Түркістан түр­кі жұртына ортақ шаңырақ емес пе?!

Түркістан түр­кі жұртына ортақ шаңырақ емес пе?!

Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ, Түркістан қаласының әкімі:

– Қайрат Құсейінұлы, сіздің киелі қа­ланың тізгінін ұстағаныңызға бір жыл­дай уақыт өтті. Бұл – жаңа басшы үшін ақ-қараны айырып, оң-солын та­нуға жететін уақыт. Сондықтан да қа­сиет­ті қаланың барлық проблемасы мен жетістіктерін жетік біледі деген ой­дамыз. Осы тұста Түркістанның бүгінгі әл-ауқаты мен әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық жағдайы туралы әңгіме өрбіт­се­ңіз...
– Жалпы, Түркістан қаласы – киелі, қа­сиет­ті өңір. «Түркістанда тумақ түгілі, аяқ ба­судың өзі – үлкен бақыт» деп ақындар жыр­лағандай, бұл өңір – көпшілік үшін екін­ші Мекке, тәу етер киелі мекен. Түр­кіс­тан – тек республикаға ғана емес, бүкіл түркі жұр­т­ына жақсы таныс жәдігер қала. Сон­­дық­тан облыс басшысы Асқар Иса­бекұлы мен жергілікті халық киелі орданың тізгінін ма­ған сеніп тапсырғаннан кейін, қаланың эко­номикалық-әлеуметтік әлеуе­тін көтеру, жал­пы халықтың тұрмыс жағ­дайын жақ­сар­ту­ға күш салу азаматтық бо­ры­шым деп есеп­теймін.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік саласы қаланың негізгі табыс көзіне айналып отыр. Нақты айтсам, ауыл шаруашылығы саласы қаланың табыс көзінің 51 пайызын құрайды. Осы ретте аталған тетіктерді мейлінше ұлғайтуға күш салып отырмыз. Тамшылатып суару әдісі кеңі­нен қолданылуда. Биыл «Түркістан» сер­вистік дайындау орталығы тамшылатып суару технологиясының құрылғыларын шы­ғара бастады. Оның бағасы да шаруа­лар­ға ыңғайлы, аса қымбат емес. Сондай-ақ «Тұран» шаруа қожалығында мақта майын шығаратын цех іске қосылды. «Түр­кістан» селолық тұтыну кооперативі тәу­лі­гіне бір тонна шұжық шығаратын өндіріс ор­нын ашты. Малды асылдандыру, бау-бақ­ша өнімін ұлғайту шаралары да өңірде жақсы жолға қойылып келеді. Нәтижесінде биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынды. Алдағы уақытта да біз там­шылатып суару әдісін кеңінен қолдана беретін боламыз. Биылдың өзінде оның көлемін 1320 гектарға дейін жеткіземіз. Оның 800 гектарға жуығы жеміс-жидек ағаш­тарына қолданылады. Өйткені ағаш­тар алдағы уақытта өз жемісін берген жағ­дай­да біз одан мол табыс аламыз әрі ол өңі­ріміздің экологиялық тазалығына сеп­тігін тигізетін болады.
– Қаланың жылу жүйелері қысқы мау­сымға толық дайын ба?
– Қаламызда 20 жылдан бері ең үлкен мәселе болып келген жылу жүйесі өз шешімін тапты. Өзіңіз білетіндей, мұндай үлкен нысанды бітіруге қаржы жетіспеген болатын. Осыған орай 2010 жылы облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен құрылысты аяқтауға 234,9 миллион теңге бөлінді. Ал атқарылған құрылыс жұмыс­та­рының жалпы құны 1,7 миллиард тең­геден асып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта көп қабатты үй тұрғындарын 40 Гкал қуаты бар жылумен қамтамасыз ету көзделуде. Қазіргі таңда қаламыздағы жал­пы саны 70 үйге орталық қазандықтан жылу жүйесі жеткізіліп, оның 67-сі толы­ғы­мен жылу алу­да. Орталық жылу қа­зан­ды­ғының құ­бы­р­лары әрбір үйдің жер­тө­ле­сіне дейін жет­кізіледі. Осы аталмыш жылу құбыры жүйесіне пәтер иелері өз есебінен қо­сылуы тиіс. Осылайша, жылу жүйе­лері тұр­ғындар есебінен жүргі­зіл­ген­діктен, қал­ған үш үй әлеуметтік жағдайға байланысты ор­талық жы­лу жүйесіне қосы­лу­ға толық дайын бол­май тұр. Дегенмен көп ұзамай бұл үйлер де жылуға қосылатын бо­лады. Соның ішінде әлеу­меттік көмек қажет ететін пәтер ие­ле­ріне демеушілер есебінен қолдау көр­сетуді де қолға алғанбыз. Сон­дай-ақ осы орталық жылу жүйе­сіне қала­мыздағы жалпы саны 18 әлеуметтік нысан қосылған.
– Дәл қазір қала бойынша жол құ­ры­лыстары қызу жүруде. Жол құ­ры­лы­сына қаражат жеткілікті болып жатыр ма, қала ішіндегі қандай ірі көшелердің қажеттігін атап өте аласыз?
– Иә, соңғы екі жылда Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен «Жол картасы» бағ­дарламасының арқасында көптеген жұмыс өз шешімін тауып жатыр. Соның ішін­де Түркістан өңірінде автожолдар мә­се­лесінің түйіні ағытылып келеді. Былтырғы шаруаны айтпағанда, 2010 жылы «Жол кар­тасы» бағдарламасы бойынша 29 кө­шеге асфальт жол төселіп, пайдалануға бе­ріл­ді. Енді 2011 жылы қала ішіндегі қажетті деген 12 көше мен қала сыртындағы ай­нал­ма жолдардан он көшеге асфальт тө­сей­тін боламыз. Оның жобалық-сметалық құ­жаттарының барлығы дайын. Жалпы айтқанда, 2011 жылы қаланың 42 көшесін жөндеуге ұсыныс беріп отырмыз.
– Қазірде Түркістанға көшіп-қону­шы­лар көбейіп келеді. Тіпті Түркістан үл­кен ауыл секілденіп жайылып бара­ды дейтіндер де бар. Бұған не дейсіз? Бос жерді сата бергенмен, оның ин­фра­­құ­рылымын дамыту – газбен, ауыз­сумен, электр энергиясымен жаб­дық­­тап, мектеп, медициналық меке­ме­лер салу қаншалықты жүзеге асу­да?
–Шынында да, Түркістан үлкен ауылға ұ­қсап жайылып барады. Мұнда көшіп ке­лу­шілердің саны да жыл өткен сайын артып отыр. Әрине, мұның барлығы қала­ның күн­көріс деңгейінің басқа көршілес ай­мақ­тар­ға қарағанда жоғары екендігін көр­се­теді. Десек те, кезінде Түркістанның айна­ла­­сын­дағы Иассы, Қарашық ауылдық ок­­­руг­те­рін­дегі жерлер қаланың бас жос­па­ры­на сәй­кестендірілмей, бөлініп кеткен. Ен­дігі біз­дің мақсат – қаланы атына сай діни-тарихи туристік шаһарға айналдыру, инвестиция тарту, облыстық, республикалық бюджеттен қаржы көздерін қарастыру. Қаланың ин­фра­құрылымын дамыту жөнін­де Түр­кіс­тан аумағынан өтетін «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» автодәлізі және «Бей­неу – Бозой – Ақбұлақ» газ құбырына жер ау­мағы бөлініп, жоба жұмыстары дайын­да­­луда. Ауызсумен, электр энергиясымен жаб­дықтау жұмыстары реттеліп келеді. Осы ретте Нұртас, Май­дан­тал, Қызылжол елді мекендерінде ауызсу құ­бырлары жүргізіліп жатыр. Шерт елді ме­ке­нінде ауызсумен қам­тамасыз ететін құ­ры­лыс нысаны са­лы­нып бітіп, мемлекеттік акті­мен қабыл­дан­ды.
– Қалада әлеуметтік сала қалай да­мып келеді? Өзіңіз білесіз, Мемлекет бас­шысы жергілікті билік орындарын бі­рінші кезекте мектеп пен мектепке дейінгі білім беруге көңіл бөлуге мін­деттеген болатын. Жалпы, Түркістанда ата-аналар балабақшадағы орын тап­шылығына деген проблемаға көп ке­зі­ге ме?
– Елбасымыздың «100 мектеп, 100 ау­ру­хана» бағдарламасы аясында 2009 жылы 600 орындық екі мектеп пайдалануға бе­рілді. Сондай-ақ Бабайқорған ауылдық ок­ругінен 198 орындық мектеп салынды. Одан басқа биыл Сауран ауылдық округінде 300 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Сонымен бірге қала ішінде төрт балабақ­ша мен екі мектептің құрылысы жүруде. Бү­гінгі таңда Абай, Қарашық, Жаңа Иқан ел­ді мекендерінде медициналық амбу­ла­то­рия, Ескі Иқанда және Қаражон елді ме­кен­дерінде медициналық пункт салынып жатыр.
Негізі, қалада 15 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның тоғызы – мемлекеттік нысандар, үшеуі – мектеп-балабақша кешені, тағы үшеуі – жеке­мен­шіктегі нысандар. Онымен қоса 10 мек­теп­тің жанынан шағын орталықтар ашылып, онда 500 бала қамтылып отыр. Бүл­дір­шіндерді балабақшамен қамту мақсатында 2010 жылы Даму бағдарламасы бойынша рес­публикалық бюджеттен 1160 орындық төрт балабақшаның құрылыс жұмыстары басталды. 2011 жылы екі балабақша салу және «Балапан» бағдарламасы бойынша бес мектептің жанынан шағын орталықтар ашу жоспарланып отыр. Орайы келгенде айта кетейін, қаламызда облыстық мүгедек балаларды оңалту орталығы құрылғалы бері баспанасыз жүрген болатын. Осы ретте биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігін арт­тыру мақсатында «Отау Строй» құрылыс ме­­кемесінің демеушілігімен заман тала­бы­на сай келетін 100 орындық жаңа ғимарат салынып берілді.
– Жалпы, Түркістанда кешке серуен­деп жүретін демалыс орындары бар ма? Киелі қаладағы саябақтың ай­на­ла­сын сыраханалар мен моншалар ба­сып кетіп жатқан жоқ па?
– Түркістан қаласында негізгі жастар ор­талықтары, яғни жастарға ыңғайлы орын­­дар кеңес өкіметінің тұсында са­лын­ған. Ал ондай орындар бүгінгі жастарымыз бен жас­өспірімдердің талғамына сай келе бермейді. Оған қоса қаланың әжетіне жарап тұрған орталық – «Жеңіс» саяб­ағы­ның орны сыраханалар мен кафелердің ме­­ке­ніне айналып, ол жердің саябақ деген аты ғана қалған. Міне, осы жайларды ескере отырып, ең бірінші кезекте қала жастарына ыңғайлы орынды қалыпқа кел­тіруді қолға алдық. Нәтижесінде 1 маусым – Балаларды қорғау күнінің қарсаңында демеушілердің арқасында саябақты бүгінгі заман талабына сай етіп, қайта қалпына келтірдік. Сөйтіп, саябақты сыраханалардан арашалап ал­дық. Бүгінде ол жерде ролик алаңы, теннис корты, соғыс ардагерлерінің аллеясы іске қо­сылды. Сонымен қатар саябақ ауласына кәріздік жүйелер орна­тылып, саялы жерге арнайы орындар жа­сал­ды. Одан бөлек қазір қаладағы «Есім­хан» ала­ңы­ның іргесіндегі бос жерге Алты Алаштың сим­волын бейнелейтін шаңы­рақ­ты мо­ну­мент жасалды. Қазіргі күні бұл орын шаһа­ры­мыздағы ұлттық құнды­лы­ғы­мызды дә­ріп­тейтін орынға айналды. Сонымен қа­тар шаһардағы Алматы алаңы мен Н.Оң­да­сынов аллеясы жастардың қыдырып жү­руі­­не, серуендеуіне ыңғайлы етіп жа­сал­ды.
– Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауында жергілікті әкім­дерге стадиондар мен спорт кешендерін са­лу мен ескілерін жаңартуға айрықша ден қою керектігін баса айтқан еді. Бұл ретте Түркістанда қандай шаралар ат­қа­рылуда?
– Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында биыл екі спорт залы пайдалануға берілді. Оның бірі көп салалы медицина колледжінің спорт залы болса, екіншісі – «Болашақ» колледжінің спорт кеше­ні. Сонымен қатар қаладағы №1 мөл­тек­­ау­дан­да екі жазық алаң, орталық «Жеңіс» сая­бағында ролик алаңы, теннис корты және №16 Т.Бигелдинов атындағы мектеп пен Оран­ғай ауылдық округінің орталығында спорт­тық ойын алаңдары толығымен бітіп, пай­да­лануға берілді. Осылайша, қала­мыз­дағы спорт­тық ғимараттардың жалпы саны 16-ға артып отыр. Айта кетерлігі, жергілікті дене шынықтыру және спорт бөліміне қарас­ты балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 2009 жылы жергілікті бюджет есебінен 2 млн теңгеге жекпе-жек түр­ле­рі­нен күрес кілемдері мен күрес төсеніші алынды. Ендігі бір өзекті мәселе, О.Жа­рыл­қапов атындағы стадионды қайта жарақтандыру жұ­мыстары қаржы тапшылығына бай­ла­нысты 2003 жылы тоқтап қалған болатын. Мұны біз 2011 жылға жасалған жобалық-сметалық құжаттардың тізіміне енгіздік, алдағы уақытта ол да заман талабына сай қайта жарақтандырылып, пайдалануға берілетін болады. Онымен қоса орталық жүзу бассейніміз де біраз жылдан бері істен шығып, қараусыз қалған болатын. Қазіргі таңда осы орынды қайта жаңарту мақса­тын­да фитнес залы, спорттық заттар дүкені салынып жатыр және жүзу бассейнін жыл бойы жұмыс істейтін жабық бассейнге ай­нал­дыру үшін жобалық-сметалық құ­жат­тары дайындалуда. 2011 жылы Балуан Шолақ атындағы стадионға қазіргі заман талабына сай келетін кіші футбол, волейбол, бас­кет­бол, теннис алаңдарымен бірге, бұрынғы үл­кен футбол алаңы (газоны) қайта жаңар­ты­лып, спорттық ойындарға ар­налған спорт залын салу шаралары жос­парланып отыр. 2006 жылдың маусым айын­да бокс мектебі ашылғанымен, жұ­мы­сының мазасы болмай келген. Сол мекемені 2009 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі етіп қайта құрдық. Қосымша 15 штат бірлігі ашылып, әрбір мөлтекаудан, ауыл округтері әкімдерінің ұсыныстарымен күрестің бар­лық түрлерінен, бокс, таэк­вон­додан ма­ман­дар жұмысқа қабылданып, 720 бала спорт секцияларына қатысуға мүмкіндік алды.
– Газетіміздің өткен сандарында «Жә­дігер қала жезөкшелер үйіне ай­налып барады» деген тақырыпта сыни мақала жарияланды. Онда киелі жерде жезөкшелер үйлерінің қаптап кеткендігі жөнінде айтылған. Түркістанның бас­шысы, азаматы ретінде айтыңызшы, қасиетті мекенде қасиетсіздіктердің кө­бейіп кеткендігі неден? Оның алдын алу үшін қандай шаралар ұйым­дас­ты­ры­лып жатыр?
– Қаракөз қыздарымыздың кейбіреулері имансыз жолға түскені рас. Бірақ «Жәдігер қала жезөкше үйіне айналып барады» деп сүйін­шілеп, Алашқа жар салу, меніңше, тым артық болған секілді. Себебі Түркістан түр­кі жұртына ортақ шаңырақ емес пе?! Кері­сін­ше, өз басым имандылығымызды та­сытып, ақырын айтып, жөнге салатын ма­қаланың жарық көруін құптаған болар едім. Сондықтан бұл мәселеде сіз бен біз­дің тізе қосып, Алты Алаш ұрпақтарының мақ­тан тұтатын өңірін қаралағанша, жа­ғыл­ған күйеден арашалау үшін жұмыс ат­қар­ғанымыз дұрыс деп есептеймін. Қазіргі таңда қаламызда түрлі деңгейдегі иман­ды­лық акциялары, жастармен кездесулер, жер­гілікті БАҚ-тар арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Түр­кістан қаласында жеңгетайлық, жез­өк­ше­лікпен айналысатындарды анықтау мақ­сатында рейд жүргізу, «Жеңгетайлық» жедел профилактикалық іс-шаралары үнемі ұйымдастырылып тұрады. Нәти­же­сінде осы іс-шара барысында ҚР ҚК-нің 271-бабы бойынша екі жайт анықталып, олар бойынша қылмыстық іс қозғалған және 62 жеңіл жүрістегі азаматша анық­талды. Оның ішінде Түркістан қаласынан 14 азаматша болса, қалғанын Тараз, Ал­маты, Шымкент қалалары мен Қызылорда облысы және Оңтүстік Қазақстан облы­сының өзге де аудан-қалаларынан келген жеңіл жүрістегі азаматшалар құрап отыр. Осы анықталған қыз-келіншектерді қала­мыздан аластату шаралары жүргізілді. Десек те, мұнымен жұмыс тоқтап қалған жоқ. Қазіргі таңда осы саладағы құқық­бұ­зу­шылықтың алдын алу мақсатында жос­пар­лы түрде шұғыл шаралар атқарылуда.
– Тұрмысы төмен отбасыларды жер­гілікті бюджет есебінен қолдауға мүмкіндік бар ма?
– Мүмкіндік болып жатса, неге қолдау көрсетпеске?! Қыс мезгілі де келді. Одан қалса, баспанасыз жүрген отбасылар қан­шама! Осы ретте қалада Мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасы бойынша 12 пәтерлі екі үй салынып, үй кезегінде тұрған тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға пайдалануға бе­рілді. Қазіргі таңда онда 12 отбасы тұрып жатыр. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Одан басқа әркез демеушілер есебінен акциялар ұйым­дас­тырып, қажетті азық-түлік пен отын-су мәселесін түбегейлі болмаса да, маусымға лайықтап көмек көрсетуге ұйытқы болып жатқан жағдайымыз бар. Бір ғана мысал, қасиетті Рамазан айының соңғы күндері «Оразадағы оңды істер» атты қайы­рым­дылық акциясы ұйымдастырылып, оған қа­ламыздағы әлеуметтік жағдайы төмен деген 100 отбасы таңдап алынды. Сөйтіп, әр отбасыға екі қап ұн, бес литр пісте майы мен бір тонна көмір алынып берілді. Сонымен бірге өткен Құрбан айт мере­ке­сінде ша­лын­ған құрбандық малдардың еттері ша­ри­ғатқа сәйкес мұқтаж жандарға тара­тыл­ды. Міне, осы секілді қайы­рым­дылық шаралары бір сәтке де тоқтап қалған жоқ.
– Жалпы, Түркістан қаласының жеке сайты өз деңгейінде жұмыс істеп тұр ма? Оған жаңалықтар енгізіліп тұра ма? Неге жергілікті «Түркістан» га­зе­тін­дегі шыққан мақалаларды қаланың сайтына енгізіп отырмасқа?! Сонда Түр­кістанды көргісі келген жұрт сайт арқылы-ақ тамашалап отырар еді. Бұған не дейсіз?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі заман талабына сай электронды үкімет, яғни халықпен электронды байланыс орнату – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Алайда қала әкім­ді­гінің сай­ты әуелгіде қараусыз қалғанын жа­сыра алмаймыз. Қазіргі таңда бұл жүйе­ге кеңірек көңіл бөліп жатырмыз. Қала­мыз­дың сайтына кіретін болсаңыз, өзіңізге қа­тысты сауалдарға толық жауап ала аласыз. Қажет болса, жергілікті басшылыққа сұрақ­тарыңыз болса, жолдаңыз. Біз оған жауап бе­руге әрқашан дайынбыз. Ал бүгінде қала жа­ңа­лықтары қажет уақытында сайтқа ен­гізіліп отырады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Кез келген қаланың өзіне лайық мәселелері болады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ең түйткілді проблема қаланың жылу жүйесі болса, бүгінде ол өз шешімін тапты. Ендігі бір өзекті мәселе – сарқынды су жүйелері мен ауызсу проблемасы. Мен мұның барлығы толық ше­ші­мін тапты деп отырған жоқпын. Дегенмен бұл тұрғыдағы мәселелер де күн өткен сайын азайып келеді. Кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағ­дарламаларымыз бар. Егер де осы бағыттан танбай жұмыс жүр­гі­зетін болсақ, оны да көп ұзамай шешетін боламыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста