Сандық телевизиямен, интернетпен, сандық радиомен айналысатын журналистер жоқтың қасы

Сандық телевизиямен, интернетпен, сандық радиомен айналысатын журналистер жоқтың қасы

Дамир ШЫНЫБЕКОВ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры:

– Елімізде ақпараттық техноло­гия­лар­­дың дамуына көп көңіл бөлініп, осы ба­ғытта ашылған ЖОО-ға өзіңіз басшы болып отырсыз. Осы ретте сұрағым ке­ліп отырғаны, Қазақстанда АТ индус­трия­­сы қандай дәрежеде дамып келе жатыр? Оларға көңіліңіз тола ма?
– Елімізде АТ өнеркәсібі жылдам ек­пін­мен дамып келе жатыр. Әрине, бізге мұ­ны­мен тоқтап қалуға болмайды. Өкінішке орай, көп уақытымызды жоғалттық. Себебі бұл салаға тек егемендігімізді алып, аяққа тік тұрғаннан кейін ғана көңіл аудара бас­та­дық. Егер бұрыннан бастап дәл осындай жағдайлар жасалған болса, АТ индустриясы қазір пайда әкеліп, жемісін бере бастаушы еді. Дегенмен соңғы үш жылда Қазақстанда бұл салада көптеген өзгерістер болды.Ди­на­мика мен жылдамдығымыз осы қал­пын­да сақтала берсе, келесі бес жылда АТ құ­рау­шысы ІЖӨ-нің көптеген бөлігін алады деп сенемін.Біздің АТ компанияларымыз әлемдік деңгейге көтеріле алады. Себебі жалпы әлемдік трендтер мен тенден­ция­лар­ды түсіне бастады. АТ бөлшегі эко­но­ми­камыздың әр секторында болуы керек. Еліміз осыны түсініп, осы бағытқа көп көңіл бөліп жүр.
– Осы саланы дамытуға көп көңіл бө­лінуде дейсіз. Ал біз дұрыс жолмен, ке­рек бағытпен жүріп отырмыз ба? Елб­асымыздың басшылығымен жүзеге асып жатқан индустриалды-инно­ва­ция­лық даму бағдарламасы туралы пікіріңіз?
– Біз АТ индустриясына кешірек болса да білек сыбана кірістік. Өз басым, Елба­сы­мыздың индустриализация мен инновация бағ­дарламасын толығымен қолдаймын. Меніңше, бұл – дер кезінде қолға алынған шара. Бұл бағдарлама бойынша бір-ақ жыл жұмыс істегеннің өзінде, керемет өр­леу­лердің куәсі болып отырмыз. Мысалы, елде инновациялармен байланысты 135-тен аса жаңа мекемелер ашылды. ИКТ са­ла­сында жаңа стандарттар қолданысқа еніп, интернеттің форматы мен жыл­дам­ды­ғы артып жатыр. Естіп жүргендеріңіздей, 3D Max технологиясын ендіре бастадық. Kaznet-тің мобильділігі артып,құрамы да құнарлана түсті. WiFi (Wireless Fidelity ешбір тоқтардың көмегінсіз интернетке қосыла алу мүмкіндігі) да елдің түкпір-түкпірінде кең қолданысқа ие. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, жаңа технологиялар эконо­ми­ка­ның әр саласында қолданылып келеді. Бұл бағдарлама 2014 жылға дейін жос­пар­ланған. Осы жоспардың нәтижесі бойынша жаңа, модернизацияланған Қазақстанды кө­реміз деп сенемін.
– Елімізді инновацияландыру тура­лы пікіріңізді білдік. Толық келісе отырып, нәтижесі әлемге аян дейсіз. ІЖӨ-міздің көрсеткіші керемет жыл­дам­дықпен көтеріліп келе жатқаны көп­шілікті таңғалдырып отыр. Бірақ тех­нологиялардың дамуы орнында тоқтап тұрмайды ғой. Сондықтан Елі­міздегі ИКТ (инновациялық ком­му­ни­ка­тивті технологиялар) мен ІЖӨ-ні кө­тере отырып, дамудан тоқтамай тұру үшін не істеу керек?
– Дұрыс айтасыз, 20 жыл ішінде дәл осын­дай көрсеткіштерге жету әр елдің қо­лынан келе бермейді. Бұл – үлкен жетістік. Алда бізді бұдан да керемет жетістіктер күтеді деген сеніммен әрекет ету керекпіз. Жоспарлар мен мақсаттарымыз жетіп-ар­ты­лады. Дегенмен ИКТ көрсеткіші әлі де өсу, даму сатысында тұр. Мұның барлығы көп көңіл аударылып жатқанның арқасы деп білемін. Ал дәл қазір не істеуіміз керек, не ескерусіз қалды? Қазіргі таңда, барлық ком­паниялардың бастаулары мен жоба­ла­рын, осы салаға қатысы бар адамдарды біріктіруіміз керек деп ойлаймын. Себебі жекеменшік иелері көбейіп кетті. Оларды тауып, бірігуге ұсыныс жасау керек. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп айтқан ғой атам қазақ. Онсыз да енді тәй-тәй басып, ал­ғашқы сәтті қадамдарын аттап жүрген елі­міздің экономикасы мен АТ секторын әр­кім келіп, өз білгенінше жұмыс атқара бер­се, бұл ешқандай өрлеуге әкелмейді.
Мүмкін мемлекеттің қолындағы біраз актив­терді бизнесмендерге жүзеге асыруға бе­ріп, оларды қадағалап, даму үшін бірлесе атсалысуымыз керек шығар. Мен мемлекеттік жобалар туралы емес, жаңа зат­тарды ойластыру жүйесі жайлы айтып отыр­мын. Осы мақсатпен сайыстар, бірік­кен жиналыстарды ұйымдастырып, мық­ты­ның мықтысын анықтауымыз керек. Жеңген талантты жас талаптарды серіктестікке ша­қы­рып, оларға шеберліктерін көрсетуге мүм­кіндік беру керек.
АҚШ-та болған жағдайларды қарас­ты­райық. Онда тауарлы экономика көп уақыт бойы қолданылып келеді. Сондықтан кім­нің ұсынысы ең жақсы болса, сол ұтатын. Біз­дің тауарлы экономикамызға бар бол­ғаны 20 жыл болды. Халқымыз әлі «егер бизнесің сәтті болсын десең, қоғамға қа­жет­ті заттарды ұсынуың керек» деген қағи­да­ны түсіне қойған жоқ. Ал біздің талантты жас ұрпақ бұған дайын. Оларды көре білуі­міз керек.
– Интернеттің дамуында демо­гра­фия­ның алар орны ерекше. Оны Қытай, Үндістан елдеріндегі жағдай анық көрсетіп отыр. Осы орайда Қазақ­стан­да­ғы ақпараттық технологияларды тұ­ты­нудың арзандату көздерін қалай табуға болады? Жалпы, мемлекеттің дамуында сандық технологиялардың рөлі қандай?
– Өте жақсы сұрақ. Интернет Қазақ­стан­да контет бөлігі жағынан әлі де дамиды. Оны дамыту – міндетіміз. Бұл саланы өзіміз қолымызға алмасақ, онымен басқа елдер мен мекемелер айналысатын болады. Бұл ақ­паратымызға, мемлекет қызы­ғу­шы­лы­ғы­на қауіп төндіреді. Екіншіден, осындай тәуелділікке үйреніп қаламыз ғой. Сон­дық­тан жұмысқа қабілетті халыққа интернетті қол­данудың, онда ақша табудың, ақпарат алудың жолдарын үйретуіміз керек. Әсі­ре­се, Қазақстанға бұл – өте маңызды. Хал­қы­мыз­дың көптігіне қарамастан, тығыз­ды­ғы­мыз өте төмен. Ақпаратты әркімге жеңіл жет­кізудің жолынан шетте қалып қой­ма­уы­мыз керек. Бағаға келетін болсақ, тарифті төмендету қиынға түседі. Себебі еліміз кең, жеріміз көп. Оптоволокноны тарту қымбат, өз спутнигіміз әзірге өкінішке орай, жоқ. Бұл ыңғайсыздық туғызатын мәселені ше­шу керек.
Мемлекеттің дамуымен сандық тех­но­ло­гиялардың дамуы тікелей байла­ныс­ты. Сандық технологияларды дамыту қыруар қаржыны қажет етеді. Қуанышқа орай, елі­міз біртіндеп осы бағытқа да көңіл аудара бастады. Қазір трафиктің бағасы бұдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда ай­тар­лықтай төмендеген. Бағаның төмендеуі әлі де жалғасады. Бірақ аталып кеткен ел­дер­дегідей жоғарғы жылдамдықпен емес, бірте-бірте шешіледі.
Сандық технологиялар елдің дамуына өте күшті әсер етеді. Бұған дәлел –«Азияның арыс­тандары» деп аталып жүрген елдер. Индия, Ресей басқа да алдыңғы қатарлы мем­лекеттер де бұған өте көп көңіл бөледі. Сандық технологиялар тежелген еңбек рес­урстары кезінде көмекке келеді. Еңбек­тің төлемі артып, арақашықтық үлкен бол­ған жағдайда жұмсалатын қаржыны үнем­де­туге септігін тигізеді. Жеткізудің жыл­­дамдығы артып, мәртебемізді асыра­ды. Интернетте бір адам білген пайдалы ақ­па­ратын санаулы секундтарда елге жайып жібере алады.
– «Ақпараттық қоғам», «Тех­но­ло­гия», «Ин­новация» сөздерін әркім әр­қа­лай қа­был­дайды. Кейбіреулер өз саласына қатысты тар ауқымда бағ­дар­лайды. Қысқаша мағынасын айтып өтсеңіз. Сондай-ақ олардың өзара қандай байланысы бар?
– Міне, менің бағанадан бері көтеріп отыр­ғаным – дәл осы мәселе. Елдің АТ ту­ралы білімі мен ойлау қабілетін арттыру керекпіз. Осыған байланысты, әр адам компьютер саласын түсіну үшін, оларды оқытуды қаржыландыру үшін мемлекеттік саясат қажет сияқты. Әрбір адам, ең бол­ма­са, ең қажетті сөздердің не мағына бе­ретінін түсінуі керек. Ақпараттық қоғам де­ген не? Менің ойымша, бұл – бір ақпа­рат­тық ортада өмір сүретін адамдардың қоғамы. Олар бір ақпараттық тілде сөйлеп, бір ақпарат көздерін қолданады. Осы қо­ғам саны мен сапасы жағынан мінсіз болса, бұл мемлекетің де дамуы жоғары екенін көрсетеді. Неге десеңіз, ақпараттық қо­ғам­да ешқандай шектеулер болмайды. Жа­ңа­лық бірнеше секундтарда елге жайылып кете алады. Біз бұл орайда артта қалып қоймауымыз керек.
Анықтама бойынша технология деге­німіз – материалды өңдеу тәсілдері туралы білім жиынтығы. Бұл бізге «технология» тү­сінігін тек материалды өндіріс сферасында ғана емес, сонымен қоса, адам іс-әрекетінің басқа да бөлімдер пайдалануға мүмкіндік береді.
Еліміздегі инновацияны дамытуға бай­ла­нысты Елбасы: «Мен айтқанмын да және тағы айтқым келеді: инновация халық үшін қарапайым тілде ол – жаңалық, ғылымның өндіріске енгізілуі. Инновация дегеніміз – еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыратын іс. Бірақ әрбір инновация қандай да бір уақытта өз шегін сарқиды. Міне, сонда іске ғылым араласады, сол кезде қандай да жа­ңа нәрсені ойлап табу керек, қандай да те­тік не жабдық қою керек», – дегенді қадап тұ­рып айтты. Өкінішке орай, еліміз тек тұ­ты­нушы және алыпсатар мекеніне айналды. «Еш­тен кеш жақсы» демекші, бұдан арылу үшін біз инновацияны жан-жақты дамы­туы­мыз қажет.
– Ақпараттық технологияға қатысты біз­ге ұлттық идеология қажет деп са­най­сыз ба?
– Елімізде инновациялар енді ғана аяқ­қа тұрып келе жатыр. Ал біз, мем­ле­ке­ті­міз­дің ерекшелігін сақтауды басты орынға қойып, жабық саясат жүргізсек, қателесіп қаламыз. Бұл біздің мемлекеттік қауіп­сіз­дігімізге сеп­ті­гін тигізеді деп ойласақ, бұрыс жолмен жүріп кетеміз. Ақпараттар мен әлемдік жа­ңа­лықтардан қалып қоюға болмайды. Халқымыздың білім ресурстары азайып, сапасы нашарлап, ақпаратқа ашығу бас­та­лады. Ал еліміз әлемдік деңгейде білім алуды әрқашан армандаған. Ал біз осының бар­лығын тежеп, тек еліміз бен хал­қы­мыз­дағы ақпаратпен шектеліп қалсақ, бұл кімге ұнайды? Бұл мәселені басқа жағынан да қарастыруымыз керек. Дегенмен құрамы мен интерфейсін көбіне қазақ тілінде қол­дан­сақ, жақсы болар еді.
– Ғылыми мәліметтерге жүгінсек, ше­телде қызметтің 80 пайызы АТ-мен бай­ланысты екен. Мұндай көрсеткішке Қазақ­­стан қашан және қандай жол­дар­­мен жетеді?
– Бұл күн жақын қалды деп сенемін. Бұ­ған жету үшін жаңа технологияларды кө­бі­рек енгізу керек. Қазақстан бәсекеге қа­бі­лет­ті болу үшін, жаңа технологияларды ен­гізе беру керек. Жағдай осылай қала бер­се, біз тек мұнай, жез, басқа да табиғат қорлары мен байлықтарын экспорттайтын ел болып қалып қаламыз. Осыған орай, еліміз жақсы жобаларды ұсынып, оларды елге үйретуге тырысып жүр. Техноло­гия­лар­ды алу қиынға соқпайды, ал сол тех­ни­каны саналы түрде қолданатын, тілін білетін адамдар аз. Сондықтан жастарымызды те­зі­рек өнімді жұмыс істеуге қабілетті бо­ла­тын­дай етіп шығаруымыз керек.
– Қазіргі таңда көптеген жоғары оқу орындары бар. ҚБТУ, ҚазҰТУ се­кіл­ді көптеген білім ордаларында «ақ­па­рат­тық технологиялар» деген фа­куль­тет немесе бөлім жұмыс істейді. Сонда ХАТУ не мақсатпен дүниеге келді? Бо­лашағы қандай деп ойлайсыз?
– ХАТУ Елбасымыздың бұйрығымен, ИКТ саласын дамыту үшін ашылды. Неге халықаралық деп аталады? Себебі оқу бағдарламасы әлемдік стандарттарға сай құрастырылған. Жыл сайын мемлекет тара­пы­нан бөлінетін, өзіміз беретін, ком­па­ния­лар табыстайтын гранттар бар. Бізге бастысы – сан емес, сапа. Көріп отыр­са­ңыз­дар, біздің оқу орнымызда көп алтын белгі иегерлері, халықаралық олим­пиа­да­лардың жүлдегерлері және оқуды жан-тәнімен сүйетін еліміздің болашақ интелек­туал­ды элитасы іріктеліп таңдалған. Сон­дықтан алдыңғы он жылда студент санын 4500-6500-ге жеткізіп, санын бұдан асырмайтын да шығармыз. Жоспарларымыз туралы айтсақ, Алатау ақпараттық технологиялар паркінде жаңа ғимаратымыз салынып жатыр. Бұл жер АТ мамандарын дайындау орталығы болады. Көптеген еліміздің АТ компаниялары сол жерде орналасады. ХАТУ бакалавр, магистр мен ғылыми жобаларды компьютерлік дайын­дықтан өткізу бойынша алдыңғы қатарға шыққысы келеді. Қазір біз әлемнің ең мықты аккредитация орталығын іздес­ті­ріп жүрміз. Мақсатымыз – әлемдік аккре­ди­тациясы бар алғашқы Қазақстандағы ЖОО болу. Бұл дипломдарымыз бүкіл әлем­де танымал болу үшін жасалынады. Жыл сайын ең үздік студенттерімізді тәжіри­бе алмасуға Малайзияға жібереміз. Ал өзі­мізге дәріс оқу үшін олардың атақты про­фессорларын шақырамыз. Бірақ біз ше­тел­діктердің дәріс оқып, пайда тауып кете беретін орталығына айналғымыз кел­мей­ді. Ондай мамандарды өзімізде дайын­дау басты мақсатымыз болғандықтан, тә­жі­­рибе алмасуды да ұмытпаймыз. Сон­­­­дай-ақ отандық мұғалімдерімізді дәріс беруге шақырамыз. Олардың кейбіреулері сту­дент­теріміздің талаптарын ұнатып қа­лып, оқу орнымызда жұмыс істеуге қа­лып жа­тады.
– Қазақстан ақпараттық қоғамын дамыту үшін заманауи қандай ма­ман­дықтар қажет?
– Қазір біз сегіз мамандық бойынша кадр дайындап жатырмыз. Көп мамандық ашатын ойымыз жоқ. Қазақстанға өте қа­жет­ті мультимедия мен компьютерлі ани­ма­ция, 3D графика және аса керекті ақ­па­рат­тық қауіпсіздік және физикамен бай­­ланысты схемотехника, работотехника мамандықтарын ашуды жоспарлап жүрміз. Елімізде тек ИКТ (инновациялық ком­му­ни­ка­тивті технологиялар) саласына 4 мың­дай білікті маман қажет, ал қазір олардың саны 2 мың шамасында ғана. Солардың ара­сында жоғары біліктілері де өте аз. Сұраныс бар, ал оны қанағаттандыратын за­ман талабына сай мамандар жетіспейді. Олар­ды көбіне белгілі бір мекемелер ғана қажетсініп отыр. Шындыққа келетін болсақ, ақпараттық технологиялар мамандары әр секторда қажет. Денсаулық сақтау, білім беру, қаржы саласында да дер кезінде сапалы техниканы енгізбесек, біздің меке­ме­лердің бәсекеге қабілеті төмендеп, артта қала беретіні сөзсіз.
– Ақпараттық технология маман­да­рын дайындауда қандай шетелдік уни­вер­ситеттердің білім беру ісін үлгі етіп, қарым - қатынас орнатып отыр­сыз­дар?
– Басты серіктесіміз Сarnegi Mellon – ком­пьютерді оқудағы алдыңғы қатарлы ЖОО-ның бірі. Малайзиядағы Tenaga National University, Kuala Lumpur University и Limkokwing University Of Creative Technology, басқа да шетел оқу орындарымен қоса, Ресейдің Санкт-Петербург қала­сын­да­ғы «Оптика мен Механика университеті». Мәскеу мемлекеттік университетінен тәжі­ри­бе алып, Индия, Латвия, Корея елдерін серіктестікке шақырып жатырмыз. ХАТУ үлгісін ойластырғанда, оны шетелдің уни­вер­ситеттеріне барынша ұқсастырып салу керек болды. Студенттерімізге бірден жақ­сы жұмыс тауып, оны қиналмай істеп кете ала­тындай болсын деп оқытамыз. Сон­дықтан мықты оқу бағдарламамызбен қоса, практика мен толық жұмысты қам­та­масыз етеміз. Казірдің өзінде әр сту­ден­ті­мізге жақсы жерлерден жұмыс орнын қарастырып жатырмыз. Әскери кафедра мәселесі де қолға алынуда.
– ХАТУ-дың тағы бір жаңалығы – АТ менеджмент, АТ қаржы,АТ жур­на­лис­тика мамандықтарының ашылуы. Бұл қандай қажеттілікпен туындады, олар қандай мекемелерде жұмыс істейді? Жалпы, ерекшеліктері неде?
– Біз әртүрлі салалар бойынша дамып жа­тыр­мыз. Биотехнологиялармен ай­на­лы­су да ойда бар. Қазір көптеген ком­па­ния­ларға компьютер мен интернеттің тілін сақадай-сай білетін менеджерлер же­тіс­пейді. Олар тек адамдармен ғана емес, компьютерлік процестермен де басқара білуі керек. Қаржы бөліміне келетін болсақ, жал­пы АТ дамуы банк секторларының да­муынан бастау алған. Алғашқы тапсырыс берушілер нарықтық маклерлер мен экономика саласындағы адамдар болған. Олар банк жұмыстарының тез әрі қатесіз орындалуын қалады. Экономикадан кейін басқа да қажетті салалар АТ қолдана бастады. Бұл мәселені ескермеуге бол­май­ды. Елімізге дәл осындай мамандар жетіс­пей­ді. Электронды журналистика – заман талабы. Сандық телевизиямен, ин­тер­нетпен, сандық радиомен айналыса алатын журналистер жоқтың қасы. Бо­ла­шақта интернет пен телевизияны бі­рік­ті­ретін жобалар шығуы әбден мүмкін. Сон­дық­тан мамандарды қазірден бастап дайын­дауымыз керек, әйтпесе, заман та­ла­бынан қалып қаламыз. Олар тек тех­ни­ка­лық жағын, сайт құрастыруды ғана емес, жақсы бағдарламаларды жасап, ма­қа­­лаларды да жақсы жаза білуі керек. Мы­салы, телевизия енді құрыла бастаған кезде «оның қажеті не», «ол радионы ал­мас­тыра ала ма» деген сұрақтар болған. Қазір көріп отыр­ған­да­ры­ңыздай, радионың таны­мал­ды­ғына жетіп қана қоймай, одан асып түсу­де. Осыған ұқсас интернет те кең қол­да­ныс­қа еніп келеді. Бір күні интернет пен те­левизияның бірлескен жо­ғар­ғы инновациялы бағдар­ла­малары да шы­ғуы әбден мүмкін.
– Соңғы сұрақ. Дәл қазіргі уақытта ақпараттық технология саласын да­мы­туда не ұмыт қалып отыр деп есептейсіз, атқарылған не­ме­се алға койылып жатқан жобалардың қай же­рін­де ес­ке­рілмеген кемшіліктер бар? Осы ол­қы­­лық­тың орнын қайтсек толты­ра­мыз?
– Менің ойымша, қазір мемлекетіміз мамандарды дайындауға көп көңіл бөлуі керек. Оларды тек бакалавр мен магис­тра­ту­рада оқытумен шектелмей, тереңдетіп практикалық жүйеде оқытуымыз керек. ИКТ мен эко­номика тез жаңарып тұрады. Тіпті қазір компанияларда жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды болашаққа дайын­дата беруіміз керек. Осы сала бәсеңдеп тұр. АТ тех­но­ло­гияларды әр адам білуі керек. Интернетте жобалар істеу үшін біреуге бармай-ақ, өзің істеп, ең болмаса, түсініп жүруің керек. Тағы бір жайт, қалаларда ком­пью­тер мен интернет жоғарғы дәре­же­де қолданылып келеді. Ал ауылдарда жағдай – мүлде бөлек. Осы теңсіздікті жоюымыз керек. Сонымен қоса, интернетте қазақ ті­лін қолдану аясын кеңейтуіміз керек. Бағ­дар­­ламалар, интерфейс пен қарым-қа­ты­нас қазақ тілінде болу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Өкінішке қарай, ақпараттық технология саласында мемлекеттік тіл мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Көкейімізде «қазақ тілін қашан толық техника тіліне айналдыра аламыз, бұған не кедергі» деген сауалдар көп. Қазақ тілі – біздің туған тіліміз, оны дамытып, көркейтуіміз керек. Бірақ, өкінішке қарай, ақпараттық технологиялар әлемінде бұдан сан жыл бұрын тіл мәселесі басқаша шешіліп қойған. Барлығы көбіне ағылшын тілінде жазылады, мұнымен келіскеннен басқа амалымыз жоқ. Көптеген елдер мұны мойындап отыр. Дегенмен біз интернеттің қазақша бөліктерін арттырып, компьютерлер жайлы қазақ тілінде оқулықтар шығаруымыз керек. Яғни оқытуды ЖОО-да ғана емес, мектептер мен тіпті балабақ­ша­лар­дан бастап санасына құюымыз керек. Компьютерлер туралы қазақша бағдарламаларды көбейтіп, интернетте де бұл мәселені көтеруіміз керек. Басқаның қолынан келген технологияны игеру қазақтың да қолынан келеді емес пе?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста