Қазақтың ұлттық сана-сезімі өссе, сапасы да артады

Қазақтың ұлттық сана-сезімі өссе, сапасы да артады

Аманжол ҚАЛЫШ, тарих ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі:

– Аманжол аға, сізде ұлттық құндылықтарымызды халық санасына кешенді тұрғыда сіңірсек, еліміздегі дін, діл, тіл және тағы басқа мәселелер өздігінен шешімін табады-ау деген ой тумай ма?
– Ұлттық құндылықтарымыздың ең басты көрсеткіші – ұлттық сана. Мәселен, жебірей ұлтының екі мың жылға дейін өзінің мемлекеті түгіл, жері болмады. Әлемде тарыдай шашырап жүрді. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында олар өз мемлекетін құруға білек сыбана кірісті. Осы мақсатта 1930-1940 жылдардан бастап Палести­наға жебірейлер шоғырланды. 1947 жылы мемлекетін құрды. Үш мың жыл бойы қолданысқа енбеген өлі тілдерін қайта тірілтті. Жоқтан бар жасады. Мұның бәрі – ұлттық сана-сезімнің арқасы. Өз ұлтын әрдайым мақтаныш қылды. Біз де сондай болуымыз керек. Ұлттық сана-се­зімі көтерілген халықтың сапасы артады. Ұлттық сана-сезім салт-дәстүрмен, тіл­мен бірге бойға сіңеді. Әлбетте, мұнда отбасыдағы тәрбиенің маңызы орасан. Кезінде Ресей Федерациясының Орск қаласында оқып, Алматыға орысша тәр­биеленіп оралдық. Қазақ боламыз деп тек қазақтілді ортамен араластық, үйіміз­де де тек қазақша сөйлестік. Алматыда шешендер де, сығандар да тұрып жатыр. Олар тек өз тілдерінде сөйлейді. Ал біздегі шала қазақтар балабақша орыс­ша, мектеп орысша, орта орысша деп ақталады. «Бізде қостілділік қалыптасқан» дейміз. Қостілділік жағдайында міндетті түрде біреуі жеңіске жетеді. Әбден орнығып алған орыс тілінің айдарынан жел есіп тұрғалы қай заман? Қаладағы мекеме атаулары мен жарнамалардың басым бөлігі орысша жазылған, оған енді ағылшын тілі қосылып жатыр. Жалпы алғанда, билингвизмнің салдары – бұрынғы қалыптасқан тоталитаризмнен келе жатқан құйтырқы саясаттың жалға­сы. Оған қарсы тұрудың құралы мемле­кет тілін кең таратудың жолы – өз құнды­лығымызды арттыру, салт-дәстүрімізді нығайту.
– Күн санап ұлтаралық неке саны артып келеді. Тіпті бейре­сми деректер бойынша, мұндай некелер саны 40 пайызға шамаланды деген ақпар бар. Өзіңіз айтқан ұлттық сана-сезім­нен мақұрым азаматтарымыз­дың аралас неке салдарынан өзгелерге жұтылып кету қаупі төніп тұрған жоқ па?
– Аралас неке – елімізде 18% шама­сын­да. Өзім осы тақырыпты зерттеп жүр­геніме біршама уақыт болды. Әлгі 40% деген дерек орыстар көптеп орнығып қалған аймақтарға тиесілі. Қазақстандағы орыстар арасындағы аралас неке – 30%, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақ­станда 70%-дан асса, белорус, поляктар­да бұл үрдіс 90-100%-ға дейін жетеді. Поляк, белорус, орыс халықтары бір-бірі­мен ойланбастан қосыла береді. Өйт­кені, қалыптасқан мәдениеті, діні, тілі бір. Қазақтарда ұлтаралық неке 10-15%-дан аспайды. Аралас некедегі қазақтар­дың тең жартысы орыс ұлты азаматтары­мен жұптасқан екен. Қалған жартысы түркітектес ұлттармен отбасын құрған. Алматы облысында ұйғырлармен отас­қандар көп болса, Оңтүстік Қазақстанда өзбектермен қосылғандар үлесі басым, Солтүстік жақта орыс ұлтымен шаңырақ көтергендер қатары көп. Аралас отбасы­ның құрылуын барлық халық түгелдей қолдай береді деуге болмайды. Әдетте, аралас некеге наразылық білдіретін қарттар әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі болатындығын, оларды өзге ұлттардың түсіне бермейтінін көлденең тартады. Шынында да, әр отбасы басқа ұлттан болған келіннен де, күйеу баладан да өз ғұрпын сақтауды, оны мүмкіндігінше орындауды қалайды. Сондықтан мұндай жағдайға тез бейімделіп кеткендер тату отбасын құрып, екі жақтың да тілін тауып, өз ұлтынан кем болмай, бірігуі қажет. Ал ортақ тіл таппаған жағдайда отбасының шырқы тез бұзылатын кездер де болып тұрады. Сондықтан аралас отбасын құру қай жағынан болса да неке мәселесіне өте мұқият қарауды талап етеді. Ұлттық әдет-ғұрып тосқауылын жеңіп, ұлтаралас отбасын құрған жағдайда екі ұлттың ең жақсы, алдыңғы қатарлы әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері тоғысып, өмірге деген көзқарас кеңейіп, бірін-бірі байыта, дамыта түскендей болуын қажет етеді. Енді Қазақстандағы ұлтаралас отбасылар­дан шыққан жасөспірімдердің өздерінің ұлтын анықтайтындығына келетін болсақ, мұнда жоғарыда айтылғандай, көп жағдайда олардың тегі, діні, тілі, мәде­ние­ті жақын ұлттарға ұмтылатыны анық байқалады. Мысалы, ерлі-зайыптылар­дың бірі қазақ болған некелерде жас­тардың басым бөлігі айрықша қазақ ұл­тын қалайды. Мысалы, қазақ-орыс отбасыларында 87,3-тен 95,8%-ға дейін­гі жасөспірімдер өздерін қазақ ұлты­мыз деп есептейді. Ал қазақ-татар, қазақ-башқұрт, қазақ-өзбек және қазақ­тардың т.б. аралас түркітектес отбасыла­рында қазақпыз деп есптейтіндердің көр­сеткіштері одан да жоғары, 97,9%-дан 100%-ға дейін.
– Қытайға шығатын қазақ қыздары көбейіп отырған көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Шыны керек, бұл тұрғыда статисти­калық дерек жоқ. Бар болса да, өте аз. Бірақ оны мүлде жоққа шығаруға да бол­майды. Қытай мемлекеті басқа елге барып қоныстанған өз азаматтарына қаржылай көмек көрсетеді. Қытайлықтар барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, сосын өзге де отандастарын солай қарай тартып отырады. Канададағы Ванкувер қаласы тұрғындарының 70%-ын қытай­лар құрайды екен. Қалай кіріп кеткен? Саясаты сұмдық емес пе? Қытайлар отырып қалған, ажырасқан немесе тіпті күйеуі қайтыс болған қыз-келіншектермен қосылып, қалай да көбеюді көздейді.
– Қазақ тарихында әлемдік деңгейдегі соны жаңалықтар ашылып жатыр. Бірақ мектеп бағдарламасындағы оқулықтар ұлттық мақтаныш туғызатын бұл жаңалықтардан бейхабар тәрізді. Неге?
 – Дұрыс айтасыз. Бұрын тарих оқу­лық­­тары мен кітаптарын Тарих институты ғана шығаратын. Қазір кім болса сол, шамасы жеткеннің бәрі тарих жазатын болған. Көңіл толмайды. Ең ақыры, ер­тегі кітаптардың өзінің безендіру сапасы төмен. Түк тартпайды. Орыстардың, ағыл­­шындардың ертегі кітаптары бала­ларды өзіне үйіріп алатындай көркем жасалған. Дамыған елдер өз тарихын қалай әспеттейді?! Солардан үйренуіміз керек. Сосын бізге шынайы ғылым бәсе­кесі қажет. Қазақ тарихы бес томдық болып жарық көрді. Ол не? Ғасырлардан ғасырларға тереңге кеткен қазақ тарихы бес-ақ томға қалайша сыяды? Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтына Хангелді Әбжанов есімді үлкен ғалым директор болып келіп, қазақ тарихын 20 томдық етіп шығарғалы жатыр.
– Мемлекеттің, қаланың, өлкенің тари­хы заттай айғақтарымен мұражайларда сақтаулы. Атқамінерлердің көпшілігі мұра­жайға мұрын шүйіре қарайды. Ау­дандық мұражайлардың қараусыз қал­ғаны қай заман? Мұражайды менсінбеу – ата тарихты, қала берді, өз ұлтыңды мансұқтау екенін түсінбейтіндей. Сондай-ақ, кейде мұражай таныстырушы-гид қызметкерлерінің тарихи танымы кеңес­тік кездегі ұғым-түсініктерден арылма­ғандығын байқап қаламыз.
– Аймақтардағы жергілікті басшы азаматтар өздері құлшыныс білдіріп, өз жерінен шыққан кәсіпкерлерді тартып, неге мұражайларға жан бітірмейді? Қазір барлығы атағын шығару үшін мешіттер салып жатыр ғой. Мұражай да салсын зәулім етіп. Кім қой деп жатыр? Әл-   Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің тарих, археология және этноло­гия факультеті, оның ішінде біздің архео­логия, этнология және музеология кафед­расы өз ісіне берілген кәсіпқой жас мамандарды әзірлеп жатыр. Мемлекетте оң бетбұрыс бар. Магистратурада оқыған жас мамандарымыз Мәскеудегі Третья­ковский галереясын, Санкт-Петербургтің Эрмитажын, Париждің Луврын көзбен көріп қайтып жатыр. Олардан қәсіпқой маман шығатынына біз әбден сенеміз.
 – Ғасырлардан ғасырларға жеткен отбасылық салт-дәстүрімізді діни ағымдар тарапынан жоққа шығару үрдістері көрініс тауып жүр. Бұған не дейсіз?
– Қазір не көп – діни ағымдар мен бір­лес­тіктер көп. Астанадан да, Алматыдан да католиктердің үлкен шіркеулері бой көтерген. Кришна, иогова, баптистердің жаңа шіркеуі сияқты секталардың жетегінде қаншама қаракөздеріміз кетіп жатыр. Мұсылмандар өз ішімізде жікте­лу­деміз. Ливан деген араб мемлекетінде төрт жарым миллион ғана халық өмір сүреді. Елінде ауызбіршілік жоқ. 1947 жылы отарлаушы француздар кетерінде заңдарына мемлекет президентін – христианин-маронит, премьер-минист­рін – мұсылман-сүннит, парламент төрағасын – мұсылман-шейіт, оның бір орынбасарын – христианин-православ, екінші орынбасарын христианин-католик етуді енгізіп кеткен. Содан осы күнге дейін елді ала тайдай бүлдірген бүлік пен соғыс толастаған емес. Біздің елде сон­дай ахуалды қайталатпау үшін мемлекет басшылары ертеңгі күнді, болашақты ойлаулары қажет. Мысалы, әлемдегі 33 түркі халықтарына келсек, оларда да дәл осындай жіктелу көрініс тапқан. Олардың біраз бөлігі мұсылман дінін ұстанады. Ал чуваш, гагауз, алтай, сақалар – христиан дінінің православиесін, қарайым мен қырымшақтар – иудаизмді, тувалар ла­маизмді дін ретінде қабылдады. Бәрінің түп отаны – Алтай, ортақ діні тәңіршілдік болды. VIII-IX ғасырлардан бастап арабтар Қазақстан жеріне ислам дінін таратты. Ханафи мазһабы біздің ислам дініне дейінгі құндылықтарымызды ескерді. Екеуінің де құдайды жалғыз деп танығаны сияқты ұқсастықтары жоқ емес еді. Ислам діні мен біздің тәңірлік наным­дарымыз біте қайнасып, халықпен бірге өмір сүрді. Енді шеттен оқып келген дүм­ше молдалар жаңа түскен жас келін отқа май құймауы қажет, иіліп сәлем салмауы тиіс, қайтыс болған адамның жетісі, қырқы берілмеуі керек деп, ұлттық салт-дәстүрлерімізге тыйым салғысы келеді. Әдет-ғұрыптарымыз қаншама жылдан бері қазақтың қанына сіңіп кеткен жоқ па? Алақандай жерде ғұмыр кешіп жат­қан өзбектер ешкімді күтпестен бір күннің ішінде мәйітті жерлейді. Арабтардың жерлеу рәсімін жедел өткізуге асығуы күннің шектен тыс ыстығы әсер ететін болса керек. Ал бізде, қазақтарда – үш күнге дейін қайтыс болған адамды жерлемейді. Өйткені көшпелі халық бір-бірінен шалғай орналасады. Әрі туған-туыс, ағайындары да анағұрлым көбірек. Алыстап бара жатқан ағайынмен байланысты үзбеу үшін сүйек жаңғыртып, әрі тектілігіне қарап, жеті атадан асырып барып қыз алатын қазақта туысқандық, бауырмалдық қатынастар өте жақсы дамыған. Келін отқа майды не үшін құяды? Сол үйге құрмет көрсетудің белгісі бұл. Тағы «өлітірісін» беріп, мал сойып жатамыз. Ежелден «өлі разы болмай, тірі байымайды» деп сенген халқымыздың аруақтарға арнап бағыштағаны. Арабтар­да аруақ деген мүлде ұғым жоқ. Біз аруақты айтпағанда, табиғаттың әртүрлі құбылыстарын, тау-тасын, ағаш, бұлағын қасиет тұтамыз. Келесі жолы тағы осында оралуды жазсын деп аруақтарға арнап ағашқа шүберек байлаймыз. Жолымыз болсын, көзіміз ашылсын деген ниетпен бұлақтардың көзін ашамыз. Бәрі де – тәңірлік наным жұрнақтары. Ханафи мазһабымен біте қайнасып, осы күнге дейін сақталып келеді. Ислам дініне де­йін­гі наным-сенім, салт-дәстүрлер тура­лы кітаптар да жарық көріп жатыр.
– Кейінгі кездері отандық тарих ғылымында елдің рухын оятардай, ұлттық мақтанышын асқақтатардай қандай тың жаңалықтар бар?
– Тарих ғылымының докторы, про­фес­­сор, факультетіміздің деканы Жакен Таймағанбетов Түркістан маңайындағы Қошқорған деген жерден біздің заманы­мыздан 600 мың жыл бұрын адамдар мекендеген тұрақ тапты. Біз өз жерімізге аспаннан салбырап түскен жоқпыз, басқа жақтан көшіп келмеген екенбіз. Ата-бабаларымыз 600 мың жыл бұрын да осында мекен еткен. Ежелден осы жерге түп-тамырымыз байланып өмір сүріп келе жатқан жайымыз бар деген сөз – ол. Бұл әлемдік сенсация тудырды. Қазақтар­дың пайда болуы туралы екі түрлі көзқа­рас болды. Бірі – қазақ өз жерінің байыр­ғы тұрғыны, екіншісі – көшіп-қонып келген деген болжам. Атаулы жаңалық таласты болжамдарға нүкте қойды. 1969 жылы Кемал Ақышев Есік қорғанынан «Алтын адам» тапты. Осындай «Алтын адам» тәрізді ескерткіштерді белгілі археологтер З.Самашев, Ә.Төлеубаев, А.Бисенов Қазақстанның басқа да ай­мақ­тарынан тапты. Кезінде, 1926 жылы ағылшын археологі Г.Картер дүние­дегі ең көп байлықты Тутанхамон табытханасын тапса, одан кейінгі орында Кемал Ақы­шевтың айды аспанға шығарған «Ал­тын адамы» тұр. Қазақтар артта қалған деп Жириновскийлер айтып жүр. Солай де­ген орыстың мемлекеті IX ғасырда пайда бола бастады. Мемлекеттіктің, өркениет­тің бір нышаны шәр-шаһар десек, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында II-III ғасырлардан бастап қалалар болды ғой. Бір ғана Түркістанның екі мыңжылдық тарихы бар екен. Қазақтың өз тарихы жоқ, жас мем­лекет деп санаға сіңіріп тастады. Біздің елдің бес мыңжылдық тарихы бар. Біздің мыңдаған жылдық тарихымызда бір емес, 25 мемлекет болды. Енді айты­ңызшы, кім кімге аға, кім кімге іні?

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Қазақ тілі мәселесін айтып келе жатқанымызға 20 жыл болды. Латын әліпбиіне өтсек, тіл мәселесі жолға қойылатын еді. Қазақтың әп-әдемі ұл-қыздары орысша сөйлесіп бара жатқа­нын көргенде ішім ашиды. Қазақтың тілінде өзіміз сөйлемесек, кім сөйлейді? Батыс мемлекеттерді айтпағанда, Балтық жағалауы елдері, Армения, Грузия, Өзбекстанда мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындарға тосқауыл кояды. Біз де осыны ойлауымыз керек. Екіншіден, жастарымыз әдет-ғұрыптары­мызды жақсы игеріп, ұлттық сана-сезімін дамытуы тиіс. Ұлттық сана-сезім болмаса, ақпараттар тасқыны дамыған мына заманда жұтылып кетеміз. Батыс басқыншылары ақпараттық экспанциямен осы жаз-күз айларында Тунис, Ливия, Мысыр елдерінде не істегенін көріп, біліп отырмыз. Ертең «қап» деп өкініп қалмау үшін өзіміздің ішкі тірегіміз болуы қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста