Қаллеки, Серағаң, Елубай Өмірзақовтар, Шәкен Аймановтар ойнаған киноларда тұтас бір образ болатын. Ал қазір рөлде бір актер ойнайды, ал оның даусын басқа бір актер салады, сосын ол атқа мініп шабатын болса, оны басқа бір дублер жасайды. Дәл сол актер келесі бір киноға түскенде дауысын өткендегі кинодағыдан мүлдем басқа актер салады. Сонда бір актер әр кинода әртүрлі дауыспен жүреді де, біреудің шляпасын, біреудің тонын киіп алғандай құрама, қойыртпақ бірдеңе болып шығады. Қашанғы әдетпен Ресейге көз салайық, мәселен, Смоткуновский деген актер бар, оның дауысын сала алатын актер бар ма? Ешкім салмайды. Себебі оны таңдап алған режиссер актердің сырт пішіні, дауысы, ішкі жан дүниесі арқылы тұтастай қабылдайды. Сол секілді Басилашвили, Джегарханяндар да, тіпті осы заманда шығып жатқан Панин, Дюжев, Безруковтардың біреуінің дауысын ешкім салмайды, олар өз дауыстарын өзі салады. Көрермен тіпті олардың түрін көрмей-ақ, үнінен танып отырады. Ал біздегі дәл қазіргі жағдай сұмдық қой?!. Бірақ қазақты қазақтан басқа ешкім ойнай алмайтынын, ол үшін қазақ болып туылу керек екенін біле бермейміз. Басқа жай, тракторшы, қойшы емес, Абылайхан, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды қазақтың ұлыларын басқа ұлтқа ойнатқанына қазақтың ұлы, қазақтың актері ретінде намысым келеді.
– Өз жеке басыңызға келсек, сізге өз дауысыңызды өзіңіз салуға мүмкіндік берілді ме, әлде?..
– Қанша киноға түссем, соның біреуінде менің дауысымды ешкім салған емес. Және соңғы төрт-бес жылда мен өзге біреулерге дубляж жасаудан бас тартатын болдым. Өйткені дауысымды сатқым келмейді. Мысалы, мен өзім сомдаған Орынбай ақсақалдың дауысымен ертеңгі күні басқа біреуді дыбыстасам, ол көрерменге қиянат емес пе? Актердің кескін-келбеті ғана емес, дауысы да көрінген жерде шыға бермеуі керек. Оның үні тек өзінің образына ғана қызмет етуге тиіс. Қазақ киносында да әр актер өзі ойнаған рөлді өзі дыбыстамайынша, Ресей киноларындағыдай образдар шығара алмаймыз.
– Сіз бұрын театрда ойнадыңыз, қазір енді кинода да  жүрсіз. Сонда сол бұрынғы мен қазіргіні салыстырсақ, қазақты сомдауда айырмашылық бар ма? Бұрын қалай сомдаушы еді, қазір қалай сомдауда?
– Меніңше, сол көп нәрсеге қатаң тыйым салынған кеңестік дәуірде қайта қазіргіден ұлттық бояуы әлдеқайда қанық дүниелер болған сияқты. Қазір еркіндік берілді, бірақ керісінше, одан қазаққа пайда аздау болып тұр ғой. Кеше ғана халықаралық театр фестивалі болып өтті. Бас жүлдені қырғыз ағайындар алып кетті. Өйткені олар ұлттық бояуы қанық дүниелерді қойды. Ал біз әлі сол баяғы кеңестік дәуірдің иісі аңқитын дүниелерден арыла алмай жатыр екенбіз. Мысалы, біз қазір «Ақан серіні» қоятын болсақ, сондағы Науан хазіретті сол баяғы идеологиямен діншіл, тап жауы етіп көрсетпеуіміз керек қой. Сондай-ақ «Абайды» қойғанда да Құнанбайды сол баяғы кертартпа етіп көрсетуіміз керек пе?
— Сіз театрда Абай рөлі арқылы халыққа танымал болдыңыз. Сіз сомдаған Абай рөліне театрдың білікті мамандары, абайтанушы ғалымдар үлкен жоғары баға берді.Жалпы, Абайды ойнау үшін актерге қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?
Біріншіден, актердің түр-тұлғасы, сыртқы кескін-келбеті мейілінше ұқсау керек. Өйткені Абайдың портреті әрбір қазақтың үйінде тұр. Ол актер өмірде жүргенде де көрермен оны жазбай тану керек;
Екіншіден, поэзиямен сусындаған ақынжанды адам болу керек. Жалпы, актердің таланты поэзияны қалай оқуымен бағаланады;
Үшіншіден, «мыңмен жалғыз алысқан» ұлы тұлғаны сомдау үшін актерде мінез болуы керек. Жалпы, мінезсіз адамнан үлкен өнер иесі шығуы мүмкін емес. Ақты —  ақ, қараны қара деп айта алуы керек. Табанының бүрі жоқ, қашқанға да — дос, қуғанға да дос болмауы керек.
Соңында айтарым, Абайды жай қарапайым адам деп ойнамау керек. Қарапайым адамды ойнау үшін үлкен таланттың, керемет дарын иесі болудың қажеті де шамалы. Абай айтады ғой, «әрбір хакім – ғалым, ал әрбір ғалым хакім емес» деп, яғни ғалымнан да жоғары озық ойлы, ұлы тұлға. Яғни қарапайым адамдар бірінші, екінші деңгейде болса, ал Абай алтыншы, жетінші деңгейде. Яғни сен өз Абайыңды жасама, халықтың Абайын жаса! Егер оған құдіретің жетсе! Және Абайға сондай ұлы тұлғаларға эксперимент жасауға мен өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Бұл – менің жеке пікірім.
– Актерді өсіретін режиссер ғой, сіз өз режиссеріңізді таптым деп ойлайсыз ба?
– Ол жағынан жолым болған актермін деп есептеуіме болады. Театрда Райымбек Сейітметов, Нұрқанат Жақыпбаев, Сәулебек Асылханов, Әзірбайжан Мәмбетовтерді атасам, кинодағы жолыма үлкен әсер еткен Досхан Жолжақсынов, Абай Қарпықов, Сламбек Тәуекелді айтар едім. Әсіресе, қазір түсіп жатқан «Атажұрт» фильміндегі Сламбек Тәуекелдің орны ерекше, ол кісінің мені актер ретіндегі бағалауы осы фильмдегі басты рөл — Орынбайды маған арнап жазуы болды және режиссер ретінде актердің табиғи болмысын сезінуі — оған еркіндік беріп, керек кезінде актердің тізгінін тартып, дұрыс бағытқа жөн сілтеуі. Бұл нағыз режиссердің үшінші көзі, яғни көкірек көзінің өткірлігінен болса керек. Мұндай қасиет марқұм, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов ағамызда бар еді.

Алашқа айтар датым...
– Ұлтымның бір перзенті ретінде қазақтың немқұрайдылығы, әлі өзін-өзі ұлт ретінде сезінбеуі арқама аяздай батады. Өз ұлтын менсінбей ме, әлде қадірін білмейді деген дұрыс па, әйтеуір, қырын қарайтындар бүгінде бар. Сондықтан Алаш арыстары айтып кеткен «Оян, қазақ» деген сөз әлі де өз мағынасын жоғалтқан жоқ секілді. Сондай-ақ тағы бір түйгенім, қазіргі қоғамда аяушылық деген сезім азайып бара жатқандай. Аямағандықтан талай отбасы ажырасып жатыр, аямағандықтан екі қазақ бір-біріне жау болуда. Әсіресе өнерде... Кезінде мен театрдан кетіп, жан дүнием алай-түлей күй кешкен кезде аяудың орнына «жетісер» дегендей табалау, күндеу көп болды. Қашан біз осындай жағымсыз әдеттен арылар екенбіз?..

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста