Тұлғасыз халық болмайды

Тұлғасыз халық болмайды

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сағат 14:05-15:00

Есмұқан Обаев, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, ҚР Халық әртісі, профессор:

– Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде орыстілді облыстардың көбінде қазақ театрлары ашылғаны белгілі. Мысалы, Петропавлда Сәбит Мұқанов театры, Қостанайда Ілияс Омаров театры, Ақтауда Нұрмұхан Жантөрин атындағы театр т.с.с. ел аймағында көптеген театр көрер­мен­деріне қызмет етіп келеді. Мұны біз ел егемендігінің жемісі десек болатын шығар. Осы 20 жыл ішін­дегі театрлардың қызметі көңіл көнші­­тер­лік пе? Сіздің қазақ театры­ның қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы театрды басқарып отыр­ғаныңызға да көп жылдың жүзі болды. Оның үстіне, басқа театр­лар­дың бастауы – осы әкемтеатр. Тәуелсіз 20 жылда­ғы қазақ театрларына шолу жасап өтіңізші.
– Бұл сұраққа жауап беру үшін кешенді, ауқымды әңгіме айтуға тура келеді және оған көп уақыт кетеді. Сондықтан қысқа да нұсқа тоқталуға тырысайын. Бүгінде Қазақ мемлекетінде профессионалды 53 театр бар. Оның көбі – қазақ тіліндегі театрлар. Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Әуезов театрының құрылғанына 85 жыл толса, ең соңғыларына төрт жылдың жүзі болды. Кеңес өкіметі кезінде де біз театр жағынан құралақан емес едік. Әр облыста бір театрдан болған. Әрине, ол кезде кеңес­тік партияның саясатына репертуар бағынатын. Режиссерлердің өз дегені мен ойлағаны болмады. Театрлар бет-бейнесін көрсету үшін келелі бір мәселелерді қозғап, күн тынысындағы әңгімелерге биік талғам­мен қарап кірісіп кетуге қызыл империя мүмкіндік бермеді. Ал қазіргі театрлар – тәуелсіз, егеменді елдің еркін театрлары. Өзге елдерді, бөтен жерлерді аралап, басқа мемлекеттерде жиі болып тұрамыз. Салыс­тырмалы түрде айтқанда, қазақ театрының бүгінгі халі , құдайға шүкір, көш ілгері, қыр­ғыз, өзбек, тәжік, түрікмендерді айтпа­ған­да. Кеңес өкіметі тарағанда бізде театрлар қосылмаса, кеміген жоқ. Театрлар толық сақталып қалды. Кейбір облыстарда белгі­сіз себептермен жабылып қалған театрлар егемендіктің арқасында, Елбасымыздың өнерге деген көзқарасының түзулігінен орыстілді облыстарда театрлар қайта жұмыс­қа кірісіп кетті. Қазақ театрының ашылуы – тарих, дін, тіл, мәдениетіміздің қайта оралуы деген сөз. Петропавлдағы театрға биыл 10 жыл толды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашылуында болған. Қазір Қостанайда, Өскеменде қаланың қақ ортасынан жаңа театрлар бой көтеріп келеді. Шымкент қаласында үш театр болса, Қарағанды қаласын қазақ театрларының Меккесі деуге болады. Ол қалада бес театр бар. Бесеуі де іргелі, үлкен театр. Міне, осылар арқылы Қазақстанды театры өркендеген мемлекет деп есептеуге болады.
– Осы аталған театрлардың хал-ахуалы, жалпы жағдайы қалай?
– Менің түсінігімде бүгінгі таңда театрда режиссурадан басқа проблема жоқ. Қазақ театрларында режиссер мамандығы өте тапшы. Аймақтарға режиссерлер керек-ақ. Әрине, режиссерлер жоқ емес. Бірақ олар Алматы мен Астананың маңайынан шықпайды. Режиссерлікті бітірген балалар телеарналарда, киностудияларда жұмыс істеп жүр, шет аймақтарға барғысы кел­мей­ді және қазақ елінде режиссура – ке­шеуіл­деп дамып келе жатқан мамандық. Сол себепті тым болмағанда Ресейден оқытып, шетелдермен тәжірибе алмаса­тындай жағдай туғызып, жылына жеті-сегіз білікті режиссер дайындасақ, құба-құп болар еді. Өңірлердегі он шақты театрда бас режиссер жоқ. Ал, жалпы, театрлар бүгінгі күннің талабы мен көрермен көксейтін үдеден шығып жүр деп айтуға толық негіз бар. Өйткені біз гастрольдік сапарларда, есеп беру науқандарында араласып-құраласып тұрамыз, бұл – бір. Екіншіден, театрларда өзіміздің шәкірт­теріміз және етене жақын әріптестеріміз қызмет істей­ді.
– «Өнер дегеніміз – ықшамдалып берілген өмір» деген екен Роллан Сейсенбаев. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ театры бүгінгі қоғамның шындығын қаншалықты бейнелеуде?
– Театрларда қойылымдар үлкен-үлкен тақырыптарға арналған. Күллі қазақ театр­ларының сахнада көтеретіні – адам проб­лемасы. Адамның мұңы, қайғысы, қасіреті, құқығы, болмысы, махаббаты, бостандығы, еркіндігі т.т. болып кете береді. Қысқасы,  адам және қоғам тақырыбы сөз болады. Бұл – бүгінгі күнде керек тақырыптар. Сол себепті де «Айман-Шолпанды», «Қарагөз­ді», «Қозы Көрпешті» қайталап қойып, зарлай беруге болмайды. Бірақ олар да бізге керек. Мысал үшін, «Қарагөзде» бүгінгі Тәуелсіздікті аңсаудың көріністері бар. Ұлы Мұхаң сонау өткен ғасырдың 26- жылы: «Ұлына – бұғау, қызына тұсау болған зар заманға лағынет!» – дейді. Бұл – заман мен қоғам тақырыбы. Демек, театрдың репертуарындағы 44 қойылымның 60 пайызы бүгінгі күннің Тәуелсіздік тақырыбы болса, қалған 40 пайызы адам мен қоғам жайлы. Бұрынғы кеңес кезінде партия туралы, Ленин, Сталин сияқ­ты көсемдерді сахналайтынбыз. Мәселен, 7 ноябрьге  арнайы спектакль қойылмаса, жұмыстан алып тастайтын. Ол саясат егемендіктің арқасында келмеске кет­ті. Сондықтан театр халықпен бірге. Өйт­кені қуанышы мен қайғысы, тілі, діні, ділі – барша мақсаты ортақ.
– Кез келген қазақ рухани қаже­тін ұлы Абайдан табады. Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің «Абай» трагедиясы алғаш рет Асқар Тоқ­па­нов­тың режиссерлігімен 1940 жылы қойылған екен. Араға біраз жыл салып, 2002 жылы Әзер­бай­жан Мәмбетовтің режиссерлігі­мен қойылғанын білеміз. «Абайды» сіз де қойдыңыз. Арада біраз жыл өтті. Заман өзгерді. Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мәмбетов және Есмұ­қан Обаевтың сахналаған «Абайла­рын­да» айырмашылық бар ма?
– Әрине, бар. Әр режиссер өзінше қоя­ды, біріне-бірі ұқсағысы келмейді. Мысалы, Асқар аға Тоқпановтың Қаллекимен қойған тұңғыш «Абайы» – философиялық қойы­лым. Үлкен, дана, дара, ғұлама, ұлы Абай. Әзе­кеңнің 1962 жылы қойған бірінші «Абайы» – күрескер, батыр Абай. Ал 2002 жылғы қойған «Абайы» – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, ағартушы Абай. Мен қойған «Абай» – жастарға арналған қойы­лым. Ғұламаның тағы бір қырын ашу­ға тырыстық. Абайдың ақындығына, ком­пози­торлығына, махаббатына ой жүгірттік деп ойлаймын. Қойылымның соңында Абай: «Алдымнан бір ерекше күн көрем. Ол – жарық күн. Болашақта ерекше бір ұрпақ келеді. Заңдар шығарылады. Мен ол жақсы ұрпақты көре алмаспын. Бірақ «Сә­лем!» деңдер сол ұрпаққа, «Сәлем!» дең­дер сол достарға» деп айтады да, спектакль бітеді. Қойылымның негізгі идеясы – осы. Яки Абай халықпен, жас ұрпақпен қай заман­да да бірге. Абай рөлінде театры­мыздың жетекші әртістері Ерлан Біләл мен Азамат Сұрапбаев ойнайды. Бұларды Абаймен салыстырғанда жас әртістер деп есептеуге болады. Бұрынғы Абаймен салы­с­тырғанда киім үлгісінен бастап, заманға лайықталған, тіпті бұрынғыларға қарағанда денелері де ықшам. Яғни сізбен сырлас, сізді ұға біле­тін, өзіңізге дос ете алатын Абай. Көп жағ­дайда музыкаға сүйендік. Абайдың класси­калық әндері пайдаланы­лады. Бірақ опера емес. Операның жанры басқа.
– Рөлдердегі актерлер, сіздің ойыңызша, Абайдың бейнесін аша алды ма?
– Әрине, әттеген-айсыз болатын дүние аз. Бірақ негізгі бағыты, бастан-аяқ ой-тұжырымы, образы Абайға жақын. Деген­мен қызуқандылыққа салынып кетеді, кейде ырғақ жетпей жатады, кейде ішкі толғаныс кемшін түскен тұстары болды. Спектакль – бір түсіріп, қайталай беретін кино емес. Әр қойған сайын актерлер шыңдалады. Осы уақытқа дейін үш-төрт облыста 20 шақты қойылым қойылды. Актерлер енді-енді толығып келе жатыр. Әрине, бұған дейін оларды сахнаға шикі түрінде шығарған жоқпыз. Пісіріп барып шығардық. Десек те, Абайдың бейнесін ашу, Абай әлемін аз уақытта меңгеріп шығу оңай емес. Әлі де толықтыру үстінде.
– Өткен ғасырдың 90-жылдары­нан кейін қазақ театрлары өте бір қиын жағдайларды басынан кешір­гені белгілі. Бірақ заман өзгерді. Жылдан-жылға жетіліп келеміз. Бүгінгі театрға келуші көрермендердің ықыласы қандай?
– Рас, бір кездері жалақы аздау болып, ол берілмей, экономикалық жаңа бет­бұрыс­тарды бағдарлай алмай жатқан кез­дегі халықтың жағдайы мен театрдың ахуа­лы бірдей еді. Театр тұрмақ, жеке басының қамын күйттеп, театрға келмек түгіл, өзінің фамилиясын шатастырып жүрген кездер болды, жасыратыны жоқ. Құдайға шүкір, Қазақстан осы Тәуелсіздіктің арқасында әлемдегі мемлекеттердің алдыңғы легіне ұмтылып, көптеген жетістікке жетті. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы екенін айтуымыз керек. Қазір рухани аштық жоқ. Ол кезде қалта қағылды, дүние тарылды. Ал бүгін киім бүтінделді, көңіл мен қарын тоғайды, жағдай жақсарды. Көңілі көтерілген халық рухани кемшілігін толтыру үшін театрға барады ғой. Қазір алпыстан асқан ақсақал мен немересі қатар отырғанын көргенде көңілің көтеріледі. Олар ұлы Мұхтардың, Ғабеңдер мен Сәбеңдердің, Сұлтанмахмұттың тілін, сөзін, ойын тыңдау үшін келеді. Олар театрдың мәдениет, әдебиет, ұлттық бол­мыс екенін ұқты. Сондықтан театрда «кө­рер­мен келмей қалады-ау» деген проблема жоқ. Мәселен, Әуезов театры бір айда 30 қойылым қояды. Қай күнде де зал лық толы. Қазір жаз мезгілі. Ел аяғының саябырлап, адам­дар­дың саяжай мен саябақтарда жүретін кезі. Соның өзінде көрермен көп. Театрға деген қызығушылық халықта бар. Мәде­ниет­ті ұлт болу үшін әр халық өз өнерін сыйлауы керектігін қазақ біледі. Мысалы, бүгін-ертең болатын Опера және балет теат­рындағы қойылымдарға бару үшін сіз билет таба алмауыңыз мүмкін. Облыстарда да солай. Бұл – халықтың сұранысы. Демек, қазақ халқы мәдениетке, өркениетке ұмтылуда.
– Ал театр сыны туралы не айтасыз?
 – Сынсыз театрдың дамуы мүмкін емес. Театр сыны туралы талай кітап жазылды. Бүкіл өмірін осы театр сынына арнап, бала-шағасынан безіп, «театрды қайтсем ілгері­летем, қайтсем ел қатарына көтерем, қай­тіп көркейтем» дейтін азаматтар көп. Қазақ театрының тарихын жазған Бағыбек аға­мыз өмірден озып кетті. Қазіргі күні нөмірі бірінші деп айтуға болады, беткеұстар театр сыншысы Әшірбек Сығай бар. Ол театрларды қалт еткізбейді. Өзі пойызға отырып алып аймақтарға барып, театрын көріп, кем-кетігін байқап, сабағын беріп, бағыт-бағдарын айтып, мүмкіндіктерін айқындап қайтады және кітап жазады. Театр үшін қандай да болсын әрекеттерге баратын осындай жігіттер бар. Режиссу­раның жетпей жүргенін, оның қартайып, тозып бара жатқанына дабыл қағып, жан айқайға салып жүрген – тағы осы азаматтар. Мәселен, Асанәлі Әшімовтің «Ымырттағы махаббат» спектаклі, әрине, жоғалмайды, жазылып сақталады. Бірақ соны халыққа жеткізу, насихаттау, тереңіне үңілу, шебер­ліктің сырын ашу, театр драматургиясы, актерлік мектеп, режиссерлік мектепті халыққа кітап арқылы жеткізетін – театр сыншылары.
– Театрдың тәрбиеге қаншалықты ықпалы бар?
– Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Театрда бұрын болмаған адам қойылымды көру арқылы санасы өзгеруі мүмкін. Кейбір кездері сахнадағы ойындарға қарап отырған көрер­мен жанының түршігіп отырғанын байқаймыз. Демек, ол одан сабақ алады, нәр алады немесе жиренеді. Сахна ешкімді бейжай қалдырмайды. Мысалы, сахнадан алған әсері сонша – қойылымдағы халық жауын атқан жауынгерлер болған, соғыстан кейінгі кездері. Сондай-ақ залда егіліп, ағыл-тегіл жылап отыратындар болады. Театрдан тебіреніп, ой түйіп шығады. Театр – ойды тәрбиелеуші құрал. Бүгінгі күнгі рухани әлемге жазылған Серік Асылбековтің «Күзгі романс» пьесасы бар. Осы қойылым­дағы кейіпкер режиссердің әйелі: «Әй, сенің өнеріңнен не пайда? Маған сенің «Қарагөз», «Қозы Көрпеш...», «Ақан серің­нің» көк тиынға керегі жоқ. Сен маған таба­тын ақшаңды айт», – дейді. Міне, осындай рухани азғындаған адамды көрген көрер­мен тәубесіне түсіп те қайтады ғой.
– Есаға, өзіңіз басқарып отырған театр дәл қазір немен айналысуда?
– Мен осы сұхбатқа ұжымымды Аста­наға шығарып салып келіп отырмын. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына арнайы есептік қойылымдармен елордаға аттанып бара жатқан жайымыз бар. Күләш Байсейітова атындағы театрға үш спектакльмен 60-қа жуық адам Астана көрермендеріне қойы­лым қояды. Одан келгеннен кейін жазушы-драматург Медеу Сәрсекеевтің «Тендерге түскен келіншек» пьесасын Оразхан Кене­баевтың режиссерлігінде қойылымды алматылықтарға ұсынамыз. Арасында театрдың күнделікті күйбең тіршіліктері жетеді. Мысалы, жаңа келген шәкірттерді дайындау, жас актерлердің шеберлігін шыңдау, еңбегі сіңген театр майталман­дарының кешін өткізу секілді шаруалар шаш етектен. Сөйтіп, маусым айында біздің театр кезекті демалысына шығады.
– Сіз бір сұхбатыңызда: «Біздің театрдың әртістері бүтін қазақ театрының, қазақ киносының, қазақ телевизиясының, қазақ дубляжының, қазақ радиосының әртістері. Сондықтан театрдың көтеріп жүрген жүгі өте үлкен», – деген екенсіз. Кино мен театрда әртістердің жүргеніне талас жоқ, жүруге тиіс. Бірақ телерадиодағы әртістердің жұмысына көпшіліктің көңілі толмай жатады. Түрі әдемі болғанмен, тілі дұрыс емес деген секілді. Сіздің бұған көзқарасыңыз...
– Өте дұрыс. Тележүргізушіні дайындау керек. Ол – актер сияқты емес, ерекше ма­ман­дық. Көрерменмен қарым-қатынас дегеніміз – бөлек дүние. Титтей «теледидар­дан» дүние-әлемді көріп отырады. Мәселен, Қазақстанда 16 миллион халық болса, соның 10 миллионы теледидар көріп отырады делік. Егер тележүргізуші пәтуасыз адам болса, бір минутта өзін-өзі жоқ қылады. Ал егер жүргізуші ойлы, талантты болса, бір-ақ минутта әлемге өзін-өзі паш етеді. Міне, телерадиоңыздың құдіреті. Демек, театр мен телерадионы салыстыруға келмейді. Бұл – өте үлкен ауқымдағы құ­рал. Сондықтан тележүргізушілер өз мін­детіне аса жауапкершілікпен қарап, өте сақтықпен жұмыс істеуі тиіс. Мәселен, ме­нің күнделікті тележүргізушілердің кей­біріне көңілім толмайды. Менің байқай­тыным, көпшілігі дайындықсыз шығады. Тіпті ойына не келсе соны айтатындар бар. «КZ» дей-ме, ау, «казаша» дей-ме, ау, қыл­жақ­тап келсін-келмесін, ойына келгенін айтып, күлдіргісі келетіндерді жақтырам  деп айта алмаймын. Мысалы, біздің елді білмейтін, қонаққа келген бөгде біреу қонақүйде жатып, КТК-ны қосып қалса, алатаяғын шошаңдатып, жалмаңдап ақша сұрап, дарымаған, санасыз қазақтың кейпін көрсе, қандай ойда болуы мүмкін?! Бұл не сонда? Халықты мазақ қылғысы келе ме? Әлде қазақтың характері, мінезі сондай ма? Әрине, ондайлар бар. Бірақ жалпы халыққа таратып, көпшілікке уағыз­дайтын «мешкей қазақ, жегіш қазақ, алғыш қазақ, жүргіш қазақ» дегенді тоқтату керек.
– Қазіргі заманда интернет арқылы көп нәрседен хабардар болып отырамыз ғой. Сол интер­нетті ақтарып отырып байқадым, 2010 жылы «Ең ықпалды тұлғалар» тізіміне кіріпсіз. Бұдан хабарыңыз бар ма? Болса, қандай қағидаларға сүйеніп тізімдеді екен?
– Білмейді екем... Қазір сыртыңнан бәрін кесіп-пішіп қоя беретін болды ғой. Дегенмен ықпалды тұлға дегенге жауап беріп көрейін. Отбасыңда бала-шағаңа ықпалың болуы керек. Белгілі бір ортада, жұмыс барысында, қоршаған адамдардың ішіндегі ерекшелеуі, ой-өрісі, дүниетанымы, өмірге көзқарасы, қандай болсын қағидасы халыққа жақын болуы керек деп ойлаймын. Ол тазалықтың, алғырлықтың, білгірліктің, шыдамдылықтың, ұлтжандылықтың сим­во­лы бола алса, ықпалды тұлға болып шықпай ма? Мен, мәселен, өз елімнің пат­риотымын. Сыртқа шықсам, екі күннен кейін Алматыны сағынып, жылап, күн шығысқа қарап тұратын адаммын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой қазақ. Қазақстандағы жастар, менің ойымша, өте патриот. Әртүрлі әңгіме айтыла береді. Қазіргі жастардың, анықтап байқасаңыз, өзінің тіліне, ұлтына деген құрметі, болашаққа деген көзқарасы биік. Міне, осындай адами қасиеттерді бойына мол жинаған адам тұлға болуға лайық. Біз,  қазақтар, азбыз, сондықтан тұлға көп болса, жақсы еді. Кімнің аузына қақпақ боласың?! Кейде «бізде тұлға жоқ» деп жатады. Бірақ бұл – жай сөз. Тұлғасыз халық болмайды. Бірден ауызға түскендерді атай берейін: Олжас Сүлейменов тұлға емес пе? Ғарышты меңгеріп жатқан ғалымдар ше? Қазақтың «брэнді» болып, қазақты шетелдерге таны­тып жүрген өнер адамдары тұлға емес пе? Қазақ мемлекетін күллі әлемге танытып жүрген бір ғана Президенттің тұлғалығы жетіп жатыр, қазақ үшін. Әрине, зеректікпен қарау керек, бірақ «тұлға жоқ» деп айтуға болмайды. Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтер ше?
– Бір кездері сіз мемлекеттік жауапты қызметтер атқардыңыз. Биліктің тыныс-тіршілігінен толық хабарыңыз бар. Мейлі кешегі кеңес заманы болсын, мейлі Тәуелсіз жылдары болсын. Әрине, барлық саланы айту, қамту мүмкін емес. Сондықтан өз салаңызға қатысты айтсаңыз. Бүгінгі мәдениет саласы­на көңіліңіз тола ма? Тың идея, ұла­ғатты ұсыныстарыңыз бар шығар?
– Мәдениет саласын басқарып жүрген тұлға жетерлік, олар бар. Бір ғана музыка әлемінде біз – дүниежүзіне танылған қа­зақ­­тармыз. Мысал үшін айталық, консер­ваторияны бітірген балаларымыз сонау Санкт-Петер­бургте, сонау Миланда, сонау Берлинде оркестрлерде жұмыс істеп жатыр. Украина­да дирижерлер жүр. Пианист, скрипкашы­ларымыз Франция, АҚШ-тан бастап, алыс-жақын шетелдерде қызмет етеді. Бұл «мәдениеттің жеткендігі» деп есептеймін. Бізде балет жақсы дамыған. Мәсе­лен, Эиф­ман деген азамат жақын күн­дері Опе­ра және балет театрында прьеме­ра­сы болады, балет қойып жатыр. Григоро­вич­теріңіз келіп жатыр. Осының бәрі өнер­дің өскендігін көрсетеді. Григорович екінің біріне бара бермейді. Эйфманыңыз дүние­жүзімен 10 жылға келісімшарт жасасып қой­ған.
– Бұл қазақ театрларының алыс-жақын шетелдермен, аймақтағы ағайынмен байланысының барлығын көрсететін мысалдар ғой.
– Иә, байланыс бар. Жыл сайын Каирда эксперименталды  театрлар фестивалі өте­ді. Ол жерге облыстық, күллі Қазақстан­ның театрлары барады.
Әуезов театры Түркияның Кони қаласында өтетін фестивальға дәстүрлі түрде қатысады. Биыл үшінші рет қатысып отыр. Әуезов театры Италияда, Германияда, Францияда, Ресейдің барлық жерінде болған. Бұлай араласу жай ғана гастроль емес. Қазақ театрының әлемін, қазақ дра­ма­тургиясын, қазақ режиссурасын, қазақ­тың актерлік шеберлігін танытудағы мақсаттар. Алыс- жақын шетелдер қазақты білуі керек, ұлтты тануы керек. Қасымыздағы Құлжа мен Үрімжідегі жігіттер біздің театрды «пленка­сы» арқылы көреді. Мыса­лы, жиналып отырып көреді. Ал, жалпы, Қазақстанның барлық қалаларында театр есептік гастро­льмен қарым-қатынаста... Көріп өсу, біліп өсу, оқу, үйрену, мастер-кластар өткізу – театрдың күнделікті шаруа­сы. Әуезов театрын жалғыз Алматының ғана театры деп есептеуге болмайды. Әуезов театры – қазақ ұлтының, қазақ хал­қының театры. Сондықтан халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз, борышымызды ақтап жүрміз деп ойлаймын.
– Есаға, елге тілегіңіз...
– Ел аман, жұрт тыныш болсын! Алды­мызда қасиетті ораза айы келе жатыр. Барлы­ғыңызға қабыл болсын! Бүгінде қазақтың шыққан биігі өрлеп, бейбіт болайық! Іргеміз бүтін, мемлекетіміз аман болсын! Аллаһу акбар!
– Әумин! Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста