Халқымыздың ауруы асқынған кезде ғана дәрігерге келетініне қынжыламын

Халқымыздың ауруы асқынған кезде ғана дәрігерге келетініне қынжыламын

Сәуле СЕРІКҚЫЗЫ, медицина ғылымының докторы, Алматы дипломнан кейін оқыту стоматологиялық институтының ректоры, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі:

– Мамандардың алға тартқан мәлі­метіне сенсек, халқымыздың 60 пайызы тіс ауруына шалдыққан көрі­неді. Бұл қауіпті көрсеткіштің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Халқымыздың 60%-ының түрлі тіс ауруларына шалдыққаны рас. Одан бө­лек ересектердің 72%-ы, балалардың 73%-ы тіс ауруларының ішіндегі негізгісі саналатын тісжегі дертіне шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының классификациясы бойынша бұл таралу­дың орташа көрсеткішіне жатады. Әйтсе де аталмыш дерттердің алдын алу мүм­кін­дігінің зор екендігін ескерсек, 60%-дық өлшемнің көп екені рас. Айта кетер жайт – тіске қатысты дерттің, негізінен, елі­міздегі балалар мен жасөспірімдер ара­сында, сонымен қатар ересек ауыл тұр­ғын­дарының арасында таралу дең­гейінің жоғары екені байқалып отыр. Әсіресе ауылдық жердегі ересектер тісіндегі ауру көрсеткішінің жоғары болуы ауылдық жерлердегі жұртшылыққа көмек көрсетер стоматологиялық орталықтар­дың тапшы­лы­ғынан туындап отырғаны жасырын емес. Еліміз бойынша 190 ауылда ғана тіс емханасы жұмыс істейді екен. Сондық­тан ауылдық тұрғындардың тісін сақтап қаламыз десек, ауылдық жердегі стома­тологиялық орталықтардың санын арт­тыру қажет. Әсіресе шалғай жатқан, өр­ке­ниеттен тыс ауылдардағы халықтың стоматологиялық жағдайын дұрыстауға көңіл бөлген жөн. Тіс ауруын елемей қою­ға болмайды. Өйткені тістің ауруға шалдығуының соңы басқа да көптеген қауіпті аурудың туындауына әкеліп соғуы әбден мүмкін.
– Ал тіс ауруының ушығуы қан­ша­лықты қауіпті?
– Стоматологиялық аурулар адам денсаулығына айтарлықтай зиян кел­тіреді. Тіпті кейде ағзадағы басқа да ау­рулардың туындауына себепші болып жатады. Мәселен, тісжегі – созылмалы індеттің көзі. Тіс тісжегіге ұшыраса, жүрек-тамыр жүйесінің ауруларын, құлақ, мұрын, асқазан-ішек жүйелерінің, эндо­криндік жүйелер патологиясын т.б. ауру­лардың дамуына тікелей әсер етеді. Сон­дай-ақ әдемі және сау тістері жоқ адам жанұя құруда, жұмысқа орналасу кезінде көптеген проблеманы сезінеді. Тісжегісі көп немесе қисық тістері бар балалар ыңғайсыздану комплексінен азап шегеді. Сондықтан мұның бәрінің дер кезінде алдын алу керек.
– Елімізде стоматолог мамандар жеткілікті ме?
– Өкінішке қарай, елімізде тіс маман­дарының тапшылығы сезіледі. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қа­рағанды облыстарының ауылдық жер­лерінде стоматолог дәрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ еліміздің барлық аймақ­тарында балалар стоматологтерінің тап­шы­лығы жоғары деңгейде қалып отыр. Айта кетер жайт – 16 миллион халқы бар елімізде небәрі 6000-ға жуық маман жұмыс жасайды екен. Яғни 260 адамға бір стоматолог дәрігерден келеді деген сөз. Бұл сұмдық емес пе?! Дегенмен ма­мандар жиі бас қосып, «бұл мәселелермен қалай күресуге болады, халқымыздың отыз екі тісін оңалтудың қандай жолдарын қарастыруға болады?» деген сұрақтардың шешімін табуға тырысып жатырмыз.
– Жыл сайын медицина саласына қыруар қаржы бөлінсе де, халықты жаппай стоматологиялық тегін қыз­меттермен қамтамасыз ете алмай отыруымыздың себебі неде?
– Басты кедергі – қаражат тапшылығы. Бүгінде елімізде тегін стоматологиялық қызметтер кейбір әлеуметтік топтарға ғана көрсетіледі. Медицина ұйымдары­ның структурасында стоматологиялық көмек көрсететін орындардың 30%-ы – жоғары мемлекеттік ұйымдар. Бізде бар-жоғы республика бойынша тоғыз маман­дан­дырылған балалар емханасы жұмыс істейді, алты стоматологиялық емхана балаларды және ересектерді қабылдайды. Сонымен қатар жекеменшік стоматоло­гиялық клиникалар бар, олар тендерді ұтып алып, балаларға, жасөспірімдерге, екіқабат әйелдерге, әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындарға тегін стомато­ло­гиялық көмек көрсете алады. Жақ-бет аймағының туа біткен патология­сы бар балаларға сауықтыру курсын және орто­донтиялық емдеуді тегін алуға мүмкін­діктері бар. Дегенмен бұл медициналық орталықтардың да халқымызға жеткіліксіз екені сөзсіз.
– Өткен жылы еліміздегі жеке клиникалардағы стоматологтердің кесірінен төрт адам көз жұмыпты. Осы орайда жекеменшік стоматоло­гиялық кабинеттердегі санитарлық талаптардың сақталуына көңіліңіз тола ма?
– Иә, ондай қайғылы оқиғалардың орын алғанынан хабарым бар. Төрт адам­ның тісін жұлғызамыз деп барып, өмірімен қош айтысуы – өте өкінішті жайт. Аталмыш оқиғалардан соң, істің мән-жайы анықталып, жекеменшік клиникаларға жауапкершілік күшейтілді. Және алдағы уақытта жекеменшік стома­тологиялық клиникалардың барлығы әрқашан тиісті орындардың қадағалауын­да болады. Жалпы, барлық жекеменшік стоматологиялық клиникалар міндетті түрде жылына төрт рет санитарлық-эпи­де­миологиялық қадағалау органдары тарапынан жоспарлы тексеруден өтеді. Жоспарсыз тексерулер тек науқастан шағым түскенде ғана немесе бақылау органдарының бұйрығымен бекітілген заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
– Еліміздегі балалардың 72%-ы, ересектердің 74%-ы тісже­гімен ауырады екен. Тісжегінің ушығуына не себеп?
– Соңғы жылдары тісжегі балалар мен жасөспірімдер арасында айтарлықтай өсті. Оның бірнеше себебі бар. Оның басты себебі білім беру мекемелеріндегі стоматологиялық кабинеттердің жаппай жабылуы дер едім. Бүгінде еліміздің мектептеріндегі стоматологиялық ка­бинеттердің саны өте аз. Сондықтан ал­дағы уақытта олардың санын арттыру басты мақсатымыз болып отыр. Тіс ауруының күрт көбеюінің тағы бір себебі – бірқатар облыстарда мамандан­ды­рылған балалар стоматологиялық емханаларының жоқтығы. Сондай-ақ соңғы кездері балалардың тәтті және газдандырылған тағамдарды көп мөл­шерде қолдана бастауы да балалар­дың тісінің нашарлауына әсер етіп отыр. Сондықтан әрбір ата-ана бала­сының дұрыс тамақтануын да басты назарда ұстағаны жөн. Үйде ғана емес, түзде де денсаулыққа залалсыз тағам­дарды жеуін ата-ана баланың есіне әрқашан салып отыруы тиіс. Осы бағытта болашақ ата-аналарға стоматологиялық-валеология­лық тәрбиелеу бағдарламасын енгізу қажет. Яғни ата-аналар балалары­ның денсаулығы дұрыс болуы үшін ықпал ете алатындай осы салада түсінігі болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ата-аналар тісті сақтаудағы қарапайым ере­же­лер арқылы тіс ауруларының алдын алады. Тіс ауруларының дендеп кетуіне алғашқы кездері табысты жұмыс жасаған стоматологиялық аурулардың алдын алу мемлекеттік бағдарламасының біраз уақыт іске қосылмауы да тісіміздің жағ­дайының кері кетуіне алып келген секілді. 2011 жылы Қазақстан стоматолог­терінің ұлттық ассоциациясы Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау министр­лігінің қолдауымен «2011-2015 жыл­дарға арналған стоматологияны дамыту және тұрғындардың стоматоло­гиялық ауруларын төмендетудің концеп­циясын» жасаған болатын. Аталмыш бағдарлама 2011-2015 жылдарға арналған «Сала­матты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру бағытында жаса­лынды. Бұл құжатта халқымыздың тіс ауруларының алдын алу, ауыл тұрғын­дарына, екіқабат әйелдер мен қарт адам­дарға сапалы стоматологиялық көмектің қол жетерлігін жоғарылату мәселелері қарастырылған. Бүгінгі күні өзекті болып отырған тағы бір мәселе елімізде тіс гигиенисі деген маманның жоқтығы болып отыр. Көптеген елдегі мұндай маманның маңызы зор. Сон­дықтан медициналық ұйымдардың шта­тына стоматологтің бірінші буынын немесе тіс гигиенисін енгізуді қолға алуы­мыз керек. Ол үшін біз осы күні пайдалануда жүрген нормативті-құқықтық актілерге өзгер­тулер мен қосымшалар енгізуді жоспар­лап отырмыз. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындарға жылжымалы стоматоло­гиялық кабинеттер сатып алу да осы саладағы басты мақсаттарымыздың бірі болып отыр. Осы секілді стоматология саласында қордаланған мәселелер өте көп. Мұның бәрі қаржыны және тиісті орындар тарапынан оң көзқарасты талап етеді.
– Еліміздегі мектептердің тіс кабинеттерімен жабдықталу дең­гейі төмен екенін жоғарыда айт­тыңыз. Енді осы мәселеге толығырақ тоқталсаңыз...
– Бұл көрсеткіш қуантарлықтай дәре­жеде емес екенін жоғарыда айттым. Бүгінде еліміздегі мектептердің 8%-ы ғана стоматологиялық кабинеттермен жабдықталған. Бұл өте аз. Балаларымыз­дың тісін бақылауда ұстай алмай, елі­міздегі балалар арасындағы тіс ауруын асқынтып алуымызға бұл басты себеп болып отыр. Сондықтан жоғарыда айтыл­ған концепцияға сәйкес, Қазақстан Рес­публикасының Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің штаттан тыс бас стоматологі ретінде мен ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігіне осы мәселеге қолдау көрсетуді сұрадым. Жақында Республикалық пе­дагогикалық форумда сөз сөйлеп, сто­матология саласындағы мәселелерді күн тәртібіне қойдым. Соның нәтижесінде облыс әкімдеріне 800-ден астам мектепте және оқыту мекемелерінде стомато­логиялық кабинеттер ашу туралы өтініш жасалды. Бұл хаттар Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігінің атынан, Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрлігінің атынан облыс басшыларының атына жіберілді. Болжам бойынша мектептерді стома­тологиялық кабинеттермен жабдықтауға 2 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы керек екен. Болашағымыз үшін, еліміздің ертеңі болар балалар үшін бұл қаржы соншалықты көп сома деп санамаймын. Осы орайда облыс бас­шылары жергілікті бюджет арқылы мек­теп жанынан сто­матологиялық каби­неттердің ашылуына мұрындық болса, нұр үстіне нұр болар еді. Дәл қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Ақмола облыс­тарында, со­нымен қоса Алматы және Астана қалаларының мектептерінде арнайы стоматологиялық кабинеттер мен сто­матологиялық емханалардың қажет­тілігі өзекті болып тұр. Сонда ғана осы аймақтағы өрендердің тісінің тісжегіге, болашақта созылмалы ау­рулардың асқынбауына себепкер бола аламыз.
– Тіс ауруларының алдын алуға өткен жылы бюджеттен 500 мил­лион теңге бөлінген көрінеді. Бұл қаржы еліміздегі адам басына шақ­қанда 53 теңгеден келеді екен. 53 теңгемен 32 тіс түгіл, бір тісті емдеу де мүмкін емес екені бел­гілі...
– Не айтпақ екеніңізді түсіндім. Біз бұл мәселені тиісті орындардың назарына ұсынып отырмыз. Кепілді тапсырыс арқылы стоматологиялық қызметті кең көлемде қаржыландыру мәселесі бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Қаржы­ландыру мәселесінің кемшін соғып отыр­ғанына орай, халқымыздың тісінің жағ­дайы да кері кетіп бара жатыр. Сондықтан бүгінде бұл мәселені жоғары деңгейде көтеріп жатырмыз. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қамқорлықтың көлемі артады деп үміттенеміз.
– Еліміздегі емханаларда тегін стоматологиялық кабинеттер жоқ болатын болса, бұл қаржы қайда кетіп жатыр?
– Мемлекет бөлген қаржы кейбір емханалар арқылы балаларға, жас­өспірімдерге, екіқабат әйелдерге, туа біткен жақ-бет аймағының патологиясы бар балаларға, әлеуметтік жағынан қор­ғалмаған тұрғындарға жұмсалуда. Әйтсе де мемлекет тарапынан бөлінген қар­жының бұл топтың да жыртығына жамау болып отырмағаны рас. Осы орайда айта кетер жайт – алдағы уақытта тіс ауру­ларының алдын алу мақсатында облыс­тарды қаржыландыру кезінде мемлекет тарапынан арнайы, бөлек қаржы бөлінсе, дұрыс болар еді. Өйткені Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақ­стан облыстарынан басқалары, әсіресе ауылдық жердегі тұрғындардың тісін емдеу қалдық прин­циптер бойынша қаржылан­дырылады. Яғни бөлінген қаржыдан ауыс­са, тіске ақша бар, ауыспаса, ол да жоқ.
– Бұрын балалар стоматологі, ересектер стоматологі болып екіге бөлінетін. Қазір жекеменшік сто­матологиялық кабинеттерде ортақ қарай береді. Бұл балалар үшін қауіпті емес пе?
– Қазіргі кезде стоматологтерді балалар және ересектерге арналған деп бөлінуін ешкім өзгерткен жоқ. Яғни бала­лар стоматологі – дәрігерлердің ішіндегі ерекшесі, олар тек стоматологияны білуі қажет емес, сонымен қоса педиатрияны да, ең бастысы – балаларды жақсы көру, оларды түсіну, олар дер кезінде стома­тологке бару үшін тіс емдерін қорық­пайтындай жағдайда жасауы керек. Әйтсе де маман тапшылығынан бүгінде олардың аражігін ажырата алмай қал­дық. Маман тапшылығын шешсек, бұл мәселенің де шешілері сөзсіз. Сондықтан бар мәселе мамандардың тапшылығында болып отыр.

Алашқа айтар датым...
Мен дәрігер ретінде, ең алдымен, стоматология саласының қазіргі және болашақтағы жағдайы үшін алаңдаймын. Стоматология саласы арқылы халқымыздың денсаулығын уайымдаймын. Сондықтан тиісті орындар стоматология саласына көбірек назар аударса екен. Әрине, ең алдымен, әр адамның денсаулығы өз қолында екені сөзсіз. Жылына екі рет стоматологке барып, профилактикалық қаралу немесе күніне екі рет тісті тазалау – қиын шаруа емес. Сондықтан әр адам өзіне деген жауапкершілігін арттырса, дұрыс болар еді. Халқымыздың көбінесе өз денсаулығына немқұрайды қарап, ауруы асқынған соң ғана дәрігер алдына келуді әдетке айналдырып алғанына қынжыламын. Сондықтан алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі халықпен жұмыс істеп, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырумен жұмыс істесе, халқымыздың денсаулығын нығайтуға жасалған игі шара болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста