Қазақстандағы бірде-бір ұлттың тілі қазақ тілінің халіндей мүшкіл күйде емес

Қазақстандағы бірде-бір ұлттың тілі қазақ тілінің халіндей мүшкіл күйде емес

Асылы Осман, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы:

Тілдің де құбылмалы болғандығын қаламаймын
– Асылы Әлиқызы, қазақты қазақтан артық сүйетін тұлғаларымыздың бірі өзіңізсіз. Оның дәлелі ретінде мемлекет құрушы ұлттың тілінде тұнық сөйлеп, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында жан сала қызмет етіп, қоғамдық істерге белсене атсалысып жүргендігіңізді айтуға болар. Тіл төңірегіндегі жайттардан хабардарсыз, жуырда ғана 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарлама­сы қабылданды. Күткеніміз орындала ма енді, қалай ойлайсыз?
– Егер де бағдарлама жақсы болатын болса, онда ол бізге шын мәнінде бағдаршам тәрізді, бағыт-бағдар көрсетіп тұрады. Ал 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасына келер болсам, әрине, тек жақсылық күтеміз. Тілдік қолданыстың аясы артады деп сенемін. Алайда тек мерзімінің ұзақтығы ғана мені алаңдатады. Бұның алдындағы бағдарлама да онжылдыққа арналды, бұл да 10 жылға созылып отыр. Неге бағдарла­маны ұзақ мерзімге созамыз? Бесжылдық­қа бәрін жоспарлап, кезеңге бөліп, қамшы­лау­­­ға болар еді ғой. Сонда да бұл бағдарлама­ны өз басым қолдаймын. Өйткені бағдарла­масыз тірлік жасау мүмкін емес. Елбасымыз аталмыш бағдарламаға қол қойған екен, енді үлкеніміз бар, кішіміз бар, осыны жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Алдыңғы қабылданған бағдарлама секілді арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Өйткені Елбасымыз «2017 жылы Қазақстан­дағы халықтың 85 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деді. Мен 85 пайызды жоғары бағалаймын. 2020 жылы мектеп бітірген балалардың 95 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шығады деп отырмыз. Жалпы алғанда, халық 80-85 пайыз өз дәрежесінде, қазақ тілін еркін қолданса, мен соған да риза едім. Сол себепті де бұл бағдарламаның қағаз жүзінде қалып қоймай, әр қазақ­стандықтың өміріне өз­геріс әкеліп, барлық салада жүзеге асатын­дығын қада­ға­лауымыз керек. Өзіміз мүдделі­лік танытуға тиіспіз. Сол кезде ғана бағдарламада айтылған межеге қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сенім артамын. Қазақта «Сенім сең бұзады» деген жақсы нақыл сөз бар.
Тілдің тағдыры – біздің қолымызда. Обалы да – біздің мойнымызда. Тілге көңіл бөлмей жатыр, қаржы қарастырылмай жатыр деп айта алмаймын. Алайда мойын­сыну бар, бірақ  толық мойындамай жатыр­мыз.
Қазақ тілін дамытамыз дегенге өз басым қарсымын. Қазақтың тілі шұрайлы, құнар­лы, өте бай. Оны дамыту мүмкін емес. Ол – дамыған, өскен, өркендеген тіл. Бұдан бұрын да дипломатиялық қарым-қатынас­қа жараған, жырауларымыз елдің тас жүрегін жібіткен тіл. Енді тек осы тілдің қолданылу аясын кеңейту керек. Саясат, экономика, ғылым-білім, былайша айт­қанда, адамға қажетті, адам пайдала­натын саланың барлығына енгізуіміз қажет. Ол үшін ең бірінші керегі – талап. Оқулық жоқ, әдістемелік құрал керек деген сылтау­лар енді жүрмейді. Қазіргі таңда бізге өзі өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін үйренуге деген көңіл жетіспейді. Тілін үйренсем, қазақтың жанын ұғам, болмысын түсінем, еліміздің толыққанды азаматы болам деген ықылас қажет-ақ.
– Сіздің ойыңызша, осы бағдарлама тіл саясатын жаңа арнаға жетелей ала ма?
– Маған салсаңыздар, тілді саясатқа араластырғым жоқ. Тіл – рухани дүние. Саясат құбылмалы. Тілдің де құбылмалы болғандығын қаламаймын. Саясат Алматының ауа райындай құбылып тұрса, мен тілдің мәңгілік құндылық болып қалғанын қалаймын. Құнды дүниені саясаттың құрбандығына айналдырсақ, онда одан мәңгі айырылғанымыз.
Өзге ұлттың тіліне жағдай жасалмай, олар құрып бара жатыр ма? Жоқ, жағдай жасалып жатыр. Қазақстандағы бірде-бір ұлттың тілі қазақ тілінің халіндей мүшкіл күйде емес. Оларға біздің мемлекет жағдай жасап отыр. Оны Ассамблеядан көріп отырмын. Жексенбілік мектепке келсеңіз­дер, таңғаласыздар. Шешендер, ингуштар, күрдтер, түріктер тағы басқалары өздерінің тілдерінде сайрап, әндерін айтып, күйлерін тартып, әдебиет-мәдениетін түгендеп отыр. Жаңартып, жаңғыртып жатыр. Ешқайсысы өздерінің дәстүр-салтын, дінін, ділін ұмыт­қан жоқ. Егер біз ел болып жұмылып, бағдарламада көрсетілген талаптардың орындалуына күш салсақ, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білсек,сонда ғана қазақ тілінің қолданылуын жаңа бір арнаға бұра аламыз. Бір сатыға жоғарыла­тамыз. Тілді білуге деген мәжбүрлілікті тудырамыз. Саналы түрде. Ал сананы ұлттық рухта қалыптастырып, сайрата білуі­міз керек деп ойлаймын. Ал рух тілмен қалыптасады.
– Тілді саясатқа араластырмағаны­мызбен, тілдің қолданылуын, оған деген қажеттілік тудырудың саясаты бар емес пе? Билік неге халыққа өз тілінде жауап қатпайды?
– Иә, тіл саясаты демеске әддіміз де жоқ, шарамыз да жоқ. Дегенмен тіл саясаты өз деңгейінде болуы керек. Бағдарлама қабылдаймыз, қаржы бөлеміз. Ал оның орындалуына келгенде неге құлықсыздық танытамыз? Бұрынғы қабылданған құ­жаттарға қарап, мен 2000 жылдары-ақ Қа­зақстандағы барлық халық мемлекеттік тілде сайрап кетеді ғой деп ойлайтынмын. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Енді мына бағдарламаны тағы 10 жылға қа­был­дадық. Аспанда бұлт бар, Құдайдан үміт бар дегендей, енді бұл да құрдымға кетіп, тек қатардағы бір құжаттардың бірі болып қалмаса екен деп тілеймін. Егер бұрынғы бағдарлама секілді кететін болса, онда тілдік саясатымыз оң бағытта жүзеге асады деп айта алмаймын.
Мемлекеттік тілдің өзіне арнайы заң керек
– Асылы Әлиқызы, өзіңіз де жақсы білесіз, мына ТМД елдерінің барлығына жуығында жауапты орган қызметкер­леріне мемлекет тілін білуді міндеттей­тін заң бар. Біз әрдайым үштұғырлы тіл саясатын ұстанып келеміз. Алайда мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру нор­маларын дұрыс қалыптастыра алмай жатқан секілдіміз. Бұл біздің жұмсақтығымыз ба, әлде арнайы заңның жоқтығынан ба? Қарапайым ғана логикаға салып қарайтын болсақ, 20 жылда қызметкеріне де, қылмыс­керіне де тіл талабын орындататын уақыт жетті ғой. Осы орайда сіз қандай механизмдерді пайдалануды ұсына­сыз?
– Рас, бұл жерде біздің жұмсақтығымыз да бар, заңды орындата алмайтын қауқарсыздығымыз да бар. Әйтпесе бір­шама заң да, бағдарлама да бар. 1997 жылы екінші мәрте қабылданған заңда радио, телевидениеде өнімдер 50/50 болсын делінген еді. Неге соның өзін орындамай, орындата алмай келеміз? Қарап тұрсақ, 50/50 дегеннің өзі көңілге қонбайды. Өз жерімізде тұрған соң пайыздық үлес одан да көп болуы керек. Алайда соның өзіне мәжбүрлей алмай отырмыз ғой. Ата Заңымыздың 1-бөлім, 7-бабында:
«1. Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­данылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», – делінген. Бірақ та біз бірінші тармақтан аттап өтеміз де, екінші һәм үшінші тармақты орындай­мыз. Соған жағдай тудырамыз. 70 жыл бойына екінші тармақты қастерлеп келдік. Енді Тәуелсіз ел болғанда бірінші тармақты бірінші орынға шығаруға болады ғой.
Мемлекеттің тілін алдымен мемлекеттік қызметте отырған лауазым иелері білуі керек. Өйткені қазір қазақ тілін ауылдағы ағайындар мен қаладағы қазақтілді орталар ғана пайдаланады. Егер де «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созып жейді». Сондықтан да мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттесек, онда олар лауазымы үшін үйренеді. Ендігіде мемлекет­тік тілдің өзіне арнайы заң керек. Өлейін деп жатқан өзге тіл жоқ. Бәрі өзінің қа­лыбымен өркендеп келеді. Әрбір қазақ­стан­дық осы Отанды өзіне ортақ деп санаса, мемлекеттік тілді де ортақ деп қарауы тиіс.
Орыстілді орта деп жалтақтай бермейік. Елбасының Ассамблеяның 13-сессиясының ашылуында айтқан бір жақсы сөзі бар. «Он бес жылда аюға да тіл үйретуге болады» деген. Еліміз Тәуелсіз екен, тіліміз де тәуел­сіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз. Өзімізді көбіне ше­телмен салыстыруға құмармыз. Өрке­ниетті елдердің қатарына қосыламыз дейміз. Ал мемлекеттің ұстыны, Тәуелсіздік туы – туған тіліміз жетім баланың күйін кешіп жүрсе, қалайша біз өзімізді қуатты ел деп санаймыз? Басқа мемлекетке барыңыз­шы. Сол елдің тілін білмесең, азаматтық алған былай тұрсын, тіпті өмір сүре алмайсың. Қызмет істеуге де тосқауыл болады. Ал біз 20 жыл шыдап келдік. Жетер, енді біз де талап етуіміз керек. Оның еш сөкеттігі жоқ. Баршаға ортақ осындай талап қажет. Менің түсінігімде солай. Егер еліміздің әр азаматы мемлекеттің болаша­ғын жарқын жағдайда көргісі келсе, тіліміздің де ертеңін ойлауы тиіс.
Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы. Жасырып қайтеміз, біз әлі екінші сортпыз. Кейде өзгені де кінәлағым келмейді. Өзіміздің де өзгелердің құлағы үйрене берсін деп қазақша сөйлеп жүргендігіміз шамалы ғой.
– Қолда бар деректерге сүйенсек, мемлекеттік органдарда ресми тілдің, яғни орыс тілінің қолданылуы 80 пайыздан астам екен. Ал қазақ тілінің пайдасына 15-20 пайыздық қана үлес тиеді екен. Қанша уақыттан бері мем­лекеттік тіл ұлттық бірліктің факторы болуы керек деп айтып келеміз. Алайда статистика басқаша сөйлеп тұр. Бұны қалай түсінеміз?
– Елбасының саясатын да, жан-дүниесін жақсы түсінемін. Алайда бір қазақтың бастамасын бар қазақ іске асыра алмай жатырмыз. Президентіміз жыл сайынғы халыққа Жолдауында «мемлекеттік тіл – елді ұйыстырушы негізгі фактор» деп айту­дайын айтады. Қазақ тілінің өмірлік қолда­нысын арттыруға неге құлықсызбыз? Жал­ғыз Елбасыны алдыға сала бермей, неге көшбасшымыздың бір жағына шығыспай­мыз? Ассамблеяның сессиясында да айты­лады бұл пікір. Алайда қолға алынып жатқан іс шамалы.
Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Ал қалғандары – ұлт өкілдері, диас­поралар. Осы елдің, жердің иесі де, киесі де мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы. Осыны өзгелерге мойындату керек. Өзге диаспораларға мемлекетті ұйыстыру­шы негізгі фактор мемлекеттік тіл екенін ұғын­дыратын уақыт әлдеқашан жеткен.
– Мәжбүрлеп болса да ма?
– Мәжбүрлеп те, міндеттеп те. Жетер енді, қашанғы еркелете береміз? Мемлекет­ті ұстап тұру – бізге парыз. Сол парызымызды тілді тұғырына қондыру борышы арқылы өтейік. Тіліміз тұтастық кепілі болмаса, онда болашағымыз қандай болмақ? Басқаның көңіліне қарап, өзіміздің қазақты ренжітетін әдетті қою керек. Алдымен өзіміздікін түзеп алайық.
Қазақ зиялылары, шенеуніктері бала­ларымен, немерелерімен орысша сөйлесіп жатады. Қарным ашады соларға қарап. Жалтақ па, жалпақшешей ме? Бір анығы – қазақ тілі ертеңгі күні қанатын кеңге жайып, барлық салада қолданысқа енеді деген ұғым олардың санасына сенім боп орнай қоймаған секілді әлі. Олардың сенімдерін бекемдеп, күдіктерін сейілту үшін олардан тек басшылық қызметке отырар кезде қазақ тілін талап етуіміз керек. Елбасымыздың өзі сайлауға түсер алдында мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Басқалары Президенттен артық па? Олар да емтихан тапсырсын. Лайық болмаса, қазақ тілін жетік меңгермеген болса, отырмасын ондай қызметке. Мемлекеттік қызметкердің келбетінен біздің халықтың болмысы сезіліп тұруы керек, қасиеті аңқып тұруы керек. Өзінің туған тілін меңгермеген адамда қазақы қасиет қайдан болсын?
Бізде қаншама оқыту орталықтары бар. Қазақ тілін үйрететін. Солардан қазақ тілін меңгеріп шыққан адамдарды мен көрген жоқпын. Қаншама қаржы бөлініп жатыр. Бостан-босқа ақша шашу. Орнымен жұмсалуға тиісті қаржыны шашып жатқан – сіз бенен біз. Әлі күнге өтірік мәлімет береміз.
Жоғарыда «мемлекеттік қызметкерлер­дің 80 пайызы орыс тілінде сөйлейді» деп қал­дыңыз. Негізінде, одан да көп. Өзгеге үлгі болатындардың бірі – депутаттар, енді бірі – Ассамблея мүшелері. Қазақстандағы барлық күрделі мәселені Ассамблея кө­теруге тиісті еді.
Мен қазақтың жолында өлуге бармын
– Артықтау айтсам кешірерсіз, Ассам­блеяның ортақ іске мұрындық болып жатқаны шамалы ғой.
– Иә, олай жасап жатқан жоқ. Қазақ тілін айта берген соң, мені жақтырмай, шеттететіндері де бар. «Что вы с утра до вечера говорите «казах, казахский язык»?! Этого казахи сами не хотят» дейді өзге ұлттың өкілдері. «Қараңызшы, қазақ ше­неу­ніктерінің балалары қазақ мектебіне бара ма? Жоқ, бармайды» деп өзімді мұқатады. Ал біз қазақша білетін өзге ұлттың өкілдерін қалай дәріптеп жатырмыз? Қызмет беріп, бар жақсыны алдына тосып, төбемізге көтеріп жатырмыз. Қазақ – өзін сыйлаған адамды сыйсыз қалдырмайтын халық. Осы рухта өзге диаспораларды ұйыстырсақ қой. Әу бастан-ақ айтқам, барлық ұлт өкілдері мемлекет құрушы қазақ халқының айналасына топтасып, ұйысуымыз керек деп. Қазақ бізге қызмет еткен, енді өзгелеріміз қазаққа қызмет етейік дегенмін. Бұл – менің жалпақ­шешейлігім емес. Адамгершілік идеям, қазақтан көрген мейірім-қайырымым жүрегімді солай соқтырып отыр. Қазақ бізді қиын кезеңде қанатының астына алды, қамқорлық көрсетті. Қиындықтан құтылғанда неге біз қазақтың қанатын қағамыз? Әділеттілікке жата ма?
– Рас, қазақ – бауырмал халық. Оны сізге айтып жатудың өзі артық. Алайда менің сұрағым келгені – бір кездері құшақ жая қарсы алып, алдындағы бір үзім нанын бөліп берген ел егесі қазақтарды бұл күндері диаспора өкілдері басынатын болған. Бұны да қалыпты үрдіс деп қабылдаймыз ба, әлде әр елде бір тентектің болатын­дығымен түсіндіреміз бе?
– Жоқ, мұны қалыпты үрдіс деп айт­пайықшы. «Бір құмалақтың бір қарын май­ды шірітетіні» белгілі ғой. Адам баласының жамандықты бойына тартып алуы оңай да, жақсылықты сіңіру қиын. Көпке топырақ шаша алмаймыз ғой. Мен «көкте – Құдай, жерде – қазақ» деймін. Құдайдан бір жасқа кіші халық бар тағы да. Мен қазақтың жолында өлуге бармын. Өзгенің тентегіне кешірімділікпен қараймыз. Қазақпен кім төбелессе де, соңыра қазақ кінәлі болып шығады. Жоқ, олай болмайды. Шынайылық болу керек, шындыққа жүгінуіміз керек. Ана бір жылы сұмдық оқиға орын алған кезде мен «күрдтің баласын тірідей жерлеу керек» деп айтқам, мақала да жаздым. Алайда бір тентекке бола бүкіл халықты жаман дей алмаймыз ғой. Сондықтан қалыпты демейік.
Әр диаспораның өкілдері балаларын тәрбиелеуі керек. Қазақтан көрген жақсы­лығын естеріне салып отыруға тиісті. «Аласапыран кезеңде бізге қазақ бүтінін бөліп берді, жартысын жарып берді, паналатты, енді оларға доқ көрсетуіміз жарамас» деп, әр баланың құлағына сіңіріп отырса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді деймін. Қай елде тұрсаң, сол халықтың дәстүр-салтымен, жолымен жүруге тиістісің. Өзгелер қазаққа жұдырық ала жүгіргеннен пайда таппайды, керісінше, сол ұлттың ығында жүріп, паналаған сәтте ұтады.
Төле би бабамыздың «Ақты ақ деп бағалайық, Қараны қара деп бағалайық. Қара – қара болса, бәріміз қаралайық» де­ген сөзі бар. Мен осы принципті ұстанам. Қандай тентекті болса да тыюға болады. Түсіндіріп айтуға болады. Қазақ сабырлы халық қой.
Қазақтың қанында да, жанында да адамгершіліктің асқақ үлгісі бар
– Әрине, егемендікпен еңсесін тіктеген Қазақстан үшін әрқашан да ел бірлігі, халықтың татулығы керек. Тұрақтылық – біздің дамуымыздың кепілдігі. Алайда қазақтың сабырлы­лығын жуастыққа яки қорқақтыққа балайтындар да бар сияқты...
– Біздің еліміздегі ең басты құндылық, ол – адам. Еліміздегі бірліктің арқасында, тұрақтылықтың арқасында тыныштық болып тұр. Ал сол тыныштықтың кепілі – қазақ халқы. Өзгелер қазақтың айналасына топтассын деп айтып жатқаным – сол. Қазақтың дарқандығын, ақкөңілділігін, тыныштықты сақтауға әрекеттенген сабыр­лылығын жуастыққа балап жатқандар қате­леседі. Қазақ ешкімге соқтықпайды, соқтыққанды оңдырмайды. Өзгелердің санасы соған жетпей жатса қайтеміз? Кейбіреуінің қанында бар. Қанда болған­мен, жанда болмауы керек. Үлкен­дерінің дұрыс тәрбие бере алмай отырған­дығы және бар.
– Сол үлкендерінің аузынан кезінде қазақтың берген құйқасының дәмі кетіп үлгерді ме сонда?
– Қарасаңыз, бір жағынан, орта; бір жағынан, уақыт тағы бірде батыстың бы­лығы көрсетілетін телеарналар да халықты тәрбиелеп жатыр ғой. Ешкім баласының жаман болғандығын қаламайды. Тек бағана айттым ғой, біреудің қанында бар, біреудің жанында бар дүние. Қазақтың қанында да, жанында да мейірімділіктің, қайырымдылықтың, адамгершіліктің асқақ үлгісі бар. Менің басқаларға шырылдап айтатыным сол: бұл қазақтан бізге сынық­тан басқасының бәрі жұқсын деп. Мейірімді қазаққа мейірімділікпен жауап қатуымыз қажет.
– Асылы апай, білуімше, сіз кан­дидаттық дисертацияңызды «Абай жолы» роман-эпопеясынан қорғады­ңыз. Абайды біршама зерттедіңіз, тани түстіңіз. Абайдың «толық адам» ілімі – әлі күнге толықтай ашылып, қара­пайым халыққа түсіндірілмеді. Осыны жүйелі түрде айтып бере аласыз ба?
– Алла бізді Адам қылып жаратқан соң, адам баласына тән қасиетпен өмір сүруіміз керек. Адами кепиетті бойыңызға дарытуға тиістісіз. Анасының ақ сүтімен, әжесінің бесік жырымен өскен баланың бойындағы тәрбиенің жемісі Абайды қалыптастырды. Өкініштісі – Абайды толық танып-біле алған жоқпыз әлі. Тіпті «Абай жолын» оқымаған қазақ баласы бар. Абайды Абай қылған әжесі Зере болса, әлемге танытқан Мұхтар Әуезов қой. Сол «Абай жолы» романында қазақ даласының тарихы, әдеті, ғұрпы, салты, тәрбиесі – барлығы бар. Дүниенің құдіреттілігі – сөзде, тілде.
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын.
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретінен Қазақ тілдің!
– деп айтамын кейде. «Абай жолында» тіл де бар, діл де бар, өнер де, білім де тұнып тұр. Абайдың тұсындағы қазақтар мүлдем басқаша сөйлеген. Шұрайлы тілмен. Абай­дың «толық адам» ілімі деп айтып отырмыз ғой. Бұл деген – ұлттық тәрбие негізінде баланың бойына асыл қасиеттерді жұғысты қылу. Абайдай дананың ақыл-ойын, Алаш қайраткерлерінің парасатты­лығы мен өз халқына деген шексіз махаббатын паш етіп, сол ізгі қасиетті бойымызға сіңіру. Абайды неғұрлым терең зерттей түскен сайын біздің бойымыздағы ұлттық рухымыз аспандай түседі.
– Алып империялар арасында отырғандықтан, бізге де империялық сана қалыптастыру керектігі ақиқат. Саяси һәм экономикалық, рухани-мәдени экспансияға түсіп кетпеудің бір жолы – осы. Қарапайым халықтың ой-санасын түбегейлі өзгерту үшін қандай мемлекеттік идеологияны ұстануымыз керек?
– Империялық сананы қалыптастыру үшін біз бұрынғы бабалар бойындағы жақсы әдеттерді, ізгі қасиеттерді қайта жаңартып, жаңғыртып, бүгінгі жас ұрпақ­тың санасына сіңіруіміз қажет. Бабалар ерлігін айтып, бұрындары әлемде теңдессіз мемлекет болғанымызды, жер әлемнің жартысын жаулап алғандығы­мызды айтып, олардың мақтаныш сезімін оятуымыз керек. Басты идеология – тәрбие. Өйткені идеологияны қылышпен шаба алмайсың. Сол себепті ұлттық идея, ұлттық идеология қазақтың тәуелсіз санасын қалыптастыру жолында болуға міндетті. Гректер мен түріктер қақтығысқанда танцучилер «бір қарыс жер түгіл, бір қиыршық тасымызды бермейміз» деп жанталасты. Қандай ерлік, неткен махаббат – бұл. Біз де балалары­мызды осылай тәрбиелейік. «Бабаңнан қалған мына аманатты – қазақтың даласын қасық қаның қалғанша қорғауың керек. Бұл – сенің киелі мекенің. Осы елдің қожасы тек сенсің. Басқаның көз алартуына жол берме» деп. Патриоттық сезім болмай, біз сырқат санадан ажырай алмаймыз.
– Салиқалы әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым
Марқұм әкем «далада қазақша сөйлесеңдер де, үйге келгенде өз тілдеріңде сөйлеңдер. Келімді-кетімді кісілерден ұят болады. Анасы жоқ болғандықтан, ана тілдерін ұмытып кетіпті деп айтпасын» деп отыратын. Мұны әкем қазақтың тілін жек көргендіктен айтып отырған жоқ. Тек балаларым өзінің салтын, ғұрпын ұмытпасын деген бабалар аманатына адалдықтан айтып отыр. Алайда менің қазағым өзінің бай дәстүріне, әдет-ғұрпына осындай көңіл бөлмей келеді. Көбіне басқаның көңіліне қарайды. «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады» деген сөз бар ғой. Біз қазір кісі бетін аяп, ақырында өзіміздің бетіміз шиедей болып тұр. Қазақ қонағының жайын ойлайды. Осылар тойынсын, осылар жақсы болсын деп. Өйткені даласындай кең халық. Алайда оның да қайтарымы болуы керек қой. Саналы түрде. Осыншама жақсылығымызды көріп отырып, сәл де болса ойланулары керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста