Тілден айырылу – қазақтығыңнан айырылу
Шериаздан Елеукенов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымының докторы, профессор:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Шериаздан аға, өмірлік тәжірибеңіз, көргеніңіз, түйгеніңіз бар, кезінде жоғары қызметтерде болдыңыз, ғылым саласына да қосқан үлесіңіз қомақты. Егеменді еліміздің ертеңіне бару үшін бүгіні мен кешесіне тоқталуға тура келеді және оны өміріңізбен байланыстырсаңыз.
– Мен бұрынғы С.М.Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетін бітірдім. Облыстық газетте сегіз жыл жұмыс істедім. Газетте істегеннен кейін жазасың ғой. Кішігірім хабардан бастап, бірте-бірте очеркке көштік, фельетон, әңгіме жаздық. Облыстағы сегіз жылдан кейін Алматыға қайтып келдім. Журналистика кафедрасы аға оқытушыға конкурс жариялаған екен. Мен сол конкурсқа арыз беріп, сол арыз бойынша аға оқытушылыққа қабылдандым. Аға оқытушының міндетіне очерк және газеттердің безендірілуі кіреді екен. Осыларды маған тапсырды. Кейіннен Мәскеудегі Ғылым академиясының аспирантурасына түсіп, Әдебиет теориясы кафедрасында үш жыл оқыдым. «Казахский роман и современность» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Басқаша айтқанда, «современность» дегеніміз – категория, яғни тарихи шығарма немесе қазіргі заман, т.б. тақырыптардағы жазылған романның негізі сол уақыттың көзімен қаралады.
Мемлекеттік баспа комитеті деген болды. Оның председатель-төрағасы өкімет мүшесі болып есептелетін. Мен сол комитеттің бастығы болдым. Мұнда келгеннен кейін барлық әдебиетпен шұғылдануға тура келді. Өйткені мазмұнына, идеялық бағытына тікелей жауап бересің. Ал қазір Тәуелсіздік заманы. Ата-бабаларымыз көксеген, өзіміз де іштен тынып, армандаған уақыт қой. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Тәуелсіздік дәуірін көрдік. Кеңес заманында қыспақты да көп көрдік. Мен «советті» жамандайын деп отырған жоқпын, ол заман туралы өзімнің көзқарасым бар. Мәселен, әр ұлт өз жағдайына қарай бағалауы керек. Бұрын біз Мәскеудің көзқарасымен бағаладық қой. Соған байланысты: «Ойбай, қараңғы едік! Артта қалған едік!» деп зарладық. Соның ішінде, жуан ортасында өзім де жүрдім. Бір-ақ мысал келтірейін. Тәуке ханның Жеті Жарғысы бар ғой. Сонда мәселен, кісі өліміне құн төлейсің. Ер адам болса, 100 жылқы төленеді. «Мұны неге айтып отыр?» дейсің ғой. Мәселен, Азия елі артта деп есептейміз. Енді Еуропадан айырмашылығымыз біздің жаза кескен адамымыз өмір сүре береді, ал аналардікі түрмеде шіріп өледі. Ал қазақта ондай жоқ. Қазақтың өз Жарғысы бар. Сосын жеті атаға жетпей үйленбеу мәселесі. «Қалқаман-Мамырдың» трагедиясы соған байланысты ғой. Мұнда да үлкен мән бар. Ұлы жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» деген шығармасы бар. Сонда бұрынғы төрелер тұқымының іріп-шіріп бара жатқанын көрсетеді. Олар қарадан, яғни қазақтан әйел алмаған, өздерімен өздері болады. Бірте-бірте қан сұйылып, ұрпаққа әсер етеді. Ғабеңнің «Этнографиялық әңгімесі» соны баяндайды. Міне, қазақтың қаны таза, заңы бар және қазақтың қызы пәренже киген жоқ. Мәселен, біздің Тұмар-Томирис патшайым бүкіл дүниежүзін жаулауға айналған парсының Кир патшасының басын алады ғой. Ол біздің елді басқыншылыққа алғысы келеді. Былтыр Конституция күніне байланысты әскери шеру болды ғой. Сонда қазақтың қыздарынан құрылған екі батальон келе жатты. Еріксіз Томириске назарың ауады. Томиристің бергі жағында сіңлілері – Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалар шықты. Шығыста, Орта Азияда, анау Кавказды қосып алғанда қазақтың қызынан басқа Батыр шыққан жоқ. Батыр қыздарымыз дәстүрімізді жалғап отыр. Қазақтың қыздары жау келіп қалса, төбелеріне шаштарын түйіп, ерлермен бірге шабысқан. Екі жүз жыл аттан түспей, елімізді қорғады ғой, ата-бабаларымыз. Мына кең-байтақ жерді қорғау оңай емес қой.
Мәселен, Николай Кровавый, Столыпиндерді жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Олар екеуі де қазақтың жерін тартып алған. Николай Қазақстанды төртке бөліп жіберді. Қазақ аты жоқ, тек губерниялар. Қазақ мемлекеттігінен айырылды. Ал Ленин қайтті? Егер олар Ленинді қарғаса, біз де қарғауға міндеттіміз бе? Николай төрт губернияға бөліп, қазақты жоқ қылып еді, Ленин Қазақ автономиясын берді. Алаш қозғалысының қайраткерлері Ресейден мәдени автономия сұраған болатын. Ал Ленин бізге жері тұтас, өкіметі, парламенті бар автономия беріп отыр. Ал енді Николайды орыстар мақтады екен деп мақтауымыз керек пе? Ленинді жамандады деп оны жамандауымыз керек пе? Біз ұлттық мүддемізге сай Ленинді мадақтаймыз. Мен осы жағынан Ленинді жақсы көремін және жасырмаймын, ылғи жазып жүремін.
– Николайды өзіңіз айтып отырсыз, бірақ Ленин де қазақтың басына берекетті бере салған жоқ қой.
– Сен Сталиннің репрессиясын айтқың келіп отыр ғой. Енді ол – болған нәрсе, бірақ оған қарап, Сталинді жермен-жексен етуге болмайды. Мәселен, Шыңғыс ханды Хасен Әдібаев «Отырардың ойраны» романында сынайды, бірақ көкке көтереді, «данышпан қолбасшы» дейді. Бірақ оның данышпандығы бізге қолайлы болып тиген жоқ. Отырарды ойрандады. Әлі күнге дейін Күлтөбе емес, Күлтау болып жатыр. Созаққа барыңыз, Сауранға барыңыз. Соның бәрін істеген кім? Иә, Шыңғыс ханның ұлы қолбасшы болғаны рас, бірақ оның даналығы адамдыққа апарған жоқ, зұлымдыққа негізделді, біз үшін. Моңғолия тарапынан, мүмкін, жақсы шығар...
– Әлемге белгілі көсемдерге әр ұлт өз тұрғысынан қарайды ғой. Біздің дамуымыз жоғарыда айтқан Николай мен Ленинді мақтауымыз немесе даттауымызға қаншалықты байланысты?
– Біз тәуелсіз көзбен қарауымыз керек. Әдебиетке, мәдениетке, бәріне тәуелсіздік көзқарас керек. Президент жылдың басында Алматыға келіп сөз сөйледі. Сонда осы тәуелсіздік көзқарас туралы айтты. Әсіресе әдебиетті тәуелсіздік көзқараспен жазу керектігіне тоқталды. Соңғы жылдары Тәуелсіздік тақырыбына төрт кітап жаздым: «Әдебиет – Тәуелсіздік құралы», «Тәуелсіздік биігінен», «Тәуелсіздік шарапаты» және орыс тілінде «Казахская литература – новая прочтение» деп аталады. «Новая прочтение» дегеніміз – Тәуелсіздік көзімен қарау деген сөз. Әдебиетімізде тек Тәуелсіздік кезінде ғана емес, бұрын да тәуелсіздік туралы жазылды. Мәселен, Есенберлин ашық жазды. Романның негізгі қабырғасы, арқауы – тәуелсіздікті аңсау. Кенесары – тәуелсіздікті қорғайтын «Қаһар» романының басты геройы. «Көшпенділер» шыққанда мен комитеттің бастығымын, бірсыпыра дау болды. Мен жауаптымын ғой. Оның алдында «Социалистік Қазақстанда» бір жарым «подвал» сын мақала шыққан: «Есенберлин тарихты бұрмалап отыр» деп. Ол ЦК-ның ұстанымы. Ол өте ауыр. Мен сол бойынша «Дружба народов» журналына жаздым, қазақ газетіне қарсы шығуға болмайды. Міне, көрдіңіз бе, қалай болғанда да тәуелсіздікті қозғап отырды. Әсіресе жоңғарлардың қырық жылға созылған қанды жорығына қарсылық танытқандай болып, тәуелсіздік идеясын көтердік. Мәселен, Абылайдың сабақтары бар. Соны біз тәуелсіздік көзімен бағалауымыз керек. Абылай үш жүздің басын біріктірді ғой. Сол кезде Найманның Садыр деген руы: «Бізге жер бермедіңдер! Біз өкпеліміз! Көшеміз! Өзбекстанның Әндіжанына кетеміз!» деп аттарын қомдап жатқанда, Абылай естіп қалады. Абылай: «Бұл не деген сұмдық! Қазақтың басын біріктіре алмай жатқанда, бүлік шығарғандарды шабу керек! Мұндайларды жою керек!» деп ашуға мінеді. Сонда Бұхар жырау: «Хан ием, басу, жаншу, қан төгу – оп-оңай. Менің қасыма он кісі қосып жіберіңіз, барып сөйлесейік» дейді. Абылай Бұхарды жібереді. Бұхар жырау оларға барып, келістіріп, бітімге келіп, жер алып береді. «Садыр қайда барасың? Сарысуды жағалап...» деген өлеңі сол кезде шыққан. Мінекей, «әдебиет – тәуелсіздік қаруы» деген сөз осыдан шығады.
– Ұлттық сана туралы не айтуға болады?
– Сенің санаңда тарих тұруы керек. Тілді білуге тиіссің! Тілің болмаса, қазақ болмайсың! Қазақ тілің жоқ болса, сен қазақ емессің! Дәстүріңді де, тарихыңды да, өзіңді де – бәрін жоғалтасың! Шоқыншы болып кетесің! Ары кеткенде шала қазақ боласың!
Елбасы Жолдауынан кейінгі екінші күні министрлер мен әкім-қараларды жинап алып, бұрын айтылмаған қатты-қатты сөздер айтты: «Ауыздарыңды ашып отырсыңдар! Түк бітірмейсіңдер» деді. Мұның артында не тұр? Мұның артында: «Сен неге халқыңа қарамайсың? Өзіңнің байлығыңды ойлама, алдымен халқыңа қара, әйтпесе кет!» деген сөз ғой. Мінекей, керек болса, ұлттық сана деген. Ұлттық сана дегеніміз – ұлттық мүддемізді қорғау. Ұлттық мүддені қорғау арқылы адамзаттық идеяны қорғау. Жаһан дегеніміз – әдебиет, мәдениеттің жақындасуы. Қазір әлемнің әдебиеті мен мәдениеті жақындап келе жатыр. Мәселен, қазіргі әндерді мен жақтырмаймын. Сендер жастар жақтыратын шығарсыңдар. Бір түрлі басқа елдердің әуендері сияқты...
– Жақтырмауыңыздың басқа қандай себебі бар?
– Ұлттық болмысымыздан ажырап бара жатуымыздың белгісі бар. Ажырамаймыз деп қасарысып отыруға тағы болмайды. Мәселен, Президентіміз көтерген инновация – отандық өнімдерді, өндіріс күштерінің қарқынын арттыру. Міне, ұлттық идея дегеніміз – осы.
Баяғыда біз «Евразийский талисман» деген кітап жазғанбыз. 1994 жылы Елбасымыз Мәскеу мемлекеттік университетінде сөз сөйледі ғой: «Еуразия одағын құрайық» деп. Бұл кітап – соны қолдау. Өйткені біз Ресейдің әдебиетінен, мәдениетінен өзімізді жырақ қалдырмауымыз керек. Себеп, дүниежүзінде 2000-нан астам тіл болса, солардың ішінде 3-4-еуі ғана бүкіл әдебиет, мәдениеттің байлығын жинап алып, кітапханасын сақтап отыр. Ал бізде ондай мүмкіншілік жоқ қой, әлі. Біз бүкіл адамзат байлығын қазақ тілі арқылы игеріп болғанымыз жоқ. Сондықтан біз орыс тілін жоғалтпай, онымен қаруланып отыруымыз керек. Абайдың: «Ғылым-білім – орыста» дегені әлі күнге дейін өзекті, өзінің зәрулігін жойған жоқ.
– Қазақ тілі көлеңкеде қалып қоймай ма?
– Қазақ тілін көлеңкеде қалдырмау жөнінде хат жазғанбыз. Шаханов бастап, біз қостап, қол қойдық. Сол кезде жоғары жақтан маған адамдар келіп: «Сіз қол қойыпсыз ғой?» деді. «Иә, қол қойғаным рас. Егер бұдан былай соза берсек, тілімізден айырыламыз. Тілден айырылу – қазақтығыңнан айырылу. Оның арты мемлекеттігіңнен айырылу деген сөз. Сондықтан шара қолдану керек. Қазақстанның 25 жылдығына қазақ халқымен қоса, қазақстандықтар қазақ тілін білуі керек» дедім. Бұлар оны 10 жылға шегеріпті. Жарайды, мақұл! Елбасымыз «2020 жылға дейін барлық қазақстандықтар қазақ тілін білуі керек» деп, өзі айтып отыр. Мен сенемін! Қазақ тілі жойылмайды.
– Осы тұрғыда әдебиеттің әсері қанша? Ықпалы байқала ма?
– Тарихи романдар алда тұр, әлі. Қазіргі жағдайлар жөнінде көп роман туған жоқ, бірақ жазылып жатыр. Олардың барлығы мен айтқан дәстүрлерді алға шығарып жатыр. Қандай қазақ болғанымызды көрсетіп жатыр. Ал оқылып жатқанына күмәндімін. Себебі кітаптың тиражы, ары кеткенде – 2000 дана. Баяғы кеңес өкіметі кезінде қазақтың 700 мектебі жабылды. Соған байланысты қазақ тілді оқушылар қысқара берді, бірақ соның өзінде романдар 30 000 данамен шығатын. Қазір тәуелсізбіз, қазақ мектептері көбейіп жатыр, бірақ кітаптардың тиражы 2000-нан аспай тұр. Қазақ 10 миллионнан асты. 2000 тиражды осыған бөліп бере аласың ба? Бөліп көрші... Құдайға шүкір, тағы да өсіп келеміз. Қазақ тілін қолдаушылар қосылса, келешекте 20 миллион боламыз. Демек, проблема туып отыр. Ол үшін кітап және кітап ісін жолға қою керек. Әр комитеттің қолтығында түк бітіре алмай жүрген баспаларды бөліп алып, агенттік жасау керек. Әнеугүні «Егемен Қазақстанға» жаздым. Қазір тендерді де дұрыс өткізе алмайды. Басқа шаруаларға бас қатырғандары шамалы. Кітап ісін жолға қою үшін қағаз өнімін өзіміз өндіруіміз керек. Бізде ағаш бар, бірақ оны кесе алмаймыз, онсыз да сирек. Сондықтан оған Қытайдың қағазды сабаннан жасайтын технологиясын алу керек. VІІІ ғасырда Самарқанда қағаз жасаған. Самарқанның маңайында ағаш бар ма? Қалай жасаған? Міне, соның бәрін есептеп, қағаз өндірісін жолға қою керек. Баяғыда председатель болып жүргенде бірсыпыра жүгіргем. Бір күні Димекең шақырып алып: «Әй, Елеукенов! Қағаз өндірісінде не шаруаң бар? Ол – орман шаруашылығы Әндербаевтың шаруасы ғой» деді. Мен айттым: «Біз қағазды шығыста Сахалиннен, батыста Жидачевтан тасимыз» дедім. Димекең: «Ну, и вези-таси бер!» деді. Ал менің сол кезден бері айтып жүрген ұсынысым Қызылордада картон фабрикасы ашылды. Ол кезде қамыс та көп. Сосын күріш бар ғой. Оның сабаны қайда? Технологиясын қайдан аламыз дейтін емес, Қытайда тұр, сатып ал да жасай бер! Қағазың арзандаса, кітаптың тиражы көбейсе, баспалар табысқа шығады. Табысқа шыққаны – сен сияқты журналистердің қалтасы қалыңдайды деген сөз.
Университетте оқып жүргенде «информация» жанрын бірінші рет таныстырды: «Сендер жазып келіңдер! Жазғандарыңды жариялаңдар! Жарияламасаңдар зачет қоймаймыз!» деді. Енді бұлай дегеннен кейін жүгіреміз ғой. Мен біреуден естіп, КазТАГ-қа бардым. Жазған хабарымды КазТАГ қабылдады да, маған 5 сом ақша берді. Бөлмеде үш кісі жатушы ек, асханаға барып, тамақ ішіп, тыңқия тойдық. Ол уақыт – қуаңшылық кез. Студенттер аш. Карточкалық жүйе... Содан 4-курсқа келгенде гонорарыма сағат алып тақтым. Ол кездегі сағат сатып алу – қазіргі «мерседес» мінгенмен бірдей. Қазір де газеттерге жазамын, беретін ақшасы түкке тұрмайды, жылдың аяғында бірдеңе бере салады. Арқаны кеңге салмау керек. Шұғыл шара қолдану керек. Мен бұларды жаза-жаза шаршадым, шынын айтқанда. «Аргументы и факты» газетіне, «Известияға» жаздым. «ХХІ век без казахской книги» деп сенсациялық тақырыппен бердім. «Егемен Қазақстанға», «Казправдаға», «Қазақ әдебиетіне» жаздым, ақыры шаршап қойдым.
1926 жылы Ғ.Мүсірепов: «Таратпасақ, кітап басып керегі не?» деген мақала жариялаған екен. Сол мақаланы қайта бастырдым. Міне, Ғабеңнің логикасы. Кезінде Міржақып Дулатов сол кездегі Қазақстанның басында тұрған басшылардың бірі Жалау Мыңбаевқа қазақ тілінің құрып бара жатқанын қазақтардың атынан жазған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев министрлерді қатты сынап жатыр ғой. Телевизордан айтылған нәрсе, сондықтан оны қайталап айтса, еш сөкеттігі жоқ: «Ни хрена не работаете!» деді. Осыдан артық қандай қатаң сөз керек? Жұмыс істеу керек!
– Жолдаудан бері аз болса да уақыт өтті. Қозғалыс байқала ма? Сыннан қандай нәтиже күтесіз?
– 20 жылда 20 ғасырға бергісіз жеңіске жеттік. Мәселен, шекара. Бұрын да далиып жатқан шығар, бірақ жұрт мойындайтындай заңдастырылған жоқ қой. Шындығында, заңдастыра алғанымыз жоқ. Президент делимитация жасады. Қытаймен келісіп, бір жерімізді берді, олардың бір жерін алдық. Ресеймен де 7 мың шақырым шекараны келісіп болдық. Азғантай ғана шаруалары қалды. Мына жағың Өзбекстан, Қырғызстан – бәрімен келісіп, шартқа отырып, БҰҰ-да бекіттік. Енді бізге территория жөнінде ешкім дау айта алмайды. Бұл жетістік пе? Жетістік! Мұндай жетістікке 20 ғасырда жете алғанымыз жоқ, қазір жетіп отырмыз.
Әр халықтың рухани дамитын сатылары бар. Біздің рухани өсуіміздің бірінші үлкен сатысы – Абай болса, Мұхтар Әуезов – екіншісі. «Абай жолы» романы, не роман? Абай романы – Абайдың биографиясы, Абайдың басынан өткен оқиғалары емес. Бұл – Абайдың поэзиясы, Абайдың жаны туралы роман. Мәселен, Мұхтар Мағауин Отырарды қорғаған Қайырханды – сатқын, Шыңғыс хан Отырарды азат еткен жауынгер, біздің геройымыз деп есептейді. Ал Хасен Әдібаев «Отырардың ойраны» романында Отырар қазақтың ежелгі қаласы дейді және оны дәлелдейді: «Отырар – Шыңғыс ханнан 1000 жыл бұрын пайда болған, дүниежүзіндегі екінші кітапхананы жинақтаған және ғұлама әл-Фараби туған қала. Отырарды біздің қаламыз емес десек, онда біз бәрінен айырылып, тарихтан бас тартуымыз керек» деп Хасен Әдібаев «Абай патшалығы» деген кітап жазды.
– Екі тараптың қорытындысы не болады?
– Қорытындысы – Мұхтар Мағауинге сен осылай жаздың деп кінә артуға болмайды. Жақында «Жұлдыз» журналынан көрдім. Шыңғыс ханның тұқымы туралы. Ол қайдан шыққан? Ол моңғол емес, түркі деген сияқты мәселелерді жазыпты. Ол – М.Мағауиннің көзқарасы. Қазір плюрализм заманы. Оған: «Сен өйтпе, бүйтпе!» деуге болмайды. Сен өз көзқарасыңды айтуың керек. Бұл – сенікі дұрыс емес, менікі жөн деген сөз емес. Сен өз көзқарасыңды білдір де, қой. Келешек көрсетеді, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін.
– Ал оқырман қайтеді?
– Оқырман қайсысы дұрыс дейді, соны қабылдасын. Оқырманға баяғы, коммунистік диктатура, тоталитаризм кезеңіндей, міндетті түрде былай істейсің деуге болмайды. Қазір басқаша. Мәселен, әйелге көзқарас. Біз әйелді жете бағалап жүрміз бе? Қазақтың әйелін біз биікке қоюымыз керек. Әйел – ана, жар, жолдас. Сен мәселен, күніге екі қолыңа екі сөмкемен жүк көтересің бе? Үйдегі келін қолында екі сөмкесі бар күнде келеді. Ал сен көтермейсің, жұмыстан кейін шалқалап, газет оқып жатырсың. Мен саған сөмке көтер деп отырғаным жоқ. Сен соны бағалай білесің бе? Міне, мәселе. Бүкіл тарихты қатыстыра отырып, әйелге деген көзқарас...
– Дінге көзқарасыңыз...
– Немістің философы Иммануил Кант айтқан ғой: «Не сомненно одно. Звездное небо надо мной и совесть в душе». Кеудеңдегі ар қайдан пайда болды? Тәңірі бар сияқты. Қазақ Алладан бұрын Тәңірге табынған ғой. Көкке табынған. Бірақ біз марксизм-ленинизмді оқып, тәрбиеленген адамдармыз. Жолдастарымыз бар, намаз оқиды, біз әлі оған жете алғанымыз жоқ. Өтірік намаз оқуға болмайды. Қажыға баруға бата алмайсың. Оған жету керек, сана керек, ішкі рухани даму, рухани талап, тілек керек сияқты. Менің әжем мұсылманша оқыған, Ақмер деген жердің қызы – уақ. Ақмер – Өскеменнен бес шақырым жерде, Ертістің сол жағалауындағы ауыл. Намазын бос жібермеген кісі. Мен сол кісінің бауырында, баласына тән болып өстім. Өз әкем маған дауыс көтермек түгіл, бетіме қарап, қабақ шытып қарамайтын. Шешесінен қорқатын. Әжем айтатын: «балам, намаз оқымасаң да, менің басыма келіп: «апа-ау, мен келдім» деп айтып тұр» дейтін. Былтыр әкемнің 100 жылдығын өткіздім. Сол кезде әжемнің басына барып, Құран оқытып, ас беріп қайттым. Менің ойымша, мұндай нәрселер істелу керек.
– Енді екі ауыз тілегіңізбен сұхбатымызды аяқтасақ.
– Еліміз тыныш, аспанымыз жарық болсын! Қазақ халқы таланты жағынан ешкімнен кем емес, артық болмаса... Сол талантын көрсете білсін! Қазақ қыздарына күмәнім жоқ, ал қазақ жігіттерінің бірсыпырасына күмәнім бар. Ең керегі амандық қой. Ел-жұрт аман болсын!
- Рақмет, өзіңіз де аман-сау болыңыз!