Жесірін қаңғыртпау деген, ең алдымен, жетімін жылатпауды білдіреді

Жесірін қаңғыртпау деген, ең алдымен, жетімін жылатпауды білдіреді

Динар Нөкетаева, Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:

– Динар Жүсіпәліқызы, қазір елі­міз­де отбасы институтын күшейту үшін «От­басы және неке туралы» кодекске «сур­рогат ана» деген бап енгізіліп жа­тыр екен. «Суррогат» ұғымы қазаққа жат болса да, бүгінгі қоғамда оған да жүгініп жатқандар баршылық. Жаңа бап осы үдерісті құқықтық тұрғыдан заң­дастыру үшін енгізіліп жатыр ма, әлде оның басқа да себептері бар ма?
– Иә, отбасы институтын нығайта түсу мақ­сатында бұрынғы «Неке және отбасы туралы» Заңға неке, отбасы және ерлі-зайыптылық кодексі арқылы біршама өз­гер­тулер мен толықтырулар енгіздік. Сол ар­қылы бұрын кеткен біраз құқықтық ол­қы­лықтарды жойдық деуге болады. Де­пу­таттар тарапынан көптеген жақсы нормалар ен­гізілді. Соның ішінде «суррогат ана», яғни «құрсақ ана» мәселесі үлкен бір бө­лім­ді құрады. Мұндай норма немесе ұғым бұған дейінгі қолданыстағы заңда бол­маған. Заңда болмаған десек те, бұл – кейінгі жылдары біздің қоғамның да тір­ші­лігіне еніп келе жатқан, түрлі себептермен балалы бола алмай жүрген ерлі-зайып­ты­лардың қосалқы репродуктивтік тех­но­ло­гия­лар әдісін қолдану арқылы бала сүюіне мүмкіндік беретін медицинаның жаңа бір тармағы. Осы бағытта қазір елімізде бір­не­ше медициналық орталықтар жұмыс істеп жатса, «құрсақ ана» көмегімен бізде 15 мың­нан астам сәби дүниеге келіпті. Ал бұл мәселедегі азаматтардың өзара қарым-қа­ты­настары моральдық-әлеуметтік жайт­тар­ды, құқықтық жауапкершіліктерді қам­ти­тыны белгілі.
Сондықтан азаматтардың осы қа­ты­нас­та­рын құқықтық тұрғыдан реттеп, заң­на­ма­лық негізін жасау қажеттілігі туды. Өйт­кені «құрсақ ана» арқылы дүниеге келген баланы құжаттандыру – туу туралы куәлік беру, атын, ата-тегін жазудан бастап, «құр­сақ ана» мен өз ата-анасының арасындағы міндеттер мен жауапкершілікке дейін түрлі қиындықтар қездеседі екен. Мысалы, «құр­сақ ана» босанғасын баланы өз атына жаз­дырып, ал биологиялық әке-шешесі сот арқылы асырап алу процедурасын жүзеге асырғаннан соң ғана оны өз аттарына жаз­ды­рып, толыққанды ата-анасы болып есеп­те­летін. Қазіргі заңнамада осы мәселе же­ңіл­детіліп, «құрсақ ана» мен оған тапсырыс бе­руші арасында келісімшарт жасалады. Нотариалды түрде бекітіледі. Осы шартта «құрсақ ананың» құқықтары мен міндеттері, тапсырыс беруші отбасының құқықтары мен міндеттері түгел көрсетіледі. Соған сәй­­кес, екі тарап өз міндеттерін толық орын­­дайды және «құрсақ ана» босана са­лысымен, дүниеге келген баланың заңды ата-анасы тапсырыс беруші отбасы болып саналады. Яғни ендігі жерде бұрынғыдай сотқа жүгінудің қажеті жоқ.
Тағы бір ерекшелігі, өмірде түрлі «форс-мажорлық» жағдайлар болып жатады ғой. Мәселен, тапсырыс беруші тарап баладан бас тартса немесе бір апатқа ұшыраса деген секілді. Мұндай жағдайлар да заңда жан-жақты қарастырылып, ондай кезде ба­ла­ның әрі қарайғы ата-анасы кім болатыны, кім қамқорлығына алатыны түгел ес­ке­ріл­ген.
– Ондай болса, бұл мәселе бизнес көзіне айналып кетпес үшін Заңда «құр­сақ аналарға» қойылатын талап­тар да ескерілген болар?
– Әрине, осы кодексте «құрсақ ана­лар­ға» қатысты талаптар да айқындалды. Мы­са­лы, екінің бірі «құрсақ ана» бола ал­май­ды. Оның жасы міндетті түрде 25 пен 35 аралығындағы әйел болуы тиіс. Сондай-ақ ертеңгі күні ол әйел құрсағындағы балаға ана­лық мейірі оянып, бергісі келмей қалуы да мүмкін ғой. Адам болғасын бұлай болуы да әбден ықтимал. Мұның алдын алу үшін Ко­дексте «құрсақ ана» болғысы келетін 25 пен 35 жас аралығындағы әйелдің міндетті түрде өз баласы болуы керектігі жазылды. Қыс­қасы, «құрсақ ана» осының бәрін біліп, са­налы түрде қадам жасайтыны, ертеңгі күні сәбиді өз ата-анасына беретіндігі тайға таңба басқандай көрсетіліп отыр. Екінші жа­ғынан 25 пен 35 жасқа дейін деп бел­гі­леу­дің де өзіндік себебі бар. Бұл – әйел­дер­дің репродуктивті, басқаша айтсақ, денсаулығы бала көтеруге және босануға ең қолайлы, лайықты кезеңі. Үшіншіден, заң­да «құрсақ анаға» тек заңды түрде не­келері тіркелген ерлі-зайыпты азаматтар ғана тапсырыс бере алатындығы да анық жа­зылған.
Ал негізінде заңды талқылау барысында «Неге жалғызілікті әйел немесе ер-азамат тапсырыс бере алмайды?» деген сияқты түрлі пікірлер болды. Алайда талқылай ке­ле, мұның барлық қырлары мен астарларын ес­керіп, осылай бекіттік. Сонымен заң бойынша жасы 25 пен 35 аралығындағы, өзі­нің баласы бар әйел ғана «құрсақ ана» бо­ла алады.
– Ал енді бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы, жөргек пұл де­ген бар емес пе? Ол тоғыз ай бала кө­тер­ген «құрсақ анаға» берілетін шы­ғар?
– Жоқ, бала туылғандағы бір реттік жә­не бала күтімі бойынша берілетін басқа жәр­демақының бәрі түгелдей тапсырыс беруші ата-анаға, яғни баланың өз от­ба­сына тиесілі. Ал тоғыз ай көтергені үшін «құрсақ анаға» тиесілі сыйақыны екі тарап өзара келісімшартта бекітеді және сол бойынша орындалады.
– Демек, «суррогат ана», яғни «құр­сақ ана» мәселесін құқықтық тұрғыдан рет­теу елдегі отбасылардың ажырасу ста­тистикасын біршама азайтады деген үміт бар ғой...
– Мұның бәрі – отбасы институтын ны­ғайту үшін істеліп жатқан шаралар. Өзіңіз қа­раңыз, 2010 жылы 144 мың 357 неке қиы­лып, отбасы құрылса, 40 мың 982 неке бұ­зылып, жас отбасылар ажырасты. Ал ажы­расудың небір түрлі себептері бар. Соның ішінде жас отбасының  ден­сау­лық­тағы әртүрлі себептермен ұзақ уақыт ба­лалы бо­ла алмау проблемасы ең негіз­гі­лер­дің бірінен саналады. Ал бала деген – отбасын қабыстырып, байланыстырып тұратын буын. Балалы үйдің бар көңілі – балада, ба­ланы қызықтайды. Мәпелеп бағып, өмір­лерін балаға арнайды. «Балалы үй – базар» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Сон­дықтан осы заңда қарастырылған қосал­қы репродуктивтік технологиялық әдіс әлгіндей балалы бола алмай жүрген от­ба­сылар үшін өте үлкен көмек деп са­най­мын.
– Жасыратыны жоқ, медицинаның осынау технологиялық жетістігін пай­да­лану екінің бірінің қолынан келе бер­мейді. Дәлірегі, мұндай меди­ци­на­лық көмекті көптің қалтасы көтермейді. Осы жағы қаншалық ескерілді екен? Жас отбасыларды осы мәселеде мем­ле­кет тарапынан қолдау бар ма?
– Әлбетте, бар. Бұл мәселеге қатысты мем­лекеттен бөлінетін квота қарастырылып, кепілдендірілген медициналық көмек көлемінің қатарына енгізілді. Рас, бұрын бол­маған еді. 2010 жылы бұл квота мөл­ше­рі 100 адамға бөлінсе, 2011 жылдан бастап – 350, 2012 жылы 600-ге жетеді. Қазір елімізде репродуктивтік проб­ле­ма­лар­мен жеті медициналық орталық айна­лы­сып келеді.
Жалпы, елімізде отбасы институтын ны­ғайту бағытында жүйелі жұмыстар атқа­ры­лып келе жатыр деуге әбден болады. Соның айқын дәлелінің бірі – осы қосалқы реп­ро­дук­тивтік технология арқылы балалы бол­ғысы келетін отбасыларды қолдауы. Ал оған дейінгілерге тоқталсақ: мемлекетіміз бала тууды ынталандырып, жас отба­сы­ларын қолдау үшін сәбилі болғанда бері­летін бір жолғы және бала күтімі бойынша бір жасқа дейін берілетін жәрдемақылар тағайындап, олардың көлемін жыл сайын арттырып келеді. Бұрын 10 және одан көпбалалы болғаны үшін берілетін «Алтын алқа», ал сегіз балалы болғаны үшін бері­летін «Күміс алқа» медальдары енді тиі­сін­ше жеті және алты балалы болғаны үшін берілетін болды.
– Атамыз қазақ жетімін жылатпаған халық болған екен. Сөйткен елде қазір же­тімдер үйі, сәбилер үйі бар. Он­да­ғы­лар­дың басым көпшілігі – өзіміздің кө­ген­көздер. Сол жетімдерімізді енді ше­тел­діктер асырап алуда. Шетел асқан сол балаларымыздың ішінде ертең есейе келе Қазақстанға деген бір реніш, тіпті жауығу сезімі де тууы мүмкін ғой. Соны ойлап, жетімдерімізді шетел асыр­масақ қайтеді?
– Расында, біздің қоғам бұл күнде көп өз­герді, халқымыздың ежелден қалып­тас­қан ізгі қасиеттері, таным-түсініктері біраз әлсіреп, игі дәстүрлері көмескіленді. Әйт­пе­се «жетім көрсең, жебей жүр» деген ел едік. Бүгінгі қоғамда тастанды балалар, ата-анасы бас тартқан балалар, ата-ана болу құқығынан айырылғандардың ба­ла­ла­ры деген ұғымдар пайда болды. Тағы да статистикаға жүгінсек, қазір осындай жетім ба­лалардың саны 38 мың 386 екен. Де­ген­мен олардың көбінің туған-туыстары бар, тек 14 052-сі ғана тұл жетім санатынан.
Мемлекетіміз оларға мүмкіндігінше бар­лық жағдайды жасап отыр. Олар бала­лар үйінде, жасөспірімдер үйінде, сәбилер үйінде, сондай-ақ отбасылық үлгідегі ба­ла­лар үйінде тәрбиеленіп, оқып, білім алу­да. Жаңа заңда біздер осындай балалар үйін­дегі тәрбиеші-аналар қандай болуы керектігін, оларға қойылатын конкурстық іріктеу талаптарын да ескердік. Ал мемлекет барлық балалар үйін бюджеттен толық қам­тамасыз етуде. Мұның сыртында Пат­ро­наттық тәрбиеге де ерекше көңіл бөліп, патронат тәрбиешілер балаларды өмірге бейімдеп отыруы үшін оларға бюджет ұйым­дары тәрбиешілеріне берілетін жұмыс ақысына сәйкес айлық төленеді, ал мек­теп­ке дейінгі балаларға – 9, мектепте оқитын балаларға 10 айлық есептік көрсеткіш кө­ле­мінде қаржы бөлінеді. Одан кейін қам­қор­шы, қорғаншы бар, оларға бұрын ақша берілмейтін, биылғы жылдан бастап, рес­пуб­ликалық бюджеттен үш жылға 15 мил­лион теңге қарастырылып отыр. Ал қам­қор­шы немесе қорғаншылыққа алатын адам сол баланың әпкесі немесе ағасы, ата-әжесі, қысқасы ең жақын туысы болуы мүмкін.
Ал енді бала асырап алуға келсек, біздің ел Гаага конвенциясына қосылғаны белгілі. Бұл конвенцияның басты нормаларының бірі әрбір бала отбасында тәрбиеленіп, ата-ана мейірімін сезініп өсуге құқылы екен­дігін айтады. Біздің заңнамамыз да әр­бір баланың отбасында өсуге құқылы екен­ді­гін бекіткен. Сондықтан шетелдіктердің біз­ден бала асырап алу мәселесіне осы тұр­ғыдан қараймыз. Дей тұрсақ та, бұл ретте заң жүзінде қойылған түрлі талаптар бар. Ал өз елімізде, өз ішімізде бала асырап алу­ға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ тағы бір айтар нәрсе, бізде қандай бала асырап алуға берілетіні, қандай балалар беріл­мей­тіні заң жүзінде анықталған. Шет мем­ле­кет азаматының асырап алуына бірінші кезекте өзімізде асырап алынбаған бала­лар, денсаулығы тұрғысынан өз елімізде ем­деуге мүмкіндігіміз жоқ, ауыр опера­ция­лар­ды қажет ететін балалар ғана беріледі. Бұны бір жағынан шарасыздық ретінде қабылдауға болар.
Өйткені біз ешқандай баламызды, сауын да, науқасын да жатжұртқа жіберуге тиіс емеспіз. Өйткені ол – біздің аза­ма­ты­мыз. Бізге еліміздің әрбір азаматы қымбат. Хал­қымыз онсыз да аз. Алға қойған де­мографиялық межелеріміз бар. Сондықтан лаж болса, науқасын өзіміз емдеп, ден­сау­лығын түзеуіміз керек. Мемлекетіміз осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
– Ал енді шетелдіктердің асырауына берерде, олардың қандай адам екенін қа­лай білеміз? Қойылатын талап қан­дай? Себебі асырап алған бала­ла­рын азап пен мазаққа салған ше­тел­дік­тер­дің де болғанын әлемдік ақпарат құ­рал­дарынан оқып жүрміз...
– Бұл мәселе де жолға қойылып отыр. Қазір бала асырап алғысы келетін ше­тел­діктер бізге тек арнайы аккредитация алған агенттіктер арқылы ғана шыға алады. Ал ба­ла асырап алу ісімен шұғылданатын мұн­дай агенттіктер бізде аккредиттелуі үшін кемінде 10 жыл осы салада жұмыс істеп, өзін оң сипатынан көрсеткен болуы тиіс. Олардың өтінімін бізде арнайы ве­домс­твоаралық комиссия қарап, әлгі агенттікке бес жылға ғана аккредитация береді. Жағдай осылай болғандықтан, олар да өз беделдерін түсірмеуге күш са­лып, дұрыс адамдарды іріктейді. Бұл талап та бірінші кезекте балаларымызды кім-кө­рін­геннің асырап алуын болдырмауға бағытталған. Ал асырап алынған бала қай елге барса да, біздің Сыртқы істер ми­нистр­лігінің елшіліктері мен консулдықтары арқылы бақыланып отырады. Ол бала туралы 18-жасқа келгенше барлық құ­жат­тық мұрағаты жүргізіледі. Ұлты кім, қай мем­лекеттің азаматы, неліктен асырап алу­ға берілгенін бала біліп өседі.
– Балаларымызды қай елдің аза­мат­тары көбірек асырап алатыны тура­лы мәлімет бар ма?
– Бізден бала асырап алу жағынан АҚШ азаматтары алда. Ал асырап алуға бала беру жағынан бірінші орында тұрған мем­ле­кет Қытай екен.
– Ал біздің өз ішімізде, өз көген­көз­де­рімізді асырап алу белсенділігі қалай?
– Ел азаматтарының өз ішімізде бала асырап алу белсенділігі төмен емес, биыл­ғы жылы – 3 100 бала асырап алынды. Со­ның ішінде, бірнеше мысал келтірсек, 2010 жыл бойынша: Оңтүстік Қазақстанда – 560, Алматы облысында – 330, Шығыс Қазақ­стан облысында 222 бала асырап алу фактісі тіркелді. Бала асырап алғысы келетін отбасылар өте көп. Кезекте тұрғандар көп. Тек бір мәселе бар. Шетелдіктер баланың жасына қарамай, ересек пе, кішкентай ма, ауру ма, мүгедек пе, оған қарамай ала бе­ретін болса, біздің азаматтар тек дені сау баланы іздейді. Сондай-ақ ол бала жаңа туған немесе әлі ес біле қоймаған болса дейді. Оларды да түсінуге болар, ес біл­мей­тін бала бірден өздеріне етене болып кетсін дейтін шығар. Әрі кетсе, бес жасқа дейінгі балаларды ғана асырап алғысы келеді. Ал 7-8, 10 жастағы балаларды асы­рап алу мүлде жоқ десек те болады. Бізді алаң­дататыны осы мәселе ғана. Ересек балаларға да қамқорлық, отбасылық жылу керек қой. Ізгілік тұрғысынан мұны да ойла­ған дұрыс болар.
Сондықтан бала асырап алу секілді ізгі шешімге келетін азаматтарымыз осы жағын да ескерсе деймін. Шетелдіктер ауру ба­ланың өзін емдетеміз, толыққанды аза­мат қылып өсіреміз деп алып жатқанда, біз не­ге өз балаларымызға қатысты осын­дай ізгі қадамға бара алмаймыз?
– Мүмкін, бізге бұл жайттың сал­да­рымен емес, себебімен күресу керек шығар. Бар гәп иман мен ізгілік тұнған өнегелі ұлттық тәлім-тәрбиемізді ұмы­тып, ізгілік өзегін үзуге айнал­ға­ны­мыз­да жатқан болар? Бүгінгі қоғамда сол құндылықтарымыздың насихаты кем­шін түсіп жатқан жоқ па?
– Иә, осы жағынан кемшілігіміз көп. Біз сол ізгі қасиеттеріміз бен ежелден қа­лып­тасқан игі дәстүрлерімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Ненің ұят, ненің азғындық пен мас­қа­ра­шы­лық екенін, ал нендей әрекеттер ізгілік пен имандылық көрінісі екенін бала күннен құ­лаққа құйып, сүйекке сіңіру аса маңызды. Бүкіл қоғам осы мәселеге жұмылғаны жөн деп ойлаймын.
Халқымыз жетімін, жесірін жылатпаған. Жетімді жылатпау керек деген қағида берік сақталған. Жетімнің көз жасы алысқа жі­бер­мейді, жетімді жылатқан адам бұл дүниеде бақытты бола алмайды деп түсіндірген. Жетімге ел болып қамқорлық жасаған. Жесірін шетке теппеген. Мүмкіндігі болса, оған күйеуінің туған-туыс­қан­да­ры­мен отбасын құруға барынша жағдай жа­са­ған. Бұл салт-дәстүр атадан балаға мұра болып қалып отырған.
Ал қазір жағдай біршама өзгерді. Жа­һан­дану процесі жүріп жатыр. Оның жақсы жақтары да бар, ал жаман жақтары да жоқ емес. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан сана-сезімімізге, салт-дәстүрімізге, мәде­ние­тімізге жат түрлі қылықтар мен ақпа­рат­тарды теледидардан да, газет-жур­нал­дар­дан да күнделікті алып жатырмыз. Осының бәрі бала тәрбиесіне, оның сана-сезіміне теріс әсер ететіні сөзсіз. Мұндай заманда ба­лаға дұрыс тәрбие беру, оны дұрыс жол­ға салу қиынның қиыны. Дегенмен, қанша қиын болса да, бала тәрбиесін бір минут болса да естен шығармаған абзал. Себебі, бала – біздің келешегіміз, ұр­па­ғы­мыздың жал­ғасы, Тәуелсіз еліміздің бо­ла­шақ­тағы тұтқасын ұстар азаматтары.

Алашқа айтар датым...
Біз бала тәрбиесіне аз көңіл бөлетін сияқтымыз.
Балаларымыздың тамағы тоқ, киімі көк болса, жақсы оқуға түсірсек дей­міз. Бар шаруа сонымен бітетіндей-ақ, тек сол бағытта тіршілік етеміз. Сөйтіп жүріп баланың толыққанды азамат болуы үшін қажетті ең негізгі тәлім-тәр­биеден кемістік жібереміз. Оның ішкі рухани өзегін, адамгершілік ұс­та­ным­дарын дұрыс әрі берік етіп қалыптастыру қажеттігін ұмыт қалдырамыз. Бү­гінде көбейіп бара жатқан жасөспірімдер арасындағы суицид те, түрлі діни сек­талардың шырмауына түсу де – соның салдары. Бірінші кезекте ата-ананың кінәсі. Сондықтан бала тәрбиесіне баса мән берсек екен.

Алашты ойлантар дерек:
Елімізде қазір жалғызбасты аналардың саны – 444 мың 800, жалғызбасты әкелердің саны – 42 мыңнан асып жығылады. Бүгінгі таңда некесіз туылған сәбилер саны да 352 мыңнан асады.
Некесіз бала туу деген сұмдық масқара саналған асыл халқымыз үшін бұл өте ауыр әрі қасіретті көрсеткіш қой. Жалпы, халық болып алаңдайтын-ақ мәселе.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста