Суқоймаларды, тоғандарды жеке­мен­шіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек

Суқоймаларды, тоғандарды жеке­мен­шіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек

Әлішер СӘТБАЕВ, Гидрогеология және геоэкология институтының директоры, профессор:

– Әлішер Ғалымтайұлы, Гидро­гео­логия және геоэкология институ­ты –  республикамыз бойынша жерас­ты суларын зерттеумен айна­лысатын жалғыз мекеме. Осыған орай сұрайын дегенім, біз үнемі су мәселесімен бетпе-бет келіп жата­мыз. Елде қазір су тапшылығы, елді мекендердің сусыздануы, қуаң­шы­лық мәселесі белең алып тұр. Осын­дай жағдайда мемлекеті­міз­де жерас­ты суларын зерттейтін бір ғана институттың болуы аздық етпей ме?
– Рас, біздің институтымыз – еліміз бойынша жерасты суларын зерттейтін жалғыз ғана мекеме. Институттың іргетасы 1965 жылы қаланған. Астарына үңілсек, мұндай мекеменің сол 60-жылдарда құрылуының өзі тегін емес. Баршаға мәлім жағдай – Қазақ жерінің аумағы үлкен, кең даласы ауқымды болғанымен, басқа елдер­мен салыстырғанда біздің елімізде өзен-көлдер, сулы аймақтар өте аз. Қазіргі таңда да елімізде халықтың ауызсудан таршылық көріп отырғанын жасыруға болмайды. Міне, осындай жағдайда біздің институтымыздың міндеті – республикадағы жерасты суларын зерттеу, жерасты сула­ры­ның қорын анықтау, жалпы жерасты сула­рының көрсеткішін салыстырмалы түрде бақылап отыру. Әрине, бір ғана институттың әлеуеті бүкіл ел аймағын қамтуға жетпейтіні даусыз. Бірақ осы тұста біз де шама-шарқы­мыз келгенше, өзіндік  ғылыми-зерттеулері­мізді жүргізіп, жерасты сулары мәселесіне сараптама жасап отырған жайымыз бар.
– Мәселен, қандай ғылыми-зерттеулер жүргізіп отырсыздар? Жалпы, зерттеулеріңіз еліміздегі жерасты  су қорының деңгейін қалай топшылап отыр?
– Біздің зерттеулеріміз Қазақ елінде жеті мыңнан астам ауыл-аймақ бар болса, соның екі мыңы мүлдем сусыз аймақтар екенін, бұл елді мекендердің халқы су тапшылығын анық сезініп отырғанын көр­се­туде. Шикізаты зор, жерасты ресурс­тарының қоры мол, мұнайға бай, ғарыш индустриясына бағыт алған  еліміз үшін бұл көрсеткіш аса көңіл қуантпайды. Осыны ескергендіктен, біз өз зерттеулерімізді мемлекеттік құзырлы орындарға көрсеттік. Ол зерттеулерімізде жаңағы қуаңшылық көріп отырған екі мың ауыл-аймаққа қандай жолмен су апаруға болады? Елдегі су қоры қанша жылға жетеді? Жерасты су қорынан  жылына қанша мөлшерде су алып отыруға болады? Су қорын көбейтудің тетіктері қандай? Осы жайттарды сараптап, ұсыныс-тілектерімізді арқалап, арнайы құзырлы орындарға барғанбыз. Әйтсе де су мәселесін шешуге тиісті жауапты орган­дар, тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитеті де  біздің ұсыныстарымызға елең етпеді. Біз жоба­мыз­ды ұсынып, өзіндік зерттеулерімізге аз-маз қаржы бөлуге өтініш жасасақ, құлақ асуы тиіс орындар ат-тондарын ала қаша­ды. Қазірде дамыған және дамушы елдер­дің дені қоғамға қажетті бір жаңашылдық енгізгісі келсе, алдымен өз жұртындағы ғалымдардың ой-пайымына жүгінеді. Ға­лым кеңесіне құлақ асады. Бізде керісінше, ғалымдардың пікірлері, ұсыныстары ес­керіл­мейді. Мысалы, біз арнайы министр­лікке су мәселесіне байланысты талап-ті­лек­терімізді жеткізгенімізде, олар қаржы­ға қол жеткізу үшін бірден тендерге қатысуы­мызды ескертті. Содан екі жыл қатарынан тендерге қатысып, тауымыз шағылды. Білесіз, біздің елде тендердің айналасында «бармақ басты, көз қыстылық» өршіп тұр. Бұдан кейін амалсыз, біз тәрізді ғылыми институттарға өз күшімен қаржы тауып, бол­машы қаржыны дәтке қуат етуге тура келеді. Ал негізінде атқарып жатқан зерт­теулеріміз айтуға тұрарлықтай. Мәселен, біз 2007-2008 жылдары Жезқазғандағы жерасты су қорын зерттеп, оның арнайы есе­бін шығардық. Соның арқасында атал­мыш қала бүгінде таза сумен қамтамасыз етіліп, елдегі су қорының көрсеткіші айқындалып отыр. Ойлап қарасақ, бұл бір қала төңірегінде ғана істеп отырған жұмы­сымыз. Біздің бір қаланың ғана су қорын арнайы зерттеуміз ол қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге ықпал етті. Егер де зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, еліміздің барлық қалаларының су қорын сараптап, модельдерін жасап, арна­йы компьютерге енгізіп қойсақ, сусыздану мәселесі қай кезеңде өршитінін, халықты қалай таза сумен қамтамасыз етуге бола­тынын, жерасты сулары қай кезде өзгеріске ұшырайтынын белгілі жүйе арқылы бақы­лап отыратын жоспарлы жұмысқа қол жет­кізетін едік. Өкініштісі сол, дамыған «бәсе­келестікті арттырамыз» деп жүрген елдердің дені мұндай жүйеге әлдеқашан еніп алған. Біз керісінше, әлі де бейқамдық танытып отырмыз.
– Өзіңіз білесіз, бізде сусыздану үдерісіне кері ықпал етіп, қуаңшы­лықпен күресу мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар да қабылданып жатыр. Жалпы, мұндай бағдарламалардың елдегі су мәселесін шеше алатынынан қаншалықты үміттенуге болады?
– Әрине, қандайда бір мемлекеттік тұрғыда қабылданған бағдарламалар сауат­ты түзілген болса, оның келешегі оң нәтиже береді. Бір қынжылатыным, біздегі «мәселені шешуге ықпал етеді» деп қабыл­данған бағдарламалардың дені терең сараптамадан өтпейді. Мұны жасырудың еш қажеттілігі жоқ. Айталық, біздің мем­ле­кетіміз «республика халқын таза ауызсумен қамтамасыз  етеді» деп ірі екі бағдарлама қабылдады. Оның бірі – «Таза су» бағдарла­масы, екіншісі – «Ақбұлақ».  Бүгінде осы бағ­дарламалардан жұрт айрықша үміт күтіп отыр. Десек те, аталмыш бағдарла­малардың сауатты екендігіне күмән мен күдік те баршылық. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін осы уақытқа дейін қаншама қаржы бөлінді. Бір ғана «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2002-2010 жылдар аралығында 290 миллиардтай теңге бөлініпті. Ал атқа­рылған шаруа қыруар деп айтуға әлі ерте­рек. Меніңше, қаржы бөлініп, арнайы бағ­дарлама қабылданып жатқаннан кейін оның атқарылу нәтижесіне бақылауды күшейту  қажет. Олай етпесек, бөлінген қар­жы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетері анық.
– Ал енді осы мемлекеттік тұрғыда қабылданатын бағдарламаларға «ғалымдардың ұсыныстары, ой-пікірлері міндетті түрде енгізілуі керек» деген пікірлермен сіз келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Бірақ мұндай күннің ауылы біз үшін алыс. Бізді осындай жауапты шараларға ешуақытта шақырған емес. Дауысымыз жетпейді. Мысалы, біз ғалым­дар 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кеттік. Аталмыш аудандағы жерасты суларын түбегейлі зерттедік. Бұдан соң Қызылорда облысындағы жерасты сула­рына зерттеу жасадық. Тек Қызылорда облы­сына ғана емес, облысқа қарасты ауыл-аймақтарға зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Зерттеулеріміздің нәтижесінде Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты сулары бар екеніне көз жеткіздік. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Білесіз, бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сырдың суы­­ның лас екені, оның бүкіл Азиялық ау­мақ­ты аралап барып Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қал­дықтары да, бактериялық заттар да бар еке­ні һақ. Осыған орай біздің зерттеулеріміз су шықпайды деген елді мекеннің өзін су­мен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Бірақ өкінішке қарай, мұнымыз еске­ріл­мей қалып жататын жайы бар. Сондық­тан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныс-тілектері енгізілуі керек» деген пікірлермен келісемін, мұны қолдаймын.
– Қазірде өркениетті елдердің дені жерасты суларына бақылауды нығайтып,  тіптен жерасты суларын ғарыштан бақылау әдісін тәжірибе­де қолданып жатқаны белгілі. Қа­лай ойлайсыз, біз ғарыш индуст­рия­сы­на ден қойып отырған ел ретінде, осы әдісті қолданысқа енгізе аламыз ба? Жерасты суларын ғарыштан бақылау үрдісін елімізде дамытуға мүмкіндік бар ма?
– ... Рас, жерасты суларын ғарыштан бақылау әдісін қолданысқа енгізуге болады. Бұл үрдісті өркениетті елдердің дені қолданып жатқаны да ақиқат. Бірақ бұл істі тәжірибеге енгізу біздің елімізге асқан қажеттілік емес. Біз халыққа суды ғарыш арқылы жеткізбейміз, жерасты суларын зерттеу арқылы халықты сумен қамтамасыз етеміз. Әлбетте, жерасты суларын ғарыш­тық бақылау әдісі арқылы қай аймақта қандай су қоры барын және су ресурстары­ның өзгерістерін бақылауға болады. Бірақ «осы тәсіл арқылы қуаңшылықты жоямыз» деп әрекеттену бос уақыт өткізу болып табылады. Сондықтан әзірге су мәселесіне ғарыштық бақылау үдерісін араластыруды өз басым жөн санамаймын...
– Ендеше, халықты жаппай таза сумен қамтамасыз етіп, елдегі су қорының көзін молайту үшін болашақта не істелінуі керек деп ойлайсыз? Мүмкін, бұл ретте жерасты су құбырларының легін көбейту қажеттілік шығар... 
– Бұл жерде біз алдымен Қазақ елінің көршілес елдермен қарым-қатынасына айрықша мән бергеніміз абзал. Мысалы, қазақ жері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай елдерімен трансшекаралық аймақта жатқандықтан су мәселесінде мұны қатты ескеру керек. Айта кету керек, еліміздің Орал өңіріне су көзі Ресейден келсе, Арал өңіріне тек Сырдариядан ғана енеді. Қазір бізге бұл мәселеде өзбектердің қас-қабағын бағуға тура келіп тұр.  Ертістің суын Қытайлардың қас-қабағына  қарап қолданып отырмыз. Бүгінде Ертістің суы да тым азайып кетті. Оның себебі Қытай елі қазірде «Суық су» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Осы бағдарлама арқылы Қытай өкіметі халқын жаппай таза сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Олардың халық саны ірі мөлшерде болғандықтан, Қытайда егін шаруашылығы, түрлі өндіріс орындары көбейе түсетіні мәлім. Демек, бұл үрдіс болашақта Ертіс суының одан әрі азая түсетінін көрсетіп отыр. Оңтүстік өңірімізге су Қырғыз елі арқылы келеді. Бағамдасақ, Қазақстан жан-жағындағы барлық мемлекеттермен трансшекаралық өзендер арқылы байланысып жатыр. Ал мұндайда  су саясатының маңызы бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл шара шөл және шөлейт аймақ­тар­ды, сортаң жерлерді тұрақты да сапалы сумен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан соң еліміздегі су каналдарын үнемі бақы­лауда ұстау қажет. Олар үнемі уақытылы тазартылуы тиіс. Каналдардан үздіксіз су алынып тұруы керек. Қазірде елде өндіріс орындары азайғалы бері каналдарда артық су жетіп-артылады. Ал сол жиналған лас сулар апатты жағдайға апарып соқтыруда. Міне, алдымен аталған осы екі мәселені шешудің тетіктерін қарастырғанымыз абзал.
– Сіз атап көрсеткен  ұсыныстар­ға қоса қайсыбір мамандар «еліміз­де су сақтайтын ірі суқоймаларын көбейту керек» деседі. Өз басыңыз мұндай пікірлерді қуаттайсыз ба?
– Меніңше, ұсынысты айтпас бұрын оның ұтымды тұсын ескерген жөн. Жаңағы мамандар айтып отырған ұсыныс су мәселесін шешудің бірден-бір көзірі емес. Себебі нақ қазір елде ірілі-ұсақты су сақтай­тын қоймалар баршылық. Өкініштісі, сол су сақтайтын тоғандардың дені жекеменшіктің қолына өтіп кетті. Мұндай үрдістің арты үлкен апатқа апарып соқтырғаны бәрімізге белгілі. Бір ғана «Қызылағаш оқиғасы» бізге сабақ болуы тиіс. Сондықтан өз басым су сақтайтын қоймалар салу арқылы елді сумен қамтудың нәтижелі болмасын ішім сезеді. Демек, бізге мәселенің екінші бір жағын қарастыру керек. Ол үшін елдегі барлық суқоймаларын, тоғандарды жеке­мен­шіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек. Олай етпесек, пәленің басы тоғандардан басталмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Халықтың қамын емес, өзінің құлқынын ойлаған жеке монополис­терден қорыққанымыз жөн. Осыны мемле­кеттік бақылаушы органдар жадында ұстаса жөн болар еді. Өйткені бұл жерде халықтың қауіпсіздігі бірінші кезекте болғаны абзал. Ашығын айту керек, біз нақ қазір су сұрай­тын кезеңге тап келіп отырмыз. Еліміздің барлық аймақтарында су тапшылығы көзге ұрып тұр. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысын алайықшы, бір қарағанда таби­ғаты тамаша, орманы нулы болып көрінетін бұл аймақ та қазір су тапшылығын анық сезініп отыр. Бұрын кеңестік кезеңде ауызсу аталмыш елді мекенге Ресейдің Омбы, Қорған облыстары арқылы ірі су құбырла­рымен өтетін-ді. Бүгінде бұл үрдіс әлдеқа­шан тоқтап қалды. Сондай-ақ еліміздің шығысында, батысында, оңтүстігінде де су тапшылығы бар. Бір ғана Алматы қаласына қатысты су мәселесінің өзіндік проблема­лары тіптен ушығып тұр. Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендерінің лайланып, таза­лықтан жұрдай болып кеткені де көңілді алаңдатпай қоймайды. Қынжыларлығы халықтың экологиялық білімі де жылдан-жылға таязданып барады. Өзен-көлдерді жұртшылықтың өз қолымен лайлауы, кәсіпо­рындардың көл бетіне көлкілдетіп лас төгуі тіптен ақылға сыймайтын дүние.  Сондықтан біз болашақта  су мәселесіне ар­найы модельдік жүйе енгізіп, қатаң бақы­лаумен кешенді түрде жұмыс жүргізуге тиіспіз. 
– Қалай ойлайсыз, мүмкін, елдегі су мәселесін жеңілдету үшін айты­лып жүргендей «су мәселесімен жеке-дара айналысатын су шаруа­шылығы министрлігін құру керек шығар»...
– Меніңше, су шаруашылығы – министрлігін құру керек. Себебі су шаруа­шылығы өзіндік бір ірі сала. Егер су көзі, су ресурстары болмаса біздің шикізатқа байлығымыз да, мұнайды ірі көлемде өндіретініміз де, жер қойнауындағы атом ресурстарының, кен көзінің молдығы да қажетсіз болып қалатыны даусыз. «Су – тіршілік көзі» деген қағида осыдан барып айтылса керек-ті. Сондықтан «тек қана су мәселесімен айналысатын, су шаруашы­лы­ғы саласына байыппен қарайтын су шаруа­шылығы министрлігі керек» деп ойлай­мын...
– Өзіңіз білесіз, қазірде республика аймағында жерастынан ыстық сулардың атқылап шығуы жиі орын алып барады? Тіпті қайсыбір қауым осы ыстық сулардың емдік қасиеті барына барынша сеніп әлек. Ал сіздер осы жерасты ыстық сулары туралы қандай пайымдама түйіп отырсыздар?
– Рас, қазірде Іле Алатауының маңынан, Шымкент қаласынан жерастынан ыстық сулардың шығу көрінісі бар. Олардың жоғары қысымы 80-100 градус, 40-45 градусты көрсетіп отыр. Павлодар облы­сында жерастында 20-25 градустық жоға­ры қысымда  ыстық сулардың бары бел­гілі болып отыр. Маңғыстаудың маңында ыстық сулар бар. Бірақ әзірге бұл ыстық сулардың қасиеті, құрылымы толық зерт­теліп болған жоқ. Осы жерде бір айта ке­тер­лігі, біздің еліміздегі жерасты суларында сирек кездесетін металдар, химиялық элементтер көп. Еліміздегі жерастынан шығатын минералды сулардың құрамы тіптен ерекше. Қазір біз тек «Сарыағаш» минералды суын ғана пайдаланып жүрміз. Ал елде қаншама минералды сулардың қасиеті зерттелмей жатыр? Мысалы, Батыс Қазақстан облысы бойынша жерасты сула­ры­ның ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. Мұндай сирек кездесетін ме­тал­дарды әлемдік тұрғыда  «судан алына­тын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта судан алынатын сирек кездесетін металдар­дың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат.  Болашақта біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға күш салуымыз керек. Қазір Қытай елі сирек кездесетін металдар алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Осындайда өзіміздің бейқам қалыпта отырғанымызға қарап еріксіз қынжыласың. Бір ғана мысал айтайын,  елімізде қазір йод тапшылығы мықтап орын алып тұр. Ал сол йод тапшы­лығын су көзі арқылы жоюға әбден болады. Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұр. Міне, біз бұл мүмкіндікті құр жіберіп отырмыз. Жаңағы жерден шығатын ыстық суға халық бекерден-бекер сеніп, емдік қасиетіне бас ұрып барып жатқан жоқ. Денсаулыққа пайдасы болған соң халық ыстық суға қарай  беттеп жатыр.  Есебін тауып зерттесе ол судан да қаншама сирек кездесетін металдар табылатын еді. Өкініштісі, осыны зерттеу жоқ. Көптеген жекелеген мұнай өндіруші компаниялар сапалы мұнай алу үшін де, мұнай құбырла­рының үстінен ыстық су жүргізіп қоятыны да мәлім. Демек, бұл ойланатын нәрсе. Егер біз болашақта су көзі арқылы табысқа кенеліп, өзіндік бренд жинаймыз десек, осы саланы зерттейтін ғалымдарға қолдау көрсетілуі керек. Ғылымға жастарды жасақтауға тиіспіз. Қуатты технологияны ғылымға жұмылдыру қажет. Ғылымда қуатты жастар мен қуатты технология қызмет етсе, мәселенің оң шешімі табылар еді. Әсіресе су мәселесі қуатты технологияны қажет етіп отыр. Жерасты суларын зерттеуде нанотехнологияға жүгіну, осы арқылы жаңашылдыққа ұмтылу біз үшін ауадай қажет. Қазір әлем елдері су тапшылығына ұрынбаудың барлық амалдарын қарастыру­да. Міне, осы бағытта біз де өзіндік сипатымызды айқындап көрсете білгеніміз жөн. 
– Әңгімеңізге рақмет...

Алашқа айтар датым...
Су мәселесін реттеп, жерасты суларына тереңдеп зерттеу үшін бізге осы салада инженерлер керек. Біздегі жоғары оқу орындары бұл салада бакалаврлар мен магистрлар ғана даярлап жатыр. Бір қызығы, Бішкекте, Өзбекстанда жерасты суларын зерттеумен айналысатын инженерлер дайындайтын арнайы кафедралар бар. Тіпті көршіміз Ресейде мұндай инженер мамандарын дайындайтын 12 кафедра бар екен.  Ал біз  «ауызды қу шөппен» сүртіп отырмыз. Осы мәселе мені қатты қынжылтады.
Қазір қабілеті бар елдер қауқары жеткенше өзен-көлін тазалап, тіршіліктің көзі саналатын су ресурсын қарашығындай сақтап қалуға тырысып бағуда. Ал су проблемасы біздегі атқарушы билікті көктем келгенде ғана толғантады. Міне, бұл жайтқа да бейжай қарауға болмайды.
 Ауылды жерлердегі шешімін таппай келе жатқан ауызсу мәселесі, егістік жерлердің сортаңданып кетуі, бүгіндері алдымыздан шығып отырған елді-мекендерді су басу қаупі – халықтың көңілін алаң етуде. Көктем басталса  «суға қатысты тағы нендей шу шығар екен» деп жұрттың көңілі күпті болады да отырады?! Жыл сайын еліміздің әр түпкірінде су тасығанда «Әй, осы атқарушы билік бір сабақ алатын болды» деп үміттенеміз.  Әттеген-айы сабақ алудан гөрі шалағайлыққа ұрынудың жиілеп кеткені ойлантпай қоймайды...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста