Қазақтілді микробиологтарды, кибернетиктерді, энергетиктерді көптеп дайындамай, ол салалар ешқашан қазақша сөйлемейді

Қазақтілді микробиологтарды, кибернетиктерді, энергетиктерді көптеп дайындамай, ол салалар ешқашан қазақша сөйлемейді

 Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор:

– Соңғы кездері сіз тіліміздегі термин қалыптастыру тақырыбында жиі сөз сөйлеп, баспасөз беттерінде әртүрлі пікірталастар тудырып жүрсіз. Бізге қазақ тілінің термин жасау мәселесіндегі негізгі проблемаларды айтып бере аласыз ба?

– Қазақ терминологиясының шешімін табуға тиіс мәселелері аз емес. Тілші-терминтанушылар мен сала мамандарының бұл бағыттағы атқаратын жұмыстары әлі жеткілікті. Терминқорымызды қалыптастыруда осы іспен тікелей айналысып жүрген кейбір білікті мамандар болмаса, жалпы жұртшылықтың дұрыс түсіне алмай жүрген немесе дұрыс түсіндірілмей жүрген мәселелері де бар. Олардың ақ-қарасын ажыратып, көпшілік қауымға жүйелі, ұғынықты, дәлелді етіп түсіндіру де – мамандар ісі.

Тәуелсіздіктен бергі 20 жыл уақыттың ішінде біздің термин қабылдау үдерісіміз де Кеңес Одағы кезеңіндегі қалыптасқан дәстүрден анағұрлым өзгешеліктерге ұшырады. Дәлірек айтқанда, кеңестік дәуірде бізге термин қабылдаудың бір ғана жолы ашық еді. Яғни тілімізге еніп жатқан терминдердің барлығы дерлік орыс тілі арқылы қабылданып отырды. Орыс тілін біз делдал, көпір, терминқорымызды қалыптастырудың негізгі көзі деп таныдық. Терминдер жүйесі орныққан үлгі тіл ретінде ұсынылды. Орыс тілі бүкілодақ деңгейіндегі ерекше мәртебеге ие, ұлтаралық қатынастарды, ғылыми байланыстарды, сала мамандарының кәсіби қатысымын қамтамасыз етуге тиісті тіл ретінде белгіленді. Бұл үрдіс термин қорымызды ұлт тілінде жасау бағытын берік ұстанған Алаш зиялылары кеңестік жүйе тарапынан жойылған соң басталды. Оған дейін біздің термин қорымызды қалыптастырудың ешкімге жалтақтамай, тіліміздің төл табиғатынан туындаған өзіндік жолы, дәстүрі жасалып, орнығып келе жатқан еді. Ақаң бастаған Алаш зиялылары терминдердің негізгі бөлігін ұлт тілінде жасап, қалыптастыру бағытын ұстанды. Ал өз тілімізден ғылыми ұғымды дәл беретін атау табу мүмкіндігі болмай жатқан жағдайда туысқан түркі тілдерінен сөз алу қажет деп санады. Бұл да мүмкін болмаған жағдайда әлем халықтарының тілдерінде кеңінен қолданылып жүрген терминдерді қазақ тілінің дыбыстық, морфологиялық қалыбына бейімдей отырып, Еуропа сөздерін тікелей алуға болады деген қағидатқа сүйенуіміз керек деді. Байтұрсынұлынша айтқанда, жат сөздерді тілімізге «қазақтың шапанын жауып, тұмағын кигізіп барып қабылдау керек» деген тұжырым басшылыққа алынды. Яғни бөкебай, болыс, кереует, самаурын деген сөздер сияқты олар да ХХ ғасыр басында тілімізге енген терминдерді қазақтың өзінің айту мәнеріне лайықтай отырып, қазақ тілінің заңдылықтарын сақтай отырып қабылдап отырды.

– Ал алашордашылардан кейінгі термин қабылдау үрдісі қандай?
– Тіл саясаты қашанда мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатымен тікелей байланысты болады ғой. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары тұтқындалғаннан кейін Кеңес Одағы көлемінде терминдерді жасаудың, терминологиялық қорды қалыптастырудың бағыт-бағдары 180 градусқа өзгерді. Кеңес Одағы құрамындағы елдер арасындағы тілдік бөгетті жою керек деген желеумен терминқор қалыптастырудың жаңа бағыты ұсынылды. КСРО деп аталатын алып держава аумағында орыс тілі қарым-қатынастың, қоғам өміріндегі тіл атқаруға тиісті қызметтердің барлығын атқаратын басты тіл болуы керек болды. Орыс тілі – ғылымның, техниканың тілі, терминологиялық жүйесі жақсы дамыған, сондықтан ол одақтас республикалардың, жазуы кенже дамыған жұрттардың бәріне үлгі болатын тіл деген түсінік КСРО халықтарының санасына үздіксіз сіңіріліп жатты. «Тілдік бөгетті жою» үшін де, жүйеленген терминология жасау үшін де ұлттық республикалар барлығы да сол орыс тіліне жүгінгені дұрыс деген түсінікті қалыптастыруға баса мән берілді. Орыс тіліне негізделген жалпы кеңестік терминқор қалыптастырудың қажеттілігі ғылыми тұрғыдан «дәлелденіп», үздіксіз насихатталды. Сөйтіп, біз 30-жылдардан бастап, термин қабылдаудың кеңестік қағидаттарын, кеңестік жолын белгілеп алдық. Осылайша, Тәуелсіздігіміз жарияланғанға дейінгі 60 жылдай мерзім ішінде біз терминдерді, басқа да шет тілдерінің сөздерін өз тілімізге орыс тілінің емлесі, заңдылығы бойынша өзгеріссіз қабылдап отырдық. Орыс терминологиясы бізге барлық жағынан үлгі болып келді. Алаштықтар секілді төл терминдерімізді жасап, кірме терминдерді өз тілімізге бейімдеп алу жүзеге асырылмағандықтан да орыс терминологиясымен ортақтығы мол, ұлттық сипаты әлсіз терминқорын қалыптастырдық. Қысқасы, біз ол кезеңде жалпыкеңестік терминқор қалыптастыруға қызмет еттік.

– Ал енді ел тізгіні өзіміздің қолымызға өткеннен кейін термин жасау, термин қабылдау қандай жолдармен жүзеге асып жатыр? Кеңестік дәстүрден арыла алдық па?

– Жалпы, тәуелсіздік алған елдердің барлығы дерлік өзінің ұлттық сипаты басым терминқорын қалыптастыруға ұмтылады. Мұны табиғи құбылыс деп тану керек. Бізде де солай болды. 90-жылдардан бастап өзіміздің ұлттық негіздегі терминқорымызды жасақтауға деген талпыныс пайда болып, қазақ тілін термин шығармашылығында қолдану, ғылым тілін жетілдіру жолындағы жұмыстар біршама жандана бастады. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды да. Қазір біздің қолданысымызда жүрген терминдердің бір бөлігі – жаңадан жасалған немесе тіліміздің лексикалық қорында бұрыннан бар атаулар. Пассив лексиканың қатарына еніп, қолданыстан шеттеп қалған көптеген сөздеріміз қайтадан жарыққа шықты. Мысал ретінде әскери атаулардан бір-екі терминді алып қарайықшы. Бұрын біз «конвойный» деп жүрдік. Терминком бұл сөзді «айдауыл» деп бекітті. «Пристав» «жасауыл» болып өзгерді. Осы секілді өшкені қайта жанған, екінші өмірі басталып отырған бірқатар сөздердің барлығы – біздің тілімізде бұрыннан болған атаулар. Мәселен, бүгінгі қолданысымызға қайта еніп үлгерген әскери құрылымдаудың аттары – ондық, жүздік, отыздық, түмен, сардар, сарбаз деген секілді атаулардың барлығы – біздің көне лексикамыз. Тек көнерген сөздерді ғана емес, жергілікті лексика, кәсіби сөздер қатарынан да іріктеп алынған және тіліміздің сөзжасам тәсілдерін пайдалана отырып жасалған бірқатар жаңа терминдерді қолданысқа енгіздік. Оның ішінде ертеректе араб пен парсы тілдерінен қабылданып, тілімізге әбден сіңіп кеткен сөздер де бар. Осылайша, біз Тәуелсіздіктен бері қарай термин шығармашылығына өзіміздің тілімізді іске қоса бастадық. Бұл жерден пуризм, ұлтшылдық іздеп, қазақ тілі термин шығармашылығына шектен тыс араласып кетті деп байбалам салудың, оның онсыз да шектеліп келген мүмкіндігін тағы да шектеуге тырысудың еш қисыны жоқ. Керісінше, оның жасампаз, ғылыми ұғымдардың атауын жасауға, ғылыми ақпаратты жеткізуге қабілетті тіл екендігін іс жүзінде көрсету барша ұлт зиялыларының, тілді тұтынушылардың міндеті екендігін терең сезінгеніміз абзал.

– Бір кездегі араб шапқыншылығында бізге араб-парсы сөздері көптеп енді. Пайызға салғанда, қазіргі орыс тілінің ықпалынан кем соқпайтын шығар. Сол араб-парсы сөздері біздің тілдік заңдылықтарымызға бағынып барып енді ме, әлде біздің тіліміз сол тілдерге қарай икемделіп, өзгеріске ұшырады ма?

– Араб пен парсы тілдерінен енген сөздердің лексикалық қорымыздағы үлесі едәуір. Араб-парсы сөздері біздің тілімізге судай сіңіп, тастай батқаны соншалық, біз оларды еш жатсынбай, төл сөзіміз деп қабылдайтын дәрежеге жеттік. Неге? Себебі бұл сөздердің түгелге жуығы тілімізге біздің дыбыстық жүйемізге, тілдік заңдылықтарымызға бейімделіп барып кірді. Әрине, уақыт факторының да үлесі бар шығар. Бірақ негізгі себебі – кірме сөздердің біздің тілімізге дыбыстық тұрғыдан икемделуі. Ол кезде жалпыхалықтық тілге енген кірме сөздерді қабылдаудың тәртібін, тілдік нормаларды сақтауды мамандар, қазіргідей арнайы құрылымдар белгілеп бермеген. Халық тіліне енген өзге жұрттардың сөздерін өзінің айту мәнеріне ыңғайлап, табиғи түрде сіңіріп отырған. Рас, араб тілінің де дыбыстық жүйемізге ықпалы болды. Мысалы, көмекей арқылы дыбысталатын «Һ» әрпі әліпбиімізге енді. Тілімізде бұл әріп гауһар, жауһар, жиһаз, жиһан, жиһангез, қаһар, қаһарман, айдаһар, шаһар секілді бірнеше сөздердің ғана құрамында кездеседі. Яғни мұндай сөздер саусақпен санарлық. Сондай-ақ х, ф да араб-парсы тілдерінен енген сөздерден келіп дыбыстық жүйемізден орын алғандығы айтылып жүр. Ал жалпылай алғанда, араб тілінен енген сөздердің басым көпшілігі қазақ тілінің заңдылықтарына бейімделіп қабылданды. Ал кеңестік кезеңде керісінше, орыс тілінің емле ережелеріне нұқсан келтіріп алмауға тырысып, ол тілден енген сөздерді қаз қалпында, дәл орыс тіліндегідей нұсқада еш өзгеріссіз қабылдадық. Сондықтан қазіргі жағдайда да біз терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына негіздей отырып қабылдауымыз керек.

– Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуға қабілеті жоқ деген сыңайлы пікір жиі айтылып жатады. Бұл пікірдің ғылыми негізі бар ма?
– Мұндай пікір білместіктен айтылады немесе қазақ тілінің қадамын ашқанын қаламайтындар қоғамда сондай пікір туғызу үшін қаскөйлікпен қасақана айтады. Жалпы, көзі қарақты адамның мұндай негізсіз сөзге сенуі қиын. Халық тілі, ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дами алған кез келген жұрттың тілі ғылым тілі бола алады. Тек мемлекеттердің ұстанған саясатына, әскери-экономикалық жағдайларына байланысты үстем тілдер кейбір халықтардың тілдерінің ғылым саласындағы қызметін қолдан шектеп отыруы мүмкін. Бодандық бұғауынан босаған барлық елдердің тарихын қарайтын болсаңыз, ең алдымен тілінің қоғам өмірінің барлық саласындағы қолданысын орнықтыруға ұмтылатынын, төл терминдерін жасауға үлкен мән беретінін көруге болады.
Бұл құбылыс – отарсызданудың басты көріністерінің бірі. Қазақ тілінің де термин жасаудағы тәжірибесі, ғылым тілі ретіндегі ұлттық терминологиялық қор қалыптастыру мүмкіндігі 60 жыл бойы шектеліп келді. Біз терминдерді орыс тілінен лек-легімен қабылдауды немесе калька тәсілімен сол орыс тілінен тіке аударып алуды ғана білдік. Тіліміз толық мағынасындағы ғылымның тілі, техниканың тілі, ақпараттың тілі болуы үшін бұл салалардағы ұғымдар жүйесінің басым бөлігін ұлт тілі өзі атай алуы керек. Қазақ тілінде қазірдің өзінде көптеген ғылым салалары бойынша ғылыми еңбектер жазылады, диссертациялар қорғалады. Енді сондай еңбектер санын да, тілдің аталған салалардағы қолданысын да кеңейте беру керек. Ол үшін зерттеулерін ұлт тілінде жаза алатын, ғылыми ортада баяндама жасап, дәріс оқып, ойын еркін жеткізе алатын қазақтілді ғылыми қауым қалыптасуы тиіс. Ұлт тіліндегі терминологиялық қорымызды кәсіби түрде жасап, оны үнемі жетілдіре беретін де осы қауым болмақ. Қазақтілді микробиологтарды, кибернетиктерді, энергетиктерді көптеп дайындамай, ол салалар қазақша ешқашан сөйлемейді. Ал қазақ тілінің лексикалық қорын, сөзжасам тәсілдерін, стильдерін, жалғау-жұрнақтарын дұрыс пайдалана алатын салалық мамандар дайындалса, ғылымның кез келген саласы біздің тілімізде сөйлеп кете алады, оған тіліміздің мүмкіндігі толық жетеді.

Өзге тілдерден де қажетіне қарай сөз алуға болады, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ «терминдерді өзге халықтардың тілдерінен қабылдай берейік, шет тілдері сөздерін аударып әуре болудың мүлде қажеті жоқ» деген пікір біржақты айтылған. Қазақ тілінде термин жасау мәселесін шектеу керек деген пікір – тілді мешеулікке жетелейтін, оның жасампаздық қасиетін жоққа шығаратын жаңсақ әрі жадағай пікір. Сондықтан өз тілімізде термин жасауға қашанда айрықша мән берілуі керек.

– Өткенде Мәжіліс депутаты Сағынбек Тұрсынов бірқатар терминдерді сынға алған болатын. «Балконды – қылтима, душты – шаптырма, насосты – желжібергіш, стюардессаны – аспан серік, дочерняя компания дегенді қыз компаниясы» деп аударыпты деген сияқты көптеген мысалдар келтірді. Жалпы, көп адамдар осындай күлкілі естілетін терминдерді қабылдағанша, сол күйінде ала салғанымыз дұрыс шығар деген пікір айтады. Сіз не дейсіз?

– Әрине, кемшіліктерді түзету үшін сынның айтылуы керек. Орынды сыннан қорытынды шығармасақ, істің ілгері баспасы да белгілі. Сондықтан жанашырлықпен, кәсіби біліктілікпен орынды айтылған сындар қашанда пайдалы. Дегенмен соңғы жиырма жылдың ішінде біздің тіліміз жүздеген сәтті терминдермен де толықты. Оны да ұмытпағанымыз орынды болар. Жетістіктеріміз ешқайда қашпайтыны да рас, алайда сын айтушылардың көпшілігінің сынаған сөздердің орнын алмастыратын ұтымды ұсыныс жасайтындары некен-саяқ. Біздегі терминологияны сынағысы келгендердің көпшілігі осындай бірді-екілі, мүмкін он шақты сәтсіз жасалған сөздерді мысалға алады да, бүкіл ұлт тіліндегі термин шығармашылығын жоққа шығарып, қазақ тілін іске алғысыз қылып жатады. Рас, жаңадан жасалып, баспасөзде қолданылып жататын терминдер мен атаулардың арасында құлаққа түрпідей тиетін сөздер бар. Мұндай сөздерді Мемтерминком бекітіп, жалпыға міндеттеп, ғылыми қауым мен журналистер баспасөз беттерінде жаппай қолданып жатқан жоқ. Олар – жекелеген адамдардың авторлық қолданысы. Мен өз басым балконды – қылтима, душты шаптырма деп қолданып жүрген жұртты көрмедім. Бірақ осы секілді белгілі бір мысалдарды қайта-қайта айтып, жаңа жасалған терминдеріміздің түрі осы деп жүргеніміз бірінші рет емес.
Кәсіби шеберліктің, жауапкершіліктің жетіспеуінен пайда болған ондай атаулар термин шығармашылығының жалпы сипаты емес. Термин шығармашылығы дегеннің не екендігін білетін адам ондайларға түсіністікпен қарайды. Себебі ұлттың тілінде терминдер қоры жасалуы үшін терминдерді жасаймын, өз үлесімді қосамын дегендерге шектеу қойылмайды. Әркім өз ұсынысын білдіруге құқылы. Ұсыныстардың көп болғаны жақсы. Әрине, ұсынылған баламалардың бәрі бірдей сәтті, ұтымды болуы мүмкін емес. Әдетте оның ішінде асылынан жасығы көп болады. Ол да – табиғи нәрсе. Іші алтын, сырты күміс, пішіні мен мазмұны үйлесім тауып тұратын сөз жақсысын жасау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Сөз жасау деген асқан шеберлікті қажет етеді. Бас-аяғы жұп-жұмыр жақсы атау туындату нағыз сөз зергерінің ғана қолынан келеді. Ондайлар әдетте көп болмайтыны белгілі. Сондықтан әркімнің шама-шарқына қарай ұсынған баламаларының арасынан ең сәтті жасалғандарын іріктеп, елеп-екшеп алып, жалпы қолданысқа ұсыну, сәтсіз жасалғандарының қолданысына жол бермеу ең алдымен тілші, терминтанушы, терминші мамандардың, одан қала берді қалам ұстаған қалың жұртшылықтың міндеті. Ең оңайы – басқа тілдің дайын сөзін бас қатырмай, жан ауыртпай тілімізге қабылдай салу. Кеңестік кезеңде біз оған әбден машықтанған жұртпыз. Қазір де сол сара жолымыздан жаңылғысы келмейтіндер аз емес. Бізге кеңестік санадан арылып, термин жасаудың ұлттық үлгілерін орнықтырып, терминқор қалыптастырудың төл дәстүрін тұрақтандыру маңызды.
– Сіз Мемтерминком мүшесісіз. Мемтерминком қызметі қалай жүзеге асып жатыр? Сәтсіз терминдердің бекітіліп кетіп жатуының себебі неде?
– Терминология саласындағы ауқымды жұмыстарды Мемтерминком сияқты орган атқарғаны жөн. Бірақ оның құзыреті әзіргіден күшті әрі мамандандырылған құрылым болуы тиіс. Қазіргі терминкомның мүшелері – Қазақстанға белгілі білікті азаматтар. Олардың әрқайсысы – тілді жақсы білетін, көпшілігінің терминология мәселелеріне әр қырынан қатысы бар мамандар. Бірақ олардың барлығы бірдей тек сол термин жасау мәселесімен айналысып отырған жоқ. Әр тоқсан сайын бір жиналып, ұсынылған терминдерді бекітуге бірқатарының уақыттары әрең жетіп жатады. Кейде ондаған, жүздеген терминдер келіп түсіп жатқан кезде, мамандар олардың әрбірін сараптан өткізуге физикалық тұрғыдан үлгермей, жалпы мақұлдайтын кездері де болады. Сондықтан кейде бекітілген терминдердің арасында кейбір сәтсіз жасалған атаулардың орын алып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Кейін олардың қайта қарауға ұсынылып жататыны да содан. Бірақ дәл қазіргі кезде терминком қызметін өзіне берілген құзыретіне лайық атқарып жатыр. Ал оның жұмысын қазіргіден де жақсарту, жұмысының тиімділігін арттыру – өзіміздің қолымыздағы мәселе. Ол кеңесші орган болғандықтан, өзі бекіткен терминдерді қадағалайтын, олардың бірізді қолданылуын міндеттейтін құзыреті болмай отыр. Сондықтан оның мәртебесін қазіргіден де көтеріп, құзыретін кеңейткен жөн.
 
Мемтерминком терминологиялық жұмыстардың барлығын республикалық деңгейде үйлестіре алатын, терминологиялық сөздіктердің, терминдердің кем-кетігін анықтап, кәсіби сараптама жасауға қабілетті, терминге қойылатын негізгі талаптарды жақсы білетін мамандардан шоғырланған үлкен қуатты құрылым болуы керек.
– Құдайдың құтты күнінде сөз болып жататын бір жауыр сұрағымыз бар. Неліктен мемлекеттік құжаттар мен ісқағаздар әлі күнге дейін орыс тілінде жүргізіледі, заңдарымыз орыс тілінде жасалады?

– Ол үшін мемлекеттік құжаттарды дайындайтын мемлекеттік құрылымдардағы мемлекеттік тілде ойлайтын, сөйлейтін, жаза алатын сауатты мамандарды көбейту керек. Сонда бұл құбылыс өзінен-өзі өзгеріске ұшырайды.

– Посткеңестік кеңістік елдерінің көбі орыс тілін біртіндеп ысырып жатыр. Біз де солар секілді орыс тілін қарым-қатынас тілі статусынан айырсақ деген ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Қазақ тілі Конституциямызға сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қоғам өмірінің барлық саласында қызмет етуі керек. Оның бұл қызметін қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берген мемлекеттің өзі қамтамасыз етуге міндетті. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі толық қамтамасыз етілсе, бар мәселе өз-өзінен шешімін табады. Сонда қазір орыс тілі атқарып отырған қызметтің барлығын мемлекеттік тіл алмастырып, ол шын мәніндегі Қазақстан халқын біріктіруші факторға айналады. Яғни ол ресми қарым-қатынаста да, тұрмыстық деңгейде де кеңінен қолданылатын болады. Ел аман, жұрт тыныш болса, ол күн де алыс емес.
– Сұхбатыңызға рақмет.
 Сәкен КӨКЕНОВ

Саралы сөз
Халық тілі, ұлттық әдеби тіл деңгейіне дейін дами алған кез келген жұрттың тілі ғылым тілі бола алады. Ал қазақ тілінің оған мүмкіндігі әбден жетеді. Ол үшін зерттеулерін ұлт тілінде жаза алатын, ғылыми ортада баяндама жасап, дәріс оқып, ойын еркін жеткізе алатын қазақтілді ғылыми қауым қалыптасуы тиіс. Ғылыми еңбектер қазақ тілінде жазылып, мамандар арасындағы ауызша және жазбаша кәсіби қатысым жүзеге асып жатуы тиіс. Бар мәселе – оның ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отырғанымызда. Мәселе тілде емес, ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан, бай да оралымды тілімізді іске қосып, ғылымның сан түрлі салаларында қолдана білуімізде болып отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста