Зиялы тек Тәуелсіз елде ғана болады
Қойшығара Салғараұлы, тарих ғылымының докторы, профессор, жазушы:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген еңбегіңіз бар. Тәуелсіздікке дейінгі қазақ, Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ дегенге не дер едіңіз?
– Біріншіден, қазақты тану үшін, бұл халық қайдан шықты, ата-бабалары кім болған, қайдан келді? Осыны шешу керек. Осыны білмей, бір облыстың тарихын тану қиын. Ол облыстың тарихы Қазақстанмен байланысты ғой. Әлем тарихшылары, оның ішінде кеңес тарихшылары, қазақ тарихшылары төркіні VI ғасырда Алтайда пайда болған жас халық деп есептейді. Оның ар жағындағы тарих жоқ. Генологиялық ДНК-ның қорытындысы бойынша, 200 мыңжылдық тарихымыз бар екен. Ал ол тарих қайда? Тіпті ол болмағанда мыңжылдықтардың тарихы қайда? Біз қайдан шықтық? Қазақ деген халықтың аталуы 1456 жылдан басталды. XV ғасырға дейін кім болдық? Міне, осыны шешу керек? Осыны шешкенде ғана кім екеніңді, тегіңді, Қазақ хандығы қалай құрылғандығын білесің. Алтын Орданы білмесең, Қазақ хандығының тарихын қайдан білесің? Ұлы мемлекеттердің болғанын қайда қоямыз? Қойшы немесе тракторшы, механизатор білім іздеп, басқа елге бармайды. Ілімнің биігіне шығып, енді бұдан басқа білімді қайдан алам деген адам ғана шығады. Осы тұрғыдан қарасаң, ұлы даладан сонау есте жоқ ескі заманда Тоқсары деген адам Грекияға барады. Грекиядағы ұлы оқымыстылардың алдына шығып, әулие атанады. Соны іздеп Анақарыс барады. Тіпті кешегі әл-Фарабиді алайық. Әл-Фараби бабамыз Отырардан Бағдатқа не үшін барды? Оқу, білім іздеп барды. Осындай жеке-жеке деректерді алып қараңыз. Ғылыми дереккөздеріне сүйенбей-ақ, жай қисынға қараңызшы, б.э.б. VI ғасырда Берелден табылған алтын киімді адам мен 13 аттың әбзелдері, өрнектері біріне-бірі ұқсамайды. Бұл не деген сөз? Бұл – ата-бабамыз салтанатты тірліктің шегіне шықты, аристократиялық өмір сүрді деген сөз. Демек, осындай қоғамдық деңгейге көтерілген халық жабайы бола ма?
Кешегі Х ғасырдан бері қарай бүкіл мәдениетіміз өркениетке қол жеткізген Еуропа, Грекия мен Рим Махмұд Қашқаридың еңбегіндей академиялық деңгейдегі сөздікті жасай алды ма? Жасаған жоқ. Еуропада Баласағұнның «Құтты білігіндей» мемлекеттік құрылымды дәл және елді қалай басқаруды көрсететін, бүгінгі ұғыммен астасып жатқан ғылыми негізі бар шығарма жазылды ма? Егер жабайы, білімі болмаса, осындай туындылар жазылмас еді. Демек, қазіргі таңда басты міндет – қазақы болмысыңа оралу. Бұл тек қана қазаққа тән емес. Өзінің тамырына оралу – бүкіл халықтарға тән.Өзіңді-өзің таны, өзіңмен-өзің бол деген категория алға қойылған. Мұны теориялық жағынан Сократ негіздеген. Сократтың өзі Делфа храмдарынан алған. Бүкіл діни ұғымдардағы кітаптардың барлығында осы айтылады. Ал өзіңді-өзің тану деген не? Шыққан тегіңді, ұлтыңды, халқыңды тану. Соның тарихын, мәдениетін, дәстүрін, болмысын тану. Әр адам өзін-өзі түзесе, білімді болса, ешкімге қиянат жасамаса, ұрлық істемесе, өтірік айтпаса, жанындағы адамдарға сәулесін түсірсе – бұл қоғамнан артық қоғам бола ма? Мәселенің түйіні – осында.
– Тәуелсіздіктің 21-жылына қадам басып отырмыз. Өзімізді-өзіміз тануымызға не кедергі?
– Ең басты кедергі: кешегі Тәуелсіздік алғанға дейін, біздің тарихымызды қазақтан шыққан, ең болмаса түркітектес халықтың өкілінен бірде-бір адам зерттеген жоқ. Басқа ұлттың ғалымдары зерттеді. Біздің ғалымдардың бәрі солардың шындығы бар ма, өтірігі бар ма – соны заңдастырумен болды. «Бұл туралы Бартольд былай деген, Аристотель олай деген немесе Лепшин, Зернов бүй деген» сияқты. Тәуелсіздік алған кезімізде біздің Қазақстан тарихшыларының 85 пайызы – ғылыми жұмыстарын КПСС тарихынан, қалған 15 пайызы бесжылдықтардың, екпінді құрылыстардың тарихынан қорғаған екен, тіпті Шымкент-Цемент зауытының тарихын еңбек қылғандар бар. Демек, тарихыңды зерттейтін бір ғалымың жоқ, соған ата-тегің былай деген тәрбие болмаса, хандары қанаушы, билері жеке басының қамын ойласа, батырлары есерсоқ болса, ұрпақ қандай болмақ? Кез келген халықтың жетекшісі – зиялы қауым. Зиялы дегеннің өзін әркім әртүрлі түсінеді. Бізде мәселені қозғау бар, бірақ негіздеу жоқ. Мысалы, зиялылар бар ма, жоқ па деген мәселе телеарналарда, газет, баспасөз беттерінде бар. Алайда осылардың біреуі зиялы деген кім дегенді анықтаған жоқ. Оны анықтап, зиялы бар ма, жоқ па деген сұрақ қойылуы керек еді. Біреуі – интеллигенттерді, біреуі – жазушылардың бәрін, біреуі қоғамдағы алдыңғы қатарлы элитаны зиялы дейді. Ал зиялы деген кім? Менің түсінігімде, зиялы – белгілі бір халықтың ұлттық адами құндылықтарын бойына сіңірген, сол халықтың бүгіні мен ертеңіне өзін жауапты сезінетін, халықты ілгерілетуге болатын игіліктердің бәрін жақтаушы, соның жолында күресетін, қажет болса, құрбандыққа бара алатын, халқына жан-тәнімен адал қызмет ететін, ары таза, рухы биік қайраткер. Бізде солар болды ма? Болды! Әр кезде әртүрлі болды. Зиялылар ел басына қауіп-қатер, ауырлық төнген кезде, сол елдің шешені, көсемі де болды. Зиялылар тұрған кезде қазақ халқы ұлттық болмысынан айырылмайтынын білген Кеңес өкіметі тікелей онымен күресті. Халыққа ес болатын азаматтарды «халық жауы» деген жала жауып құртты. Оларды ғана құртып қойған жоқ, соның ықпалында болған төңірегін де тазалады. Тұқымдықтың генетикалық негізде туатын бала-шағасын қудалады. Құртпағандардың бәрін мәңгүрт қып шығарды. Зиялылардың ісіне жауапты әр ауылдың ақсақалдары бар еді. Кеңес өкіметі «ақсақализммен» күресті. Сөйтіп, белсенділер, бізді отарлаған елдің мүддесіне қызмет істейтін азаматтар шықты. Олар кімдер еді? Олардың бәрі – орындаушылар. Тапсырма беріледі, олар орындайды. Тапсырманы кім асыра, жақсы орындады – сол халықтың зиялысы есептелді. Адамгершілігі бар ма, жоқ па, ол қандай адам? Онда кеңестіктердің шаруасы болған жоқ. Осылардың ішіндегі мықтыларын съездерге делегат, депутат қылдық, герой жасадық. Міне, осылар ұлттың элитасына айналды, ұлттың зиялысы деп танылды. Шын мәніндегі ұлттың құндылығын білген, соны бойына сіңірген, ұлттың асыл қасиеттері жолында күресетін азаматтар болмай қалды.
Ерте заманда да Қытай бар, оңтүстікте – ешкімнен кем болмаған Парсы, солтүстікте орыстар бола тұрып, Қазақ хандығы қаншама жерге ие болды. Біз қазір сол байтақ мекеннің үштен бірінде ғанамыз. Ата-бабамыз жырға арқау еткен Еділ мен Жайықтың Еділі жоқ. Астрахань, Қырым, бүкіл Шығыс Түркістан, Омбы жоқ. Осының бәрін найзадан басқа түйрейтіні, садақтан басқа атары жоқ, өзара қырқысып жүріп, ата-бабамыз қалай сақтап қалды? Егер ауызбірлігі болмаса, қызғаншақ болса, бізге телініп жатқан жаман қасиеттер бойынан табылса, баяғыда тезек теріп кетер еді ғой. Демек, олай емес, көп нәрсе жалған. Бұл далада түрме болған жоқ. Түрме болмау дегеніміз – қазақ даласында әділдік үстемдігінің белгісі. Бүкіл түрік халқында түрме болмаған. Түрік халқы жекелеген бектік те, қағандық та, Ұлы ұлыс та болды. Бұл – демократияның жоғарғы сатысы деген сөз. Кез келген мемлекетте әділетсіздікті әділдік жеңіп отырса, ол мемлекеттің іргесі берік. Неше жерден бай, сауатты, өркениетті болсаң да, әділеттілікті әділетсіздік жеңетін болса, ол елдің ақыры құлау, құруға әкеп соғады. Кешегі Кеңес өкіметі – соның бір дәлелі.
– Әлеуеттің қайта қалпына келуі – зиялылық, абыздық, ақсақалдықты қалай десе болады?
– Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасында Монтай би: «Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды, Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды», – дейді. Қазақ қазақ болып, өз Тәуелсіздігін қолына алған кезде бәрі бұрынғы жағдайына оралатынына күмән жоқ, бірақ уақыт керек. Зиялы тек Тәуелсіз елде ғана болады. Елдің, жердің, ұрпақтың қамын ойлайтын азаматтар келе жатыр. Бұны саналы түрде сезінгенімен, бүкіл болмысында құлдық сана қалыптасып қалған, еттен өтіп, сүйегіне жеткен, жеме-жемге келгенде кейбіреулері жеке бастың мүддесімен кетіп қалады. Кез келген зиялы халқы үшін құрбандыққа бара алған. Тәуелсіздіктің құрдастары оқу, тоқу арқылы дүниежүзінде өзін-өзі тануға бетбұрыс жасап жатыр. Біз қару да жинадық, қоғамдық келісімге жетеміз деп халықаралық ұйымдар да құрып болдық. Енді тек жаһанданудан құтқаратын дүние – өзіңнің тамырыңа оралу, өзіңді-өзің тану. Аузы айтып, жүрегі басқаны қалайтындар емес, шын мәніндегі болмысымен ұлтшыл азаматтар келе жатыр. Ұлтшыл бола білу – қасиет.
– Өзіңіз құрбандыққа барар ма едіңіз? Бүгінгі бейбіт заманның батырлары қандай болуы керек?
– Құрбандыққа екінің бірі барады деп ойлаймын. Жаныңды қиған құрбандықтың нәтижесі болмаса, ол – ақымақтық. Халық – ұлы күш. Қазір халқым деп бос шырылдасаң, құрғақ айқайласаң, үнің шықпайды. Оны мен батырлық, ақылдылық деп есептемеймін. Санасы бар адам халықтың перзентімін дейтін болса, есі түзу бала әке-шешесіне «мен мынадай жақсылық жасап жатырмын», «мен бүйттім», «мен сөйттім» демейді. Мәселен, Кеңес өкіметі кезінде де ұлтын шын мәнінде ойлаған жастар болды. Атақты Қасым Жәкібаевтың баласы «Мына қызыл коммунистік идеядан, Совет өкіметінен сақ болыңдар!» деп листовка таратқан болатын. Оның соңы не болды? Психологиялық ауруханада қайтыс болды. Қазіргі жасалатын шара – халықты ояту. Қазақта батырлық, батылдық, бетбақтық деген бар. Көшеге шығып беталды айқайлаған адамды біз батыр деп жүрміз. Мен оған келісе алмаймын. Батыр адам халқына пайдалы іс істеуі керек. Сол жолда ерлік жасауы қажет. Көшеге шығып, бос айқайлаудан гөрі халықтың санасын оятатын шығарма жазсаң, ұрпақтың жүрегін шымыр еткізеді, санасын сілкеді. Міне, осындай адамды батыр деуге келеді. Мысалы, Төлен Әбдіков Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде отырып, Кеңес өкіметінің әкені балаға, баланы әкеге, ініні ағаға, ағаны ініге айдап салғанын «Өлара» романында қорықпай, үрікпей жазды. Міне, батырлық – осы.
– Мысалға, Түркия немесе басқа түбі бір елдер еуроцентристік көзқарастан айығып, өз тарихын танимын деген жолда жүр ме? Үлгі етерлік ел бар ма?
– Біздің тарихи санамыз – Түркия немесе түріктектес халықтар емес. Қытай, Рим елдерінің өз жазба деректері бар. Бірақ осы елдердің бастау тарихы, ең бірінші өркениетке қол жеткізген – батыстықтар, кейіннен феодалдық Еуропада ғылым мен техника пайда болып, алға шыққаннан кейін қарқынды дамыған еуроцентризм болды. Осының ықпалымен тарихи сана қалыптасты. Шын мәніндегі тарих әлі жазылған жоқ. Дүниежүзі бойынша солай. Өйткені ДНК деген шықты. Бұл – ХХ ғасырдың аяғында генетика ғылымында молекулада сақталған адамның тұқымдық негізін анықтайтын тәсіл. Біздің бұрынғы тілдік, археологиялық, лингвистикалық деректерге сүйеніп жазғандарымыз жаңсақ болды да, мына ғылымның жетістігі бұлтартпайтын дәлелге айналды. Соның нәтижесінде қазір біз Америка үндістерінің түрік екенін біліп отырмыз. Бұлар Алтайдан 30 мың жыл бұрын кеткен екен, демек, түріктің 30 мың жыл тарихы бар деген сөз. Немесе Гарвард университетінің профессорлары жазған 16 мыңжылдық ДНК-ның қорытынды деректері жарияланды. Клесов дегеннің мақаласында «Атлант мұхитына дейінгі Еуразия кеңістігін үнді-еуропатілдес халықтар мекендеді деген тұжырымдама жалған, бұл түріктілдес халықтардың мекені болған» дейді. Демек, қазіргідей таным-түсінік, ДНК-ның дәлелдеуі бойынша, дүниежүзінің көне өркениетке қол жеткізді деген халықтың бәрінің бастауында көшпелілер тұр. Ол не деген сөз? Месопотамиядағы шумерлерді, Африкадағы өркениеттің негізін қалаған гиксостарды аласыз ба, жоқ, Үндідегі мәдениеттің өркениетін қалаған арийлерді аласыз ба, бәрі де – көшпелілер. Осы көшпелілер кім еді? Жаулап алған халықтармен тектес, тілдес халықтар ма еді? Оны бірде-бір ғалым анықтаған жоқ. Еуропоид, моңғолоид деген ұғыммен, үштікке бөлумен, түр-түспен ғана айырып келе жатыр. Дүниенің бұзылуы сонау алғашқы тарихты жазғандар адамзат баласының бір тектен тараған, бір жаратылыстағы халықты тарихи халық, тарихи халық емес деп екіге бөліп тастауынан басталады. Тарихи халықтар – өркениетті жасауға қабілеттілер, тарихи емес халықтар – жабайылар. Осы терминді кейін ғылым, қоғам жетіліп, сана өскеннен кейін еуропалық ғалымдар отырықшылар және көшпелілер терминімен алмастырды. Терминнің аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. ХХ ғасырға кірдік. Саналы өмірін көшпелі халықтардың тарихын зерттеумен өткізген орыстың ғалымы Л.Гумилев: «ХІХ ғасыр «бүкіл адамзаттың прогресшіл өркениетін отырықшылар жасады. Ал Орталық Азиядағы көшпелілерді мәңгілік жабайылық пен тағылықтың тұманы торлап тұрды» деген концепциясын мұраға қалдырды. Осы концепцияның зияндылығы – оның қателігінде ғана емес, ғылымның жетістігі деп ғылымға енгізілуінде» деп айтты. Гумилев айтқан мұра ХХ ғасырда да өзгерген жоқ. Сөйтіп, ХХІ ғасырға іліктік, бірақ еуроцентризмнің күші жойылып келе жатыр. Соның арқасында біз түріктердің сондай екенін енді біліп жатырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын айтсаңыз, мынаның есі дұрыс па деп ойлауға болатын сөз. Қазір ағылшынның да, немістің де, француздың да, скандинавиялықтардың да, орыстардың да ата тегі түрік екендігі айтылып жүр. Тарихи деректерде айтылған Британ қайда, Түрік қайда? Британның тарихын жазған ІХ ғасырдың ғалымы Нени: «Мен осы тарихымды ата-бабаларымыздың қалдырған аңыз-әңгімелерінің дерегі бойынша, ата-бабаларымыз қолданған ескі кітаптардың негізінде жазып отырмын. Біз Асс бірлестігінен шыққан Алан тайпасынан едік», – дейді. Түрік те отырықшылар мекені «Ио», көшпелілердің мекенін «Ан» деп айтқан. Тұран – тұрлардың мекені, Иран – ерлердің мекені. Көне деректерде «ир» деген сөз жоқ. «Эран» дейді. «Брид» деген халық Аралға барған, Британ деп аталады. Әлем халықтарының «Ия» деген атауындағы жұрнағы – түріктің ұясы. Түркия – түріктің, Испания испанның мекені дегендей. Осылардың бәрін танып білмей, адамзат тарихының бастауы бір екендігін білмей, Абай айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегендей, азаматтық, адамзаттық ұлы мұратқа жету қиындау. Міне, тарихтың керегі де – осы. Еруліге қарулы жасамасаң болмайды. Адамзатқа ортақ тарих жазылуы керек. Бәріміздің бастау тегіміздің бір екенін, бәріміз Адам атаның, Хауа ананың перзенті екенімізді сезінуіміз керек. Сонда бір-бірімізге деген құрметіміз, ілтипатымыз оянады. Орыс ғұламасы Толстой айтады: «Құдай бір, демек, ақиқат бір. Ақиқатқа жету жолдары әртүрлі. Діннің көп болатындығы – сол. Егер сен ақиқатқа жетемін десең, сол діндердің жағымсыз, кемшіліктерін алма, жетістігін алып, содан ой түю арқылы өзіңді дамыт. Сонда бір табан болса да Құдайға, ақиқатқа жақындай түсесің», – дейді. Міне, бізге керек зат – осы.
– Енді қорытынды жасап, елге тілегіңізбен сұхбатымызды аяқтасақ...
– Біздің ілгерілеуіміз де, кері кетуіміз де мемлекетті құрушы халықтың сана-сезіміне байланысты. Сана түзелмей, ештеме түзелмейді. Сондықтан бүгінгі басты міндетіміз ХХ ғасырдың басындағы ағаларымыздың, Алаш арыстарының бір кісідей кім болғанына, оның ішінде үкімет басындағылар, жай қарапайым адамдар да бар, осының бәрі ағарту жұмысымен айналысқан. Ол неден шығып отыр? Орыс патшалығының бодандығында қалыптасып қалған құлдық санадан құтылу үшін жасалған күрес болатын. Бүгінгі күннің дамуының, ілгерілеуіміздің, Тәуелсіз елімізді сақтап қалуымызға осы елдің әр азаматы жауапты. Әлемнің алдыңғы қатарына шығуына мүмкіндігіміз бар. Ендігі біздің мақсатымыз сенің де, менің де, жалпы адамзат баласының міндеті – адам болып өмір сүру. Адам болып өмір сүре алсаң, бәрі орнына келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!