Жазушы қоғамға, халыққа лайықты шығарма жазуды мақсат етуі тиіс
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
Нұрлан Оразалин, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
– Жазушылар одағы тотолитарлық жүйенің, Қызыл империяның абырой, беделін жұрт санасында бекіту, компартияның идеологиясын асқақтатып, әдебиетті Кеңес өкіметінің мүддесіне бағыттау, өнерді тізгіндеу арқылы тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салу мақсатында 1934 жылы құрылғаны белгілі. Өкімет өз мүддесін көздегенімен, қазақ қаламгерлері, азамат алыптары әдебиетті ұлт мүддесіне бағыттады. Бұл кеңес кезі еді. Тәуелсіздік жарияланғаннан бері де міне, 20 жылдың жүзі болды. Оның 15 жылында Жазушылар одағының тізгіні өз қолыңызда. Осы 20 жылда Жазушылар одағы ұлттық тұтастығымыздың ұйытқысы бола алды ма?
– Қазақ – сөз өнерін құрмет тұтып, сөзге ден қойған халық. Сөзбен тағдырымызды анықтап, мемлекеттік құрылымдар мен институттарымызды белгілеген халықпыз. Терең тарихымыз бізге соны айтады. Көктүріктер дәуіріне қарасақ та, тасқа түскен таңбалар да, оның арғы-бергі жағындағы, әр замандағы мемлекеттік қалыптасу кезімізде, Қазақ хандығы өмірге келген кезеңдерде, сөз биліктің қамшыгері, қоғамның қозғаушы күші болып отырған. Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіз, Асан қайғылар мен Махамбет, Дулат, Абайларға дейінгі аралықта биліктің құлағында отырған хан-сұлтандардың қай-қайсысы да әділ сөзге жүгінген. Міне, біздің қанымызға сіңген, сүйегімізбен біткен осындай ұлы қасиеттеріміз бар. ХХ ғасыр – өркениеттің өріс алған өзгеше ғасыры болды. Ғасыр басындағы үлкен төңкерісті тарихтан білеміз. 20-30-жылдары қазақ халқы бұрын-соңды өзінің тарихында болмаған алапат төңкерістің зардаптарын шекті. Соның ең үлкені – 20-жылдардың соңындағы коллективтендіру мен 30-жылдардың басындағы аштық. Халықтың үштен бірінің қырылып қалуы, сыртқа ауып, елді тастап кетуі – міне, осының бәрі этностың ең басты қайнар көзі, бұлағы «ТІЛ» дейтін ұлы өнерімізге кесірін тигізді. Халық алдында жойылып кету қаупі тұрды. Дәл осы кезеңде жаңадан келіп жатқан империя, бір есептен өзінің үлкен мүддесін орындау үшін, мақсатын жүзеге асыру үшін әдебиетке қамқорлығын қалай бастағанын білеміз. Алғашқыда Максим Горькийдің шетелден Сталиннің арнайы шақыруымен келіп, Кеңестер одағының кеңістігіндегі халықтың әдебиетін дамыту жөнінде үлкен мақсат қойды. Ал біздің Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит сынды Алаштың алыптары мен арыстары «ұлтым, халқым» деп жаны шырқырап отқа түсті. Мысалы, Мағжан, Шәкәрімдер қаншама қуғын-сүргін көріп жүргеннің өзінде әдебиетті жасау арқылы тілді, ділді, ұлтты сақтауға болатынын, сол жолды өздеріне бірінші міндеті етіп қойған-ды. Дәл осы кезеңде ұлттық мүдде мен империялық мүдде қабысты, екеуі бір жерден шықты. Одақ құрылды. Одақтың алғашқы мақсаты қоғамдық деңгейде тоталитарлық жүйеге қызмет ету болса, зиялы қауымның міндеті құрып бара жатқан, этнос ретінде жойылып кету қаупі бар халықты сақтаудың бірден-бір жолы қазақ әдебиетін жасау еді. Көлеңке, күнгейі қатар жүрген осы бір даму соғысқа дейінгі, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі дүмпулерге жолықтырды. 60-жылдарға дейінгі аралықта қоғамның кейбір мүдделері ұлттың пайдасына шешіліп, жақсылықтар болғанын жоққа шығара алмаймыз. «Бәрін өзіміз жасап жатырмыз» деу біржақты болар. 60-жылдар үлкен әдебиетке жаңалық әкелген буынның алдында осындай алғышарттардың болғанының арқасында әлемдік деңгейге көтерілген ұлы әдебиет өзінің жалғасын тапты. Сол жалғас Тәуелсіздіктің кезеңіне келгенде тағы да күнгей, көлеңке алдымыздан шықты. Бірақ күнгейіміз – ең басты қуанышымыз. Осыған дейінгі, қаншама ғасырлар бойы, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезіндегі ата-бабаларымыздың аруақ шақырып, азаттық үшін алысқандары, Сырымның, хан Кененің көтерілісі, ұлт-азаттық көтерілістер, Қарқара, Ақкөз, Созақ, Торғай көтерілісінің барлығы да ұлтты сақтау жолындағы күрестер. Рухымызды сақтау жолындағы қозғалыстар. Осының бәрі жаңа ғасырдың басында басқа кейіпте алдымыздан шықты. Тәуелсіздікпен жарысып келді. Тәуелсіздік есігімізден кіріп, төрімізге шықпай жатып, жаһандану өзінің біз білмейтін, бұрын-соңды таразы басына қоя бермеген, толып жатқан қиындықтарды әкелді. Жаһандану, тіпті этнос ретінде кеңістігі ала шұбарлана бастаған қазақ түгіл, империя болған орыс қоғамын да үркітіп жатқанын білеміз. Осы кезеңде «Жазушылар одағы қалай болды?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Жалғыз Жазушылар одағы ғана емес, біздің рухани әлеміміздің алтын арқаулы қазығы болып отырған жалпы өнер тәлтіректеп қалды. Тұралап қалған өндіріс орындары, экономикамыз, мұның бәрі айналып келгенде, әдебиет пен өнерді қаржыландыруға жағдай жасай алмады.
– Кеңес кезінде «социалистік реализм» деген болды. Ал Тәуелсіз елдің әдебиеттегі бағыты қандай?
– Социалистік реализм М.Горькидің сөзі ғой. Қоғамның сөзін сөйлей отырып, реалистік үлкен әдебиет жасау керек. ХХ ғасыр алтын әдебиеттің дәуірі ғой. М.Әуезовтің ұлы «Абай эпопеясы» осы кезеңде жазылды. «Оянған өлке», «Ботагөз», Мағжанның, Жүсіпбектің шығармалары, «Қан мен тер», «Инеш» те осы кезеңде жазылды. Айналып келгенде, 60-жылдардағы буынның, Олжастың, Мұқағалидың, Әбіштің, Мағауиннің, сыни пікірді қалыптастырған Зейнолла, Асқар секілді ақберен сыншыларымыздың дүниелері, кешегі Сағаттардың шығармалары, менің қатарым: Кеңшілік, Жарасқан, Жұматайлардың дүниелері осы кезеңде өмірге келді. Сондықтан қалай дегенде де, «изм» деген сөзге әдебиетті байлауға болмайды. Реализм дегеніміз – шартты ұғым. Ал қазіргі бағытымыз әлемдік кеңістікте ұлттың өзін сақтап қалу үшін, ұлттың рухын құрбандыққа жібермей, ақсатып алмай, сақтау үшін жүретін әдебиет болу керек деп есептеймін. Бұл – реалистік әдебиет. Шыншыл әдебиет. Ұлтты сақтау үшін күресетін әдебиет болу керек. Алғашқыда жүйеден шыға алмай, он-он бес жыл тәлтіректеп келгеніміз ақиқат. Қазақ өлеңі енді-енді өзінің мүмкіндігін сезінді, таразы басына қойды. Жаңа жырлар жазылды. 90-жылдары ала дорбасын арқалап, базар жағалап кеткен жас әдебиет өмірдің қайнаған ортасынан келді. Жаһандану «ана құрлық, мына құрлық, ана ел, мына ел» деп жатпай, жаппай түгел жаулап алып бара жатқан кезеңде соны өзінің жүрегі арқылы өткізген, ой-санасы арқылы қорытқан жастар жаңа әдебиетін қалыптастырып жатыр. Қалай дегенмен де, біз – ХХ ғасырдың, өтпелі дәуірдің әдебиетін жасаған өкілдерміз. Ал Тәуелсіздіктің қазаққа не бергенін, қазақ қоғамын кеңістікте қалай алып шыққанын айтатын әдебиет енді-енді келе жатыр деп есептеймін. Олардың біразына әртүрлі жиындарда, форумдарда, далада қалған кездерінде Жазушылар одағы қолұшын беріп, шығармаларының жарық көруіне себепші болып, пәтер алуларына дейін, үлкен-үлкен конкурстар, мүшәйралар өткізіп, жас әдебиетімізді сақтау арқылы әдебиетіміздің болашағын сақтауға себепкер болды.
– Кеңес өкіметінің саяси өз мүддесі болғанымен, қаламгерлерге жағдай жасауды тасада қалдырған жоқ. Қаламақы мәселесі өз деңгейінде қажеттілікке сай болды. Тәуелсіздік алғалы бері қаламгерлердің жағдайы мен қаламақысы үлкен проблема болып отыр. Көз майын тауысып, бойындағы бар күш-жігерін салып, кейінгі ұрпаққа рухани азық болатын танымдық дүниелер жазған жазушылар еңбегіне сай қаламақы ала алмайды. Неге?
– Бұл – үлкен сұрақ. Кең отырып айтуға да болар еді, бірақ уақыт жете бермес. Жалпы әлемде, Американы алыңыз, Батыс, Шығыс елдеріне қараңыз, қай-қайсысында болсын, әдебиетті қажеттілік үшін жасап жатқан секілді. Оны жасаушылар да бағасына қарап отырып, шығармаларды нарыққа ыңғайлағандай. Мысалы, Түркиямен араласып отырамыз. Оларда Нобель сыйлығын алған Памуқтары бар. Сөйте тұра, «бүкіл түрік жазушылары керемет» деп мен айта алмаймын. Түркияда жақсы әдебиет бар, бірақ біздің Орталық Азиядағы, оның ішіндегі қазақ әдебиеті Нобель сыйлығын алып отырған Памуқтың дүниелерінен кем емес. Біздің беріп жатқан ақиқатымыз Еуропаның, сондай-ақ әлемдік әртүрлі бағыттағы ағымдардың мақсатымен үндесе бермеуі мүмкін. Сондай кеңістікке араласуға шықтық. Ал кешеге дейін бізді үлкен империя, тоталитарлық жүйе өзінің сөзін айтқызу үшін мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармаларға көтерме қаламақысын төлеп отырды. Өзінің тиісті бағасын, сыйлықтарын беріп отырды. Сол кезеңде
20 баспа табақ кітап жазған қазақ жазушысы екі жыл отбасын қиналмай асырайтын жағдай бар еді және ол кезде сол қоғам жазушыға отбасылық мұң-мұқтажын қамтамасыз етіп отырудың сыртында жазуына да жағдай жасау үшін 20 шаршы метр көлемдегі үйді артық беріп отыратын. Жазушылар одағына көлік бөлінетін. Толып жатқан жағдайлар жасалатын еді. Бірақ біздің тіліміз байлаулы, жетекте жүретінбіз. Қазір, Құдайға шүкір, азаттыққа шықтық қой. Тәуелсізбіз. Сонымен бірге біз әлемдік жаһандану дейтін жаныңды қай жағыңнан келіп аларын білмейтін кеңістікке кіріп кеттік. Біз соның ықпалынан, соның билігінен енді-енді шығып келеміз. Олармен жарысып, көзсіз ере беруге болмайтынын сездік.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Президент мені Жазушылар одағының төрағасы ретінде қабылдады. Сол кезде ол кісімен үлкен әңгіме болды. Қаламақы сөз болды. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармалардың жасалу жолы, жалпы біздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымыз кеңінен айтылды. Бұл – қаржылық тоқыраудың тұсында болған әңгіме. Ол кісі арнайы тапсырма берді. Жекеменшік баспалардан шығып жатқан дүниелер емес, міндетті түрде мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармаларға өкімет қаламақылық-қаржылық қолдауын көрсетуге міндеттелді. Бірақ «Құланның қасуы мен мылтықтың басуы» секілді әлемдік қаржы тоқырауы қатар келді де, тиісті мекемелер міндеттерін орындай алмай жатыр. Азды-көпті атқарғаны бар. Баспа табағына 100 мыңнан бөлінуге нұсқау да, үлгі де, бәрі қалыптасқан болатын. Сол кезде қаржы құлағында отырған жігіттер сұхбат беріп, «осылай шешілетін болды» деп айтып жатты. Өкінішке қарай, үшінші жылға кетіп барады, алғашқы екпін бәсең тартты. Мұны несіне жасырамыз?! Демек, қоғамды ырықтап отырған күштер әдебиетті, жазушы дейтін киелі ұғымдағы мамандық иелерін сырт қалдырып отырған жоқ. Бірақ жүзеге асуы шабандау болып отыр.
– Жазушылар одағы және жазушылар мемлекетке жалпы қажет, бірақ дәл қазіргі уақытта аса қажет емес деп ұғуымызға бола ма?
– «Қажет емес» деген әңгіме туралы сөз мүлде болмайды. Жазушылар одағы – мемлекеттік құрылым емес, қоғамдық ұйым. Қоғамдық ұйым ретінде кәсіп иесі өзінің мықты дүниесін жаза алса, қоғамдағы сұраныстардың айналымына кіре алса, оны қолдаймыз деп отыр мемлекет. Ал енді екі өлең жазып, бір-екі әңгімесін қосып, кітап шығарып, «мен жазушы едім» деп оңды-солды сілтейтін заман артта қалып барады. Жазушы болсаң, өзің үшін жазасың. Ол кітап болып халықтың қазынасына айналуы керек. Ал жазғаның халыққа жетіп жатыр ма? Соны халық игілігіне айналдыра алды ма? Әлде айналдыра алмай жатыр ма? Бұл – басқа әңгіме. Мысалы, бізде жаһанданумен келген қандай құбылыстар бар? Бір кездері біз төрде тұрған жалғыз көк қобдишадан қорқатын едік. Қазір оған интернет қосылды. Ұлы тілдердің адуынды ықпалы таптап бара жатыр. Тілді жоғалтып алу қаупі тұр алдымызда. Оның несін жасырамыз?! Қазақтың тілі жоғалған күні қазақ халық ретінде, ұлт ретінде өмір сүру қабілетінен айырылады. Сол үшін біздің басты мақсатымыз – тіл үшін күресу. Тіл үшін күресу үшін әдебиетті сақтау үшін күресу керек. Әдебиетті сақтау үшін жазушыға жағдай жасау керек. Жазушы өз кезегінде қоғамға, халыққа лайықты шығарма жазуды мақсат етуі тиіс.
– Әдебиетті насихаттауда, ұлттық әдебиетті әлемге танытуда аударманың жөні бір басқа. Осы аудармаға тоқталыңызшы.
– Аударманы тек бір жазушының шығармасын насихаттайтын көз деп қарамау керек. Іргелі әдебиетті жасайтын – үлкен қаламгер. Үлкен қаламгер және оның шығармасы – ұлтты танытудың үлгісі. Басқа тілдерге аудару арқылы талантты таныту – біз үшін бір есім ғана емес, ұлттың рухани құндылығын, мүмкіндігін насихаттаудың жолын ашқан болар едік. Міне, осы тұрғыдан келгенде өткен ғасырға еріксіз соғасың. Мысалы, ұлы Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы орыс тіліне, әлемнің өзге тілдеріне аударылуының арқасында, ұлы суреткердің қиын кездерде теперіш көріп жүрген уақыттарында француздың, қытайдың, арабтың, үндінің жазушыларының араласуы арқылы ол кісінің әлемдік беделі бекіді. Бұл жерде орыс жазушылары көп еңбек етті. Бұл сол қоғамда қоғамдық тоталитарлық баға беру жүйесін бұзып шыққан жол болатын. Ал қазір біз қазақ халқының талантты екенін шығармасымен, көркем сөзімен, әлемге алып шығатын дүниелерімен ұлттық кеңістігін кеңейтер едік деп есептеймін. Сондықтан қазір аударма – аса зәру, керек нәрсе. «Аударма» дейтін баспа ашылды. Бұл – өте қуанышты жағдай. Бірақ «Аударма» баспасы, өкінішке қарай, тек сырттағы Нобель сыйлығының лауреаттарын, әлемдік озық ұлттың шығармаларын, орыстың, Батыстың, Шығыстың, арғы-бергі дәуірдің ұлы шедеврлерін аударып, соны таныстырумен отыр. Қазақтың дарындыларының дүниелері аса аз пайыздық өлшемде кітап болып шығады, таралымы да болмашы. Сондықтан ең әуелі, мықты дүниелерімізді ағылшын, француз, орыс тілдерінде тікелей аудиторияларға жеткізіп отырудың жолдарын ойлауымыз керек. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің бастауымен үш ақынның: менің, Шөмішбай Сариевтің және өзінің өлеңдері француз тілінде басылып шықты. Сол кітаптың тұсаукесер рәсімі Францияда өте бір қайталанбайтын үлгіде өтті. Екі-үш қалада кездесулер болды. Өлеңдер қазақ тілінде, одан кейін әріптестеріміз французша оқып, қазақ әдебиеті, қазақтың поэзиясы қандай деңгейде екеніне олар айран-асыр қалып жатты. Осындай дүниелер көбірек болу керек деп есептеймін. Ол үшін қаржы керек. Айналып келіп қаржыға тіреледі. Мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған үлкен мекемелеріміз қаржының көзін қарастырған кезде әдебиетті тек бір қоғамдық ұйымның қанжығасына байлап қоймай, мемлекеттік үлкен кеңістіктегі жұмыс, қызмет деп есептеп пайдалану керек. Бұл – ұлтты дәріптеудің, ұлттың ұлы құндылықтарын әлемге таратудың жолы. Шыны керек, аудармаға орыс әдебиеті де мұқтаж. Бұрынғы аудармашыларымыздың көбі Қызыл кітапқа кіріп бара жатыр. Аударманың кәсіп ретінде, мамандық ретінде жойылып бара жатқаны жанымызға батады. Мысалы, Түркияда менің кітабым шықты. Маған дейін олар М. Шахановтың, Ш.Айтматовтың, О.Сүлейменовтің, Ә.Кекілбаевтың, М. Мағауиннің шығармаларын аударып, өздерінің бауырлық жүрегімен, ықыласымен жасады. Бұл – жеке елдің жасап отырған құрметі. Бізге де басқа тілге аудартудың жолын іздеуіміз керек. Аударма мәселесі жөнінде Жазушылар одағының жанынан үлкен дөңгелек үстел өткізу жөнінде мен билікке екі-үш рет ұсыныс жасадым. Жыл сайын бұл ұсыныс сырғып отыр. Бәлкім, атқарылса, кең ауқымда сөз болады ғой деп ойлаймын. Бізге аударма ауадай қажет. Екі адамның, үш адамның мұқтажын атқаратын шаруа емес, бұл жалпы әдебиеттің абыройын, ұлттың рухани кеңістігін танытатын шара болар еді.
– Қазір оқырман азайып, көрермен көбейген заман. Көбіне ақпаратты ғаламтордан қараймыз. Газеттердің электрондық нұсқасы ғаламторда тұр. Бүгінгі күні кітап көп оқылмайды дейміз. Бәлкім, кітаптарды да мүмкіндігінше ғаламторға орналастыру керек шығар. Бұл да Жазушылар одағының қолға алатын шаруасы секілді. Бұл тараптан келгенде қандай амал-шаралар бар?
– Қалай болғанда да, кітаптың орнын ешуақытта ғаламтордағы электрондық нұсқа толтыра алмайды. Дегенмен Жазушылар одағы бұл мәселеге кірісіп жатқан жағдайымыз бар. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор», «Сын» секілді газет-журналдарымызды біз ықшамдап, ғаламторға бере бастадық. Бірақ бұл алғашқы қиындықтарымен жүріп жатыр. Бұған қоса, кез келген жазушының ғаламторда сайты бар. Кекілбаевтың, Мағауиннің сайттары бар. Шығармалары тұр. Оқимын деген адам болса, оқиды. Бірақ сөреде тұрған қалың, әдемі кітаптардың орнын толтыра алмайды. Қазақтың негізгі оқырманы ауылда, елде жатыр. Елдегі етегіне сүрініп жүрген оқырман мына ғаламторды толық танып, мойындай қойды демейміз. Ғаламтормен көп әуестеніп, оған кіріп кеткен – қалалық қазақтар. Қаладағы оқырмандар. Бірақ олардың тілі 100 пайыз емес. Сондықтан бізге кітаппен қоштасу ерте. Барынша кітапқа жағдай жасау керек. Кітап саудасын жолға қою керек. Таралымын көбейту керек. Жазушыға жағдай жасау керек деп отырғаным осы, бір жағынан. Ал ғаламтор арқылы әдебиетті насихаттау – әдебиетті елге алып шығудың екінші жолы.
– Жазушылар одағы жеке-дара, тек өзімен-өзі жұмыс жасамайтын болар. Елімізде бұдан басқа да үлкен-үлкен мекемелер бар. Мысалы үшін, Ұлттық ғылым академия. Олармен қаншалықты байланыстасыздар?
– Ұлттық академия мен Жазушылар одағы бір кезде орталық партия ұйымынан кейінгі біздің идеологиямыздың ақ тіреулері болатын. Ғалымдарға жағдай жасайтын бірден-бір мекеме Ұлттық академия болса, жазушыларға жағдай жасайтын, бағыттап отыратын Жазушылар одағы еді. Жаһандануды жеделдетіп, біздің өмірімізге араластырған, нарық дейтін белгісіздеу аласапыранды алып келген қоғам, бізге ең әуелі, тілімізге, дінімізге деген шабуылды, Жазушылар одағы мен академиядан бастады ма деймін. Бәлкім, мен қателесетін шығармын. Дегенмен солай болды. Ұлттық ғылым академиясы бізбен жақсы байланыста тұрады. Жиындарымызды, ортақ құндылықтарымызды, мұраларымызды бірігіп талдаймыз. Мысалы, бір кездері академияның құрамында болған М.Әуезов атындағы Әдебиет институтымен байланысымыз жақсы. Академиктермен байланысымыз жақсы. Сол кісілер біздің жұмысымызға тартылып отырады. Тарихи мұраларымызды зерттеу жөніндегі «Мәдени мұра» дейтін ұлттық бағдарлама бар ғой. Соны қазір жүзеге асырып жатқан Ұлттық ғылым академиясының академиктері, Әуезов институтында жұмыс істеп отырған. Сол кісілердің шәкірттері. Біз өз тарапымыздан керекті, қажетті жерде бәріне араласып отырамыз. Дегенмен бізге Ұлттық ғылым академиясының толық, түбегейлі өзінің академиялық бет-пішінін оралту керек секілді болып көрінеді. Мен үшін кешегі Сәтбаев академиясы өмірге қайтып келсе, ол тарихқа ғана көрсеткен құрмет емес, ғылымды дәріптеудің, ғылымды жолға қоюдың бір үлгісі болар ма еді деймін. Бұл академия бізге күшейген қалпында, ғылымның құдіретін танытатын қалпында, тұтастық қалпында керек секілді болып көрінеді.
– Ел болғаннан кейін түрлі пікір, әрқандай әңгімелер болуы заңды ғой. Мәселен, «ғалымдардың міндеті еді, бірақ оны жазушылар бірінші болып көтерді» деген сияқты. Айталық, Кенесары ханға байланысты. Соңғы бір-екі жылда «сүйегі табылды, елге жеткізілді» деп жүрміз. Осыған Жазушылар одағы қаншалықты араласты?
– «Қазақ әдебиеті» газетінде Думан Рамазанның мақалалары шықты. «Қазақ әдебиетін» Жазушылар одағынан бөліп қарауға болмайды. Қаншама жиындар өткізіп жатырмыз. Үлкен талқылаулар болды. Соның арқасында қаншама сериялық мақалалар жазылды. Сол Кенесарыға қайта оралу – Кенесарыны дәріптеу арқылы азаттық қозғалысының өткенін еске салу, санамызда жаңғырту. Петерборда қалған соңғы ханымыздың басын таба алмай жүргеніміз ақиқат. Мұндай жоғымызды іздейтін болсақ, оның шетіне, шегіне жету қиын. Мысалы, жақында ғана М. Жұмабаевтың қызы, қазіргі мұрасына ие болып жүрген Райхан апай Жұмабаева, жасы келген кісі, Магадан бағытына әкесінің, ағасының сүйегін тапқан жігіттермен, белгілі қаржылық топтардың көмегімен барып қайтпақ. Бізде қазір қаржысы, билігі, ықпалы бар жігіттер көрінген тойда, анау Мәскеудің, Петербордың адам білмейтін шулаған топтарына қомақты-қомақты қаржысын лақтырып тастап, шақырып жатады. Одан гөрі, бізге кешегі ұлы аруақтарымыздың сүйегін, тым болмаса тауып алуға көмектесетін, әдебиетімізді үлкен жолға қоюға мүмкіндіктерді іздеуі керек қой деп есептеймін. Сол жігіттердің игі істерге салғырттық танытатыны, менің ойымша, өздерінің анасының, әкесінің, атасының тілін жете білмеуінен шығар деген күдігім бар.
– Жастар және олардың шығармашылығының насихатталуы жөнінде не айтасыз?
– Жастардың максимализмі деген бар. Ол болады. Жастарды әдебиетті әрі қарай жылжытатын күш деп бағалауымыз керек. Біздің кезімізде де алкеуделік, әдебиетті жасаушы өзіміз, бізден бастау керек сияқты болып көрінген. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ ол ақылмен болуы керек. Одақтың есігі барлығына ашық. Мысалы, «Жұлдыз» журналының соңғы сандары, «Қазақ әдебиеті» газетінің қосымшасы түгелге дерлік жастарға арналды. «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының жанынан шығып жатқан жастардың журналы бар. Ол да жастар әдебиетіне арналып отыр. 20 мен 30-дың арасындағы жастар шығармалары осы «Үркер» арқылы шығып отыр. Ал енді жастар өз тараптарынан тағы да журнал ашқымыз келеді дейтін болса, нақты ұсыныспен шықсын. Құдайға шүкір, Жазушылар одағы ғимаратын тұтас жасады, басылымдарының барлығын қайтарып алды, кешегі даудың бәрі далада қалды, бас-аяғы бүтінделіп, қазір жинақталды. Тәуелсіздік дәуірінде біз аласапыран кезден өттік. Тәуелсіздікпен бірге биікке көтеріліп келе жатырмыз. Әдебиетіміз жолын анықтады. Бұйырса, Жазушылар одағы әдебиеттің кішігірім империясы болатын жағдайлар бар. Оның алғышарттары бар деп есептеуге болады.
– Рақмет, Нұрлан аға! Енді елге тілегіңізбен әңгімеңізді түйіндесеңіз.
– Халыққа ең басты қажет нәрсе – Тәуелсіздік. Тәуелсіз елің, тәуелсіз тілің, тәуелсіз сөзің болса, іргең берік болса, ала шұбар емес, бір тілдегі кеңістігің болса, арманның үлкені – осы. Осы орындалса екен деп тілеймін!
– Әумин!