Қазіргі жастар өнерді бағаламастан, оңай танылудың жолын тауып алған
Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, академик, профессор:
– Дариға апай, сіз 40 жылдан астам уақыттан бері тіл өнерін дамытуға еңбек сіңіріп, жүздеген сахна түлектерін тәрбиелеген ұлағатты ұстазсыз. Жалпы, тіл өнері дегеніміздің өзі не? Біздің елде қаншалықты қалыптасқан?
– Сенсеңіз, бұл өмірде тіл өнерінің дамуына үлес қосамын деп ойлаған емеспін. Себебі мен консерваторияның театр факультетінің актерлік бөлімінде актриса боламын деп оқуға түстім. Бірақ сол актерлық бөлімді төрт жыл оқып, үздік бітіргеннен кейін сол кездегі ректорымыз Ғазиза Ахметқызы Жұбанова және өзімнің ұстазым Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, профессор Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева «сенің білімге, ғылымға деген ұмтылысың мықты және тілің таза, біз сені Мәскеуге оқуға жіберіп, осы сахна тілі деген пәнді тірілтуіміз керек. Өйткені бізде актер шеберлігі пәні жүріп жатыр, бірақ онымен қатар сахна тілі жүрмейді. Сондықтан келіп жатқан «келдім, кеттім» ұстаздар бұл пәнге терең мән беріп қарамай жатыр. Біз актерлардың, болашақ өнер адамдарының тілін үстірт пәнмен бекіте алмаймыз» деп, мені алып қалды. Әрине, жас кезде кімнің әртіс болғысы келмейді?! Құрбы-құрдастарым сахнаға шығып жатқанда мен де армандап, жылап, ұстаздарыма ренжіп, көңілімнің қалған кездері де болды. Бірақ ол заманда үлкенді тыңдау, олардың берген бағыт-бағдарына құлақ асу деген тәртіп болатын. Сол инабаттылық па білмеймін, бір білетінім, біз ұстазды кемеңгер деп есептедік. Бізге ұстаздар шәкіртінің ертеңін көріп тұрғандай сезілетін. Сөйтіп, сахна тілінен сабақ бере бастадым. Бірақ кейіннен бұл салада біздің біліміміздің жетіспей жатқанын түсініп, Мәскеуге білімімді жетілдіруге аттандым. Онда Станиславскийдің шәкірттері Ирина Козлянинова мен Ирина Промотовалардан білім алдым. Сол жылдары сахна тілінің ірі мамандарымен таныстым. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, құпияларын ашып, көп нәрсені үйретті. Әлі есімде, бір күні мынадай сұрақ қойдым. «Қазақ жастары сөйлегенде тамаққа салып, қылқынып сөйлейді. Солардың тамағындағы ашық дыбыстарды қалай жөндеуге болады» деп сұрап едім, ұстазым Ирина Козлянинова маған ренішті көзбен қарады. Сондағы берген жауабы мынадай еді: «Бұл қалай болғаны? Сенің қазағыңның тамағымен қылғынып сөйлейтінін, оның кедергісін, оның ерекшелігін, себебін сол қазақтың қызы сен таппасаң, мен орыстың ұстазы қайдан табамын?», деді. Сөйтіп, маған қазақтың сөйлеудегі осы бір келеңсіздігін жоюдың жолын табуды маған ұстазым тапсырма ретінде берді. Козлянинова өмірден өтер алдында маған бұл саланың барлық құпияларының кілтін тапсырып кетті. Адамның маңдай терісінен бастап, ішіндегі жұтқыншағы мен кеудеге дейінгі нүктені ашатын құпия, графикамен жасалған затын аманат етіп тапсырды. Қарап тұрсаңыз, сол кезде қаршадай ғана қазақтың бір кішкентай қызымын. Осылайша, ұлағатты ұстаздардың арқасында білімімді жетілдіріп, елге қайттым. Содан бастап Алматыда тіл өнері мен сахна тілінен жүргізілген сабақтардың өрісі кеңіп, көсіле бастады. Білім жетілдіруімізді де тоқтатпадық. Кейін ТМД елдерін аралап, үлкен ғылыми жиындарға қатыса бастадық. 80-жылдары қазақ балалары арасынан тіл өнерін шебер меңгерген, шәкірттерді іріктеп, қазіргі Санкт-Петербург (сол кездегі Ленинград), Мәскеуге түрлі жарыстарға да шығып жүрдік. Аздаған уақытта қаракөздеріміз биіктерден көрініп, жүлделі орындарға қол жеткізді. Бірақ ол кезде қазақ балалары байқауларға барса материалдарының барлығын тек орыс тілінде оқитын. Сайыстар аяқталған соң, міндетті түрде жиындар өтетін. Сол жиындардың бірінде қатысушы ұлттардың өз тілінде материалдарын оқуына рұқсат беру туралы мәселе көтерілді. Сонда мен «Егер орыс балалары қазақ жеріне келіп, қазақ тілінде екі ауыз сөз оқып берсе, жалғыз ғана бас жүлде емес, тігілген сыйақының барлығына ие болар еді» деген ұсыныс айттым. Осылайша, келесі байқауларда қазақтардың атынан барған балалардың қазақ тілінде дайындалып келуіне рұқсат берілді. Сөйтіп, біздің елге тіл өнері қаншама қызықпен, шыжықпен келген. Тәуелсіздігімізді алдық, атам заманнан аңсап келген арманға қол жеткіздік. Қазақстан дегеннің түп тамыры – тіл, қазақ тілі. Бірақ қазір айтылып жүрген тіл мәселесіне қатысты «біздің Ана тіліміз құрыды, жойылудың аз-ақ алдында тұр» дейтіндермен келіспеймін.
Себебі бізде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды абзал ағалар мен аналардың, өнер тарландарының қалдырып кеткен шәкірттері қазақтың дәстүрлі әндерінің тағдырын жалғап, театр өнерінің мектебінің негізін салған профессорлар А. Тоқпанов, Р.М. Қаныбаева, Х. Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ы. Ноғайбаев, Н. Жантөрин ағалардың салған іздерін жалғастырып келе жатқан, біздің қазіргі қоғамда әлі көненің көздері баршылық. Ал жалпы тіл мәдениеті мен тіл өнерінің біздің мемлекетте ақсап тұрғаны рас. Өйткені қазақ, қазақ тілінде сөйлеуге ерінеді. Бізді орыс тілін меңгеруге, орыс тілінде оңай сөйлеуге әдеттендіріп жіберген. Сондықтан ауру қалса да, әдет қалмайдының күйін кешіп жатырмыз. Ал тіл өнері дегеніміздің өзі не? Әдемі, көркем, мәдениетті сөйлей білудің өзі – өнер. Өз заманында Төле, Әйтеке мен Қазыбек билеріміз – шешендік сөздің атасы болған адамдар. Олардың сөйлеген сөздері құр сөз емес, нағыз өнер деп есептелген. Дүйім жұрттың алдына шығып сөйлеу үшін ең алдымен әрбір сөзің таза болуы керек. Шешендік сөздер, аталардың нақылы мен ақылы құдды шыт көйлекке тігілген көркем оюлардай ойылып тұрса, сөз де сол құрлым төгіле береді. Яғни көркем сөйлеу, тіл өнері мен мәдениеті жеке мектеп пен шешендікке айнала түседі. Риторика, шешендік өнер дегеніміздің өзі – осы. Тағы бір ескере кететін жайт, ол – табиғи, жан-тәніңмен сөйлеу. Тіл өнерінде жасандылыққа орын болмаған, бола алмайды да. Біздің қоғамда тіл өнері қаншалықты қалыптасқан? Сөз сөйлегеннің бәрі тіл өнерін меңгергендер емес. Тіпті ел алдына шығып алып, жергілікті диалектілермен «анияқ, мұнияқтап» тұратын басшылар да бар. Және біздің қазақ соңғы кездері «сияқты» деген сөзді көп қолданып жүр. Ал «сияқты» деген не ? Ол қандай сөз? Неге ол не «болады» не «болмайды» емес? Басшылар айтатын «сияқты», ол – сенімсіздік. Демек, сенің пікірің халыққа қажет емес. Бұл – тек бір ғана мысал. Ал біздің қолданыста мұндай артық сөздер жетіп жатыр. Осыдан-ақ тіл өнерінің қазіргі қазақ қоғамында қаншалықты қалыптасқанын түсінуге болады.
– Сіз тіл өнерінің қазақ жерінде қалай қалыптасқанын айтып өттіңіз. Бірақ қазіргі таңда біздегі тіл өнері шорқақ және ана тіліміздің тағдыры қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі ретінде танылып отыр. Сіздің ойыңызша, қазақ тілін және жалпы тіл мәдениетін дамытудың ең тиімді жолы қандай?
– Егер мен қазақ тілінің және тіл мәдениетін дамытудың жалғыз жолы мынандай деп кесіп салып, бір ғана тұжырым жасасам, әрине дұрыс болмайды. Неге? Себебі тіл – өте күрделі мәселе. Оған бір адамның махаббаты, жан айқайы жеткіліксіз. Ана тілін дамыту үшін ең алдымен, тілге деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат қажет. Ал тіл өнері мен мәдениеті білім мен біліктіліктен құрылады. Сұлу сөйлей білу үшін ата-бабаның қалдырған асыл сөздерін оқып, санаға тоқуың керек. Сондықтан ол қарапайым адам болсын, ол ел алдына күнде шығып жүрген өнер адамы болсын, білім беріп жүрген ұстаз болсын, әкім болсын, депутат болсын тіл мәдениетін олардың өз санасына қалдырар едім...
– Иә, сіз қазір ғана барлығы да білім мен біліктілікте деп отырсыз. Білім демекші, сіз еліміздегі сахна тілінің мамандарын оқытасыз. Еңбек жолыңызды бірер жылға кері шегіндіріп, өткенге біраз шолу жасап шығыңызшы. Бұрынғы жастар мен қазіргі жастардың арасындағы айырмашылық дегендей...
– Бұл – өте күрделі сұрақ. Неге десеңіз, бұрынғы жастарда, студенттерде өздері таңдаған мамандыққа, оқуға деген махаббат, құлшыныс өте жоғары деңгейде болды. Бірақ сенімсіздік пен мүмкіншілік, мінездегі ұяңдық басым болатын. Мысалы, актерлықта оқыған жастар киноға түсу үшін барып, өздерін ұсынып болмаса көзге көрініп, жүгірмейтін. Оларда тіл де, білім де бар. Бірақ қоғамда қазіргідей шапшаң мінезді, пысықтық тым аз еді. Ұстазға құрмет, сыйластық – қазіргі қоғаммен салыстырғандағы ең басты ерекшелік. Ал қазіргі жастарда, студенттерде немқұрайдылық пен өзімшілдік басым. Өйткені өнерді бағаламастан, оңай танылудың жолын тауып алған. Технология дамыған, халықтың алдына шығып өтірік сөйлеп, өнер көрсетіп, ақша табуға да болады. Мұндай жолмен тек технологияның дамуына жол бар, бірақ тіл өнерінің болмаса жалпы өнердің дамуы мүмкін емес. Онымен салыстырғанда біздің заманның жастары кітап оқыды, ізденді...
– Дариға апай, сіз жалпы жастардың сана-сезімін салыстырып отырсыз ғой, енді сол жастардың, студенттердің тіл өнері мен мәдениетіне деген көзқарастарын салыстырайықшы...
– Қазіргі жастардың арасында «жұлдыз» деген ұғым бар. Жұлдыз болу, жұлдыз ауруымен ауыру тағысын тағы. «Жұлдыз» деген не, қандай болады? Болмаса кім жұлдыз бола алады? Оны өздері де білмейді. Жұлдыз болу үшін жан-жақты білімің болуы керек. Әсіресе тіл өнерінде сен Әуезовтің тілі қандай, Мүсіреповтің тілі қандай, Майлиннің тілі қандай, айырмашылығы неде, стилі мен жазуы қандай, білуің қажет. Ал қазіргі жастарда салғырттық пен жалқаулық өте басым. Сондықтан авторларды терең білмегендіктен, өнердің айналасындағы жастардың тілінде жұтаңдық тым көп. Әсіресе театрға барған кезде жаныңа батады. Кезінде кемеңгер Ыдырыс Ноғайбаев, Жантуриндердің қойылымдарындағы сөздер қандай дана еді, шіркін, төгіліп тұратын. Бәлкім, уақыт өте келе бұрынғы жастардың тілге, тіл өнеріне деген ғашықтығы қайта ортамызға орала жатар, бірақ әзірге көңіл көншітпейді.
– Сіздің әрдайым ең бірінші айтатын ақылыңыз, кеңесіңіз, жөн сілтеп, жол көрсетер бағытыңыз қандай? Және қазіргі зиялы қауымның тіл және сөйлеу мәдениеті сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Алдымызға төрт жыл білім алу үшін келетін 17-18 жастағы жастарымызды ең алдымен, ата-бабаның фольклорлық тілінен, адамшылдықтан бастап оқытамыз. Бірақ студенттерімнің алдына қоятын ең басты, бірден-бір тәртібім де, ақылым да – шындық. Жалған айтып тұрған баламен сол күні жұмыс істемеймін. Себебі жасанды дүние әрдайым үгітіліп түсіп қалады, ол ешкімнің жүрегіне жетпейді, ешкімді сендіре алмайды. Шындықтың өзінің бірнеше түрі бар. Мысалы, үннің шындығы. Іштен шығатын сөз, сөзді құрайтын дыбыстың өзі шын жүректен, жаннан құралуы тиіс. Ал қазіргі зиялы қауымның сөйлеу мәдениетіне келсек, маман ретінде қазақтың ақын-жазушыларының сөйлеу мәдениеті мен сөз саптауларына сын айтып, көңілімнен шықпайды деп айтудан аулақпын. Бірақ саясат орындарында отырған үлкен, ұлағатты азаматтардың көбінің сөйлеген сөздеріне қарапайым халық қанағаттана бермейміз, сөйлеу мәдениеттеріне қарап қарынымыз ашып отырады. Өйткені елдің, жұрттың мәселесін шешіп, тағдыры жайында сөз қозғап отырғаннан кейін сөздерінің мән-мағынасына да терең мән бергендері жөн. Сонда ғана халық терең ұғынып, кез келген жағдайдан салмақты ой түйе бастайды. Қоғамда күнделікті болатын келеңсіздіктер неге жиілеп кетті? Себебі түсініспеушілік орын тепкен. Елбасымыз бен қалың жұртшылық сенім артып, ол азаматтарды орынтаққа отырғызды ма, шенеуніктеріміз жан-жақты жауапкершілікті сезулері керек. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов сөйлесе жиналған халық ұйып тыңдап отырады. Неге? Себебі ол азаматтың сөзінде шынайылық, шешендік, ең бастысы сөйлеу мәдениеті бар. Қазіргі қоғамда жиі ескеріле бермейтін тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – біздің күш құрылымдары, МАИ қызметкерлерінің сөйлеу мәдениеті. Әскери адамдардың сөздерін түбегейлі тазарту керек. Тіпті оларға тіл білімінен сабақ берсек, артықшылық етпейді. Шаһарымызда не көп? Жол апаты көп, адам өлтіру, тонау, зорлық пен зомбылық тағысын тағы. Ал сол оқиға орнына келген полицей мырзалар қайғыдан қан жұтып тұрған азаматтармен адамша сөйлесуді білмейді. Оқиғаға тікелей қарайтын әскерилердің сөзінде бір шындықтың болуы тиіс, бұған тоқтам салуымыз керек. Себебі бұл мәселе күнделікті қаралмаса да қоғамның дамуы мен халықтың арасында түзу, дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін маңызды роль атқаратын мәселе. Қазіргі қоғамда мәдениетті, сыпайы, әсерлі де, әдемі сөйлеу тек әртістерге ғана тән деген қате ұғым қалыптасқан. Егер біз Қазақстанның барлық саласында біріншіден мемлекеттік тілді қатыстырып, қалыптастырып, дамыта түссек, оған қоса тіл мәдениетіне деген бетбұрысымызды бір жолға түсірсек нұр үстіне нұр болары анық.
– Бүкіл өміріңізді арнап отырған сахна тілі саласында сіздің айрықша орныңыздың бар екеніне ешкімнің таласы болмас. Десек те, бұл саланы дамытуға қаншалықты үлес қостым деп айта аласыз?
– Айтып өткенімдей, тіл өнерінің дамуына үлес қосамын деген ойым болмаса да бұл салаға көп еңбек еттім деп айта аламын. Себебі еңбек жолымның басында бірнеше мақала жазып, кітапшалар шығарып жүрсем, кейіннен оқулық жазуға бел байладым. Уақыт өте келе «тіл мәдениетін сақтайық, тіл өнерін дамытайық» деген құр сөзден еш нәтиже шықпасын түсініп, тұңғыш «Сахна тілі» атты оқулық құралымды шығардым. Соңынан «Көркем сөз оқу шеберлігі» деген туындым жарыққа шықты. Бәрібір бұл салаға жазылған еңбектерімнің бір нәрсені қамтымай кеткенін сездім, бір нәрсе жетіспеді. Ол – тіл техникасы. Сөйлеу мәдениетін сақта дегенде алдымен кез келген адамға бағыт-бағдар көрсету керек. Ойлана келе «Сырлы сөз – сахна сәні» атты тіл техникасы оқу құралын жаздым. Қазіргі таңда тағы бір сиясы кеппеген туындым бар. Ол – алдымен «Тіл тағылымы» деп аталған, қазір «Сахна тілі» деген атауға ауыстырылып, қайта жазылған оқулық. Ол ғылыми кеңесте бекітіліп, Білім және ғылым министрлігінде қабылданды. Бұл менің ғылыми дәрежеде осы саланың дамуына қосқан үлесім деп білемін.
– Дариға апай, сіз өзіңіздің тіл өнері мен тіл мәдениеті саласының дамуына қосқан үлесіңізді жазған еңбектеріңіз бен оқулықтарыңызбен ұштастырып отырсыз. Бірақ түсінуімше, ол оқулық құралдарын студенттер оқып, дәріс ретінде тыңдайды. Ал қазіргі таңда талайлардың көкейінде жүрген бүгінгі зиялы қауымның сөйлеу мәдениетіне қатысты бағыт-бағдар беретін еңбек жазу жоспарыңызда жоқ па?
– Расында, бұл – өте үлкен мәселе. Бірақ зиялы қауымның сөйлеу мәдениетін сақтап, тіл өнерін үйренуіне арнап Рабиға Сыздықова апамыз бірталай еңбек жазды. Сондықтан жоспарымда мұндай еңбек жазу әзірге жоқ. Керек болса, ересектерге оқып жүрген жастарымыз үлгі болсын. Себебі олар тіл өнерін анағұрлым жақсы меңгерген. Жалпы, бұл мәселенің астарында орыс тілі ұялап алған үлкен мәңгүрттік сезім жатыр...
– Еліміздің шығысында «Дариға-ай» атты дарынды жастарға арналған театрыңыздың бар екенін білеміз. Бұл өнер ордасын ашудағы басты мақсатыңыз қандай болды?
– Мен Семейге барған жылы сол өңірдің әкімі былай деді: «Дариға апай, сенесіз бе, Абайдың 150 жылдығы болғанда біз өз ішімізден сөз сөйлей алатын бір қазақ таппадық. Сіз тіл саласының маманысыз, бізге қандай көмек көрсете аласыз?», деді. Шындығында абдырап, не істерімді білмей қалдым. Бірақ, М.Төлебаев атындағы колледжде «театр өнері» атты бөлім ашып, балаларды оқыту қолымнан келетінін айттым. Сол колледжден білім алған оқушылардың негізінде «Дариға-ай» театры ашылып, осылайша, театр өз жұмысын бастаған еді. Қазір жастарымыз еңбектеніп, тіл саласын дамытуға өзіндік үлестерін қосып жатыр, театрдың алға қойған мақсаты да – осы.
– Сіздің ойыңызша, саяси элитаның мойынын 100 пайыз таза қазақ тілінде сөйлеуге бұратын заман қашан туады? Және қалай бұрғызуға болады деп ойлайсыз?
– Саяси элитаның мойынын 100 пайыз таза қазақ тілінде сөйлеуге бұрғызатын заман туады, тумасқа амалы жоқ. Себебі Елбасымыздың өзі қатаң қадағалап, айтып отыр, ол заманды туғызуға қойылған мерзім де бар. Тіпті біртіндеп оң нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз десек те қателеспейміз. Өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлеп, салт-дәстүрімізге деген қызығушылықтарын байқатуда. Қазақ жерінде тұрып, оның мемлекеттік тілін меңгермеген азаматтар оның ішінде зиялы қауым біздің Отанымызды мекендегені қалай болмақ?! Шерхан Мұртаза айтпақшы, қос тілді тек жылан ғана. Бірақ тіл мәселесінің уақытша екеніне сенімім мол, себебі Президентіміз көшті бастап, Ана тілді міндетті түрде мойындататынына кәміл сенімдімін.
– Қазіргі қазақ телевизиясы мен радиосының тіл мәдениетін сақтауына қатысты жиі-жиі сыни пікірлер айтылып тұрады. Сіздер олармен жұмыс жасамайсыздар ма? Жалпы, қазіргі бағдарламалар мен жобалар сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Бұрын қазақ телевизиясы, радиосы тіл мамандарымен қоян-қолтық жұмыс жасайтын, жобалар ашылса міндетті түрде сарапқа салынып, жан-жақты талқыланатын. Және сол саланың мамандары біз айтқан сынды қабылдап, қорытып, нәтиже шығарып, толықтыру ретінде қолпаштайтын. Ал қазіргі жастар жасап жатқан жобалар шикілеу. Неге? Себебі олар алдыңғы буынның ақылын тыңдап, тәжірибе бөлісу дегенді білмейді. Бәлкім, менсінбейтін шығар?! Бірақ халықтың алдына шыққаннан кейін әр сөзге, дыбысқа, жүріс-тұрысыңа, киім киісіңе дейін көңіл бөлуің қажет. Осыдан-ақ саны бар, сапасы жоқ телевизиялық жобалардың қайдан шығатынын түсінуге болады. Біздің көңілден неге шықпайды? Біріншіден, тақырыптары тар, өте таяз. Жеңіл-желпі тақырыптарға әуес жастарымыз әр хабарда әр тақырыптың басын бір шалып, тоқталады. Біз әлі талай қоғамға қажетті, қоғамға пайдасы бар тақырыптарды қамтуымыз керек. Әсіресе қыз тәрбиесі болмаса қазақ келіні, ене, ана қандай болуы керек? Міне, осындай тақырыптарды қамтитын қазақ тіліндегі бағдарламалар түрік пен корейдің телесериалдарының орнын басса екен. Себебі ана ғана қазақ баласын дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеп, зиялы жан етіп қоғамға қоса алады. Екіншіден, жастардың жобасы екен деп ойы пісіп-жетілмеген жастардан пікір сұраудың қажеті жоқ.
– Әңгімеңізге көп рақмет.
Алашқа айтар датым...
Ана тіліміздің асқақтауына қалың жұртшылық атсалысса екен. Зиялы қауым тіл өнерін сыртқа теппей, сөйлеудің мәдениетін ұғынатын болса, өскелең ұрпаққа сол үлгі. Ата-баба қалдырған өсиет өшіп қалмай, өне берсе қазақтың мәртебесі өсіп, биіктерден көрінері анық. Қазақ жерінде ұлтын сүйгіш ұлдарды дүниеге әкелетін асыл аналарды тәрбиелейік.