Қазақ зиялыларына ой еркiндiгi жетiспейдi

Қазақ зиялыларына ой еркiндiгi жетiспейдi

Әбдiмәлiк НЫСАНБАЕВ, академик,  Бiлiм және ғылым министрлiгi Ғылым комитетiнiң Философия және саясаттану институтының директоры:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Российская газета” атты басылымда жарияланған “Дағдарыстан шығудың кiлтi” деген концептуалдық мақаласы шетелде және ел арасында үлкен қоғамдық пiкiр туғызды. Дағдарыстан шығудың жолы ретiнде ұсынылған Елбасының ортақ валюта идеясы Астанада өткен Экономикалық форумға қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Әлем транзитализм арқылы акметализмге өтуi керек. Дағдарыс әлемдi мүлде жаңаруды, жаңа сапаға өтудi қажет ететiн сияқты. Дағдарыстың қаржылық-экономикалық салдарын ауызға алып жүрмiз. Бұл туралы ой-пiкiрiңiздi бөлiссеңiз.
 – Мен жаңаша ойлауға жетелейтiн, соны идеяларға бай Президенттiң мақаласын оқып шықтым. Елбасының жаңа идеяларын «жаһандық постдағдарыстық модернизм» деп атауға болар. Бұл жолғы дағдарыс адамзатқа ескi стереотиптерден арылып, қаржылық-экономикалық басқарудың жаңа тетiктерiн қарастыруды талап етiп отыр. Ақпарат көздерiнiң мәлiметтерiне сүйенсек, әлемдiк дағдарыс ұзаққа созылатын сияқты, ал ұзаққа созылатын ауру жағдайды тым күйзелтiп жiбередi. Капиталистiк дамудың өзi дағдарыссыз мүмкiн емес. Бұл формация әлемдiк аймақтық және ұлттық шеңберде циклды және құрылымдық дағдарыстарды өткерiп тұрады. Бүгiнгi әлемдiк қаржылық-экономикалық дағдарыс ауқымы мен сипаты бұрынғыдан мүлде өзгеше. Осындай жағдайда ең алдымен бiзге жаңаша ойлау, жаңаша ұғымдар мен теориялық түсiнiктер ауадай қажет. Бұрынғы түсiнiктер мен ұстындар аясында әлемдiк дағдарысты түсiну, оның мәнi мен пайда болуының себептерiн анықтау мүмкiн емес. Өркениеттi мемлекеттер басшылары дағдарысты еңсеру үшiн қаржылық-дағдарыстық әдiстердi iздестiру үстiнде, сөйтiп, жаңа сападағы капитализмдi құруға талпыныс жасалуда. АҚШ президентi Барак Обама «Жаңа Америка» құрамыз десе, Германия канцлерi Ангела Меркель немiс жұртын қайта түлетпек ниетi барын мәлiмдесе, iргедегi Ресей басшылығы да түбегейлi жаңарудың қажеттiгiн мойындап отыр. Жалпы алғанда, әлемдiк дамудың жаңа моделiн табу бiрдiңгектi жаһанданудан көпдiңгектi жаһандануға көшу әлемдiк дағдарыстан шығудың тетiктерi ретiнде қарастырылуы керек. Мәселен, АҚШ тiптi супердержава болса да, ақшасы әлемдiк валюта қызметiн атқара алмайды, оның арты дағдарысқа душар ететiнiне көпшiлiктiң көзi жеттi. Түптеп келгенде, бұл жолғы дағдарыс адам мен оның санасының дағдарысы, құндылықтар жүйесiнiң дағдарысы дер едiм. Сондықтан қазiргi кезде адамзат баласының iзгiлiк пен ортақ мүдделестiкке негiзделген жаңаша ойлау жүйесiне сусап отырғаны анық.
– Қазiргi әлемдегi елдер мен халықтар арасында өзара тәуелдiлiк күшейiп, шекара талғамайтын жаһандану үрдiсiнде ұлттық мемлекетке үлкен қауiп-қатер төнген тұста, ата-бабамыздан мирас болып қалған кең-байтақ жерiмiздi қалай сақтап қаламыз?
– Жаһандану дәуiрiнде ұлтқа түзу жол сiлтейтiн бағдаршам, қараңғыда адастырмайтын темiрқазық – Алаш идеясы. Өз ұлтыңды шынайы жүрегiңмен сүю, ар-намысыңды жоғары ұстау, кiсiлiк деңгейге көтерiлу, туған халқыңның мүддесi мен болашағы үшiн құрбандыққа дейiн баруға әзiрлiк, кең-байтақ жерiнiң тұтастығын сақтау үшiн күрес – ХХ ғасыр басындағы демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының өмiрлiк мұраты едi. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Мiржақып Дулатов сынды кемеңгер алыптар болды. Оларды топтастырған ортақ мұрат – бодандық бұғауында жаншылған елiн құлдықтан құтқару, ұлттық тәуелсiздiктi алу арқылы өзге өркениеттi елдер қатарына қосу болғаны белгiлi. Мағжан былай дейдi:
Кел, қазақ, қолдағыдан құр  қалмайық,
Отырайық жиылып, оңдасайық...
Жер қалар, бiз жиылып қала салсақ,
Қайдағы оңды жердi таңдап алсақ,

– деп, отырықшы тұрмысқа, қала салуды, ел-жердi ешкiмге бермей, сақтап қалудың бiрден-бiр жолы ретiнде ұсынады. Мына бiр өлеңiнде ақын:
Кiтап әпер, оқысын, балаң қолына,
Малды аяма оқу- бiлiм жолына.
Өнер асып, басқалармен қатар бол,
Қосыл бiрдей азаматтың жолына!

– деп, қазақ ұлтының әлемдiк өркеӨниет көшiне қосылуының жолын өнер-бiлiмнен, жас ұрпақты өзге елдердегi замандастарымен бәсекеге түсе алатындай етiп тәрбиелеу iсiнен iздейдi. Мағжан ақынның осы ойларының қай-қайсысы да дәл бүгiнгi заманымыз үшiн де маңызды. Астана қаласын аз уақыттың iшiнде салу, оны әлемнiң рухани астанасы ретiнде қалыптастыру тәуелсiз елдiң бас қаласын бүкiл әлемге паш ету, бiздiң Президентiмiздiң данышпан көрегендiгi мен батырлығының көрiнiсi деп бiлемiн. Мағжан ақын өзiнiң тамаша өлеңдерiнде қалалықтардың мiнез-құлқынан жасандылықтың белгiсiн байқаған, далалықтардың табиғи бұла сезiмiнiң ұлылығын асқақтата жырлаған ақын ендi келiп, «жерiңдi сақтағың келсе, қала сал, бiр жерге жиылып қалада тұр» деп халқына үндеу тастайды.
 – Жуырда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Постиндустриалдық қоғамның қалыптасу стратегиясы және өркениеттер серiктестiгi» атты жаңа кiтабы жарық көрген болатын. Адамзат баласы америкалық ғалым Самуэл Хантингтон негiздеген «өркениеттер қақтығысына» ұрынбай, Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтергендей, «өркениеттер үндестiгiне» ұмтылуымыз керек сияқты. Сiздiңше, постиндустриалды кезеңдi өткерiп жатқан адамзат қоғамы жаңа бiр саты немесе кезеңге өтудiң алдында тұрған жоқ па?
– Әлбетте, жаңаша ойлау мен жаңаша басқаруды жетiлдiру тетiктерiн қарастыру келесi сатыға өтудiң қажеттiгiн дәлелдеп отырған жоқ па? Адам қоғамының бүгiнге дейiнгi даму жолын үш кезеңге бөледi: «дәстүрлi қоғам», «индустриялық қоғам» және «постиндустриалдық қоғам». Шетелдiк Арон, Ростоу, Тойнби сияқты ғалымдардың пiкiрiнше, қазiргi «постиндустриалық қоғамда» шешушi тетiк ақша емес, бiлiм мен бiлiк, яғни жеке адамның қарымы мен қабiлетi. Мысалы, соңғы 15-20 жыл шегiнде әлемдегi ең ауқатты адамдар қатарына қосылған америкалық Билл Гейтс осыншама мол байлыққа бiлiмi мен бiлiктiлiгi арқасында қол жеткiзiп отыр. Алысқа бармай-ақ, өз елiмiздегi күнделiктi баспасөздi шолып шығыңызшы. Бiлiктi мамандарды жұмысқа шақырған жарнамалардан көзiң тұнады. Отандық фирмаларға да, шетелдiк компанияларға да қазiргi заманғы техниканың құлағында ойнайтын, бiрнеше тiлдi меңгерген, ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген әмбебап мамандар ауадай қажет. Әлемдiк сауда ұйымына кiрген соң өзiн жастарымыз бен шетелдiк мамандар арасындағы бәсекелестiк одан сайын күшейедi. Өкiнiшке қарай, бiздiң жастардың оқығаны болғанымен тоқығаны өте аз, тiптi жоқ десе де болғандай. Артында атын өшiрмейтiн ұрпақ қалдыруды бұл пәнидегi адам өмiрiнiң негiзгi мәнi деп ұғынатын әрбiр ата-ана өз баласының болашағын өзi ойлауы шарт. Бiр жағынан, шетелдiк әрiптестерiмiзбен бәсекеге түсе алатындай әмбебап маман, екiншi жағынан, ата-бабасының тiлi мен дiлiн, дәстүрi мен мәдениетiн бойына сiңiрген отаншыл азаматтарды тәрбиелеу – бүгiнгiлердiң адами парызы ғана емес, ұлттың алдындағы борышы да. Мағжан ақынның «адамзаттың тобына қосылу үшiн балаңды оқыт, оның жолында малыңды аяма» деген сөзiнiң астарында осындай ой жатыр.
– Дүбiрлi санақ науқаны аяқталды. Ұлт, тiл, дiл мәселесiн қопара шешiп тастамасақ та, Құдайға шүкiр, ортамыз толып, қарамыз көбейген сияқты. Мамандар қаланың қазақтануын екiұдай үрдiс деп бағалап жүр. Қаланың «қазақи» кенттену үрдiсiн қалай бағалайсыз?
– Кенттену – әлемнiң барлық халықтары өткерiп жатқан процесс. Әлеуметтiк зардаптарына қарамастан, бұл үрдiс қазiргi заманғы жеке ұлттардың дербес мемлекет құруы iсiндегi болмай қоймайтын құбылыс деп саналады. Өз мемлекетiн екi ғасырдан соң қайта құрған қазақ халқының «кенттенуi», яғни Қазақстандағы орташа қалалардың «қазақтану» үрдiсiнiң екiжақты салдарын жоққа шығаруға болмайды. Бұл үрдiстi оңды бағалай отырып, әлеуметтiк зерттеулер орталықтарының назарына алынып, мемлекеттiк бағдарлама аясында жүргiзiлгенi дұрыс. Оның әлеуметтiк зардаптары (ауылдан қалаға келгендердiң қара базар маңындағы арзан жұмыс күшiне айналуы, қылмыстық топтарға қосылу, нашақорлық, жезөкшелiк және тағы басқа) күрт асқынып кеттi. Әсiресе бұл жағдай қазiргi әлемдегi қаржылық-экономикалық дағдарысқа байланысты тым өршiп бара жатыр. Сондықтан ауыл жастарының жаңа кәсiптердi, мамандықтарды меңгеруiне жәрдемдесу, оларды нысыналы түрде өнеркәсiп орындарына жұмысқа тарту, жатақханамен, баспанамен қамтамасыз ету сияқты шаралар да жүзеге асырылуы қажет. Елiмiздiң «Жастар саясаты туралы» жаңа заңында ауыл жастарына қамқорлық мәселесiн түбiрiнен қарастыру керек. Жалпы қазақтардың «кенттенуi» немесе қалалардың «қазақылануы» дербес мемлекеттiгiн орнатқан ұлт мүддесiнiң айқын бедерленуiне қажеттi шарттардың бiрi. Мысалы, елiмiз iшiндегi саяси кеңiстiкте, тәуелсiз бұқаралық ақпарат құралдарының бетiнде әртүрлi жиындарды қазақ ұлтының мүддесiн көздеген топтардың, әсiресе, басқа этнос өкiлдерiнiң үнi неге бәсең? Мұның себебi мынада: кез келген үлкен саясат үлкен қалаларда жасалады. Содан да қалалықтар ең ықпалды әлеуметтiк топ болып табылады. Елiмiздегi жаңа мемлекеттi құраушы ұлт болып саналатын қазақ халқы өкiлдерiнiң қалалықтар арасында сандық басымдыққа ие болмауы ұлттық мүдденiң бiлдiрiлмеуiнiң себебi болып отыр. Қазақ ұлтының басымдығы ұлт мәселесiндегi олқылықтың орнын толтыруға септiгiн тигiзедi. Бұл әлем елдерi үшiн қалыпты жағдай болып есептеледi. Бұдан бiр ғасырға жуық уақыт бұрын Мағжан ақынның «жерiңдi сақтағың келсе, қала сал, қалаға жинал» деген ойының мәнi мiне, осында.
– Қазақ зиялысы мен Парламенттегi халық қалаулыларының бойынан Абылай заманындағы «үш би», Бұқар, Үмбетей жырау, Махамбеттердiң өр де елдiк мiнезiн көре алмай жүрмiз. Қазiргi қазақ зиялысына не жетiспейдi?
– Кез келген белгiлi бiр кезеңдегi даму бағдарын бұқара халық емес, сол бұқараның сенiмiне ие болған, халық арасынан өсiп шыққан қоғамның «қаймағы» сынды элита айқындайды. Ғалымдар оларды «саясаткер (немесе шенеунiктер) игi жақсылар», «әскери игi жақсылар», «бизнестегi игi жақсылар», «интеллектуалдық игi жақсылар» деп топтап жүр. Бiр қызығы, осы топтардың әрқайсысы әр елде әрқалай абырой-беделге ие. Мысалы, Түркия және Пәкiстан, Латын Америкасы сияқты елдерде күнi кешеге дейiн әскери төңкерiстер жиi болып, Үкiмет саясатын қалыптастыруға әскери топтың ықпалы жүрдi. Сол себептi бұл елдерде әскери игi жақсылардың беделi мығым, үлкен құрметке ие. Ал қазiргi Чехия, Балтық бойы елдерiнде неге билiк басына жазушылар, музыканттар, тағы басқа шығармашыл топ өкiлдерi жиi келедi? Өйткенi бұл сол қоғамдағы «интеллектуалды игi жақсылардың» абырой-беделiне байланысты. Ал қазiргi Қазақстанда ше? Қандай игi жақсылар тобы ықпалға ие? Әрине «саясаткер игi жақсылар». Халқымыздың өзiндiк дiлiне байланысты болды ма, әлде заманның ыңғайы солай жасалды ма, әйтеуiр кеңестiк кезеңде-ақ қазақ халқы өкiлдерiнiң қызметке құмарлық, басқарушы iске бейiмдiгi байқалатын және мұның өзi ықпалды «саясаткер игi жақсылардың» қалыптасуына жетеледi. Елiмiздiң тәуелсiздiк алуының басы-қасында тұрғандар да, дербес мемлекетiмiздiң iргетасын қалыптастыру мен нығайтуға зор үлес қосқандар да әлемге әйгiлi Президентiмiз бен басқа да азаматтар болғанын бiлемiз. Тек соңғы жылдары әлгi «саясаткер игi жақсылар» қамқорлығымен өсiп-жетiлген «бизнестегi игi жақсылардың» өз үнiн сездiруге тырысуы, халық арасында бедел алуға ұмтылуы байқалады. Бiздiң ойымызша, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының халық құрметiне бөленуiне ең алдымен, ұлттық мүддеге қалтқысыз адалдық, олардың бойындағы туған халқы үшiн шынайы ұлтжандылық пен отаншылдық қасиеттiң барлығы және осы қасиеттi көпшiлiктiң анық сезiнуi негiз болған.
– Қазақ болмысын әлi танып болған жоқпыз. Дана Абай қазақтың жаман мiнезiн жақсы болсын деп сынады, оның шәкiртi Шәкәрiм қазақтың болашағына үлкен сенiм артып кеттi. Қазақтың елдiк еңсесiн биiктетер жақсы мiнезi мен кежегенi керi тартар жаман мiнезi қайсы?
– Қазақтың батыр, ержүрек, философиялық ой-өрiсi кең, талантты, төзiмдi, намысшыл, бауырмал, мейiрiмдi, қонақжай халық екенiн шет жұрттар да мойындап отыр. Өнердiң барлық түрлерiнен сөз өнерi мен саз өнерiн жоғары қойған қазақтың еңсесiн биiктетер асыл қасиеттерi осылар. Қазақ еркiндiктi, әсiресе ой еркiндiгiн, жеке басының бостандығын жоғары қоятын халық. Жағымпаздық сынды жаман әдет бiзге кейiн жұққан. Халқымыз «жақсының жақсылығын айт–нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген даналықты баяғыдан өсиет етiп кетсе де, қазiргi ұрпақ кiм-кiмнiң де жамандығын атын атап, түсiн түстеп, көзге шұқып көрсетуден, сөйтiп бүкiл халықтың рухани тазару үрдiсiн бастаудан тайсақтап-ақ келедi. Елiктегiш, мансапқұмар, қызғаншақ адамдар қазақ ұлтына үлкен кесiрiн тигiзiп жүр.
– Әңгiмеңiзге рақмет.

ОРАЙЛЫ ОЙ
Қазiргi қазақ зиялыларына еркiн ойлау жетiспейдi. Зиялы қауым өкiлi үшiн, ең алдымен, ой тәуелсiздiгi, пiкiр дербестiгi қажет. Билiктен де, байлықтан да тәуелсiз болып, өз парасатың мен жүрегiңнiң қалауы бойынша халқыңа қызмет ету – зиялылықтың бiрiншi шарты. ХIХ ғасырдағы орыс жазушысы Лев Толстой сынды билiктен де, байлықтан да тәуелсiз, ауылда ғұмыр кешiп, елдегi саяси-әлеуметтiк оқиғаларға мемлекет басшысымен бiрдей ықпал ететiн зиялы тұлға болашақ қоғамда болар.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста