Құтқарушы деген әмбебап болуы керек

Құтқарушы деген әмбебап болуы керек

Диханбек Сатылғанов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры:

– Диханбек аға, байқасам, жұмыс үстеліңіздің үстінде Бауыржан Момышұлының кітабы жатыр, сөреңізде батыр ағамыздың мүсіні тұр. Соған қарағанда Бауыржан атамызды ерекше пір тұтасыз-ау деймін...
– Оныңыз рас. Бауыржан Момышұлы – жаныма жақын тұтатын тұлғалардың бірі. Оның үстіне шешем Бауыржан Момышұлына қарындас болып келеді, батыр атамызбен туыстығы бар. Өзім де Баукеңнің туған жері – Жамбыл облы­сының Жуалы деген жерінде туғанмын. Сондықтан да батырдың кіндік қаны тамған жерде менің де кіндігім кесілген. Жалпы, қазақта әр жердің, әр топырақтың өзіне тән қасиеті болады деген ұғым бар. Ал біздің туған жердің топырағы қоғамға кесек тұлғалы жандарды әкелген. Жуа­лы­дан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев шыққан. Сондай-ақ Жуалының топырағы сегіз генералды шығарған екен. Ол жердің ауа райы де ерекше. Алатау мен Қаратаудың түйіскен жері ылғи боратып, ұйытқып тұрады. Қарды да төгіп тастайды. Маңайындағы елдерге ұқсамайтын өзіне тән ауа райы бар. Осы­ған қарап, елдер бізден шыққан тұлға­лар­дың мінезін де сол жердің ауа райына теліп жатады.
– Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа нақыл қылып қалдырып кеткен ділмар сөздері өте көп. Өзіңіз сол сөздердің қайсысын жүрегіңізге түйдіңіз?
– Жалпы, Баукеңнің қай сөзі болсын адамды елін, жерін, ұлтын сүюге шақы­ра­ды. 1992 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұзынағаштағы азаматтық қорғаныс әскери бөліміне полк коман­дирі болып қызметке келдім. Сол жерде қызмет істеп жүргенде сондағы бір топ жігіттермен бастамашы болып, Ұзына­ғаш­тағы әскери бөлімге Бауыржан Момы­шұлы атамыздың атын берейік деген ұсыныс жасадық. Ол кезде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік коми­тет­тің төрағасы Николай Михайлович Макиевский болатын. Сол кісіге барып, ұсынысымызды жеткіздім. Ол мұны жақсы қабылдады. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына осы ұсынысыңызбен кіремін. Әскери бөлімді Бауыржан Момышұлы­ның атына беруге бар күш-жігерімді са­ла­мын», – деді ол. Осылайша, 1995 жы­лы әскери бөлім Баукеңнің атына берілді. Бұл – Қазақстан бойынша Бауыржан Момышұлының атына берілген жалғыз әскери бөлім. Әскери бөлімде жыл сайын Бауыржан атамыздың күндерін өткіземіз. Өзім басшы боп тұрған кезімде осы бөлімнің сап алаңында Бауыржан Момышұлының ескерткішін ашқыздым. Бөлімнің әр жерінде батыр атамыздың сөздерін ілгіздік. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Қолбасшы болсаң, сондай бол – жосылып жатқан жолдай бол! Қай­рат етер мезгілде, жүк көтерген нардай бол! Ақыл айтар мезгілде, мың жасаған шалдай бол!» деген сөздері кімге де болсын, ұландарымызға да, қолбасшыларымызға да тәрбие береді. Қызмет бабымен әр салада жұмыс істе­дім. Сонда да Баукеңнің осындай сөзде­рін айтып, жеткізіп жүрдім. Бір өкінетінім, Бауыржан Момышұлымен бір кездесе алмай кеткенім. Әкем көзі тірісінде «ба­рып Бауыржан атаңның батасын алып қал» деуші еді. Бірақ оның сәті түспеді. Сондықтан да ол кісінің сөздерін кейінгі буынға жеткізуді өзіме міндет санадым.
– Енді өзіңіздің салаңызға қарай ойыссақ. Бүгінде сіз басқарып отырған Төтенше жағдайды жою департаментінің қызметі қалай жүріп жатыр? Сіздердің басты мақсаттарыңыз не болуы керек?
– Біздің негізгі мақсат – төтенше жағдай болмау үшін тіршілік жасау. Бұл біздің ғана қызмет емес, ол бүкіл елдің, үкіметтің міндеті болуы керек. Себебі төтенше жағдайдың алдын алу – әркімге де міндет. Біздің қызметті отбасындағы ата-ана да жасайды. Ата-ана балаларын өрт не басқа да оқыс оқиғаларға себеп­кер болмауға тәрбиелейді. Бұл тәрбие балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орындарында да жалғасын табуы керек. Тіпті халықты да соған дағдылан­дыру керек. Мәселен, аймақтары­мызда­ғы су тасқындары арықтар мен арналар­ды тазаламаудан, жағалауларды бекіт­пеуден, гидротехникалық құралдарды уақытында жөндеп, майлап отырмаудан болды. Егер осының бәрін халық әдетке айналдырып отырса, онда Қызылағаш­тағыдай, Батыс пен Шығыс Қазақстанда­ғыдай апаттар болмас еді. Бір ғана апат елге қаншама шығын әкеледі.
Біз жыл сайын әр мезгілдің апатына байланысты оқу-жаттығулар өткіземіз. Көктемде су тасқынына, қыста қар көш­кініне, жазда өртке, жер сілкінісіне қа­тыс­ты жаттығулар жиі өтіп тұрады. Осы­ның бәрін өзім штаб бастығы ретінде ұйымдастырып келемін. Жалпы, үкімет тара­пынан төтенше жағдайлардың ал­дын алу бойынша әлі біраз шаруалар жасалуы керек. Әрбір облыс әкіміне үкі­мет тара­пынан тапсырма берілуі қажет.
– Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Момышев жыл сайын Қырғызстандағы Киров суқоймасына қатысты Тараз қаласының проблемасын айтып шыр-пыр болып жатады. Тараз жұрты көктем келген сайын қырғыз бауырларымыз Киров суқоймасын ашып жібере ме деп үрейленіп отырады. Бұл мәселе қалай шешім тауып жатыр?
– Мұндай проблема жалғыз Жамбыл облысында ғана емес, Қазақстанның талай аймағында бар. Естеріңізде болса, Сырдария жыл сайын көктем кезінде тасып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендер су ас­тын­да қалып қоятын. Осы проблема бүгінде шешілді. Елбасының тапсырмасы бойынша Көксарай су реттегіші салынды. Бүгінде 3 миллиард текше метр көлемін­де су қабылдайды. Сол су реттегіш са­лын­ғалы бері маңайындағы елді мекен­дердің де ұйқысы тыныштала бастады. Елдің шаруашылығына да су жеткілікті түрде келіп тұр. Ал енді Қырғызстандағы Киров суқоймасына келер болсақ, бұл тараптан да екі елдің Үкіметі мен Тө­тен­ше жағдайлар министрліктері ара­сында жұмыстар жасалуда. Бұл жағы­нан өзіміздің өтінішімізді жеткіз­дік. Осы мәселеге көп мән берулерін сұра­дық. Мұндай проблема Шу өзенінде де, трансшекаралы өзендерде де бар. Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді шекаралас мемлекеттермен арада келісімдеріміз бар.
Жалпы, осындай аймақтарда су ар­насын тазалау, жағалауын бекіту, кеңейту секілді жұмыстар жасап отыруымыз ке­рек. Бала кезімізде мектеп оқушыларына арналарды бөліп қоятын. Әр сыныптың тазалайтын бөліктері болады. Сол арналардың тереңдігі сол кезде бес метр болатын. Ал қазір бір-ақ метр. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Осы шаруаны да қолға алу керек.
Мәселен, өткенде ғана Алматыдағы дауыл қаншама шығын әкелді. Мұндай дауыл бұрын-соңды Алматыда болған емес. Табан астында дауыл көтерілді. Дауылдың алдында жақсылап тұрып жаңбыр жауды. Ал ол ағаштардың түбін жұмсартып жіберген. Артынан соқ­қан қатты жел қаншама ағашты түбірімен қопарып кетті. Мұндай жағдай болмас үшін алдын ала шаралар жасалуы керек еді. Мәселен, ормандағы қураған ағаш­тардың барлығын кесіп, биік өсіп кеткен ағаштардың басын қырқып тастаса, қатты дауылға төтеп берер ме еді? Себебі сол дауылда ағаштың көбі басын көтере алмай құлады. Кез келген апаттың алдын алу шаралары болады. Оны тек дер ке­зін­де жасап отыру қажет. «Бұл шаруалар­ды осыған жауапты адамдар жасайды» деп қарап отыруға болмайды. Ауылыңа өрт келсе, қарап отырмайсың ғой. Бірі­гіп, жабылып сөндіресің. Бұл да солай болуы керек. Төтенше жағдайлардың ал­дын алу әр адамның міндеті болуға тиіс.
– Елімізде қыстыгүнгі борандарда жолда қалып қою оқиғалары көп тіркеледі. Бұл жағдайда көбіне техниканың жетіспеушілігі аяққа тұсау болып жатады. Жалпы, қыста жолда қалған азаматтарымыз­ды құтқару үшін қандай шара­лар атқарып жатырсыздар?
– Біз қыста Қазақстанның боран қат­ты болып, қар қалың жауатын аймақта­рын белгіледік. Сол маңдарда қыста жылыту пункттерін ашатын боламыз. Жолда қалған адамдарды тамақтанды­рып, медициналық көмек көрсетіп, тоң­ғандарды жылытады. Сондай-ақ биыл, құдай қаласа, алты жол бойы пунктін аш­пақшымыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда жол апаты көп болады. Осындай жағдайда көп адам медици­налық қызметтің дер кезінде көрсетілмеуі себебінен көз жұмады. Себебі медицина­лық қызметі бар елді мекендер апат бол­ған жерден алыс жерде қалады. Сондық­тан да Ішкі істер, Көлік және ком­муни­кация министрліктері және облыс әкім­шіліктерімен бірлесіп, Қазақстандағы жол апаты оқиғалары көп болатын ай­мақ­тарды анықтадық. Ондай жерлерге Алматы – Қапшағай – Талдықорған, Алма­ты – Тараз – Шымкент, Алматы – Қара­ғанды – Астана – Көкшетау аралы­ғындағы жолдар жатады. Осы күре жол­дардың бойында жол бойы пункттерін ашпақпыз.
– Онда кімдер қызмет істейді?
– Ол пункттерде біздің құтқарушы­ларымыз, дәрігерлер және авиация тұрады. Апат болған жағдайда «112» де­ген нөмірге хабарлайды. Біздің жігіт­тер хабар жеткен жерге көлікпен немесе тікұшақпен тез арада жетіп, кәсіби меди­циналық көмек көрсетіледі. Осыған бай­ланысты Франция мен Ресейден тікұшақ­тар алып жатырмыз.
– Барлығы қанша ұшақ алдыңыздар?
– 2011-2012 жылдар аралығында Ресейден – сегіз, Франциядан сегіз тік­ұшақ аламыз. Биыл алтауын әкелсек, келесі жылы 10-ын әкелеміз деп отыр­мыз. Олар­дың бәрі әлгі жол бойындағы пункт­терге қойылады.
– Құтқарушыларға қойылар ең басты талап қандай?
– Ең басты талап – құтқарушы қандай жағдайда, қандай апатта болсын құт­қару­шы болуы керек. Қазір осыған көп көңіл бөліп жатырмыз. Мәселен, құтқа­ру­шы өрт сөндіруші де, алғашқы меди­ци­налық көмек көрсетуші де, су құтқа­рушысы да, қысқасы, әмбебап болуы керек. Қазір осыған тәрбиелеудеміз. Ертеңгі күні қандай жағдай болсын ол адам баласына қол ұшын бере алуы керек. Бұл халықтың құтқарушыға деген сенімін арттырады. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау министрлігімен де тығыз қарым-қатынас орнаттық. Халы­қаралық деңгейде оқу-жаттығулар да өткізіп жүрміз. Қапшағайдың маңайында өзіміздің оқу-жаттығу алаңымыз бар. Сол жерге жыл сайын әр жерден 600-ден астам құтқарушы келіп, жаттығу жүргізеді. Жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап оқу-жаттығу жұмыс­тарын ұйымдастырдық. Бұған Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елде­рі­нің құтқарушылары да қатысты. Ал былтыр Қытайдан, Америкадан, оның алдыңғы жылы Өзбекстаннан кел­ді. Бақылаушылар да шетелдерден: Америкадан, НАТО-дан, сондай-ақ ке­зін­дегі Кеңес өкіметі елдерінен келеді.
– Шетел құтқарушыларынан не үйренуге болады екен?    
– Жалпы, құтқарушылардың қызметі барлық жерде бірдей. Ерекшелік тек техникада ғана болады. Ал дайындық, білім жағынан өзгешелік жоқ. Негізінен, біздің құтқарушылар кез келген апатқа дағдылануда. Мәселен, бүгінде апаттар­дың ішіндегі өзекті болып тұрғаны – көмір кенішіндегі жарылыстар. Соңғы уақытта мұнай саласында да апаттар болып жатыр. Құтқарушыларымызды осындай қиын апаттарға да үйретіп, дайындығын шыңдаудамыз. Күн демей, түн демей, жұмыс біткенше сол жерден табылады. Барлығы өз жұмысына беріл­ген. Адам апатқа ұшыраса, құтқарушыны ғана ойлайды. Сондықтан да құтқару­шының сана-сезімі биік болуға тәрбие­лейміз.
– Төтенше жағдайлар саласының техникалық жағдайы қалай?
– Құтқарушыларымызға көп көңіл бөлінуі керек. Үкімет тарапынан техника­мен және қаржымен қамтамасыз етілсе дейміз. Қазіргі кезде біздің сала техни­камен 40-60 пайыз ғана жабдықталған. Техника жетіспейді. Құтқарушыларымыз еліміздің барлық қаласына жетпейді. Мәселен, Ақтау, Петропавл, Көкшетау се­кіл­ді облыс орталықтарында жоқ. Бізде сондай-ақ Балқаш, Сәтбаев, Темір­тау, Қаратау, Кентау, Арқалық, Риддер, Зырьяновск секілді өнеркәсіптік қалалар бар. Меніңше, осындай қалаларда да құтқарушылар бөлімі ашылуы қажет деп ойлаймын.
Тағы бір айтатын мәселе – Қазақстан­да Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын екі-ақ әскери бөлім бар. Бірі – сөз басында айтқан Ұзынағашта, екіншісі – Қарағанды қаласындағы При­шахтинскіде. Осыншама территориясы кең еліміз үшін бұл тым жеткіліксіз. Ме­нің ойымша, мұндай әскери бөлімдер елі­міз­дің үлкен қалаларында көптеп ашы­луы керек. Оның ішінде Шығыс Қа­зақс­­тан облысында, себебі ол жақта өн­ді­ріс апаттары, табиғат апаттары жиі болады. Еліміздің батыс аймағында ашылса деймін. Оңтүстік аймаққа да  сондай әскери бөлім қажет. Астанада да ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Қызылағаштағы апатқа да, Орал мен Шығыс Қазақстандағы су тасқынына да, Алматыдағы дауылға да Ұзынағаш­тағы әскери бөлімнің құтқарушылары барды. Ал жалғыз әскери бөлімнің құт­қа­рушы­лары бәрібір аздық етеді. Біз ұсы­ныстар жасап жатырмыз, бірақ барлығы қаржы­ға келіп тіреледі.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Бізде құтқарушылар су құтқарушылары, өрт сөндірушілер, медицина құтқарушылары, әуе құтқарушылары секілді топтарға бөлінеді. Мен министрге осылардың барлығын біріктірейік деген ұсыныс жасадым. Сол кезде ол тек қана су құтқарушысы емес, жалпы құтқарушы болады. Былайша айтқанда, әмбебап құтқарушы болады. Апаттың қай түріне жіберсең де, олар соған дайын тұрады. Әйтпесе су құтқарушылары жазда жұмыс істеп, қыста су қатқанда жұмыссыз отырады. Бар жұмыстары – қыста мұз ойып балық аулайтын балықшыларды бақылау ғана. Егер бәрін біріктіретін болсақ, барлығын әмбебаптыққа тәрбиелесек, онда елімізде құтқарушылардың да саны көбейеді, сапасы да артады. Келешекте Төтенше жағдайларды жою департаменті жеке бір комитет болуы керек сияқты. Себебі әскерде штаб комитеті бар, ішкі істерде ішкі әскер бөлімі бар, ҰҚК-де шекара әскері бар. Сол секілді бізде де сондай жеке әскери бөлім не комитет болуы қажет.

ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҰРАНЫ
1994 жылы Мәскеуде Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі әлем елдерінің құтқару қызметтерін шақырып, үлкен оқу-жаттығу шарасын өткізді. Сол жерде мен: «Барлығымыз құтқару­шымыз, сондықтан да қай жерде болсын бір-бірімізге қол ұшын берейік», – деп ұсыныс жасап, ортаға орысша: «За мир, дружбу и спаса­тельную службу!» – деген ұран тастадым. Сол ұран осы күнге дейін барлық жерде айтылып келеді. Сол кезде айтқан екі ауыз сөзім көптеген мемле­кет­тің құтқару­шы­лар арасындағы ортақ ұраны­на айналып кеткеніне өзім де таңғаламын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста