Қазақстанның химия өнеркәсібі, дамыған елдермен салыстырғанда, екі ұрпаққа артта қалып келеді

Қазақстанның химия өнеркәсібі, дамыған елдермен салыстырғанда, екі ұрпаққа артта қалып келеді

Қажымұқан Арынов, А.Бектұров атындағы Химиялық ғылымдар институтының директоры:

– Өзіңіз басқарып отырған Химия ғылымдары мен Органикалық ката­лиз және электрохимия институттарының ғалымдары акцияларды «Самұрық» мемлекеттік холдингіне беру арқылы ғылыми-зерттеу институттарын қайта құруға қарсылық білдірді. Арты дауға ұласты. Орын алған түсінбестіктердің анық-қанығын өз аузыңыздан естісек дейміз.
– Химия ғылымдары институтын отандық химия ғылымының іргетасын қа­лау­шы, қазіргі ғылымның негізі, күре­та­мыры десек те артық айтқандық емес. Біз­дің институтта жылына 150-ден астам сту­дент дәріс алып, олар білікті мамандар қатарын толықтыруға өзінше үлес қосуда. Ұлттық даму институттарының қаржылай және маркетингтік қолдау көрсетулерінің нәтижесінде біздің институт соңғы үлгідегі технологиялық өнімдерді игеруде соны жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Атап айт­сам, мұнай-химия өнімдерін өндірудің жа­ңа катализаторларын, косметикалық лано­лин өндіру, жұмсақ полимерлі табақ­тар мен электроизоляциялық жабын­дар және сапалы тыңайтқыштар өндіру сияқ­ты осы заманның қажеттіліктерін қа­на­ғат­тан­дыруда ауқымды жұмыстар атқарып ке­леді.
Қарсылық білдірген себебіміз, іргелі ғылым ошағы мемлекет қарамағында қал­сын дедік. Бұл – жалғыз біздің ғана жанай­қайымыз емес, ғылыми орта айтып жеткізе алмай жүрген дат. Қуаныштысы, үкімет өзінің 28 наурыз күні отандық БАҚ-тарда жарық көрген қаулысымен іргелі ғылым нысандарын мемлекет меншігінде қал­дырып әрі заңдық нормамен акционер­леуге яғни жекешелендіруге тыйым салын­уын қамтамасыз ететін шешім қабылдады. Ондай болса, бұл оң қадамның Елбасының алдыңғы қатарлы елдер қатарына ену бағытындағы ұзақ мерзімді жоспарына, индустриялық-инновациялық дамуға толық мүмкіндік беретініне күмәнім жоқ.
– Ғалым ретінде сіздің елдегі химия саласындағы ахуалға қандай баға беретіндігіңізді білсек дейміз. Қалай ойлайсыз, тыңайтқыштарды экспорт­тауға мүмкіндігіміз бар ма?
– Экспортты былай қойғанда, тыңайт­қыш еліміздің өзінде тапшы болып отыр. Ал егер тыңайтқыш экспорттайтын болсақ, экономикамызға зор үлесі тиер-ақ еді. Қа­зір Үкімет басшылығы «бақ сынап көрсек» деп жатыр, кім біледі қалай боларын... Әлем­дік рынокқа шығуға бөгет болып отыр­ған біраз шаруаларды еңсеруге тура келіп тұр оларға. Менің ойымша, тығы­рық­тан шығу үшін, ең алдымен, минерал­дық тыңайтқыштардың құнын төмендетудің жол­дарын қарастырған жөн сияқты. Көп түйін сонда шешіле түседі деп ойлаймын.
Осы тұста айта кетейін, қазір алға қойы­лып отырған міндеттер зор. Атап айтсам, минералдық тыңайтқыш өндірудің жыл­дық көлемін 2014 жылы 3 миллион тон­наға жеткізу жоспарланып отыр. Оған «кү­дігім бар» немесе «сенімім мол» деп те айт­­­пай-ақ қояйын. Оның нәтижесін уақыт көрсете жатар.
Жалпы айтсам, егер фосфор, азот және басқа минералдық тыңайтқыштар өндір­сек, оны бүкіл дүниеге таратудың қиын­дығы болмас еді, өйткені қазір тыңайт­қышқа зәру болып отырған елдер өте көп. Яғни өздеріңіз білесіздер, астық, ет, сүт сияқты сұранысы өте жоғары өнімдер өндіру тікелей тыңайтқыштарға байла­нысты.
Құрамында әртүрлі фосфоры бар өнім өндіруге, атап айтсам, фосфаттар негізінде фосфор қышқылы, фосфор қышқылының тұздарын шығаруға біздің қабілетіміз же­теді деп ойлаймын. Әсіресе ауыл шаруа­шы­лығына аса қажет. Тыңайтқыштың бұл түрін тасымалдай алмай отырғандығы­мыз­дың негізгі себебі сол қоспаларға кеп тіреліп тұр. Егер сөз болып отырған қос­палар­­дан тазартсақ, фосфор тыңайтқыш­тарын тіпті жоғары бағамен экспорттауға да болар еді.
– Еліміздің химия өнеркәсібін бүгінгі күнгі экономикамыздың қай бағы­тында дамыту тиімді деп ойлайсыз?
– Химия өнеркәсібін дамытудың жалпы әлемдік ағымы дамыған елдерде мұнайды мономерлік және полимерлік материал­дарға дейін тереңдете өңдеу технология­лары мен процестеріне бағытталған. Ал біздің елдегі өнеркәсіп, өкінішке қарай, мұнай­ды алғашқы өңдеу процестеріне ға­на негізделген.
Біз жер қойнауындағы химиялық шикі­зат қоры жағынан дүниежүзіндегі ең ау­қым­­ды елдердің бірі қатарындамыз. Соған қарамастан, Қазақстанның химия өнер­кәсібі қазіргі кезде дамыған елдермен са­лыс­­тырғанда, екі ұрпаққа артта қалып келеді. Қазір барлық елдерді толғандырып отыр­­ған бір ғана мәселе – әлемдік деңгей­де белең алып келе жатқан қаржылық қиын­­дық­тар мен азық-түлік тапшылығынан қа­лай да аман шығу.
«Қай бағытты ұстансақ дұрыс болар екен» деп сұрап отырған екенсіз, осындай сын кезеңде біздің химия кәсіпорындары өндіріп жатқан минералдық тыңайт­қыш­тарды еселеп шығарсақ әрі тиімді, әрі ұтымды, әрі пайдалы іс болар еді. Мине­рал­дық тыңайтқыштарды өндіруді артты­ру­ға қазір Елбасы да айрықша мән беріп отыр.
2009-2015 жылдарға арналған «Қа­зақ­­стан Республикасындағы химия өнер­кәсібінің даму жолының картасы» деп аталатын жобаны жүзеге асыруға біздің институ­тқа да зор міндеттер артылмақ.
– Еліміздің химиялық өнімдерінің экспорттық бағасы көңіліңізден шыға ма?
– Отандық химиялық өнімдердің экс­порт­тық бағасы рыноктағы жалпы әлемдік құн арқылы реттеледі және ҚР Үкіметінің кедендік жинақтарымен бақы­ла­нады. Бірақ экспортталатын өнімдердің тар шең­бер­лі тізіміне, негізінен, алғашқы өңдеуден өткен мұнай өнімдері мен мұнай шикізаты ілініп, олардың бағасы айтар­лықтай дәре­жеде әлемдік шикізат рынок­тарындағы мұ­най бағасына тәуелді болып отыр. Еш­кім­ге таңсық емес, отандық өндірістердің сұ­ра­ны­сын жабатын химия­лық өнімдердің басым бөлігі шетелдерден сатып алынады. Олардың бағасы әлемдік бағадан 2,0-2,5 есе қымбат. Сонымен қатар, оларды мер­зімінде жеткізу – өз ал­дына басқа про­б­ле­ма. Бұл біздің отандық өндірістердің қуа­тын әжептәуір төмендетуге әсер етіп отыр­­ғаны тағы бар.
– 2000 жылдардың бас шеніне дейін фосфор тыңайтқыштары әлемдік өндірісте өсу мен құлдырауды бастан кешірді. Қазіргі жағдайға қандай баға бере аласыз?
– Анау бір жылдармен салыстырғанда, жағдай тұрақтанып келе жатқан сияқты. 1986 жылы оған деген сұраныс көлемі 1 млн тоннаны құраған болатын. Ал 1987-1991 жылдары оның көлемі 480,2 мың тоннаға дейін төмендеді. Тыңайтқыш­тар­дың ең аз көлемде пайдаланылған кезі 1998 жылы көрініс берді. Бар болғаны 10,7 мың тонна. Одан кейін 2002 жылы оның көлемі біршама өскен болатын. Со­ның өзінде ол 18,48 мың тоннаны ғана құ­рапты. Тыңайтылған егістіктер болса 0,8 пайызға ілдалдалап әрең жетті. Қазіргі кез­де сұраныс қарқыны өсіп келеді дер едім. Яғни фосфор тыңайтқышын өндіру 200,0 мың тоннаға дейін жетті. Ал 2008 жы­лы мемлекеттің тағы 130,0 мың тонна тыңайт­қышқа субсидия бергені жұртшы­лық­қа мәлім. Бұл – қуанарлық жайт.
– Химия өнімдері бойынша әлемдік рынокқа шығуға қандай кедергілер бар деп ойлайсыз?
– Әлемдік химия өнімдері рыногы орасан және ұйымдастырылуының өзі қа­зір жоғары бағаға лайық. Оған кім болса да тек аса сапалы тауармен ғана ене ала­тыны түсінікті. Әйтсе де, оның бір бөлігіне таласуға болатын да шығар... Қалай бол­ған күннің өзінде де, не нәрсені болса да таразыдан өткізіп, екпіндемей, барар жол­ды бағамдап алған абзал.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін белгілі болған брендтерге қарағанда, экономи­калық жағынан тиімді болып табылатын тауарлар бағасы маңыздырақ па деп ой­лай­мын.
Осы тұста айта кетейін, біздің ел, мәсе­лен, фосфориттің әлемдік қоры жағынан төртінші орында тұр. Демек, экспорттың әле­уеті жоғары. Соған қара­мастан, Қазақ­стан өнеркәсібінде химия саласының үлесі тек 1 пайызды ғана құрай­ды. Елбасы Үкі­мет­ке қазір химия өнер­кәсібін жетілдіру­мен мықтап айна­лысуды қатты тапсырды. Ал бұл сөз жоқ, химия өнімдерін арттыру­дың маңызды­лығы ескеріле басталғанын аңғартып отыр.
Қазір институт бағындыру дәрежесіндегі көптеген инновациялық-технологиялық жобаларды қолданысқа енгізуге дайындап отыр. Бұл жобалардың жүзеге асуы Ұлттық инновациялық қор мен ҚР ғылыми қоры­ның қаржылық және маркетингті қолдауы­мен жүзеге аспақ. Жаңа өндірісті меңгеру отандық технологияны шикізаттар мен материалдарды жоғары деңгейде өңдеуге, біздің химия өнеркәсібін дүниежүзілік на­рық­та бәсекеге қабілетті жасауға септігін тигізеді.
– Бұрқақ бағдарлама ретінде мұнай-химия кластерін таңдап отыр­мыз. Әлемдік рынокты мойындата аламыз ба? Инвесторлар тартуда нәти­желі істер бар ма?
– Химиялық кластер – болашағынан көп үміт күттіретін әрі тиімді құрылым. Алайда барлық тығырықтан шығудың негізгі жолы бұл емес. Тек бизнес пен на­рық­тағы бірнеше саланы топтастырып, соның нәтижесінде жемісті ынтымақтастық құру үшін ғана қолайлы. Дәл қазіргі кезде кластер бізге еліміздің химия индустриясын дамытуға аса қажет. Инвесторларға кел­сем, бізге көз тігіп отырғандар аз емес. Білуім­ше, осы 3-4 жылдың ішінде 15 мил­лиар­­дқа жуық инвестиция келеді деп күті­лу­де.
Нәтижелі істердің басы енді басталып жатыр. Негізі, Қазақстанды мұнай, газ жә­не химия өнеркәсібі іске қосылғалы отыр­ған сындарлы кезең күтіп тұр.
– Химия институтының құрыл­ғанына 65 жыл болып қалыпты. Инсти­тут несімен мақтана алады?
– Иә, химия институты сонау 1945 жы­лы құрылған-ды. Қазіргі таңда ең ірі ғылы­ми орталықтардың бірі саналады. Мұнда республика көлемінде, сонымен қатар, шет мемлекеттерді мойындатқан әртүрлі ғылыми мектептер қалыптасып, дамыған. Институтта іргелі және қолдан­балы зерттеу жұмыстары бірқатар салалар­да, атап айт­сам, органикалық, бейоргани­ка­лық және физи­калық химия, полимерлер және моно­мерлер химиясы, табиғи физи­оло­гиялық активті заттар және мұнай салалары бойынша сұранысқа ие. Қазіргі кездегі өзектілігі басым нанотехнология, нанобио­материал­дар алу саласында да жұмыстар атқарылуда. Мұнай өндіру, өң­деу сала­сында институттың көп ресурс­тары пайда­лы өнімдер мен тауарға жұм­салу­да. Эколо­гия­лық мониторингке инсти­тут жағынан үлкен назар аударылуда. Мұ­най қалдық­тарын залалсыздандыру, атап айтқанда, күкірт қалдығы төңірегіндегі проблема­ларды шешу жолдарын қарас­тыру­ды қолға алып отырмыз. 2009 жылы ғарышқа аттанушы ғарышкерлердің кеме бортын­дағы зерттеу жұмыстарына инсти­тут­тың екі ғылыми жобасы қабылданды. Тағы бір айта кетерлігі, аталған іс-шаралар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын басшы­лық­қа ала отырып, институтта көп бағытты мәсе­ле­лерді шешу мақсатында шағын­химия­лық кластер құрылды.
– «Еурохим» компаниясының «Сары­­тас» зауытын сатып алғанды­ғына қалай қарайсыз? Жалпы, аты әй­гілі осы компания бізге не береді? Тым көп уәде береді деп ойламайсыз ба?
– «Еурохим» – әлемге әйгілі ұйым. Ол өзінің жұмысшылар санының көптігімен және техникалық, шикізат ресурстарымен әлемді мойындатуға беделі де, мүмкіндігі де мол. Олардың әлемдік нарықта нық тұрғанына менің күмәнім жоқ. Олардың қазақ­стандық фосфор өнімдеріне назар аударулары жайдан-жай емес. Химия өнеркәсібінің бұл секторы кейіннен Ресейге өтіп кеткені болмаса, ұзақ уақыт бұрынғы Кеңес Одағының дәл осы салалас өндіріс­терімен бір болған еді. «Еурохимнің» біз­дің отандық бизнеске келуін, өз басым, қуана қолдаймын. Сөз жоқ, мұндай қа­рым-қатынастар ресурстарымызды то­ғыс­тырып, қажетті ақпараттар алмасуы­мыз­­­ға кең жол ашады. Ал олардың уәде­лері қан­шалықты нәтиже беретінін алдағы уақытта көрерміз. Тек жақсылық күтейік.
– Біздің елде қауіпті жүктерді тасы­малдау ережесіне сай жөндеу жүр­гізетін кәсіпорын жоқтың қасы. Сон­дықтан украиндық «Сереп» пен «Азовмашқа» тәуелдіміз. Осы тығы­рықтан қалай шығуға болады деп ойлайсыз?
– Бұл – шынымен де, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл жерде украин­­­дық кәсіпорындардың дәл қазір көмегі тимесе, анау айтқандай зияны жоқ. Мен мұны кеңестік дәуірден қалған, содан бері бір шешімі табылмай келе жатқан бір түйткіл дер едім. Украинаның Львов қала­сындағы апатты еске алайықшы. Украина аумағында Қазақстанның «Қаз­фос­фат» ком­паниясына қарасты фосфор тиелген 15 цистерна шойын жолдан шығып кетіп, апаттың арты айыптаулар мен үлкен саяси дауға ұласып кетті.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаны­мызға, міне, неше жыл болды, бізде әлі күн­ге дейін өзіміздің қауіпті жүктер тасы­малының талабына сай жөндеу жұмыс­тарын істейтін кәсіпорын жоқ.
– Өткен жылы Балқаш қаласында үлкен зауыт салынды. Қалай ойлайсыз, зауыт алға мақсат қойғандай «Қаз­­фосфат» ЖШС-ін шикізатпен қам­тамасыз ете ала ма?
– Қайдам... Иә, «Қазақмыс» қазақ­стандық металлургия корпорациясы Бал­қаш­­тағы мыс балқытатын зауыттың жанынан күкірт қышқылын шығаратын зауыт салуын салды. Оның жобалық қуаты 1,2 миллионға есептелді. Басында-ақ бұл зауыт «Қазатомпром» ұлттық атом ком­паниясының сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған еді. Балқаш күкірт қышқылы зауытының пайдалануға берілуіне байла­нысты өткен жылдың соңына қарай жергілікті рынокта күкірт қышқылының про­фициті болады деген болжамның бол­ғаны да рас. Ал «Қазфосфат» ЖШС таяу уақыттарға дейін қышқылды Өзбекстаннан алып келді. «Қазақмыс» пен «Қазцинк» болса, күкірт қышқылын қосалқы өнім ретінде ғана шығаратындықтан, «Қазақ­фосфатты» толықтай қышқылмен қамта­ма­сыз етуі екіталай. Өйткені өнім өздеріне металлургиялық процестерді атқару үшін де қажет. «Қазфосфатты» толықтай қыш­қыл­мен қамтамасыз ете алмайды» деуім­нің негізгі себебі «Қазатомпром» да рес­публика бойынша күкірт қышқылын ең көп қажет ететін компания. Өнім олардың өз­дері­не де керек.
– Еліміз химия, мұнай, газ, метал­лургия саласындағы білікті мамандарға аса зәру. Жоғары оқу орындары да мүлде жоқ емес, ұстаздар да бар­шылық. Ондай болса, бар кедергі неде деп ойлайсыз?
– Кедергі әртүрлі болды ғой. Қайсыбірін айтарсың...
Осындай түйінді түйткілдерді шешу мақ­сатында біздің институт соңғы жыл­дары химия саласы бойынша маман­дар дайындайтын ЖОО-мен тығыз қарым-қатынас орнатты. Яғни алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ инновациялы білім консорциумы құрылды.
Білікті мамандарға сұраныс артып тұрған мына заманда химия институтына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйт­кені химия саласы бойынша маман дайын­даудың негізгі ошағы – осы институт. Ма­ман дайындаудағы қордаланып қалған түйт­­кілдер енді шешілуі тиіс деп ойлай­мын.

Атап айтсам, мынандай база­ларды құру көзделіп отыр:
• құрамында фосфор бар әртүрлі минералды тыңайт­қыштар мен минералды ма­те­риал­­дар өн­діруге қажетті фос­форит өңдеуге арналған жаңа технологиялар мен техни­каларды бақылаудан өткізетін қазіргі заманғы іс-тәжірибелік база құру («Қазфосфат» ЖШС база­сында);
• фосфатты кен орындарын байыту технологиясы бойынша өт­кі­зетін қазіргі заманғы іс-тәжі­ри­белік база құру («Евро­Хим-Тың­айт­қыш» ЖШС базасын­да);
• органикалық және бейорга­никалық химия өндірісінің ди­вер­сификациясы бойынша іс-тәжірибелік база құру («Кау­стик» АҚ базасында)

Ұсыныс
«Саяси даулармен» өзге елге тәуелді болмас үшін, менің ойымша, «Қазфосфаттың» Тараз қаласындағы филиалы – теміржол транспортының кешенінде жөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын ашу керек. Әлбетте, ол халықаралық келісімшарттардың талабына сай болуы тиіс. Мен бұл жерде Базель конвенциясын айтып отырмын. Бұл әрі Елбасының «2015 жылға дейінгі ҚР транспорт стратегиясы туралы» қаулысын жүзеге асыруға бір септігін тигізген болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста