Қазақ пен қырғыз шығармашылық жағынан жақындасып, рухани тұтасуымыз қажет

Қазақ пен қырғыз шығармашылық жағынан жақындасып,  рухани тұтасуымыз қажет

Күмөндөр АБЫЛОВ, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Шаршен» атындағы сыйлықтың иегері:

– Алатаудың арғы жағы мен бер­гі жа­ғын жайлаған қазақ пен қыр­ғыз ежел­ден төскейде малы, төсекте басы тү­йіскен ел екендігімізді айтамыз. Бүгін де міне осы бауырлас екі елдің баласы бір үстел маңына жайғастық. Аға, сізді қыр­ғыз жұрты өзінің ірі сатиригі, ай­ту­лы тұлғасы санаса, қазаққа да жат емес, таныс тұлғасыз. Естуімше, екі ел­дің қарға тамырлы туыстығы жайлы үне­мі шежіре талдап отыратынға ұқ­сай­сыз. Соныңызбен бөлісе отырмас па екенсіз?
– Газеттеріңіздің аты да Алаштан бас­талады екен, біз де сол Алаштан тараған бір елміз. Алаштың Жайылхан деген ұлы болыпты: бірі – Қазақ, бірі – Қырғыз, бірі – Са­зақ, бірі – Разақ. Алдыңғы екеуі белгілі, ал Сазақтан қыпшақтар туылыпты. Қып­шақ­тар қазір өз алдына мемлекет емес, олар бүгінде ру ретінде қазақта да бар, қырғыздың ішінде де, өзбекте де бар, ұлты әрқалай, руы бір. Демек, олар үлкен «ағаларының» бауырында жүр, ал қара­қалпақтар болса сол Разақ деген Алаш­тың кенже ұлынан тарайтынға ұқсайды. Міне, тү­біміз сол Алаш атты бір атадан тара­ған­дықтан тіліміз, салт-санамыз, ауыз әде­биетіміз, барлығы ұқсас. Біздің «Манаста» осы шежіре жақсы талданып, хандықтардың бәрінің түбі қайдан шыққанын түсіндіреді. Одан бергі осы заманды алсақ та, қазақ пен қырғыз қашанда тізе қосып бір жүреді. Дүниежүзінде суырыпсалма ақындық өнері екі халықта сақталыпты, бірі – қазақ, екін­шісі – қырғыз. Осының бәрі – біздің тілі­міз­дің жатық, бай, сөздік қордың молдығынан, үн­дестік заңының жыр құрағанға, төккенге, ақындық өнерге лайықты болғандығынан. Тіпті қажет болса, бір адам дүние салғанда соны ақтық сапарға жоқтау айтып шығарып салатын әлемде екі халық бар екен, қазақ пен қырғыз ол-дағы. Қыз ұзатқандағы сыңсу да, келін түсіргендегі беташар жыры да – бауырлас екі елдің өзге жұрттан ерек­шелігі. Киіз үй, қымыз, ұлттық ойын­да­рымыз, мақал-мәтел, барлығы да екі ха­лық­та өте ұқсас, бірінен бірін ажыратқысыз. Тіпті жаман қыры, мысалы жалқаулық жа­ғы­нан алғанда да қазақ пен қырғызға тең­десер халық жоқ екен, оның айғағы «Алма піс, аузыма түс» деген мақал басқа ешбір жұртта жоқ болуымен қатар, тіпті өзге тілге аударуға да келмейді екен.
– «Манас» жырын айттыңыз, ра­сында Манас қырғыздың батыры десек те, кезінде сол жырды қағазға түсіріп, оның Гомердің «Илиадасы» мен «Го­ме­рінен» аспаса кем туынды емес екен­дігін ғылыми ортада мо­йын­датқан Шо­қан Уәлихановтай ға­лым бабамыз бол­са, сол «Ма­нас­тың» басына қауіп төн­ген кезең – ХХ ғасырдың ортасында қор­ғап қал­ған – ұлы Мұхаң. Осыған қырғыз жұр­ты қалай қарайды?
– Шоқан менен Мұхтардай қазақ тұл­ға­ларының «Манас» үшін еңбегі үлкен, әл­бетте. Ал негізі, «Манас» ол қағазға түсіріп, жат­тап, соны айна-қатесіз айтатын дүние емес екен. Оны тек түсіне аян берген ерек­ше адамдар ғана жырлай алады, ол адам, яғни жыршы тіпті сол жырлау сәтінде тыл­сым әлеммен трансқа түсіп кетіп, көзіне Ма­настың көрінетінін, соның істегендерін кө­зімен көріп отырып жырлайтындарын айтады. Бізде «ақындықтың, жыршылықтың ең биік шоқысы – «Манас» айту» дейді. Қыр­­ғызда Естемес Тұрсынәлиев деген Ке­ңес Одағының Халық әртісі болған, сол кі­сіге біреулер кезінде «сіз мықты төкпесіз ғой, «Манас» айтып көрмейсіз бе?» деп сұ­ра­са керек. Сонда ол кісі «Маған Манас күл­мейді, яғни трансқа кіре алмаймын, көз алдыма көрінбейді» деген екен. «Манаста» ешкімді, Семетей, Бақайларды өлді де­мейді, ғайып боп кетті дейді. Солар белгілі біреуге «келеді» екен де, яғни ұйықтап жат­қанда аян боп келе ме, жоқ ояуында кө­зіне көріне ме, әйтеуір «келіп», «Ма­нас­ты» айтасың» деп кетеді, болды әлгі адам содан кейін өзінен-өзі айтып кетеді. Мы­са­лы, Тыныбек деген манасшыға қалай «кел­ген»? Қой жайып жүріп ұйықтап жатқанда тү­сінде алып батыр келіп, «әй Тыныбек тұр, оян, «Манас» айт» деген. Оянғанда «түсім ғой» деп қоя салайын десе, жанында ш­ы­ны­мен аттың іздері қалған. Қорқып қалса ке­рек, «Манас» айтпаймын» депті, сөйтсе белгісіз кеселге шалдығады. Содан алдымен елге айтудан ұялып, далада қой қайтарып жүріп айтып, жақсы боп қалады, солайша кейін елге айтатын болады. Және тағы бір манасшы Саяқбайға көрінген, алып бейне киіз үйге кіргізіп, қымыз ішкізеді. Оянып кетіп, түсім екен ғой десе, өңіріне төгілген қымыз ізі қалып қалған. Солардың бәрі бір мистика, мына әлемнен тыс өзге бір әлеммен байланысты тылсым дүние демеске қоймайды. Екінші бір тылсым демеске лаж қалдырмайтын жайт, «Манастың» көлемі, ұзақтығы сонша, ондайды жаттау мүмкін емес жай адамға. Қазір бір таңғаларлық жайт, «Манасты» айтатын төрт жасар балалар шығып жатыр, ол бала бүгін туылған, ал аузынан көненің сөзі шығады, қалай таңғалмассың?!.
– Кеңестік кезеңде одақтың қол астындағы елдердің ақын-жазушы, жалпы зиялы қауымы тығыз байла­ныста болғаны рас. Қазір қайта ше­ка­ра пайда болып, алмағайып за­ман туып дегендей, осы зия­­лы­­ла­рымыз арасында алыс-бе­ріс, барыс-келіс азайып кеткен жоқ па, қалай ойлайсыз?
–  Шындығын айту керек, шекара деген мемлекеттік саясат үшін қойылған шартты нәрсе дегенмен, адамдардың арасына да кедергісін келтірмей қалмайды екен. Шекарадағы құжат тексеруші былай алып қарағанда өз қызметін атқарып жатыр, де­генмен сол біз секілді қарапайым адам­дардың көзіне екі ағайынды бауырдың арасын алыстатқандай сезіледі екен. Шекара бекітіп, қарауылды күшейтпесе тағы болмайды, себебі өзіңіз түрлі оқи­ғаларды көріп жатырсыз. Сондықтан солай болды екен деп екі елде жатқан бауырлар бір-біріне ренжімеуі керек. Біздің сөзге тоқтау, сөздің асылын теруден бастап, көп нәрсеміз ұқсас, тіпті ортақ деуге де болады, сондықтан біз бір-бірімізден ешуақытта алыстамауымыз керек. Біз шығармашылық жағынан жақындасып, мәдениет алмасып, солайша рухани тұтасуымыз қажет.
– Қазақы қалжың мен қырғыз хал­қының көп салт-дәстүрі, фоль­клоры, т.б ұқсағандықтан, қалжың­да­ры да ұқ­сас болуы мүмкін, дегенмен қыр­ғыз хал­қының өзіне тән күлкісі бар шы­ғар?
– Қырғыз сатира жанрында қалпы айту деген бар, қазақша ол қырық өтірік дегенге келеді. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып айту өнері бұл деген. Айталық, ақындар бір-бірімен кілең өтірікті шебер қиюластырғанда, тіпті тыңдаушы сеніп қалатындай, сондай күлкілі әрі ойла­натындай да жанр. Мұндағы талап айтушы тыңдаушыны нандырып, ұйытып әкетуі керек. Енді әрине, біз бұл жерде екі кісіні ұрыстырып, ел мен елді араздас­тыратын өтірікті айтып тұрмағанымыз белгілі ғой. Күлкі жанрында өзі өтірік деген бар. Мысалы, Еуропаның «барон Мюнх­гаузені» болса, қазақта қырық өтірікші Тазша бала бар, ал қырғызда ол жанрды қалпы дейді. Менің тіпті бір интермедиям да бар осы өтірікке құрылған, «соғыста немістермен атысып жатып, қыс, қақаған аязда тоңып кеткен біздер бір-бірімізбен құшақтасып жатып, тұра қалып қайта атысқанбыз» деймін. Осы өтірік құрастыру жанры қазір бізде қалып бара жатыр, оған көп көңіл бұрмай барамыз. Сондықтан осы жанрды жандандырып, өтірікшілер клубын құрсақ дұрыс болар еді.
– Сіздерде әзіл-қалжыңнан құ­рыл­­ған қандай да бір тележобалар бар ма қазір?
– Әрине, көп болмаса да бірді-екілі бағ­дарламалар бар, бірақ кейінгі уақытта, шы­нын айту керек, елімізде бірінен кейін бірі болып жатқан төңкерістер адамдардың көңіл күйіне қатты әсер етті. Елде сондай қайғылы жағдай болып тұрған кезде адам өзі күлуге де ұялады екен. Мен бұрын ылғи «Күмөндөрдің күлкісі» деп кеш өткізуші едім, қазір екі жыл болды, оны тоқтаттым. Халықтың көңіл күйіне қарап тартынып қалдым, шыны керек. Қайғы-қасіретті де, жамандықты да уақыт емдейді деген бар ғой, қазір ақырындап барлығы орнына келіп жатыр, енді шығармашылығымды елге қайта сыйласам деген ойым бар.
– Айтқаныңыз орынды... Десек те, ұйқы, тамақ және күлкі үшеуі арсызға саналады ғой, тіпті ең ауыр қайғы, қа­заның өзінде адам баласы осы үшеуін еріксіз тежей алмайтыны ақи­қат. Бәлкім, қайта елдің еңсесін көтеру үшін арасында күлдіру де керек шығар?
– Сөзіңіздің жаны бар, бұлардың қай-қайсысы да – адамның билігіне бағын­байтын физикалық құбылыс. Адам күліп тұрмаса да, жылап тұрмаса да болмайды. Қаншалықты бай, дәулетті тұрса да, бір мезгіл жыламаса, іштегі ызасын шығарып алмаса, булығып, тұншығып, өзін қоярға жер таппай кетеді. Өйткені өмірдің мәні тек ақша, байлықта емес, адамның жаны деген бар ғой, ол ештеңеге тоят таппайды. Көз жасы, жылау – адамның тұншыққан жанын босататын ең мықты құбылыс. Күлкінің де сондай функциялары бар. Қанша жерден күлмеу керек болса да, кейде тіпті қазаның үстінде де күлкі қысатыны бар. Таңғаласың, ел-жұрт қайғырып, жылап отыр, ал сені күлкі буып тұр. Сен әдейі олай жасамайсың, яғни ол сенің еркіңнен тыс келіп тұр.
– Шыңғыс Айтматовтай адам­заттың алып тұлғасын тудырған қыр­ғыз еліндегі шығармашылық адамдарының хал-ахуалы қалай? Ақын-жазушы, әнші, жалпы өнер адам­дары немен, қалай күн көру­де?
– Керемет десем, күлкілі естілер, ешкім оған нанбайды да, ал бірақ сонымен қатар нашар десем, онда да ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамсыз көрінері хақ. Шүкір, оңа­лып келеді. Бір түйгенім, қандай қилы за­ман болса да, қырғыз-қазақ дастарқанын жи­маған, той жасауын тыймаған халық. Ашаршылық заманында да бала туып, бір уыс бидайын қуырса да оған шілдехана жасаған. Ол тіпті қап түбіндегі соңғы уысы болса да, соны елмен бөлісуге әзір. Себебі ертең ел бар, олар әйтеуір аш қалдырмайды. Той демекші, қазір бір жылдық бюджетті бір тойға шашып, сосын дымсыз қалып, бәрін қайта бастайтындар да жоқ емес. Соны азайтсақ дұрыс болар еді. Тіпті ме­ніңше, тойға қатысты депутаттар тарапы­нан сауал тасталып, басшылық арнайы шешім қабылдаса да болар еді.
– Тойды азайту турасында ма?
– Жоқ, азайту емес, жалпы тойды өт­кізуге реформа жасау керек. Себебі айта­лық қазақтың болсын, қырғыздың тойына басқа бір мемлекеттің өкілі келуі ғажап емес, келіп те жатыр. Міне, солар «айғай-шудан басқаны білмейтін қандай ел?» деп күліп кетпеуі керек қой. Сол үшін біз тойда өз мәдениетімізді көрсетуіміз керек. Ал қазір қалай? Кешкі сағат 17.00-де барасың да, түннің жарымы ауғанда әрең қайтасың. Бі­ріншіден, уақытың кетеді, екіншіден он­дағы жүйесіздіктен басың ауырады. Бар­ма­йын десең, үй иесін сыйламағандай бо­лу­дан ұяласың. Той дегенде жүрегің зырқ ете тү­седі, ал негізінде той десе қуа­нуың керек қой?.. Сол үшін не істеу керек? Той­ды өткеру сағатын азайту керек. Ме­ніңше, тойды үш сағаттан асырмау керек. Тойға шақырған уақыттан кемі бір сағат кешігіп бару деген ең жаман әдетті қою керек, ондайды мына заман көтермейді. Себебі мейрамханаға төлейтін әр сағатың сатулы. Қаншама адам келмегендерді күтіп тұра­ды фойеде. Сол жерде күтпей, кел­ген­дерді тіркесін де, сол жерде әркім тойға өз атағанын өткізіп, ішке кіріп, орнына отыр­сын. Асаба тойды бас­тасын, сосын жар­ты сағатты сөзге беріп әрі қарай концерттік бағдарлама болса, соған көшсін, бітті. Сосын асаба барлық үстел­дер­дегі қонақ­тар­ды біріктіретіндей түрлі ойын, жарыстар жасасын, әйтпесе қазір тойға барсаң, са­бақта отырған баладай қыбыр етпей оты­расың да, танысыңа алыстан қол бұлғайсың да кетесің.
– Бұрын қырғыз ауылын «Айы­лым-а-а-ай» деп сондай бір кең құ­лашын жая, сондай бір әдемі әуезде са­ғынса, қазір «айылым-айылым» деп тез-тез, түсініксіз айта салатын бол­ған деген өзіңіздің сатираңыз да бар, егер жаңылыспасақ. Елдің осын­ша өзгеріске түсіп, ән мен жы­ры­ның да соншалықты құбылуына не себеп дер едіңіз?
– Меніңше, бұл ең алдымен, мемлекет та­рапынан нақты бір идеологияның таң­далып алынбай отырғандығынан. Мейлі мұғалім бе, жоқ спортшы ма, болмаса өнер адамы болар, соларды бір ортақ нүктеде табыстыратын идея керек. Идеологиясыз қоғам жетексіз соқыр секілді, өзінше алға жүрген болады, бірақ сүріне береді. Рас, айтқандай-ақ елдің бәрі не істерін, қайда қарап бағыт түзерін білмей, өз бетінше түрлі әрекет жасауға көшті. Әнші емес, «ән­ші­мін» дегендер көбейіп кетті. Әрбірден ал­ғанда, нағыз әншілердің алдын орап, сах­надан сыдырып та тастап жатқан жайы бар олардың. Әншінің бәрі көлеңкеде қалды, «әншімін» дегендер, яғни даусы жоқ­тар қолдан даусын зорайтып, кемтігін техникамен түзеп алғандар бір айда он рет шықса, нағыз әншілер айына-жылына бір кө­рінеді. Бірақ меніңше, ондайлардың дәу­реніне көп қалған жоқ, көп ұзамай тоқтайды ол керуен де. Себебі Қырғыз елінде әншілердің жанды дауысқа көшуі жөнінде, сондай-ақ аударма әндерге де тыйым салатын заң шықты.
 Ал енді сатира саласына келсек, әлгінде мен айтқандай, қалпы айтушылар ара­сын­да байқау өткізсе, тек сатира саласы ғана емес, қай жағынан ақсап жатырмыз, соны Мә­дениет министрлігі сол саланы көтеруге бір идеология жүргізуі керек. Мысалы, со­нау Кеңес Одағы кезінің өзінде бізде «ойбай, небары төрт-ақ ақын қалды, олар қар­тайған, ертең көздері кетсе, қырғыз ақын­сыз қала ма?» деген үдеріс болған. Сол кезде бізде Садық Шерниязов өзі ақын­дар арасында байқау ұйымдастырып, сон­да қомақты ақша салып еді, ақындар кө­бейіп шыға келді. Енді қазір манас­шы­ларды солай көтеріп жатыр. Пәтер, көлік береміз деп қызықтыруда, шынында шығады ертең манасшылар. Сатираны да солай көтеру керек, әншілерді де.

Алашқа айтар датым...
Қазақ пен қырғызға ешқандай бір «Балаларды қорғау ұйымы» қажет емес. Себебі біз ешқашан да баласын қорламаған, баласын жылатпаған халықпыз. Бәлкім, ол АҚШ, Еуропаға керек шығар, себебі оларда қым-қуыт, небір сұмдықтар орын алып жатқаны жайлы түрлі ақпарат естиміз. Сөйткен елге әрине, балаларды қорғайтын ұйым ауадай қажет. Ал осыған дейін тып-тыныш ұйып отырған отбасына ойран салғандай, балаларымызға «егер сенің құқығыңды шектесе, тілдесе, тілегіңді орындамаса, әке-шешеңді сотқа бер» дейтіндер шығыпты. Ол не масқара?! Баланы өзін өмірге әкелген әкесі мен шешесіне қарсы қою деген сорақылықтың шегі емей немене енді? Әлі ой-өрісі толыға қоймаған, өз бетінше шешім шығару жасына жетпеген балаға әлгілердің айтқаны дұрыс көрінуі әбден мүмкін. Бұл арандатушылық қой, түбі жақсылыққа апармайды мұның. Сондықтан осындай зиянды нәрселерді елімізге кіргізбеуіміз керек. Саясатқа араласпайын десең де, ол араластырып алады да, айтпағым тіпті осындай мәселелерді қырғыз бен қазаққа бірігіп, бірге шешім қабылдау керек пе деп қалам.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста