Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға қарным ашады

Жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға қарным ашады

Бауыржан Ешмағамбетов,  Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы қазақ орта мектебі мүдірінің оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Бауыржан, өмірбаяныңыз туралы қысқаша айта кетсеңіз .
– Менің жарық дүние есігін ашқа­нымның өзі қызық болған екен. Аягөз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақшатау аулынан, арбалы мотоциклмен қонақтан келе жатып, жол ортасына келгенде ше­шем­ді толғақ қысады. Абдырап қалған әкем­нің күйін көрген арбалы мотоцикл жүр­гізушісінің акушер болуына тура келіп­ті. Қызығы, елде кіндік шеше болса, менде кіндік әке бар. «Тау бауырында туған жан» деп, атымды Бауыржан қойыпты. Әкем – ба­та жазып, Семей өңіріне «баталы ата» деген атпен әйгілі болған жан. Анам қара­пайым үй шаруасының адамы. Мен үйдің кенжесімін. Бір апайым, бес ағам бар. 1984 жылы Аягөз қа­ласындағы № 58-ші мектепті үздік бітірдім. Арманым адвокат болу еді. Сол жылы Алма­ты­ға келіп, Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне құжаттарымды тапсыр­дым. Жолым болмай, он жыл қатарынан кон­курстан өте алмадым. Оныншы жылы 99 балмен конкурстан тағы өте алмай қал­­­­ға­нымды көрген заң фа­культетінің де­каны мені тарих фа­культеті деканының орын­басарына ертіп барды. Ол кісі: «Ад­во­кат болып жүз адамға көмектесерсің, ал мұ­ғалім болсаң, мыңдаған адамға білім бересің. Таразылап қарашы, қай­сы­сының салмағы ба­сым», – деді. Осы сөз қамшы болып, мұға­лімдік ма­ман­­дыққа бет бұр­дым. Қазіргі уақытта бір кезде өзім оқып бітірген мек­тепте оқу ісінің мең­герушісі болып қызмет істеп жүрмін. Жасап жат­қан ең­бегімді ес­керіп, облыс басшы­лары 2006 жылы облыс көлемінде «Жыл адамы» деген атақ берді.
– Кестелер мен гра­фикалық сыз­ба­лар­ды қолданып әдіс­те­мелік оқулық жазған көрі­несіз. Осы ой неден туын­дады?
– Университетті біті­ріп, алғаш мектепте қыз­­мет бастаған жыл­дары тарих пәнінен көрнекті құралдар: кес­телер, су­рет­тер, кар­талар болған жоқ. Сон­дықтан сабақ жүр­гізуге қосымша оқу құралдарын кітап­ханалардан іздей бас­тадым. Бірақ еш­қандай қазақша оқулық таба алмадым. Дегенмен, неміс та­рихшылары Г.Гимпель, Х.Мейенбург, К.Кейнцтің орыс тіліне ау­дарылған «Меловые чертежи на уроках истории» деген оқулығы және украин ма­тематигі В.Ф.Шаталовтың 4-5 оқулығы қолыма түсті. Ф.Шаталов кестелер мен графикалық сызбаларды тарих пәнінде қалай қолдану туралы бағыт-бағдар бер­ген. Осы оқулықтарды бастамаға алып, кестелер мен графикалық сызбаларды дайын­дап, сабақ барысында қолдана бас­тадым. Нәтижесінде, шәкірт­терімнің қызығушылығы оянып, сабақ үл­герімі жақ­сарып, із­денетін, сұранатын оқушы­лар­дың саны күн санап артқандығы бай­қалды. Кестелер мен графикалық сыз­ба­лар­дың тиімділігін ұғып, оқулық кітап жазу керек деген ойға келдім. 2002 жылы қолға алын­ған ша­руаны жарыққа шығардым.
– Оқулық тек орта мектепке арналып жазылған ғой?
– Бұл әдістемелік оқулық 5-11 сы­­нып­тарға және тарих пәнін оқи­тын жоғар­ы оқу орындарының сту­дент­теріне ар­налған. Жалпы кес­телерді бес бөлікке бөл­­дім:
1. Нақты сызбалар (5-6 сыныпқа ар­нал­ған);
2. Географиялық сызбалар (7-11 сы­нып­қа арналған);
3. Хронологиялық, тақырып­тық кес­те­­лер (5-11 сынып­тарға);
4. Графикалық сызбалар (5-11 сы­нып­тарға);
5. Тірек-конспект (5-11 сынып­тар­ға).
– Кітап шығарудың өзіндік қиын­дықтары бар екендігі белгілі. Кітабы­ңыздың басылып шығуына  демеушілік жасағандар болды ма? Әлде Қалалық білім департа­менті немесе Облыстық білім басқармасы қолғабыс жасады ма?
 – Ауылда таланттар көп. Бірақ олар­ға көңіл бөлушілер, демеушілер жоқ. Қа­ла­­лық оқу департаментінен де, облыстық оқу басқармасынан да ұсыныс болған жоқ. Оқулыққа демеушілік жасаған «Бұлақ көр­сең, көзін аш» деген қағиданы ұстанып жүрген азамат – «Семей» кедені басты­ғының орынбасары Бекен Нұрахметов.
– Мектептерде қолданыста жүрген оқулықтардан осы әдістемелік оқу­лықтың айырмашылығы қандай? Бұл оқулықтың мұғалімдерге, оқу­шыларға тиімді қандай артық­шылығы бар?
– Педагогикада бала толық білім алу үшін «құлақпен есту керек, көзбен көру ке­рек және жазу керек» дейді. Осы үше­уін қатар қолданған жағдайда ғана оқушы тақырыпты 90 пайыз қабылдайды. Мына оқу­лықты қолданғаныңызда тыңдайсыз, кестелерді, графиктерді көресіз, сызып, жазасыз. Ал ауыл мектептеріндегі көп­теген мұғалімдер кітаптан оқыған­дарын ғана айтып түсіндіреді. Қосымша ештеңе қол­данбайды. Бұл оқушылардың та­қы­рыпты 30 пайызға ғана қабылдауына мүм­кіндік береді. Кейбір жоғарғы санатты мұғалімдер өз пәні бойынша оқушыларды облыстық олим­пиадаға да жеткізе алмай отыр. Сондықтан санат бер­генде та­мыр-таныс­тыққа бар­май, білім­ділігін бағалап, ең­бегін, же­тіс­тіктерін ес­кер­ген жөн. Оқу­­­­­шы­лары пән бойынша облыс­тық сайыс­­тарда жүлделі орын алған мұғалім­дерге ға­на жо­ғарғы санат беру керек. Бұл мұ­ғалім­дерді оқу­шыларға жақ­сы білім беру­ге ын­талан­ды­рады.
– Облыстық білім бас­қармасы осы ең­бе­гі­ңізді ес­керген шығар? Оқу­лық­тың оқу орын­дарына та­ралуына қол ұшын берді ме? Жалпы таралу мәселесі қалай болмақ?
– Еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Мақтау қағазымен ма­рапаттады. Жоғарғы санат бер­ді. Облыстық білім бас­қар­­масының бас­тығы бірнеше тарих­шы­лардан комис­сия құ­рып, оқулықты тек­се­ріп грант­қа өткізді. Оқулықтың 1000 да­насын елі­міз­дің ж­о­ғары оқу орындары мен кол­лед­ж­дердің кітапханаларына тара­туды қолға алды. Республика көле­мінде орта мектеп­терге таралуын өзім қолға алмақ ойым бар. Облыстық білім басқар­масына ба­рып, мүмкіндік болса, оқулық­тың элек­тронды нұсқасын желі арқылы тарат­сам деп отырмын.
 – Білім саласы төңірегіндегі кем­­шіліктер айтылып та, жазылып та жүр. Сіз ауыл мектептерімен тікелей ара­ласып жүрсіз. Ауылдағы орта білім са­ласының жағдайы қалай болып жа­тыр?
– Ауылда көңілге қаяу түсі­ретін жағдай­лар көп. Мысалы, Ф.Ша­­­­­та­­ловтың әді­­сін мектеп қа­бырғасында қолдану бо­йын­­ша, қалалық жарыс өткізіліп, бір­неше топ қа­тысқан сайыста біздің топ бі­рінші орынға ие болды. Қалалық оқу де­партаментіне бірінші, екінші, үшінші орын алған­дарды облыстық сайысқа ша­қыру ха­ты келіпті. Ал Қалалық депар­тамент біз­ге хабар бермей, екінші, үшінші орын ал­ған­дарды облыстық жа­рысқа жіберген. Мұны не деп түсінуге болады? Тағы бір айта кетер жайт: өзім оқытып отырған оқу­­шыларым жылда облыстық сайыстар­да жүлделі орындар алса да республикалық сайыстарға бара алмайды. Өйткені рес­публикалық сайыс өткен соң, екі-үш ап­тадан кейін шақыру келеді. Шынында да, шақыру кеш келе ме немесе кешігудің сы­ры бар ма?!.
– Көптеген ғалымдардың ауылдан шыққанын білеміз. Ал қазіргі ауыл балаларының білімге деген құш­тар­лығы қалай? Ауыл мектептеріндегі мамандардың біліктілігіне, мектеп­тердің техникалық жабдық­талуына көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі уақытта ауыл ба­лаларының білімге деген бет­­­бұрысы байқалғанмен, кө­ңіл толар­лық емес. Білім дең­гейі­нің кө­­терілуіне кедергі болып отырған бірнеше себепті ай­ту­ға болады. Бі­рін­шіден, ма­­­ман­­­дардың білік­сіздігі, екін­­­шіден, техни­калық жаб­­дық­талудың на­шарлығы, үшін­­­шіден, ата-ана­лардың жа­уапсыз­дығы. Жо­­ғары оқу орындарын біті­ріп келген жас ма­ман­дарға «қарным аша­ды». Педогог болуға не икемі, не ынтасы жоқ. Ашық сабақ­тарына қа­тысқанымызда, мұ­ға­­лім­­дер­дің өз­ара тілімен айт­қанда са­бақтары – «се­рый». Өкі­нішке қарай, қа­зақ­­шы­лыққа барып, сондай ма­ман­дарды та­­­­мыр-таныс­тықпен жұмысқа ала бе­реді. Ал бұл – оқу­шы­ларға жа­салған қиянат. 90-шы жыл­­­дардың соңында бол­ған аласапыран ке­­зең­де ата-аналар балаларды ақша та­буға икемдеді. Қазіргі кезде жағдай оңал­ғанмен, кейбір ата-аналардың көз­ғарасы әлі де өзгермей келеді. Бала­лары­ның болашағын ойла­май, базар жағалап мың теңге тапқанын пайда көріп отыр. Оларға болашақ білім­де екенін түсіндіре бастасаң, «Оқыса оқы­сын, оқымаса қойсын. Өзінің соры» деп қолын бір-ақ сілтеп жүре бе­реді. Міне, ауыл баласының қалаға келіп, базар жағалап, арба сүйреп жүруі де соның ке­сірі. Ауыл мектептерінің техни­калық жаб­дықталуы ақы­­рындап жол­ға қойылып ке­леді. Шалғай ауылдар бол­маса, орталық мектептерге толығымен ком­­пью­терлер орна­­тылған. Бірақ интер­активтік тақта­лар­ға қол жеткізе алмай отырмыз. Біздің мектепте 4-ақ интерак­тивтік тақ­та бар. Өзім сабақ жүр­гізетін та­рих пәні кабине­тінде интерактивтік тақта болма­ғандықтан, сабақты физика ка­би­нетін сұрап алып, сонда өткіземін. Бұл құ­рыл­ғының пайдасы мол. Біріншіден, мұ­ғалім­нің де оқушы­лардың да уақытын үнем­дейді. Екіншіден, қолыңызды борға ма­лып кестелер, гра­фик­тер сызып жат­пайсыз. Үшін­шіден, көр­­некті құрал, сурет, карта кө­теріп жүр­мейсіз, керегіңіздің бәрі ин­терактивтік тақ­та бетінде тұрады.
– Алысқа ұзамай-ақ, өзіңіз қызмет етіп жүрген мектепте, өзіңіз көріп, біліп жүрген қандай кемшіліктерді атар едіңіз? Ал ондай кемшілік ауыл мектептерінің қайсысында да болуы мүмкін ғой?
– Әрине өз мектебіңнің кемшілігін айту оңай емес. Дегенмен «Сын түзелмей – мін түзелмес» демекші, сынға дұрыс көзбен қарап, сынды өзімізден баста­ға­ны­мыз дұ­рыс. Кеңес үкіметі кезінде «фа­куль­тативтік» сабақтар өткізілетін. Ол үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлей­тұғын. Бірақ бүгінгі күні ондай қосымша сабақтар жоспарда жоқ. Біріңғай ұлттық тестілеуге дайындық барысында, мұғалім­дерді қо­сымша сабақ­тар өтуге мәж­бүрлейміз. Мұғалімдер та­рапынан реніш туын­дап жатады. Әрине ол кісілердің реніштері орынды. Тағы бір ескерілмей жүрген – еңбек са­бағы. Ауыл мек­­теп­терінде ең­­бек сабақтарының ма­ңыз­ды­лығына көңіл бөлін­бей отыр. Ба­лалар сабақ үстінде ой­нап отырады. Мектептерде қара­пайым ұста­лық аспаптар (балта,балға, ара, шеге) жоқ. Ба­ланы еңбекке баулу басты қа­ғи­даның бірі болуы тиіс. Менің жаныма ба­та­тыны – мек­теп жа­нында жұ­мыс істеп тұр­ған то­карьлық, киім тігу цех­тарын әс­керилерге сатып, талан-та­ражға сал­ғаны. Бұл цехтар жұ­мыс істеп тұрса, оқу­шы­ларды еңбек са­бағында кә­сіпке дайын­дау мүм­кін болар еді. Қолда бардың қа­діріне жете алмай отыр­ға­нымыз өкі­ніш­ті.
– Оқу бітірген жас ма­мандар ауылға баруға құ­лық­сыз. Жас маман­дарды ауыл­ға қалай тарту керек деп ойлайсыз?
– Биылғы жылы жас ма­ман­дарды ауыл­­ға тарту мақсатында Үкімет тара­пынан кредит бө­лініп, бірқатар жұмыстар атқа­рылып жатыр. Бірақ мұның тиім­­ділігі қаншалықты боларын уақыт көрсетер. Мен басқа ұсы­ныс айтар едім. Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде мектеп бітіру­шілерге ауданнан, жоғары оқу орнына жолдама беріп, жол­дамамен барған ауыл бала­ла­рына жеңілдіктер қарас­ты­ры­латын. Оқу бітірген соң ол бала жолдама алған жерге келіп жұ­мыс істеуші еді. Міне, бүгінгі күні сол әдісті қолға алу керек. Жол­дамамен барған ауыл ба­ласына грант беріп оқы­тып, оқу бітірген соң ауылға келіп, он жыл жұмыс істеуді келісімшарт ар­қылы міндеттеу қажет. Ке­лісім­шартты бұзып, ауылға кел­меген жағ­дайда, оқуға төленген грант сомасы заңды түрде қайтарылуы тиіс. 

Әріптестер пікірі
Семей мемлекеттік педогогикалық институтының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор М.Ғ. Ескендіров:
– Қазір­гі таңда тарихи шындықты дұрыс танып, білуге жетелейтін мемлекеттік тілдегі көмекші құралдардың аздығы баршаға аян. Автор тарих пәнінің негізгі түсініктері мен категорияларын және оқушы білуге тиісті негізгі даталарды, тарихи оқиғаның желісін кесте түрінде өте ұтымды, әрі түсінікті бере білген. Жеке тұлғаның тарихи танымын қалыптастыруда қажетті мәліметтердің сызба, кесте, карталар түрінде берілуі жаңа технологиялармен үйлесім тапқан. Себебі көмекші құрал оқушыларға сабақтың негізгі мәнін түсінуге көмектесіп қана қоймай, үйге тапсырма түрінде беруге де ыңғайлы және топтық тапсырмалар орындауда да ұтымды пайдалануға болады.

Әріптестер пікірі
Тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры, техника ғылымының кандидаты, доцент М.Қ. Каримов:
– Автор тарих пәнінің терминдері мен түсініктерін, даталарын, тарихи оқиғаның фактілерін кесте түрінде жеңілдетіп бере білген. Әдістемелік қосымша құралға енгізілген әрбір кесте тақырыптың теориялық жүгі мен мазмұндық ерекшелігін қазіргі заманғы методологиялық заңдылықтар мен жаңа технологияларға негіздеген. Сызбалар оқушыға тақырып мазмұнының кілтті жерлерін ұғынуға және тарихи оқиғаны өздігінен өрбітуге көмектеседі. Тірек сызбалар Қазақстан тарихын түсіндіруде өте тиімді қолданыс табары сөзсіз. Әдістеме шәкірттің өз бетінше жұмыс жасауына да тиімді. Көмекші құрал ел тарихын білуге және үйретуге құштар азаматтарға, мектеп мұғалімдеріне, тарих факультеті студенттеріне ұсынуға лайық.

 

 

 

 

P.S.
Сұхбат дайындалып жатқанда, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.М. Сапар­баевтың Б. Ешмаған­бе­товті «Қазақстан тарихы са­бақ­тарында қолданылатын кес­телер мен графикалық сызбалар» атты оқу құралы ретінде дайын­далған кітабы үшін Алғысхатпен мара­пат­тағаны туралы хабар келіп түсті.
«Алаш айнасы» газеті
Б. Еш­­­­маған­­­­­бетовті марапатымен құттықтайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста