Ұлттық тәрбие төңірегінде кафедра емес, ғылыми-зерттеу институтын ашатын кез келді

Ұлттық тәрбие төңірегінде кафедра емес, ғылыми-зерттеу институтын ашатын кез келді

Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор:

– ҚазҰПУ-де тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Екі-үш жыл­дан бері оқу үдерісіне ұлттық тәрбие пәні енгізіліп, тіпті ұлттық тәрбие кафе­драсын ашыпсыздар. Әңгімеміздің әлқис­сасын осыдан бастасақ, осы төңі­ректе кеңірек әңгімелеп берсеңіз...
– Меніңше, білім беру үрдісінде ең әуелі тәрбие ісін алдыға шығару керек деп ойлаймын. Сондықтан да мен өзім Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып келген күннен бастап студенттердің тәрбиесін бірінші кезекке қойып отырмын. 2008-2009 оқу жылын университетте «Тәрбие жылы» деп жарияласақ, сол жылы бүкіл тәрбие жұмысын бір жүйеге түсірдік. Бұл салада көптеген сынақтар, тәжірибелер өткізіліп, біз солардың ең таңдаулы бағыттарын оқу-тәрбие үдерісіне іріктеп, пайдалануға қол жеткіздік. Алғаш әдептану, факультативтік сабағын енгізсек, келер жылы бұл ұлттық тәрбие деп аталатын арнаулы пәнге айналды. Елбасы өз Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие компонентін күшейту керек, патриотизм, моральдық құнды­лықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағыну­шылық – бұл құндылықтар оқу орындары­ның барлығында олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек» десе, міне, осы құндылықтардың бәрі біз оқу үдерісіне енгізген ұлттық тәрбие пәнінің құрамдас бөліктері болып табы­лады. Жастарымыз батыстың бізге жат, анайы тәрбиесіне бой алдырып, ұлттық ерекшеліктерін, қазақы сыпайылығы мен әдебін, рухани құндылықтарын, тілін, ділін, дінін, мәдениетін жоғалтып жатса, біздің ел болып, ұлт болып қалуымыз екіталай. Олай болса, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тәрбиені шұғыл өрістетпесе болмайды. Ол үйде, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жаппай оқытылып, үйретіліп, бір-бірімен сабақтасып жатпаса қауқарсыз болып қалады.
Біз қолға алып отырған ұлттық тәрбие­нің қайнар көзі – фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге-өсиеті бар мақал-мәтелдер, бабалар сөзі, туған топырағымызда дүние­ге келген ойшыл-ғұламаларымыздың ең­бек­теріндегі тәрбие қағидалары, әдеп пен инабаттылық иірімдері екенін естен шы­ғармағанымыз абзал. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, сана-сезім, отансүйгіштік қасиеттер де ұлттық тәрбиенің негізгі бағыттарына жатады.
Жалпы, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйе­сінің құрамдас бөлігі. Оның мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаларды тәрбиелеу. Ал енді ұлттық тәрбие пәнінің міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі  ана тілі болып қалаты­нын негіздеу, қазақ тілі мен тарихын, мәде­ниеті мен дінін құрметтеу, жастардың интел­лектуалдық мінез-құлқын қалыптас­тыру, бүгінгі қазақ елінің индустриялық-иннова­циялық жүйесінің дамуын қамта­масыз ететін парасатты, ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениет­термен бәсекеге қабілетті болуын қамтама­сыз ету, қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру. Ұлттық тәрбиенің басты нысаны – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күре­су болса керек. Міне, біздің оқу-тәрбие үдерісіне ұлттық тәрбие пәнін енгізудегі мақсатымыз – тәрбиелі ұрпақ пен тұлғалар қалыптастыру және ұлт болашағын кемел­дендіруге үлес қосу. Ал тәрбиелі ұрпақ оқуда да, мемлекет пен ел алдында да үнемі алда болатынын ұмытпағанымыз абзал.
Университетімізде жаңа ашылған ұлттық тәрбие кафедрасы осы саланың білікті мамандары – белгілі ғалымдарды топтастырып отыр. Екі жылдан бері респуб­ликалық «Ұлттық тәрбие» ғылыми-көпшілік журналын шығарып жатырмыз. Ал енді біздің университетімізде өмірге келіп, дамып жатқан ұлттық тәрбие пәні балабақ­шаларда, мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында қолға алынып жатса – нұр үстіне нұр.
– Серік Жайлауұлы, Сіздердегі ұлттық тәрбие кафедрасын бітіріп шыққан студенттер болашақта кім болып шығады, қандай мамандық алады? Мүмкін, мектептерге де ұлттық тәрбие пәнін енгізіп, халықтық педа­гогиканы жаңғыртуымыз керек шығар, сонда сіздерден бітірген жас ұстаздар мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие төңірегінде дәріс берер ме еді?
– Бұл жерде біз баршаға түсінікті болуы үшін мына мәселенің бетін ашып алуымыз керек. Қазірше біздің университетімізде ұлттық тәрбие жеке мамандық болып ашылған жоқ. Яғни ұлттық тәрбие пәнінің мұғалімі деген мамандық бермейді. Ол жалпы пән ретінде барлық факультетте, барлық мамандық бойынша оқытылуда. Былайша айтқанда, болашақ мұғалімдер, мейлі ол физик-математик, химик немесе тарихшы, әдебиетші, мейлі психолог, экономист, заңгер мамандығында оқысын, бәрі бірдей ұлттық тәрбиенің теориясын, ғылыми негіздерін жақсы біліп шығуға тиіс. Өйткені ол қандай мамандық иесі болмасын бәрібір тәрбиеші ғой. Олар ертең мектептегі шәкірттеріне ұлттық тәрбиенің негіздерін үйретуге міндетті.
Егер біздің осы ұлттық тәрбие жөніндегі бастамамыз республика бойынша қолдау тауып, ол балабақшаларда, мектептерде және орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жаппай оқытылатын заман туса, ұлттық тәрбиені университетте маман­дық ретінде оқытуға болар еді.
– Қазіргі жастардың арасында арақ ішу, темекі тарту, жезөкшелік, наша­қор­лық секілді жағымсыз қылықтардың көбейіп кетуінің бір ұшы осы ұлттық тәрбиеден алшақтап қалуымыздың салдары емес пе?
– Бүгінгі таңда жастарымыздың араққа, есірткіге және темекіге үйірсектеуі бұл батыстық үрдістердің әсері екенін бәріміз де біліп отырмыз. Күндіз-түні көрермендерді жаулап алған ұзын сонар телесериялдар, ғаламтордағы жағымсыз ақпараттар жас­тарымызды үйіріп алғаны сонша, соларға еліктеп-солықтаушылық белең алып барады. Ұлтымызға тән инабаттылық, иба­лылық, ізеттілік, ата дәстүр, салт-сана, ең бастысы, кісілігі ұмытылып барады. Біз мұндай жағымсыз үрдістерге тек ұлттық тәрбиені ғана тосқауыл етіп қоя алатыны­мыз айдан анық болып отыр. Ендеше, елі­міз­де ұлттық тәрбиені барынша жандан­дыратын шақ туды. Ел болып, ұлт болып қалуымыз нақ осы тәрбиеге байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.
– Қазіргі жастарымыздың барлығы дерлік компьютерді жақсы меңгерген. Интернетке қазақтың ұлттық құнды­лық­тарын тартып, қазақы дәстүрді дәріптейтін жақсы дүниелерді кіргізу керек дегенге қалай қарайсыз?
– Бұл пікіріңізбен келісемін. Электрон­дық-ақпараттық техника шырқау биікке көтерілген бүгінгі таңда ғылым мен техни­каның осы жетістіктерін тәрбие ісіне қолданып жатсақ, ұтылмас едік. Ғаламтор сайттарына, веб-порталдарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материал­дар­ды толтырып тастасақ, оның жас ұрпаққа тигізер ықпалы мол болар еді. Қазір бұл мәселе төңірегінде ойланып жатқан ешкім жоқ. Біз алдағы уақытта педагог, этнограф ғалымдарымызды осы мәселеге жұмылдырсақ деген ниеттеміз.
– Ұлттық тәрбие кафедрасын ашып, ұлттық тәрбие пәнін енгіздіңіздер. Ал ұлттық тәрбиені оқытатын оқу-әдіс­темелік құралдар бар ма?
– Университетте ұлттық тәрбие кафедрасын ашып, оқу үдерісіне ұлттық тәрбие пәнін енгізген соң, оқулық және оқу-әдістемелік құралдардың да жайын ойластырдық. Осыған байланысты уни­верситеттің педагог ғалымдарынан автор­лар ұжымын жасақтап, өткен оқу жылында ғана бес оқулық пен оқу құрал­дарын жазып, баспадан шығардық. Олар: «Ұлттық тәрбие: салт-дәстүр, әдеп-ғұрып негізінде», «Ұлттық тәрбие» (таңдамалы лекциялар курсы), «Ұлттық тәрбиенің этика-эсте­тикалық негіздері», «Ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі», «Ұлттық тәрбие және дін» деп аталатын кітаптар. Еліміздің басқа да жоғары оқу орындары ұлттық тәрбиені оқу үдерісіне енгізер болса, оларды оқулық­тармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге біз әрқашанда дайынбыз. Ұлттық тәрбиенің теориялық және тәжі­рибелік мәселелері бізде терең және жан-жақты зерттелу үстінде. Біздің уни­версите­тіміздің жанынан құрылған рес­пуб­ли­­калық ұлттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжіліс­терінде, ұлттық тәрбие клубында елімізге белгілі педагог-ғалымдардың бас­тарын жиі қосып, ұлттық тәрбие пробле­маларын жан-жақты талқылау­дамыз. Айталық, «Ұлттық тәрбие отба­сында», «Ба­лабақша­дағы ұлттық тәрбие», «Мектептегі ұлттық тәрбие», «Жоғары оқу орын­дарындағы ұлттық тәрбие» деп аталатын дөңгелек үстел басындағы жиындарымызға рес­публикадағы белгілі ғалымдарды, жоғары педагогикалық оқу орындарының про­фессорларын, облыстық, қалалық білім департаменттерінің, мектептерінің бас­шылығын, мамандарын, тәжірибелі мұғалім­дерін қатыстырып, олардың ұлттық тәрбие жөніндегі ой-пікірлерін, ұстаным­дарын, ғылыми тұжы­рымдарын жинақтап, оларды ұлттық тәрбие кафедрасында, үйлестіру кеңесінде тал­қылап, тиісті тұжырымдар жасадық. Құн­ды-құнды дү­ние­­­­лерді оқу үдерісінде пай­далануды жөн көріп, тиісті жинақ шығар­дық.
– Ұлттық тәрбиені дәріптеу үшін жастар арасында арнайы олимпиа­далар өткізу керек шығар?
– Мұндай олимпиадалар керек-ақ. Бізде бұл мәселе тәрбие жоспарына ен­гізілген. Оны енді бүкіл республика мек­тептері мен жоғары оқу орындары қолға алып жатса – нұр үстіне нұр. Ұлттық тәр­биені насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. Телеарналарда осыған байланысты бағдарламалар көр­сетіліп жатса, үлкенге де, кішіге де пайдасы зор болар еді.
– Бәлкім, барлық жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбие факуль­тетін ашуды қолға алу керек шығар?
– Бұл бүгінде әбден пісіп-жетілген мәселе. Ұлттық тәрбие жөнінде ғылыми-зерттеу институтын да, факультет ашатын да кез келді. Бірақ соған жоғарыдан тиісті көңіл бөлінбей келе жатқаны өкінішті.
– Бүгінде жастар арасында құқық бұзушылық пен әртүрлі діни секталарға еніп кету байқалады. Сіздер оқу орнын­дағы жастардың жүріс-тұрысын, әлеуметтік қалыптасуын қадағалап, бақылап отырасыздар ма?
– Мен жастар арасында осындай келеңсіз жайларға жол бермеу үшін оларға ұлттық тәрбие беруге көңіл бөліп отыр­ғанымызды айтып отырған жоқпын ба? Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жас адам ешқашан келеңсіз жағдайға, ықпалға бой алдырмайды. Ал діни ағымдардан, секталардан сақтандыру да – ұлттық тәрбиенің құрамдас бір бөлігі. Бұл мәселе де ұлттық тәрбие пәні аясында оқытылып жатыр және университеттік тәрбие шара­ларының аясында әр алуан іс-шаралар өткізілуде.
Қысқасы, «ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, қазақ болып, ұлт болып қала­мыз десек, жастарымызды ұлттық ерек­­­шеліктерге тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ел болудың бір жолы – ұлттық тәр­бие екенін ұмытпайық, ағайын.
– Елбасымыз өзінің Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие беру ком­понентін күшейту керек» деп атап айтты. Жалпы, Жолдау жайлы пікіріңіз қалай?
– Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Жолдауы мазмұны жағынан да, сипаты жағынан да бұрынғы Жолдауларынан ерекше. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысының екінші кезеңі дүлей толқындай төніп келе жатқан мына заманда бірде-бір елге қол қусырып қарап отыруға болмайды. Осыған орай Елбасымыз өз Жолдауында былай дейді: «Біздің мін­де­тіміз – экономиканы осы сынаққа дайын­дау, оны әртараптандыруды жал­ғастыру болып табылады. Біз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердің қатарына қосылу­ды көздеп отырған елміз».
Сондықтан Елбасымыз Жолдауында еліміздің өміріндегі көкейтесті мәселелер бойынша он түрлі бағытты ұсынды. Оның әрқайсысының ел дамуында ерекше маңы­зы бар. Ал бізге, жоғары оқу орын­дарының профессор-оқытушылар құрамына, Жол­даудағы «Адами капиталдың сапалы өсуі» деп аталатын жетінші бағыт тікелей қатысты. Адами капиталдың өсуі, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау ісіне тікелей байланысы бар мәселе. Осы арада Прези­дент өз Жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту барысында жүзеге асырылуға тиісті алты түрлі міндетті ал­дымызға қойып отыр. Ол міндеттер мына­дай: оқыту үде­рісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен ин­новациялық техноло­гия­­лар­ды кеңінен енгізу; педагогтер құра­мының сапасын арт­тыру; біліктілікті бе­кітудің тәуелсіз жүйесін құру; мемлекет – жекеменшік әріптестігін дамыту; жас­тарды әлеуметтік бейімделуге үйрету; оқы­ту үдерісінің тәрбиелік құрам­дасын күшейту міндет­тері.
Біздің университет бұрыннан-ақ осы бағыттарда жұмыс істеп келеді. Білім беру­дің халықаралық стандарттарына сәй­кес келуді өмірдің өзі алға тартып отыр­ғанын ескерсек, біз бүгінде оқу үдерісіне осы заманғы әдістемелер мен иннова­циялық технологияларды кеңінен енгізуге күш жұмсап отырмыз. Әлемдік атышулы университеттермен әріптестік байланыстар орнату арқылы білім берудің сыннан өткен, әбден мойындалған инновациялық әдіс-тәсілдерін оқу үдерісіне батыл енгізудеміз. Шетелдік мәртебелі университеттермен студенттер, магистрант­тар, профессорлар алмасу немесе шетелдік профессорларды шақырту, өз профессор-оқытушы­лары­мызды соларда тәжірибеден өткізу ісі қар­қынды жүргізілуде.
Бүгінгі басты міндет студент жас­тарымызға сапалы білім беру болса, менің­ше, шәкірттердің университет қабыр­ғасында терең білімді игеруі олардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Айталық, студент тәрбиесіз, көргенсіз, тәртіпсіз бол­са, қаншалықты жағдай жасасаң да, ата-бабаларымыздың сөзімен айтқанда, басына алтын құйсаң да, тіпті Кембридж университетінде оқытсаң да, ол ешқашан тиянақты білім ала алмайды.

Алашқа айтар датым...
Бүгінгі басты міндет студент-жастарымызға сапалы білім беру болса, меніңше, шәкірттердің университет қабырғасында терең білімді игеруі олардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Айталық, студент тәрбиесіз, көргенсіз, тәртіпсіз болса, қаншалықты жағдай жасасаң да, ата-бабаларымыздың сөзімен айтқанда, басына алтын құйсаң да, тіпті Кембридж университетінде оқытсаң да, ол ешқашан тиянақты білім ала алмайды. Меніңше, білім беру үрдісінде ең әуелі тәрбие ісін алдыға шығару керек деп ойлаймын.
Ұлттық тәрбие төңірегінде кафедра емес, тіпті ғылыми-зерттеу институтын да, факультет ашатын да кез келді. Бірақ соған жоғарыдан тиісті көңіл бөлінбей келе жатқаны өкінішті.

Оқшау ой
Елбасы өз Жолдауында: «Білім беру ісіндегі тәрбие компонентін күшейту керек, патриотизм, моральдық құндылықтар, адамгершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық – бұл құндылықтар оқу орындарының барлығында, олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек» десе, міне, осы құндылықтардың бәрі біз оқу үдерісіне енгізген ұлттық тәрбие пәнінің құрамдас бөліктері болып табылады. Жастарымыз батыстың бізге жат, анайы тәрбиесіне бой алдырып, ұлттық ерекшеліктерін, қазақы сыпайылығы мен әдебін, рухани құндылықтарын, тілін, ділін, дінін, мәдениетін жоғалтып жатса, біздің ел болып, ұлт болып қалуымыз екіталай. Олай болса, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тәрбиені шұғыл өрістетпесе болмайды. Ол үйде, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жаппай оқытылып, үйретіліп, бір-бірімен сабақтасып жатпаса қауқарсыз болып қалады.
Егер біздің осы ұлттық тәрбие жөніндегі бастамамыз республика бойынша қолдау тауып, ол балабақшаларда, мектептерде және орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жаппай оқытылатын заман туса, ұлттық тәрбиені университетте мамандық ретінде оқытуға болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста