Қазақ тарихы – әлемдегі орны бөлек, ең бай, ең терең тарих

Қазақ тарихы – әлемдегі орны бөлек, ең бай, ең терең тарих

Хайролла Ғабжәлел, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті, тарих ғылымының кандидаты, қоғам қайраткері:

– «Алаш» тарихи-зерттеу орталығын құрып, барлық қазақ руларының ғы­лыми тарихын, шежіресін жазып жатырсыз. Қырыққа таяу кітап шықты. Шежіре атаулының деректеріне көпшілік кейде келіспей жатады. Бұған не дейсіз?
– «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының мақсаты біреудің шежіресін немесе атасын жазу емес, мақсат – қазақтың ғылыми тарихын зерттеп жазу. Себебі қазақ халқы ру-тайпалық дәуірден қазіргі мемлекеттік деңгейге дейін өскен халық. Бір мемлекеттің тарихын жазу үшін оның құрамын жазу керек. «Оның тамыры не?» деген сұрақ шығады. Оның тамыры – рулық жүйеде. 43 атадан тарайтын рулар: 25 ата кіші жүз, 6 ата орта жүз, 12 ата ұлы жүз. Біз соның түп-тамырын зерттеп жатырмыз. Мысалы, әрбір рудың шығу тегі, оның көшу жолдары, Шыңғыс хан кезіндегі жағдайы, қазақ хандығы кезіндегі жағдаяттар, олардың өсіп, ұйысып, мемлекет болғандағы ық­палы, саяси орны. Олардан шыққан батыр­ларды, билерді, әулиелерді, үлкен шайқас­тарды, аталық жолын талдау, зерттеу. Осының негізінде жазып шыққан соң, қазақ халқының шынайы тарихын жазуды қолға алғалы отырмыз. Біз мұны зерттей отырып, түркі әлемінің тарихына кіріп бара жатқанымызды байқаймыз. Барлығының да түбі бір халықтар екенін біліп отырмыз. Жеке-жеке рулар бола тұра, олардың түп-тамыры бір жерден шыққан. Ал санасы төмен, тар кеңістікте ойлайтын адамдардың біз талқыға салып отырған үлкен кеңістік ішінен өз аталарын бөліп алып, сөз айтуы – сорақылық. Тарих – адамның жадысы, рухы, тілі. Халықтың ұлттық рухын көте­ремін десеңіз, оның тарихын, тілін үйре­туіміз керек. Біз кімбіз, бұрын кім болдық, ежелгі дәуірдегі қазақ кім болды, болашақтағы орнымыз қандай болмақ? Осы орайда біз үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде біз баба­ларымыздың ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп отырмыз. Ал Тәуелсіз мемлеке­тіміздің болашағы бар­лығымызды да алаңдатуы керек. Болашақ дегеніміз – біздің балаларымыз, немере­леріміз, шөбе­релеріміз. Оларға біз қандай мемлекет қалдырамыз? Қандай қоғамдық орта қалдырамыз? Іріп-шіріп жатқан қоғамды қарыз етіп қалдырып кетеміз бе, әлде олардың ырзығын алдын ала жеп кетеміз бе, міне, мәселе – осында. Тәуелсіз мемлекеттің іргетасын нығайту үшін ұрпақ тәрбиесін алғашқы орындарға қоюымыз керек. Оларда отансүйгіштік сезім бой көтеруі ләзім. Отансүйгіштік, ең алдымен, тарихты құрметтеуден басталады. Ұлты­мыздың салт-дәстүрі мен тарихын сіңіріп өскен балалар Отанын ешқашан сатып, тастап кетпейді. Қазіргі шенеуніктерге ұқсап, дүниенің құлына айналмайды. Қазір шенеуніктің біразы отансыз. Тарихына, ата тіліне, салт-дәстүріне түкіріп қарайды. Ал мен тарихымызды бар қаражатым мен ынтамды салып, болашақ ұрпақты дайындау негізінде ғылыми-зерттеулер жүргізіп жатырмын. Қазақ халқының көптеген ру-тайпасын зерттеп жаздым. Қазір 26 кітап өзінше шықса, «Мәдени мұ­ра» бағдарламасымен 12 кітап жарық көрді. Сонымен қатар 12 кітабымыз тағы да шығуға дайын тұр. Қазірде қожалар, сунақтар, төлеңгіттер мен қыпшақ, қоңыраттар, керейлер жан-жақты зерт­теліп, жинақталып жатыр. Алдағы уақытта албан, суандарға және тағы басқа тайпаларға материал жинақталмақ. Осы еңбекті жазып шықаннан соң негізгі мақсатым – бірнеше том етіп қазақтың ең мықты, адал тарихшыларын сөйлетіп, қазақ халқы қандай халық екенін, сонау ежелгі дәуірден бастап түркі әлемінен тараған үлкен өркениетке ие болған мая тайпалары, Америкадағы аборигендердің түркі тайпаларынан тарағанын, олардың жалғасы түрік империясының қара шаңырағын ұстап отырған қазақ халқының тарихын жазып шығару. Және оны ағылшын тіліне аударып, мыңдаған данамен шығарып, қазақ елінің тарихын бүкіл әлемге паш еткім келеді. «Елді ру-руға бөліп жатырсың» дейтіндер бар. Бұл – ғылым. Ал ғылымда ешқандай ұят та, қор­қыныш та болмайды. Мәселен, әйелдер гинекологке барады. Ал бүкіл әлем гинекология ілімін зерттеді ғой. «Ауруын жасырған өледі». Рушылдық, ағайын­дастық, қауымдастық, бірлік, тектілік, бұл – ағайын-туыс, құда-жекжат арасындағы мәселе. «У ішсең – руыңмен, тамырына қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тегін білгеннен қорықпа, тексізге айналғаннан қорық» дейді халық. Ал ұлттық мүддеге келгенде мұның бәрі де құрбан болуға тиіс. Ұлттық мүдде барлығынан жоғары. Ұлттық мүдде дегенді түсінбейтін, халқының қамын ойламайтын әкімқаралар мен билікте отырғандар өзінің жақынын тартып, жақсы мамандарды қууда. Кезіндегі им­периялық саясат әлі де жалғасып келеді.
– Ал қазақ тарихында әлі де болса ескерілмей келе жатқан дүние баршылық. Біз тарих жазуда нені ортақ объективті меже деп алуымыз қажет?
– Біз ғалымдарды мынадай нәрсеге көңіл аудармады деп айта алмаймыз. Себебі бізде тарих ғылымы дамымаған деп айтуға болады. Қазақстанда тарих ғылымы жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес. Ол тек өтірік диссертация қорғаумен шектеліп жатыр. Бірен-саран адамдар шынайы тарихпен айналысып жатыр, ал көбі оны көзбояушылыққа айналдырған. Тарихтың бір ақсап тұрғанының себебі – бізде тарихшы мамандар тек мұғалімдікпен ғана айналысады. Көптеген тарихшы Алаш қозғалысы мен ашаршылық кезеңін зерттеуден ары аса алмай жүр. Соның өзі әлі де көптеген зерттеуді талап етеді. Мәселен, бүкіл Қазақстан ғалымдары жи­на­лып, Шоқан Уәлихановтың отыз жасына дейінгі жазып кеткен еңбегін толық зерттеп бере алмай отыр. Бұл не деген ғылым деңгейі? Ашаршылық кезеңінің өзін зерттей келе, оған тарихи бағасын әлі күнге бере алмай келеміз. Оны қойыңызшы, көз алдымызда болған 1986-ның бетпердесі ашылмай келе жатыр ғой! Оның өзін әркім әрқалай бұрмалап, әрқалай жазып жатыр. Көзіміздің алдында өткен тарихты жаза алмау деген не сұмдық?!
– Сонда ғалымдар нақты қандай қателіктерге бой алдырып отыр?
– Бүгінде бес институт жұмыс жасайды. Археология институты, Шығыстану инс­титуты, Тәуелсіздіктен кейінгі тарихпен айналысып отырған институт, Номадтар, яғни көшпенділер тарихи институты. Бірақ, бұлар істеп жатқан жұмыстан біздің жұмыс өзгеше сипатта. Ал қазақтың ру-тайпасы әлі дұрыс зерттелмеген. Өзгелердің немен айналысып, не жазып жатқандарын біл­меймін. Себебі тарих ғылыми, жалпы­халықтық деңгейде болуы керек. Әрбір қазақтың үйінде тұратын тарихты біз жазып жатырмыз десе болады. Әрбір оқушы, әрбір студент, әрбір қойшы, әрбір инженер оқып, рухы көтеріліп, ләззат алатын тарих болуы керек. «Бабаларым мынадай екен ғой» деп, рухтарын, отаншылдық қасиетін көтеретін тарих жазу керек. Қазір біздің тарихымызды тарихшы­ларымыздың әлсіздігінен жазушылар және басқа сала маман­дары жазып жатыр. Мысалы, Ілияс Есен­берлин, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек, сол сияқты мен де басқа мамандықтан келіп отырмын. Ал ондай тақырыпқа барып жатқан кәсіби тарих­шылар жоқ. Тарих­шымыз деп көкірегін ұрып келген тарихшы­ларымыздың тарихты жаза алмай, ғылым жазудың орнына бәрі ұрланып біреудің докторлық еңбектерін жазып, осы жерде отырып көлденең табыс тауып, сирек кездесетін кітаптарымды ұрлап, талан-таражға салып, тарап кетті. Осындай тәрбиесі жоқ, мәдениеті төмен тарихшы­лардан қандай халықтық туындылар шығуы мүмкін? Ал шын мәніне келгенде, қазақ тарихының әлемдегі орны бөлек, ең бай, ең терең тарих екені белгілі, бірақ осыны айтып, халыққа жеткізіп отырған тарихшыларды көрген жоқпын. Себебі қазақ халқы түрік империясының қарашаңырағы болып отыр. Бүкіл мәдениет көшпенділерден шыққан деп батыс ғалымдары мойындап отыр. Бүкіл түркітілдес бауырлар бізді атажұрт дейді. Ал өзіміз соны сезінбейміз. Қолда бардың қадірі болмай отыр. Үлкен ғалым, сенатор Әділ Ахметовтің дәлелдеуі бойынша, мая тайпалары сонау кезде бізден кеткен. Олардың қолданған сөздерінің өзі біздің тілмен сәйкестігі әлдеқашан дәлелденіп қойған, сол сияқты қазба тарихи мұрада немістің свастикасы, бес жұлдызының Алтай өңірінен табылуы діннің элемент­терінің бізден бастау алғандығын, біздің дәуірімізден сегіз мың жыл бұрынғы «Алтын адамның» табылып жатқаны мәдениетіміздің өте жоғары екенін көрсетеді.
– Біздің тарихымызда геноцид деп табылуы тиіс ақтаңдақтар көп. Бірақ тарихшылар мұндай бастамаларды көтеруге келгенде енжар. Неліктен?
– Біздің тарихшылардың жасықтығы, бізде шығып жатқан Архаим қазба қаласын орыстар иемденіп отыр. Тура солай, біздің аймақта табылып жатқан археологиялық мұраларды өзгелер бірде парсынікі дейді, бірде басқанікі дейді. Біздің тарихшылар осыған жұмған ауыздарын ашпайды. Аяғына дейін толық зерттелген ешқандай кезең жоқ. Бірен-саран тарихшылар өз күшімен өз қаржысына зерттеп, жазып жатыр. Ал тарих мамандары әлі үнсіз келеді. Негізінен, тарихқа бет бұрып жатқан басқа мамандардың адамдары. Бұл не деген тенденция! Болат Нәсенов деген ағамызға Алла тағала күш-қуат берсін, бұрында Республикалық салық инспек­циясын басқарған, кейін зейнетке шық­қаннан соң өз қаражатына барлық Ресей­дің мұрағаттарынан дерек жинап, 12 том кітап шығарды! Тап-таза дерек көздері. Енді және 15 том кітапты шығарғалы жатыр. Қазақстандық барлық ғалымдардың жасамаған еңбегін бір өзі жасап отыр деп айта аламын. Мен де өзімнің маңдай теріммен келген ақшамды салып, қазақ тарихына жұмсап отырмын. Біреулер түсінер, біреулер түсінбес, ұлттық мүддеге деген көзқарасым осындай. Себебі ұлттың рухы – оның тілі мен тарихында. Қазақ халқы – әлемде теңдесі жоқ халық. Баяғыда орыстар қазақ халқының салт-дәстүрін, әділ би сот жүйесін зерттеген кезде «Бұл неге негізделген?» деп сұраған. Сонда ата-бабамыз арға негізделгенін айтқан. Ар деген не? Орысша аудармасы болмаған соң, оны «высший мораль» деген. Қазақта «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген сөз бар. Қазір «арың бар ма?» деген сөзді айтатын адам жоқ десе де болады. Егер ар деп айтылса, ар жағында оның жаны саудаға түсуі мүмкін. Қазір ұят пен намысқа ғана бара аламыз. Мұны да ұрпақтың азғындауының бір көрінісі деуге болады. Тарихтан отан­сүйгіштік қасиет пайда болады, сондықтан Отанымыздың өзінің философиясы, саясаты, экономикасы осыдан келіп шығады. Сол сияқты біздің ұстанып отырған дініміздің де өзіндік философиясы болуы тиіс. Дін дегеніміз – ол адамның жүрегiндегi Жаратушыға деген сенім. Ал оның арғы жағында құлшылықтың формалары, жасалатын амалдары бар: бес уақыт намаз, мешітке бару, ораза ұстау, зекет беру. Егер ислам діні ең соңғы дін болса, ең соңғы пайғамбар, ең соңғы қасиетті кітап Құран Кәрім болса, барлық байлық ислам мем­лекеттерінің табанының астында болса, неге мұсылман мемлекеттері ең артта қалған мемлекеттер қатарында болып отыр? Тіпті халқы жалаңаяқ көшеде жүр. Бұл Құдайдан қорықпағандықтан болып жатқан жоқ па? Қарап отырсаң, бүкіл әлем дінді пайда табу үшін ұстанып, халықты эксплуатациялап, саясат көзiне айнал­дырып отырған­дығына көзiмiз жеттi. Дiн арқылы қазір арабтар өзінің идеоло­гиясын жүргiзiп отыр десе болады. Халықты керек кезiнде пайдаланып отырғаны бел­гiлi. Егер мен намазхан болсам, құлшылық жасап жүрсем, бірақ менің құлшылығымнан елiм iрiп-шіріп, бұзылып жатса, болашағына нұқсан келіп жатса, мұндай дiннiң ешкімге де керегі жоқ! Бiз елдің болашағын ойлауымыз керек. Ол үшiн дiннің дұрыс философиясын түсінуіміз қажет. Жақында Саясат және өнер институтында зиялы қауым өкілдері жиналған дөңгелек үстелде ислам дінін төменгі таптың діні деп қорытынды шығарған. Неге олай? Жоқ, ислам діні – бүкіл адамзатқа түскен ең соңғы жоғары дін. Ал біздегі көрініс мүлде басқаша болып отыр.
Қазір Қазақстанда 2800 мешiт бар екен. Ал сол мешiтке кiмдер барады? Студенттер, қарапайым жұмысшылар, зей­неткерлер тағы басқа қарапайым халық барады. Шенеуніктер мұсылман бола тұра, бір министрді, оның орынбасар­ларын, сенаторларды, депутаттарды, про­курор­ларды, облыс, аудан, ауыл әкімдерін, кішігірім бастықсымақтардың біреуінің жұма намазынан қалмай қатысып жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ! Сонда олар Құдайдан қорықпай ма? Қазіргі кезде армандап, аңсап қол жеткізген дініміздің ахуалы қандай? Көрінісін өздерің көріп, куә болып отырсыңдар. Мысалы, Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбедегі, Шұбарши, Кеңқияқ аудандарындағы сияқты оқиғалар белең ала бастады. Сол жерде террористерді «қырдық, жойдық» деп мәз болдық.Ойланып қарасақ, кімді жойдық? Қара қазақтың тоғыз баласын жойдық. Сол жерде бір ананың екі бірдей баласы опат болды. Оларды кім теріс жолға түсуге мәжбүрлеп отыр, оған кім кінәлі? Әрине, сол жердің әкімі, полиция бөлімшелері, Қазақстан діни басқармасы кінәлі. Себебі сол жерде мешіті бар, имамы бар. Олар жұмыс істемеген, олар бір күнде террорист болып шыққан жоқ. Қазіргі кезде діннен шошитын, қорқатын халге жеттік. Әсіресе ата-аналар балаларын қай дінге, қай ағымға кіріп кетеді деп зәрелері қалмай жүргендерін көріп отырмыз. «Дін – мем­лекеттен бөлек» деген саясат ұстанып отырмыз, осы екі жақтағы халқымыз біреу ғой. Елбасының хиджап туралы айтқаны, халқымызды байсалды дінге шақыруымыз керек. Қазір дінімізді дұрыс түсінбеген­діктен, жастарымыз шоқша сақал қойып, қыздарымыз арабша тұмшаланып, оранып-бүркеніп, отбасында ата-ана­ларымен тіл табыса алмай, бүлініп жат­қанын көріп отырмыз. Шариғатта «жұмақ  – ананың табанының астында» деген, демек, әйел адамның қоғамдағы орны өте жоғары. Әйел адам – біреудің қызы, біреудің сүйген жары, біреудің қарындасы, апасы, ол – үлкен ана. Ал исламдағылар әйел адамды жекеменшікке айналдырып, оған зат ретінде қарайды, тұмшалап орап, тек көзін ғана көрсетіп, қолында баласы, сөмкесі, жаздың ыстық күндері борша-борша терлетіп, ізінен ертіп жүреді. Ол неге қоғамда емін-еркін пікірін айтып, жұртпен бірдей отырмасқа, жүрмеске?
Қазақстанда радиодан айтқандай, жүзге, мыңға жуық басқа ұлт өкілдері біздің елдің азаматтығына қол жеткізіп жатыр. Бұлардың көпшілігі кімдер? Қытай, Судан, Алжир, Пәкістан, Ауғаннан келіп, ақ көйлек киіп, дін таратып жүргендер. Бұлардан үлкен мәдениет, өркениет үйрене алмаймыз, керісінше, дамушы елдің етегінен тартады.
– Соңғы кездерде елімізде жаппай мешіт салу белең алып кетті...
– Мешіт Алла тағаланың ризашы­лығы үшін салынады. Адамды құлшылық жасап, имандылыққа, мәдениеттілікке көтеріп, сабырлылыққа шақыратын жер ғой. Мешіт салудың ережелері бар. Мешіт салу үшін Алла тағаланың жолында жүруің керек. Ең маңыздысы, мешітті маңдай теріңмен тапқан қаражатқа салу керек. Ал қазір екінің бірі жарысып салып жатыр. Әкімнің де, шенеуніктердің де салып жатқан мешіттері қаптаған параға тұрғызылып жатқандығы күйіндіреді. Мешіттің қалай пайдаланылып жатқандығы да – үлкен проблема. Мен екі мешіт салған адаммын. Діни басқармаға барып, мешітті асып-тасқаннан салған жоқпын, халқымның имандылығын көтеріп, жастардың дұрыс жолға түсуі үшін салдым, сондықтан сауатты имам беріңдер, айлығын өзім төлеп отырайын дегенге дейін бардым. Санасы төмен жазушы­сымақтар мені «екі мешіт салдырдым» деп мақтанып отыр депті. Менің мұндай опасыздардың деңгейіне түскім келмей, жазғандарын елемедім. Бірталай қаржыға салынған қараусыз мешіттің төбесінен су ағып, бүлініп жатыр деп естідім.
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде ұлттық теңгеміздің кескін-келбеті жиі өзгерді. Төл теңгеміздің алғашқы авторларының бірі ретінде бүгінгі теңгенің суретіне көңіліңіз тола ма?
– Түгі де ұнамайды. Идеологиясы да, композициясы да ұятты. Ішкі қорғаныстары да нашар. Халықты «керемет өнерлерімен» алдап соқты. Алғашқы теңгеге мен жан-тәнімді салып, өз қаражатымды салып шығарған едім. Әлемде ол бірінші ондықтың ішіндегі сапалы валюта болатын. Сонымен қатар ол еліміздегі мықты иде­ология құралы бола білді. Әл-Фарабидің, Абылай ханның кім екенін білдіріп, танытқанбыз. Ал енді бірнеше қазақтың арқасында ұлттық теңгеміз жоқ болды.  Олар Елбасын да алдап, ұлттық теңгемізді барынша қорлаған еді. Сол кезде менен Серік Жанболат «Айқын» газетіне теңге туралы сұхбат алған болатын. Жаңа теңгенің шығуына халық және 52 депутат қарсы болған. Баяғы ақындар айтқан еді: «Қазақтың қазаны бар, қақпағы жоқ, көрінген көк ит жалап кетіп жатыр» деп. Қазанды халқымыз ырыс-берекеге теңеп, итті оған жақындатпайтын. Ал қазір біздің қасиетті қазанымызды иттер мауқы басылмастан жалап, жеп, елімізден құт-береке кетіп жатқандай...
– Саясатпен айналысу ойыңызда бар ма? Мысалы, алда парламент сайлауы бар дегендей...
– Қазіргі саясатқа еніп, ішінде қуыршақ рөлін сомдағаннан тыныш жүрген дұрыс. Менің жасап жатқан жұмысым сол депутаттардың жасағанынан асып түсіп жатса, халқыма деген пайдам тиіп жатса, Парламентке не үшін барамын? Яғни ол жерге бармай-ақ, елге пайдам тиіп жатса болғаны емес пе?
– Сіз ырымшыл, табиғаттың тыл­сым­дарынан үрейленетін адам сияқ­тысыз. Жуырда ғана халқымыздың түрлі табиғи апаттардан аман болуын тілеп, апат болған Медеу шатқалында тасаттық бердіңіз.
– Үрейлену емес, табиғатты түсіну керек. Мысалы, бұған бір дәлел, қасиетті Құран Кәрімде адамдардың ниеті бұзылып жатқан кезде Алла тағала апат жіберіп отырады делінген. Оған мысалдар көп. 1992 – 1993 жылдары Тәжікстанда төменгі және жоғарғы кишлактар атысып, соғысып жатқанда, сол жерлерде қанша жер сіл­кініп, қанша су басты. Армения мен Әзір­байжан қырылысып жатқан тұста үш ауданда жер сілкініп, 1988 жылы Арме­нияның үш ауданын жермен-жексен қылды. Ал бізде жуырда ғана бір күнде тоғыз рет жер сілкінісі болды. Ал Медеу шатқалында үш жағы да таумен ықталып тұрған желсіз жерде құйын болып, теректер сынған. Өзім сол орынға барғанда өзгеше бір энергияның бар екенін сездім. Адамға түсетін апатты терекке түсіріп, бізге ескерту берген секілді. Қоғамның бүлінуін осыдан-ақ аңғаруға болады. Құран сүрелерінде де бұған айқын дәлелдер жетерлік. Қоғамның бұзылғаны, оның ішінде Балуан Шолақта болған жас қыздардың «емшек жарысы» болғаны не сұмдық? Ол abai.kz-те тал­қыланды да. Ал біз жақында Алла таға­ладан елдің амандығын сұрап, дұға жасадық. Біздің байырғы ырымдары­мыздың өзі ғылыми негізге сәйкес келіп отырған. «Садақа бәленің бетін қайтарады» деген. Сондықтан оған атүсті қарауға болмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет. Ісіңіз алға баса берсін!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста