Жастар қандай болса, Тәуелсіздігіміздің болашағы сондай болады

Жастар қандай болса, Тәуелсіздігіміздің болашағы сондай болады

Сәбит ДОСАНОВ:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Сәбит аға, жазушылыққа келуіңізді Алаш арыстарымен байланыстыра: «Солар жете алмаған биікті, армандаған асуды алу үшін жазушы болуды мақсат тұттым», – деген екенсіз. Мақсат орын­дал­ды ма?
– Өмір − Алла тағаланың адамға берген сыйы және сыны. Ал талант – Алладан кел­ген аманат. Оны арқалап жүрудің өзі оңай емес. Сөз өнері – халықтың шежіресі ғана емес, қоғамның барометрі. Ол аз десеңіз, бағыт берер бағдаршам. Уақыттың күрета­мы­рын ұстап, дертін дәл тауып, емдейтін де құдіреті күшті әдебиет. «Көкейден кетпес көркем сөз адамзаттан алыстап бара жатыр» десек, бұл – ащы шындық. Әдебиет жайлы әңгіме тек ұлттық қана емес, әлемдік дең­гейде айтылуы тиіс. Сондықтан оқырманның азаюы қаламгердің ғана қайғысы емес, ол − мемлекеттік проблема. Әдебиетті жасайтын жанкештілер − жазушылар. Алаш қайраткерлері, ұлттың ұлы көсемдері қыз­мет­терін осы жазу өнерімен ұштастырып, халықты ағарту бағытына бастаған. Арман­сыз адам жоқ. Арманның үлкені – халықтың еркіндігі. Біз, міне, Аллаға шүкір, ғасырлар бойы аңсаған арманымызға жеттік. Ол арманның үлкені – жаннан да тәтті Тәуелсіз­дік. Бұл − ең алдымен төзімді халықтың, кең қолтық қазақ ұлтының еңбегі. Екіншіден, сол ұлтты ұйыстырып, көп ұлттың басын біріктіріп, соғысқа, дауылға, жауынға ұрын­дырмай отырған Елбасымыздың көреген саясаты деп білемін. Ал енді, әдебиеттің проблемасына келсек, «жақсы шығармалар тумай жатыр, жазушылар өмірден қалып қойды» деген әңгімелер бар. Ол дұрыс емес және білмегеннің әңгімесі. «Білмеген адам у ішеді» дейді. Бірақ бұлай айтқандарға да кінә арта алмаймыз. Өйткені кітап таралымы аз. Мысалы, көркем сөздің көрнекті шебері Мұхтар Мағауин бүкіл өмірін арнаған тарих тақырыбына кірісті. Жазушы Шыңғыс хан туралы туынды жазып жатыр. Меніңше, бұл жеке адам туралы шығарма емес. Ол түркі әлемі, бүкіл дүниежүзілік проблемалар жөнінде, соғыс пен бейбітшілік туралы үлкен философиялық еңбек болады. Одан кейін Дулат Исабеков біздің кенже қалған жанры­мыз – драматургияны өрге сүйреп келеді. Оның пьесаларының алды шетелдерде қойылып жүр. Прозада да үлкен сілкіністер бар. Мәселен, Асқар Алтайдың, Нұрғали Ораздың әңгімелері. Бізде осындай дүние­лер бар. Ең қиыны, соның бәрі халыққа жет­пей жатыр. Неге жетпей жатыр? Оның себе­бін жаңа айттым, кітап таралымы аз. Кітап дүкендерінің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Мемлекеттің бірінші қолға алатын ісінің бірі – осы. Кеңес өкіметі кезінде кітап таратумен үш бірдей үлкен мекеме айналысатын. Қазір барлық мекемелерді қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ бір жүйелеп, реттеу керек. Біз «Бабалар сөзі» кітабын шығармақпыз, ол үшін Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов институты керемет жұмыс істеп жатыр. Осын­дағы азаматтар шаңның арасынан қо­парып, халықтың қазынасын жинап, жеткі­зуде зор еңбек атқаруда. Бір өкініштісі сол, 2 мың, 3 мың данамен ғана шығады, ол ер­тең іздегеннің бәріне жете бермейді. Үлкен жазушылардың кітабына тапсырысты күні бұрын беріп, таралымды да көбейтсек, ол мемлекетке де пайда. Таралым көбейген сайын, шығару құны да азая түседі. Осы жа­ғынан ашып айтар ащы тұстары бар. Мәсе­лен, өздеріңіз де білесіздер, жазушыларымыз сыпайыласақ – сұраншақ, қаттырақ айтсақ – қайыршы. Өйткені кітабын да шығару керек, отбасын да асырау керек, ал қаламақы жоқ. Ал оның қолынан келер ісі – жазу. Жазған кітабына ақы төлемеу – шындығында, адамның құқығына қол сұғу. Әншілеріміз той жағалап, асаба болып кетті. Ғалым­да­рымыздың ішінде басқа салада жүргені бар. Байдың асын байғұс қызғанатындай біз емеспіз, бірақ мәселен, айтыс ақындары жарты сағат өлеңін айтады да, көлікке ие болып жатады. Бір айтыскердің баспасөзге берген сұхбатынан: «Айтыстан 16 темір тұл­пар міндім», – дегенін оқыдым. Айтыстың ке­рек­тігін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, еңбекті бағалауда біраз жоба, шек болу керек қой. Ал қазір жұлдыз саналатын жас әншілер жапырақтан да көп. Жас әншілер ауылдан келеді, 2-3 әнмен жарыққа шыға­ды. Ең болмаса жанды дауыспен айтпай-ақ, фонограммамен ән айтуға барады. Олардың төлемақысы ең кемі 2-3 мың доллардан бастап, 10 мыңға дейін кете береді. Бір әншіміз журналистерге берген сұхбатында кейбір жердегі қазақтар бір тойға қызмет көрсеткені үшін көлік мінгізетінін де айтыпты. Міне, әншілеріңіз, айтыс ақындары – әлгін­дей. Енді мүшәйра деген бар. Мүшәйраға қатысушы бір өлең жазады да бір көлік мі­не­ді. Бұлардың ішінде ең сорлап қалағандар – ойшылдар, прозашылар, драматургтер. Романды, повесті әдебиеттің алыптары жаз­ған. Ол − әдебиеттің қозғаушы күші. Солар бүгінде көк тиын қаламақы алмайды, кітап­тарын өз ақшасына шығарады, өздері тара­тады. Міне, осының бәрін тепе-теңдікке әке­лу керек.
– Жалпы, өнердің жайын материал­дық тұрғыдан айтып отырсыз. Осы әңгімеңізді тыңдай отырып, мұның бәрі маған осыдан бес-алты жыл бұрынғы жайтты баяндау сияқты көрінеді. Дәл қазіргі уақытта оң істер көп секілді.
– Ол түйткілдердің оң жағына келген ештеңесі жоқ, сол күйінде тұр. Бір ғана өзге­ріс – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездес­кен сайын жазушылар жай-жапсарды айтып жүрміз. Президентіміз: «Жазушылар­дың кітабын іріктеп, мемлекеттік тапсырыс­пен шығарыңдар», – деп айтады. Әрине, сәл-пәл ілгерілеу бар. Бірақ сонда беретін қала­мақысы 400-500 мың теңге. Сосын қолына жүз кітап береді де, «осыны сатып, күніңді көр» дейді. Мәселені бұлайша там-тұмда­май, түбірімен шешу қажет. Кез келген проб­леманы түкпірге тықпаламау керек, оны түк­пірге тастаған сайын шешер түйіні шата­сып, шимайлана береді.
 – Мәселен, түбірімен шешу үшін сіз­дің қандай ұсынысыңыз бар?
– Ең алдымен кітап сататын дүкендерді қалпына келтіруді қолға алған жөн. Кітап сататын дүкендер облыс орталықтарында да болу керек. Бүгінгі таңда бәрі жекеменшік болып кеткен. Екіншіден, алдын ала тапсы­рыс беру керек. Жоғарыда айтқан «Бабалар сөзіне» тапсырыс деген кең көлемде болар еді. Әр жазушының өзінің оқырманы бар ғой. Мен өз мысалымнан айтайын. Соңғы жылда маған: «Сізді жаңа кітап жазып жатыр деп естиміз, оны қайдан аламыз? Қалай табамыз?» − деп телефон соғушылар, хат жа­зушылар, кездескенде сұраушылар көп. Қазір халықтың тұрмысы сәл де болса жақ­сарды. Кітап оқуға біршама бетбұрыс бар. Соған енді мемлекеттің қолдауы керек. Біз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мұнай­дың барэлі 9 доллар еді. Қазір 90 долларға жетті. Он есе өсті. Әрине, шектен тыс байы­ғандар көп. Меніңше, байлық дегеніңнің өзі ауру секілді. Осы байлық жинаушылар ақылды, сауатты-ақ жігіттер. Біраз өздеріне шек қойып, жан-жағына қарайламай ма екен?! «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі» дейді. Ақшаға ар-иманын сатып не болмақ?! Сол байлық құмар адамдарға құлақ­қағыс! Шариғатта да айтылған, бай­лық­ты кедей адамдармен бөлісу керек. Игілікті іске жұмсау керек. Мәселен, Құранда былай деп жазылған: «Біле-білсең, шапа­ғаты барларың, Сүйген құлы болары хақ Алланың». Осындай адамдар мүлде жоқ емес, әрине. Олар бар. Бірақ қоғамда ақын­ның сөзімен айтар болсақ, «Пайғамбар сын­ды жігіттер бар, мінерге есегі жоқ. Есек се­кіл­ді жігіттер бар, малының есебі жоқ». Ақымақ адам белгісі аз күндік баққа алда­нып, басы айналып, көзін шер қаптап кетеді. Адам баласын сынайтын үш-ақ нәрсе деп білемін. Біріншіден, қолында үлкен байлық болу керек. Екіншіден, үлкен билік болу керек. Үшіншіден, үлкен абырой болу керек. Міне, осы үшеуінің алғашқы екеуіне қол жеткізгендер ақылынан адасып, үшіншісінен айырылып қалады. Міне, осы жерде Елба­сы­мызды мысалға айтқым келеді. Нұрекең­нің байлығы да, қолында тұрған билігі де, жер жарған атақ-даңқы мен үлкен абыройы да бар. Кімнің кім екенін біліп, даналығынан адаспай жүр ғой. Дүние қуған, атақ қуған жігіттердің алдында осындай үлгі бар. Атқа мінсе, атасын танымай кетуді қою керек, жан-жағына қарайлау керек. Егер халық болмаса, Президент кімге басшы болады? Ал министр кімге билік жүргізеді? Сол халық болмаса, менің кітабым кімге керек? Көр­ді­ңіз бе, халық – құдай тектес құдірет. Халық­пен әрдайым санасу керек.
– Тарихқа қарап, өткенімізге үңілсек, қазақтың қанағатшылдығына дәлел ететін жайттар көп. «Қанағат қарын той­ғызар» деген сөз де осы халық аузы­нан шыққан. Ал бүгін осылай өзгеруімізге не себеп? Әрине, бәрі бірдей сондай күйге түскен жоқ қой, десе де...
– Үлкен қатер – адамды ақыл емес, ақ­ша билеп бара жатқаны. Біз енді феодалдық дәуірден, социализмнен өттік, капитализмге келдік қой. Капитализмнің өзінің үш кезеңі болады деген ғой Маркс. Алғашқы кезеңі – тағы, яғни жабайы капитализм. Сол жа­байы капитализмнен экономикамыз шықса да, біздің санамыз шықпай тұр. Қазақ өзі ұраншыл, еліктегіш халық. Өзгенің жақсы нәрсесін емес, өкінішке қарай, жаман жағын тезірек қабылдаймыз. Тойымсыздықтан ары­лудың бір жолы – әдебиет, сөз өнері. Күннің сәулесі түспейтін жерлер бар. Ол − адамның көкірегі, санасы. Сөз өнері санаға сәулесін түсіре алады.
– Сананы оятып, сәулесін түсіретін сөз болса, сол көркем сөзді түзуші жазу­шылар жағдайы өзіңіз айтқандай болса, екеуінің арасын қайтіп сабақтастыруға болады?
– Ол сұрағың дұрыс. Жазушылардың айтқанын тыңдайтын құлақ сирек. Бізде әдебиетті бағалайтын, кітап оқитын адам­дар­дың өзі де азайып кетті. Мәселен, Мұқа­ғали Мақатаевтың тойына дайындықты сол облыста әкім боп тұрған кезінде Серік Үмбе­тов екі жыл бұрын бастады. 80 жылдыққа 800 млн ақша бөлінді. Музейге күрделі жөн­деу жасады, қосымша зал салды, жол төселді. Мінекей, осындай нәрселер болу керек. Осындай әрекеттер үлгі болу керек. Бізде бұрын той өткізу қалай болды? Үй тігіледі, конференциялар өтеді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Десек те, әр істің соңында белгі қалу керек. Әсіресе, халыққа пайдасы тиер белгі қалу керек. Мен, ақын Қасым Аманжоловқа 10 жасымнан ғашық болып, бүкіл өмір жолым­ды сол кісіге арнадым. «Ақынның тойы қа­лай өтер екен?» деп қатты қобалжып жүрдім. Өзімнің денсаулығым нашар болса да, сол тойға бардым. Менің қуанғаным, күдігімнің бәрі жоққа шықты. Қасымның тойы керемет өтті. Біздің зарлап айтып жүрген нәрселеріміз орындалды. Қасым туралы төрт кітап шық­қан, екі фильм түсірілген. «Қасым» атты жур­нал жарық көрді. Биіктігі 8 метрлік ескерт­кіш қойылды. Қасымның ауылына жол салынды. Осындай болған жөн. Бізде осындайды іліп әкететін басшылар бар. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов. Ол кісіні зиялы қауым бекер мақтамайды. Ол біздің бәріміздің туысымыз емес, ол − бізге рухани туыс. Халықтың қамын ойлайтын адам. Қай жерге басшылық қызметке барса да, көп­шіліктің жағдайын жақсарта біледі. Астанада да сондай жұмыстар жасап жатыр. Сосын мына әдебиетті түсінетін, көркем сөзге көңіл қоятын Қайрат Мәми дейтін жігіт бар. Жазушылардың жағдайын сұрап: «Не көмек керек», – деп тұрады. Шіркін-ай, осындай азаматтар көбейсе деп тілеймін.
– Жол, үй, көлік және төлемақыдан басқа жастардың рухын ояту үшін тағы да қандай шаралар жасалуы қажет деп ойлайсыз?
– Оның басы, міне, жасалды. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтың тойы өткен кезде бүкіл баспасөз ақынның өлеңдерін насихат­тады. Сол туралы материалдар берді, сол арқылы ақынның шығармашылығы халыққа бұрынғыдан да таныс бола түсті. Қасым то­йын­да да солай болды. Қасымның өлеңдерін біреу білсе, екіншісі білмейді дегендей. Өлеңдері ұлттық рухты көтереді. Соған айқын бір мысал. Қасым ақынның сталиндік диктатураның өзінде: «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы! Танимысың сен мені, мен қазақтың баласы». «Біз құл емеспіз, азатпыз», – дейтін сөздері бар. Уақыттан озып жазылған. Осындай шығармаларды көбірек насихаттасақ, халықтың санасына жеткізсек, рухани сілкініс жасалады.
– «Өзге емес, өзім айтам өз жайым­ды» дейді ғой Қасым Аманжолов. Сіз де Тәуелсіз Қазақ мемлекетіне өзіңіздің бергеніңіз жайлы айтыңызшы.
– Американың бір үлкен қайраткері: «Сен мемлекеттен не алғаныңды емес, мемлекетке не беретініңді айт», – депті. «Кез келген отаншыл адам өзінің Отаны жайлы ойлап оянып, мемлекетін ойлап ұйықтайтын болса, сол елдің ғұмыры ұзақ болады» дей­тін тағы бір ақылды сөз бар. Міне, осындай жауапкершілік бәрімізде болу керек. Тәуел­сіздік менің шабытыма қанат бітірді. Жалғыз мен емес, көп адамның талантын ашты. «Өтпелі кезең» біз үшін қиын ғана емес, өте бір қызық та қымбат кезең болды. Ол адам­дардың қайратын қайрай түсті. Ашылмай жүрген бұлақ көздерін ашты. Адамдарда еркіндік болды. Сондықтан әр салада та­лант­тар ашылды. Ашылған таланттар қана­тын кеңге жая бастады. Мен мәселен, осы соңғы 20 жыл ішінде бес роман жаздым. Менің арманым бар еді. ХХ ғасырдың, яғни бір ғасырдың шежіресін төрт ұрпақ арқылы жазу. Мен соны жазып шықтым. Тәуелсіздік болмаса, бұлай еркін қалам сілтей алмай­сың. Сосын «Тәуелсіздік толғауы» деп атала­тын деректі көсемсөз кітабымды бітірдім. Сонда бастан-аяқ сол Тәуелсіздікке қызмет еткен адамдар, Конституцияны жасаған азаматтар, еңбек адамдары туралы өз ойым­ша бір қызық кітап жаздым деп ойлай­мын. Құдай қаласа, жуырда жарыққа шыға­ды. Жазушының басты құралы – қалам. Ол үшін қаламнан өткен қару жоқ. Менің өмір­лік мақсатым, мен өзімнің жаттап алған бір сөзім бар, оны өзгелерге де айтқым келеді. Римнің императоры, әулие Титидің: «О, Жаратқан ием! Бүгін бір жақсылық жасай алмадым. Бір күн өмірім босқа өтті», – дейтін бір сөзі бар. Жүз пайыз жақсы адам болу өте қиын, әрі өте сирек. Данышпандар болған шығар, бірақ жақсы адамның да бір кемшілігі болады. Жаман деген адамның да бір жақсы жақтары болады. Мен үшін адам­ның бір жақсы көрсеткіші – адамға бір сүйіс­пеншілікпен қарайтын адам болса, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, мен оны адамгершіліктің ең жоғарғы сатысы деп бағалаймын. Қаламның да басты міндеті осын­да болуы керек. Жалпы, жазушының басты предметі – адам. Ол адамды сүймей тұрып, ол қаламгер ешқашан жақсы туынды жаза алмайды.
– Ал бүгінгі жастар туралы не айта­сыз?
– Жастар туралы өзі екіжақты пікірде бо­ласың. Кейде мысалы, кіндігін ашып, көше кезген қыздарды, не болмаса, ішкілікке са­лы­нып, бос жүрген ұлдарды көргенде мұңға батасың. Бірақ бәрі олай емес. «Мен жас­тарға сенемін», – деп Мағжан айтқан сөз­­ге мен де келісіммен қол қоямын. Бүгінгі таңда жастардың мінберіне айналған телеарналық хабарлар бар ғой, сирек болса да. Сонда кі­лең жастар сөйлейді. Соларды тыңдап отыр­саң, әдемі әсерге қаласың. Мен өзі шетелде көп боламын. Сонда шетелдің дипломатия­лық корпусында қызмет жасай­тын, шеттері­нен отаншыл, халыққа жандары ашып тұратын білімді жастар. Еліміздің ертеңі осы жастарға байланысты. Жастар қандай болса, біздің Тәуелсіздігіміздің бола­шағы солай болады. Сондықтан осындай жастар барда мен елімнің болашағына сенемін.
– Өзіңіз бір сөзіңізде «...ол кездегі үлкендер қандай еді» деп тамсана айт­қан едіңіз. «Өздері данышпан, өздері кішіпейіл, өздері қамқоршыл, көмек ке­рек десең, өз ісін тастай салып, саған көмектесуге тырысады» деген екенсіз. Бүгінгінің үлкені өздеріңіз, сонда өздері­ңіз­ге өздеріңіздің көңілдеріңіз толмай­тын секілді?
– Бәрі салыстыру арқылы болады ғой. Салыстырғанда көңіліміз толмайтыны рас.     Мысалы, өткен ғасырдың басындағы зиялы­лар мен қазіргі зиялылар. Бұрынғы зиялылар ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржа­қып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай деп жалғасып кете береді. Осы тұлғалардың бәрі халықтың пайдасы үшін жанын да, тәнін де аямады. Түрмеге де түсті. Ал қазіргі зиялылар солардың айтқан сөз­дерін дәл сол тереңдікте айтпаса да, сол деңгейде айтып жүр. Бірақ қазіргілердің ұлттың мүддесінен оның бала-шағасының, жеке басының мүддесі жоғары болып кететін пендешіліктері бар. Мұның бәрі уақытқа да байланысты болса керек. Бәлкім, сол ғасырдағыдай өте ауыр кезең болса, қазіргі зиялылар да халқы үшін түрмеге түсуге де барар ма еді, кім білсін? Қазір дегенмен басқаша уақыт қой. Мысалы, мен М. Әуе­зов­тің дәрісін тыңдаған жанмын. С. Мұқа­нов­­тың, Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиндердің сүйікті шәкірті болдым. Осы кісілердің сөздері де, істері де ірі болатын. Бұл жағынан қарағанда, әлде капитализмнің келгендігі ме, олармен салыстарғанда біз ұсақталып барамыз. Оны мойындау керек. Тіпті талант­тардың өзі ұсақталып барады. Театр өнерін мысалға алайық. Театр өнеріндегі ақсақал­дар қандай еді?! Елубайларды, Серкелерді айталық. Одан кейінгі Ыдырыстар, Фарида Шәріповалар, Хадиша Бөкеевалар қандай еді десеңізші! Одан кейінгі әртістер маған біртіндеп ұсақталып бара жатқан тәрізді көрі­неді. Депутаттарды да мысал үшін айта­лық. Кезіндегі Сұлтан Сартаев, Олжас Сүлей­менов тәрізді қайраткерлер қандай еді?! Ал қазіргі депутаттардың көңілдеріне келмесін, барлығы емес шығар, арасында он шақтысын ғана халық біледі. Халық танып-білмей, депутат т.б. қызметтерге келеді. Ал кеңестік дәуірде Орталық Комитетке жай ғана нұсқаушы болу үшін, ол адам үлкен мектептен өтетін еді. Ал қазір бейнелеп айтсақ, әлдебір адамды аса дайындықсыз бірден ұшаққа отырғызып жібереді де, со­сын әлгі адам ұшарын ұшып алып, қалай қонарын білмей, әуеде қалқып жүреді.
– Сәбит аға, соңғы кезде сізді эколо­гия тақырыбы қатты қобалжытып жүр­ген сияқты. Оның ішінде табиғат эколо­гия­сы және адам жанының экологиясы дегенді айтып жүрсіз. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз?
– Екі экология бірімен-бірі байланысты. Мына табиғатты емдеу үшін адам жанын да емдеу керек. Осы табиғат экологиясы мені расымен де, қатты алаңдатады. Өйткені Жер – біздің анамыз. Керемет қызық нәрсені айтайын. Мына ғарышта ұрық болмайды екен. Ұрық тек жерде болады. Жердің бір құдіреттілігі осында. Жер-ана деп бекер аталмаған. Өмірі жер сілкінбеген жерлерде қазіргі күні жер сілкіністері болып жатыр. Бұл – табиғаттың адамның жолсыздығына берген жауабы. Мәселен, мұнайды жерден алудың да шегі болу керек. Мұнай дегенің бейнелеп айтқанда қан ғой. Мысалы, адам қанша жерден денсаулығы мықты болса да, оның бастан-аяқ қанын ала берсе не бола­ды? Жерге 5 тонналық бомбалар тастай­мыз. Құрғақ жерге су жіберген болады. Содан Жер-ананың тектоникалық құрылыстары бұзылады да, табиғат апаттары орын алады. Қазір азон тесіктері деген ойыншық болып қалды. Меніңше, біздің мына екі салада адамзат үлкен күрес жүргізуі керек Бірінші, зиялы қауым, оның басында қаламгерлер, академиктер, ғалымдар адам жанының экологиясымен күресуі керек. Адам жанын тазарту, қатыгезденіп бара жатқан жандарды мейірімділікке шақыру. Сөздің күші арқылы бұл мәселемен күресуге әбден болады. Екінші бағыттағы күрес – тура мағынада та­би­ғат экологиясын тазарту. Табиғаттың эко­логиясы бұзылғандығы соншалық, мұның қауіптілігі қазіргі күні әлемдік проблемаға айналды. Менің қолымда билік жоқ, менің даусым жететін болса, бүкіл мемлекеттердің басшыларының басын қосып, экологиялық апаттарды қалай тоқтатамыз деген мәселені шешудің жолдарын қарастыруға шақырар едім. Ең алдымен, соғысты тоқтату керек. Соғыс – күнәһардың ісі. Ойлап қараңыздар­шы! Өмірі жаз болмайтын Якутияның өзінде аптап ыстықтар орын алды. Ал қыс болмай­тын жерде қар жауып жатыр. Әлсін-әлсін Жер шарының әр бұрышында су тасқындары болып жатыр. Мұның бәрі – Алла тағаланың ескертуі. Адамзаттың осы Алла тағаланың ескертуіне құлақ асқаны керек. «Алла өзің­нің ниетіңе қарай береді» дейтін қазақта сөз бар ғой. Әрбір адам осыған жауапты болуы керек. Отырған орнында осы мәселені наси­хаттау керек, өз үлесін қосуы керек. Бәрі өзімізге байланысты. Ең алдымен өзіміздің ұлттық жоғымызды түгендеп алайық. Қазақ өзі жоқ іздеген халық. Тарихтан байқасақ, тапқанымыздан гөрі жоғалтқанымыз көп. Есімізді енді жиып, жан-жағымызды түген­дей бастадық. Ақтаңдақтарымыз тегіс ашылып болған жоқ. Біреуге жүктей салмау керек. Назым Хикметтің өлең жолдары есіме оралып отыр: «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап. Ол жанбаса лапыл­дап, Аспан қалай ашылмақ?». Өмірге келген әр адам жеке өзінің өмірі үшін ғана емес, өзі сүріп отырған қоғамдық ортасы үшін, өзінің қоғамы үшін, өзінің болашақ ұрпағы үшін де жауапты.
 – Мына XXI ғасырды біз жаңа заман, технология заманы, жаһандану заманы деп жатамыз. Осы жаңа заманды сіз қаншалықты игерген жансыз?
 – Енді жаңа заман технологиясы, техни­касына келгенде мен өте артта қалып қойған адаммын. Бүкіл өмірім жазуға арналды. Денсаулығым да нашарлап кетті. Көп уақы­тым осы денсаулықтың мәселесін реттеуге, қалғаны жазуға кетеді. Өзімнің жазушылық арманым болған «XX ғасыр эпопеясын» жазуға он бес жыл уақытымды арнаған екен­мін. Алдыма қойған қазір тағы бір мақ­сатым бар. Мен ептеп компьютерге отыра бастадым. Көлік жүргізуді білемін. Енді компьютерді толық игермек ойым бар.
– «XX ғасыр эпопеясын» Нобель сый­лығына лайық шығарма деп айтылған пікірлер бар екен. Сіз өзіңіз қандай баға бересіз?
 – Мен өзіме-өзім баға бере алмаймын. Нобель сыйлығына лайық туынды деген пікір бірінші рет осы эпопеяның алғашқы томы Мәскеуде жарық көргенде халықара­лық конференция барысында айтылған еді. Сонда орыстың білікті, қатал сыншысы  Фели­кс Кузнецов осы романға үлкен баға берді. Өзім сонда «өңім бе, түсім бе?» деген күйде отырдым. Шолоховтың ауқым­дылығымен салыстырып, жақсы жағынан пі­кір айтып, баға берді. Ал содан кейін осы­дан төрт-бес жыл бұрын Парижде «Аруана» дейтін кітабым шықты. Соған байланысты Парижде, университетте шығармашылық кешім өтті. Сонда француздың үлкен ақыны да осы пікірді қостап айтты. Кейін қазақтар да айта бастады. Ал өз басым бұл туындым Нобель сыйлығына дайын тұрған, шаппай алатын шығарма деп айта алмаймын. Ал егер шынымен де Нобель сыйлығына ұсы­ны­лып жатса, ол тек мен ғана емес, бүкіл қазақ үшін абырой болар еді. Өзімді осы күні әдебиеттің биік шыңына жеттім деп те ойламаймын. Алынбаған шыңдарым көп.
– Ал қазақ әдебиетінде Нобель сый­лығына лайық деп айтатындай шығар­малар көп пе, қалай ойлайсыз?
– Көп емес, бірақ жоқ та емес. Ешбір фами­лияны атамай-ақ қояйық.
– Біз әдебиетті «XX ғасыр басындағы әдебиет», «Ұлы Отан соғысы жылдарын­дағы әдебиет», «Ұлы Отан соғысы жыл­дарынан кейінгі әдебиет», «Кеңес кезе­ңіндегі әдебиет», «Тәуелсіздік жылда­рын­дағы әдебиет» деп қазақ әдебиетін кезеңдерге бөлеміз ғой. Сол тұрғыдан сөз қозғап көріңізші? Мүмкін, өткен ға­сырда жазылған шығармалар, не бол­ма­са қатарластарыңыздың туындыла­ры...
– Әдебиетшілер арасында «өткен ғасыр  қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды» дейтін пікір бар. Яғни менің құрдастарым келген кездегі орта тұс. Сол сөзде бір шын­дық бар. Сол кезде әдебиетке жаңа леп әке­луші жаңа толқын келді. «Әуезовке дейінгі әдебиет» және «Әуезовтен кейінгі әдебиет» деп айтуға болады. Біз Әуезовтің деңгейіне әлі де сәл жетпей тұрмыз.
 – Елге деген тілегіңізбен бүгінгі сұхбатымызды түйіндесек.
– Менің Алла тағаладан ең үлкен тілегім −Тәуелсіздігіміздің мәңгілігі. Адам жанының экологиясы түзелсе деймін. Табиғи апаттар­дан аман болсақ деймін. Қоғамда ешбір адам жеке өмір сүріп бақытты бола алмайды. Қоғамың бақытты болса, сен де бақыттысың. Көк байрағымыз мәңгі желбіресін!
– Айтқаныңыз келсін, сұхбатыңызға рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста