Тәуелсіздік – ұлттық сана жемісі

Тәуелсіздік – ұлттық сана жемісі

Қуаныш СҰЛТАНОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

– Қуаныш Сұлтанұлы, сіздің пайымыңызша, Тәуелсіздік дегеніміз не және ол бізге не берді?
– Тәуелсіздік – ең алдымен, қасиетті ұғым, сана. Оның мән-мағынасын ой-сана­мызбен толық түйсінгеніміз жөн. «Тәуелсіз­діктің құнын бүкіл қоғам болып түйсіне алдық па? Біздің өскелең ұрпақ Тәуелсіздікті өз дүниетанымында қалай бағалайды?» деген сұрақтардың мазалайтыны да орын­ды. Осы тұрғыдан алғанда, менің пайы­мым­да Тәуелсіздік дегеніміз – ұлттық сана. Тәуелсіздік – адами болмысымыздың, өмі­рі­міздің қайнар бұлағы. Дүниеде жаралған тіршілік иесінің әрқайсысының болашақ өмірі тұтастай Тәуелсіздікке, бостандық пен азаттыққа байланысты. Өткен тарихымызды сабақтайтын болсақ, қазақтың ұлт болып ұйысып, ел болып бірігуінде, ең алдымен, Тәуелсіздік рухының ең жоғары рөл атқара­тынын аңғарамыз. Қазақ – жаратылысынан-ақ еркіндікті сүйген, азаттықты аңсап туған жұрт. Әрине, бұл басқа ұлттарда ондай сана жоқ дегенді білдірмейтіні түсінікті. Адам баласының еркіндікті, бостандықты аңсауы – табиғи құбылыс. Рухани еркіндік, рухтық теңдік болмаса, басқа бостандықтың тұрлаулы болуы да екіталай.
Дүниежүзінде 6000-ға жуық ұлт пен ұлт тілдері бар екен. Солардың бәрі бірдей мемлекет емес, БҰҰ-ға мүше болып, тең дәрежеде мойындалғаны – 193 мемлекет қана. Ал сол 193-тің қатарына қосылуды аңсап жүрген халық қаншама? Сондықтан да біз тарихымызды саралай отырып, Тәуелсіздіктің танымын терең сезінуіміз керек. Тарихты білу арқылы Тәуелсіздіктің қадірін артық сезінеміз. Мәселен, бізге дейінгі ғасырларда қаншама ұрпақ қазақтың ұлттық Тәуелсіздігін аңсап өтті?! Қаншама толқын Тәуелсіздіктің орнағанын көзімен көріп, азаттық ауасымен тыныстай алмай зарығып өтті?! Тарихқа тым терең бойламай-ақ, XIX ғасырдағы Қазақ ханды­ғы­ның ұлы даламызда толық доғарылғанын айтсақ та жеткілікті. 1847 жылы Кенесары хан өлтірілгеннен кейін, қазақ жерінде хандық құрылым жойылып, мемлекеттігіміз тәркіленді. Содан бастап қазақтың басы ыдырап, орыс патшалығының боданында кеттік. «Бөліп ал да, билей бер» саясаты ор­нық­ты. Хандықты жою тұсында да, одан бергі кезеңде де елдік еркіндік үшін ереуіл­дер, көтерілістер болғанымен, олардың ешқайсысы да отарлаушы күшке қауқарлы емес еді. Кейінгі кезеңнің барлығында да қазақ ұлтының қайраткерлері кез келген мүмкіндіктен еркіндікті іздеді. ХХ ғасыр басындағы революциялармен бірге азаттықты арқау еткен Алаш идеясы келді. Алаш қайраткерлері әуел бастан әлеуметтік теңдікті көкседі. Сол үшін Қазан төңкерісін қолдады. Үстем таптың болмауын қалады, Ресеймен одақтас бола отырып, автономия­лық жағдайда өздерін тең дәрежеде көргісі келді. Алайда Ресей басшылығына келуші­лер мұндай ұлттық ұстынды өздерінің саяси билеп-төстеуіне қауіп көрді. Билікке келген коммунистік партия Алаш қайраткерлерінің жұртты желпіндіре көтерген ұлт-азаттық санасын қолдау былай тұрсын, керісінше, оны мейлінше жоюға бағыт алды. XX ғасыр бойына ұлттық сана шектелумен келді. 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың көтерілуі сол булыққан, тұншыққан ұлттық сананың бұлқынысы еді. Тәуелсіздік, ең бастысы, құлдық, бодандық сананың құр­сауы­нан құтқарып, өзімізді тең құқықты адам сезінетін теңдік, еркіндік берді. Езіл­ген еңсемізді көтертті. Бүгінгі өміріміздің барлық жақсылығы – тікелей Тәуелсізді­гі­міздің жеңісі де, жемісі де. Барлық игілікті беріп отырған – қасиетті Тәуелсіздік.
– Қайсыбіреулер, оның ішінде сыртта отырып сарап жасайтын арандатқыш саясаткерсымақтар «Тәуелсіздік қазаққа оңай тиді» дегенді айтып қалып жатады...
– Бұл – қазақтың Тәуелсіздігіне қатысты қасаң тағдырлы қасіретін мүлдем білмей­тіндердің һәм мүлдем білгісі келмейтін­дер­дің әңгімесі. Ондай әңгімені ойлау қабілеті адамдық санадан да, адамгершілік ұғым­нан да алшақ қалған түсініктегілер өрбітетіні хақ. Тарихшылардың деректері бойынша, Ресейге бодан болған кезеңнің өзінде қазақ даласында үлкенді-кішілі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Тәуелсіздік үшін бұл аз көрсеткіш пе? Оның үстіне, неге біз халқымызды ұрындырып, соғыстырып, қан төгетін жолмен ғана Тәуелсіздік алуға тиіс екенбіз?! Отарланған қазақ онсыз да аз жапа шеккен жоқ. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары одақтық билік­тің солақай саясатынан 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Бұл аз ба? 1,5 мил­лионнан астам қазақтың тоз-тозы шы­ғып, жан сауғалаумен шетке үдере кеткені аз ба? Жүз мыңнан астам адам саяси қуғын- сүр­гін­ге ұшырағаны аз ба? Басқаларын айтпа­ғанның өзінде, 1986 жылдың бейбіт көтер­і­­­лісінде қаншама жастар құрбан болды? Бұл аз көрсеткіш пе?
Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, осын­дай қасіретті көп көрген ұлт Тәуелсіздік жо­лын халқын одан сайын арандатпайтын тұстан іздейтіні мәлім. Сол үшін біз Тәуелсіз­дікті санамен, ақылмен сақтап, тұрақтан­дырып, күшейтуіміз керек. Біздің басымыз­дағы жағдайдың өзі қазақты мейлінше қақтырмай, соқтырмай, қантөгіске апар­май, ұлт амандығын сақтай отырып, Тәуел­сіздікке қол жеткізу еді. Менің ойымша, сол Тәуелсіздік жарияланар тұста титімдей ғана ушығатын даудың өзі, басқасын қайдам, қазаққа үлкен қатер еді. Ондай қапыдан қадам жасалса, Тәуелсіздікті жарияламай тұрып, айырылып қалуымыз да ғажап емес еді. Тіпті Қазақстанның Тәуелсіздікті жария­лауының өзінде үлкен қатерлер тұрды. Мә­селен, біздің барлық облысымызда дерлік тікелей Мәскеуден ғана басқарылатын үлкен әскери құрылымдар болды. Олар тек бұйрықпен, тек орталықтың өктем бұйры­ғы­мен ғана қозғалатын күш еді. Сондай қа­тер­лердің арасында қақтығыссыз Тәуел­сіздікті жариялай білу – бұл көрегендік. Президент Н.Назарбаев бірнеше мәрте дәл осы мәселеге қатысты айтқаны есімізде. Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың арманы­мен, олардың өткен тарихи жолымен, бізге дейінгі толқынның талайлы құрбандығы­мен, бір сөзбен айтқанда, қазақтың қаны­мен келді. Талай буынның оза туған қайрат­шылдары Тәуелсіздік үшін бастарын құр­бан­дыққа тіккенін білеміз. Ендеше, соның бәрін тәрк етіп, қалай да қақтығыспен ғана Тәуелсіздік алуымыз керек пе еді? Бұл – арандатушылық. Қазақтың егемен ел бо­лып, өз тізгінін қолына алғанын көре ал­май­тындар осылай айтуы мүмкін. Кім не айтса да, өз жолымызбен жүріп, бейбіт дамуға ұмтылуымыз керек. Барлық мәсе­лені ақылмен, біліммен шешу мүмкіндігі бар.
Шығыстағы көршіміз – 1,5 млрд халқы бар Қытай Қазақстанмен тең дәрежеде саясат ұстанып отыр. Бұған не себеп? Олар біздің қаруымыздан, күшімізден қорқып отырған жоқ. Тіпті бізде Қытайды қорқы­татын ниет те, қару да, күш те жоқ. Біздің 16 млн халқымыз олардың бір ауданындағы жұртшылық санымен тең. Ендеше, Қытай Қазақстанның қазіргі заманға сай ұлттық интеллектуалдық мүмкіндігімен, ақыл-қуатымен санасып отыр. Сол секілді барлық көршілестер біздің Елбасымыздың алғыр ақылымен, ұтқыр ұстанымымен, пайымды пікірімен, кемеңгер келешек жолымен санасады. Бір кездегі Қытай Кеңес Одағынан белгілі бір деңгейде сескенетін де. Солай сескене жүріп, жер дауына мойынсынбады, ешқандай да шекара мәселесіне келіскен де емес. Кеңес Одағы 74 жылдың ішінде екі арадағы шекараны анық айшықтай алмап еді. Сол Қытайыңыз 16 млн қазақпен келісімге келіп отыр. Мұның мәнісі не? Өйткені Қазақстан Президенті сауатты саясат ұстанып, жаңа аргументтерді келті­ріп, Қытаймен тең дәрежеде сөйлесті. Көз­қарасты өзгерту арқылы мемлекеттерді бір-бірінен алыстататын емес, жақында­татын саясат ұстандық. Сөйтіп, осы уақытқа дейін қауіпті саналған Қытай шекарасы Қазақстанның Тәуелсіздігінен кейінгі жыл­дары ушықпай, басылды. Біздің ұтқанымыз осы болды.
– Қуаныш Сұлтанұлы, сіз тәуелсіз Қазақ елінің құрылғанына куә болып қана қоймай, Елбасымен бірге еліміздің іргетасын қалыптас­тыру барысына тікелей қатыстыңыз. Ендеше, естелік ретінде айтып өтсеңіз, осыдан 20 жыл бұрын Тәуелсіздік жарияланғанда сіз қандай қызметте едіңіз? Тәуелсіз­діктің жариялануын қандай сезіммен қарсы алдыңыз?
– 1991 жылдың тамызына қарай бір кездегі қуатты партия құрдымға кете бас­тады. Партия атқаратын құзыреттің барлы­ғы жаңадан құрылып жатқан мемлекеттік құрылымдарға ауысып жатқан кез. Сол тұста Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен бірнеше маңызды министрліктер, солардың алғашқылары болып Бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз министрлігі құрылды. Идеологиядағы БАҚ-тың рөлі үлкен еді. Саясаттың жұмыс бағыты да БАҚ арқылы жүргізілді. Осындай жауапты салаға тұңғыш министр болып тағайындал­дым. Сол тұста мен Жоғарғы Кеңестің құрамындағы депутат та едім. Бірнеше ай министрдің қызметін қатар алып жүруіме тура келді. Кейіннен жаңа заң шығып, желтоқсанның соңына таман депутаттық өкілеттігімді тапсыруға тиіс болатынмын. Сондықтан да Тәуелсіздік заңы қабылдана­тын 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңестің отырысына, бір жағынан, депутат, екінші жағынан, министр ретінде қатыстым. Сөз сөйледім. Пікірімді айтып, ұстанымымды таныттым. Қазір айтуға оңай, дегенмен сол кезде Тәуелсіздік жариялау барысының өзі оңайға соққан жоқ. Ұлты басқа депутат­тардың біразы қарсылық көрсетіп бақты. Заң жобасын әзірлеуді басқарған заңгер Сұлтан Сартаев ағамыз сауатты құжат жасап, ол туралы баяндама жасаған-ды. Сонда кейбір депутаттар «біз кімнен тәуел­сіздік алмақпыз?!» дегендей қитұрқылыққа басты, арандатқыш сұрақтарын ортаға салды. Кейбірі референдум өткізу керектігін айтты. Ал ондай референдум біздің жағ­дайымызға мүлдем теріс әсер ететін еді. Өйткені сол жылдары республикамыз­дағы қазақ саны 36 пайызды ғана құрайтын, яғни ұтылатынымыз анық болатын. Сол үшін референдумға жол бермеуге тырыс­тық. Ақыр соңында бір азғантай топтың қарсылығына қарамастан, кешке қарай заң қабылданды. Бұл «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң болатын. Дәл сол кезде біз тұңғыш рет бұғаудан босанған секілді үлкен сезімді, бостандық рухын бастан кешірдік. Бұл қайталанбас сезім еді. Оны сөзбен айтып жеткізу де қиындау. Әйтсе де алды-арты­мызды бағамдамай, «Тәуелсіздікті алдық та, жарияладық» деп жалған айта алмай­мын. Қорқыныш болды. Тәуелсіздік жария­ланғаннан кейінгі үрей де басым болды. «Алдымыз қалай болар екен, ел қайтер екен, қайда барамыз, кім боламыз?» деген ойымызды қанша сан-саққа жүгірткені­міз­бен, нақты жауап таба қойылуы қиын. Өйткені біз өзіміз қазір ғана құтылған жүйенің қуатын да, қайратын да білетінбіз. Сол жүйе қайта күш алып, келе қалса, бізді аямайтынын да білетінбіз. Ондай жағдайда Тәуелсіздік үшін құрбанның кім болатынын да өзіміз сездік.
Дегенмен біз үшін сол кезеңдегі басты идеологиямыз Тәуелсіздік болды. Тәуел­сіздік идеологиясының сол тұстағы мәнісі: ең алдымен ұлтыңды, Отаныңды сүй, туған тіліңді құрметте, сол арқылы еңсеңді көтер, азат Қазақ елі! Бұл идеология осылай туындай беруі тиіс болатын. Өйткені жұрт­шы­лыққа азаттықтың ақиқатын анық сезінуі ауадай қажет-тін. Ал оның өзі қы­руар жұмысты талап етті. Тарихтың терең­дігі, тарихтың әділеттілігі, ақтаңдақтардан арылу, шынайы тарихты қалпына келтіру – мұның баршасы қыруар идеологиялық жұмысты талап етті, соларды кешіктірмей қолға алуға тура келді. Әрине, Тәуелсіздікті бүгін жариялап, ертең өз-өзінен мемлекет құрыла салады, содан бәрі бір арнаға түсе кетеді деген ой болған жоқ. Қазір кейінге қарап әңгіме ретінде айту оңай, ал сол кездегі Тәуелсіздіктің тәуекелі тың береке болғанымен, тым күрделі мәселе еді. «Енді не істейміз? Қайсысын бұрын қолға ала­мыз? Не маңызды?» деген сұраққа Елбасы­дан бастап бәріміз де жауапты болатынбыз. Осындай қиындықтан көшбасшылықтың дұрыс бағдар ұстануы мен ұлттық қабілеті­міздің қайсарлығы арқылы аман шықтық деп айта аламын.
– Рас, Тәуелсіздікті жариялау бар да, оған қол жеткізу бар. Осы тұрғыдан алғанда, отарлану салдарынан толық арылып болдық па? Біздің қоғам Тәуелсіздік рухын қаншалықты сезіне алды?
– Тәуелсіздік – бізді тіпті өзіміз болжай алмаған биікке шығарды. Осы 20 жылда бұдан бұрынғы 200 жылда қол жетпеген арманға қол жетті. Алайда Тәуелсіздіктің берген мүмкіндігін толық пайдалана алма­ған, әсіресе отарлану салдарынан арылуға пайдалана алмаған жерлеріміз баршылық. Әрине, бұл – бір ғана адамның қолында тұр­ған, әйтпесе қандай да бір бұйрықтар­мен, жарлықтармен шешімін таба қоятын   дүние емес. Мәселен, Тәуелсіздік рухына қатысты Президент Н.Назарбаев аз айтып жатқан жоқ. «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лессін» деді Елбасы. Нәтиже нешік? Сөйте тұра біз неге басқа жұртқа өзіміздің өкпе­міз­ді айтуымыз керек? Қазақ қазақ тіліне қатысты мәселеде ешкімге өкпе айта ал­май­ды. Тарихқа тоңмойындар ғана өкпе артудан жалықпайды. Рас, бұрынғы Кеңес Одағында СОКП Орталық комитетінің орыс тілінің қуатын көтеруге қатысты қаулысы болды. Қазақ тіліне қатысты ешбір мәселе ашық көтерілген де емес еді. Поштаға барып, қазақ тілінде телеграмма саламын десең, саған аспаннан түскендей қарайтын. Басқа ұлттың өкілдері «сен неге мен (яғни кеңес азаматы) түсінбейтін тілде сөйлей­сің?» дегенді нұқып тұратын. Ал қазір ше? Қазіргі жағдай, шынымен де, біздің ұлттық санамыздың толық оянбай жатқанын білді­реді. Басынан талай тоқырауды өткізген, сондықтан да тіл тура­лы тебірене айта алатын менің кейбір заман­дастарымның өзі немерелерімен өзге тілде сөйлесу әдетін әлі де қоя алмай келеді. «Арыла алмай жүр» дегеннің бірі – осы. Дегенмен болашақтан күтер үміт мол. Біз тілдік мәселені науқан­шылдықпен, әйт­песе ұраншылдықпен өткізгеннен ештеңе ұтпай­мыз. Бұл да – са­на­ның мәселесі. Меніңше, келесі буынның санасы, әсіресе тілге қатысты санасы оянады. Ұлты қазақ емес жастардың өзі қазақшаға бет бұрған. Бұл – жақсылықтың нышаны. Осы тұрғыдан алғанда, алдағы уақытта отаршылдық зардабынан толық арыла аламыз деп айта аламын. Оның үсті­не, қазақтың арасын тіл білетін, тіл білмей­тін деп бөлуді доғару керек. Қазақша біл­мей­тін топтың қаны – қазақ. Оның өзі ана тілін білмегенімен, келесі ұрпағының қаны тартады, онымен бірге санасы да сілкінеді. Біздің ортамыз да – соған ыңғайлы тәуелсіз елдің ортасы. Тек тілге қатысты ортақ мүдде болуы керек.
Жалпылама алғанда, құлдық санадан арыла алмауды білдіретін тілден басқа да көптеген белгі баршылық. Мәселен,  20 жыл ішінде елді мекендердің де атауы толық өзгере алмады. Әсіресе өңірлерде. Қайта орталық қалаларда көше атаулары өзгерді, ал жергілікті жерлерде мызғымай­тын «баяғы жартас – сол жартас». Бұған қара­сақ, кейбір жағдайларда біздің санамызда­ғы отаршыл­дықтың сарқыншағы әлі де қалғанын бай­қай­мыз.
– Неге арыла алмай отырмыз және арылудың жолы қайсы?
– Менің байқауымша, атау ауыстыру мәселесінде жергілікті биліктегі атқамі­нерлер бейқамдық танытып отыр. Өңір бас­шысы ұлттық атауларды қайтару маңы­зын білмейді не жете түсінбейді. Түсінсе де, құлықты емес болып отырғандар да болуы мүмкін. Не болмаса ондай адамдар халық алдында беделсіз болуы мүмкін. Осындай ынтасыздықтан барып қос тараптың нара­зы­лығы тууы кәдік. «Арылудың жолы – жергілікті халықпен жұмыс істеу керек» деп ойлаймын. Билік қоғаммен үздіксіз қаты­наста, пікір алысуда болуы қажет. 1993 жылы Петропавл қаласындағы бұрынғы Коммунистік даңғылына Мағжан Жұма­баев­тың есімі берілді. Сол кезде қаладағы қазақтардың саны тіпті аз болатын, қазір де көп емес. Атауды ауыстыруға қарсы болған облыс пен қаладағы казактар, басқа ұлт өкілдері наразылық шеруіне шықты. Вице-премьер ретінде соған баруыма тура келді. Менімен бірге Әбіш Кекілбаев та барды. Біз наразылық шеруіне шыққан жергілікті жұртшылықпен сөйлестік. Ішінде бірде-бір қазағы жоқ аудиторияға әңгіме айтуға тура келді. Мағжанның кім екенін түсіндіріп бақтық. Коммунистік партияның саясаты­мен атылып кеткен құрбан екенін, «Қазақ­тың Пушкині» екенін жеткіздік. Сонда ғана жергілікті басқа жұрт Мағжанды мойында­ды. Әрине, олардың бөркін аспанға ата қуанғанын көргенім жоқ, бірақ наразы топ қазақтың құрбан болған ұлының ірілігін мойындады. Оның есімінің ұлықталуы тиіс құқын да, деңгейін де мойындады. Тіпті «біз мұны білмеппіз ғой» деп айтқандары да есте. Ал солардың білмегені үшін кімді  кінәлаймыз?! Тіпті сол кездері басқа түгіл, өзіміз де Мағжанмен енді ғана қауышып, танып жаттық емес пе?! Мінеки, осындай жұмыстар толассыз болуы тиіс еді. Алда солай болса деп тілеймін.
– Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін біздің келешекте нені сақтауы­мыз, неден арылуымыз керек?
– Әуел бастан солай болғаны секілді Тәуелсіздіктің қауіпсіздігін мәңгі бақи қамтамасыз етуді ойдан еш шығармауға тиіспіз. Бұл санадан бір сәт те шет қалмауы­мыз шарт. Тағы да айтамын, Тәуелсіздіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең алдымен, халықтың санасындағы дүние. Сол сана арқылы әрбір адам мемлекетінің тұрпатына, болмысына өз үлесін қосса игі. Оның үстіне, Тәуелсіздік – жалаң ұран емес. Сондықтан да Тәуелсіздіктің қауіпсіздігіне әлеуметтік тұрғыдан да қараған лазым. Елдің тұрмыс-әлеуеті артып, қазіргі экономикалық жетіс­тік­тер тұрақтанса, оны ары қарай өрбітсек игі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үдемелі индустриялық дамуды ұлттық идеология деңгейіне көтеріп отыр. Бұл да – Тәуелсіздік қауіпсіздігінің бір тетігі. Қазақ ұлтының дүниежүзілік бәсекеге қабілетті болуы да экономикадан арыға кетіп, Тәуел­сіздікке тірелетіні ақиқат. Ал бәсекелестіктің өзі еңбек арқылы келеді. Екінші басты мәселе – ұлттың өсімін қамтамасыз етіп, тыныштықты қамту. Ұлттық өсімнің де, тыныштықтың қамтылуының да құрамдас бөліктері жетерлік. Бұған айрықша назар  аударылса игі. Отаншылдық тәрбиені де тереңдеткен абзал. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздіктің қауіпсіздігі мәселесінде назар аударатын мәселе жетерлік. Мәселен, сырттан қауіп көп-ақ. Әрине, Қазақстанға нақты бір тұстан соғыс ашқалы кезеніп тұрған ешкім жоқ. Бірақ неше түрлі аранда­ту­шы күштер жүр. Біздің заманымыздың ерекшелігі осында. Көзге көрінбейтін қа­тер­лер де – соның айғағы. Мұнда да айта­тын дүние санаға тіреледі. Басқасын айт­пай-ақ, кешегі елді дүрліктірген лаңкестік әрекет­тердің баршасы сананың осалдығы­нан туды. Лаңкестікке барғанның барлығы – қазақтың жігіттері. Санадан болған сы­нық оларды осылай улады. Санасы мықты қоғамды, санасы биік адамды сырттан да, іштен де ешбір күш іріте алмайды.
– Жақында Парламент Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жы­л­дығы Декларациясын қабыл­дады. Бұл құжаттың келешек үшін мәні мен маңызы қандай деп айтар едіңіз?
– Парламенттің осы бастамасын Президент қолдаған болатын. Расымен, өркениет тәжірибесінде елеулі кезеңдерді ескеру бар. Бұған дейінгі атқарылған істерді бір саралап, болашақпен соны ұштастыру­дың маңызы зор. Сол тұрғыдан алғанда, Парламентте халықтың назарын аударатын құжаттың қабылданғаны орынды болды. 1997 жылы астана Ақмолаға көшкенде Үкімет Парламентпен бірлесіп халыққа үндеу жариялағаны есіме түседі. Ол да елеулі оқиға еді. Сол секілді 20 жылдықта негізгі жетістіктерімізді айта отырып, соған сүйене отырып, болашақты қамтамасыз ететін мәселе көтерілді. Саяси құжаттың салмағы да болашақ үшін зор. Отаншыл­дықты, адамның рухын, санасын көтеретін мәселе. Жақсылықты айтудан қашпай, келешекті дұрыс бағамдау деп білемін. Кем-кетікті жою үшін жақсы рухты, жақсы көзқарасты пайдалану керек. Тағы айтарым, рухани бостандықпен бірге серпіліп, жаңа шыңға қарай көтерілгеннен ұтарымыз да мол болмақ. Қандай нәрсе болсын жеңіске жетелейтін – халықтың рухы. Сол рух арқы­лы сапа көрсетіледі.

Тәуелсіздікке тілегім бар...
Тәуелсіздіктің мән-мазмұнын, мағынасын, өткен-кеткенін бажайлап, мей­лін­ше өз санамнан өткізіп бағалай алатын жастамын. Жай жаста емеспін, көр­генім арқылы, білек сыбанып кіріскенім, қатынасқаным арқылы білемін – Тәуелсіздіктің құны ешбір нәрсемен өлшенбейді. Дүниеде ешбір мәселедегі теңдесі жоқ құбылыс – Тәуелсіздік. Біздің тегіміз – Тәуелсіздік, санамыз, рухы­мыз – Тәуелсіздік. Ендігі жерде Тәуелсіздік болмаса, қазақ жұрты болмай қалуымыз да ғажап емес. Сондықтан да келер ұрпақ Тәуелсіздіктің сапасын, санасын, құнын түсінетін әрі бізден де қуатты болса екен. Біз Тәуелсіздік алға­нымыз үшін кезіндегі Алаш зиялыларынан еш әулие емеспіз. Олардан сана­мыз да соншалықты артық емес. Алайда тағдыр бізге Тәуелсіздікті жариялау құзыреті мен құдіретін сыйлады. Ендеше, біз оны мұраға, мәңгілік мұраға қалдыруға тиіспіз. Мұраға иегерлердің қабілеті бізден жоғары болуы тиіс. Олар­дың сондай болатынына сенімдімін де. Бір сөзбен айтқанда, өзін де, хал­қын да ұшпаққа жеткізетін ұрпақ келе жатыр деп санаймын. Соған тілектес­пін!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста