Жылқының отанында оған арналған музейдің болмауы – әділетсіздік!
Ахмет Тоқтабай, тарих ғылымының докторы:
– Ахмет аға, таяуда «Алматыкітап» баспасынан сіздің «Қазақ жылқысының тарихы» атты энциклопедияға татырлық кітабыңыз жарық көрді. Өзіңіз осы жолға 40 жылға жуық ғұмырыңызды арнаған екенсіз. Білгенге жылқының тарихын зерттеу қазақ ұлтының тарихын зерттеумен бірдей ғой. Себебі қазақ пен жылқы екеуі ежелден біте қайнасып өмір сүріп келе жатқан тұтас ағза іспетті. Кезінде ұлан-ғайыр даланы тұлпар тұяғының дүбірімен дүр сілкінткен, көз алартқан жауымызды тітіреткен көшпенді халықтың ұрпағы мына біздер нағыз арғымағымызды, сонымен бірге өз тегімізді, тарихымыз, ұлттық негізімізді қаншалықты сақтай алдық?
– Мен сізді қуантайын. Біз, қазақ – көшпенді халықтардың ішінде өз этномәдениетін сақтаған ең ірі халықпыз. Бұған екі-ақ мысал келтірейін: сонау Алтайдан Атырауға, Ертістен Еділге дейін созылып жатқан орасан зор даламыз – жылқының арқасында қол жеткізіп, жылқының арқасында қорғап қалған байлығымыз. Яғни ең бірінші феноменіміз жеріміздің кеңдігі осы жылқыда жатыр десек, екінші бір феномен – қазақ тілінде ешқандай диалектінің болмауы. Бұған әлем ғалымдарының өзі таңғалады. Неге десеңіз, мысалы, ХІХ ғасырда кішкентай ғана Германияның өзінде 10-нан аса диалект болып, Баварияның немісі мен Мюнхеннің немісі бірін-бірі түсінбеген. Кейін ортақ сөздік, термин жасаған соң барып олар тілдерін дұрыс қалыпқа келтірген. Ал біздегі аз-кем диалектілер оның қасында түк емес және ол диалект сол территорияда мекендейтін басқа халықтардың әсерінен енген. Ал жалпы, қазақ тілі – бірегей тіл. Батыс қазағы мен Шығыс қазағы, болмаса, Арқа мен Оңтүстік қазағы бірін-бірі қиындықсыз түсінеді. Осы екі феномен, жердің кеңдігі мен тіл тазалығының түп негізін зерттей келе, ғалымдар осы жылқыдан тапқан. Сондай-ақ кейінгі кездері әлем жұртшылығын таңғалдырып отырған феномен – қазақ халқының біртектілігі. Айталық, сонау Алтай мен Маңғыстау адайы қазағының антропологиялық шығу тегінде еш алшақтық жоқ. Ал дәл осылай бет бейнесі, қан құрамы, тіс бедері, саусағының таңбасына дейін біртұтас болып келетін дәл қазақтай ұлт әлемнің ешбір елінде жоқ екен. Қазір біздің академигіміз Оразақ Смағұлов көптеген халықаралық антропологиялық конгрестерде баяндама жасап, дәлелдеп, мойындатып жүр.
– Қазақтың осындай феномендік қасиеттері жылқыға байланысты деуіңіз көпке түсініксіз секілді, соны тарқатыңқырап айтсаңыз...
– Бұған бір ғана мысал, жылқы малы өз анасына, қарындасына шаппайды. Қараңызшы, қандай таза, қандай текті жануар! Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспай тектілікті сақтауды осы жылқыдан үйренген секілді. «Үйренгенбіз» дегенде, біріншіден, өзіміздің әу баста сол жылқыға ұқсаған болмысымыз болса, екіншіден, осы еті мен сүтін пайдалануымызда да біраз сыр жатыр. Жылқы мінез дегеннің өзін тарқатып айтсақ, ол өзі ерте заманнан кінәмшіл, кірпияз, ешкімге кеудесін бастырмаған тәкаппар жануар. Дүниежүзі әлдеқашан мойындап қойған тағы бір шындық, жылқы – өте интеллектуалды жануар. Қазақ сонысына қарай оны «тілсіз адам» дейді. Расында, тек тілі ғана жоқ дегені болмаса, басқа жағынан: сезімі, көңіл күй, психологиясы адамнан да артық. 20 шақырым жердегі нәрсені сезіп қояды, түнде тас қараңғыда қаншама шақырымдардағыны көзі көріп, біз естімейтін дыбыстарды құлағы шалады, иісін сезеді. Бұл қасиет қазақта да бар, яғни қойдай момын болсақ та, екінші жағынан жылқыдай өр, намысшыл, қайсар рухты халықпыз. Осы жағынан алғанда жылқы мен қазақ біртұтас болып кеткен дей аламыз. Біздің арғы бабаларымыздың сол қасиетін керемет бағалап, қағазға түсіріп кеткен – грек ғалымдары. Скифтердің осы ерекшелігіне қарай, кентавр образы пайда болды.
– Әдебиеттегі, мифологиядағы Кентавр образы, кентавр құбылысын ғылыми дәйекпен қалай түсіндіруге болады?
– Әлем халқын отырықшы және жылқы мінген халықтар деп екіге бөлуге болады. Жылқыны алғаш қолға үйретіп, пайдаланған – көшпенділер. Жылқы мінген халық жаяу, отырықшы халыққа қарағанда әлдеқайда ұзақты көріп, қияндағыны шала білді. Ой-өрісі кең дамыды. Содан кейін жылқының етін жеп, қымызын ішкен адамның энергиясы өте күшті болды. Адамның бойындағы тасыған энергия оны бір орнында тұрғызбай, басқа жерлерді жаулап алуына, экспансияға апарды. Былайша айтқанда, ерте кезде арғымағы, тұлпары бар халық қазіргі кездегі атомды қаруы, ракетасы бар халықтардай тегеурінді күшке ие болды. Сол себептен жылқы мініп барып, елді жаулап алған сондай мықты сақ бабаларымызды көрген гректер, Еуропа жұрты қатты шошынып, төрт аяқты ерекше құбылыс Кентавр деп түсінген. Осы уақытқа дейін әлем ғалымдары жылқының Отанына қатысты бір мәмілеге келе алмай, сондай бір үлкен айтыс-тартыстармен келді. Бірі Тигр мен Ефрат арасы десе, екіншісі Дон бойы славян халықтары мекені, үшіншісі Мысыр, Солтүстік Африка деген дау болды. Себебі ана жерден бір, мына жерден бір жылқының қаңқасы табылып еді. Соған соққы берген соңғы жылдардағы Қазақстан археологтары болды: 1980 жылдардан бастап Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан жүз мыңдаған жылқы сүйектері табылды. Ал оған дейін соншалық көп жылқы сүйектері ешбір жерден табылған емес. Жылқы сүйегінің көптігі соншалықты, сол кездегі адамдар оны өз баспаналарын бекітуші құрал ретінде пайдаланған. Екіншіден, жылқының қолға үйретілгендігі көп рөл ойнайды. Бірінші рет жылқыны қолға үйреткен көшпенділер екенін осы Ботай қонысынан табылған ауыздықтың сулықтары дәлелдеген. АҚШ-тағы Жылқы тарихы институтының директоры Дэвид Энтони жылқылардың бас сүйегін зерттеген кезде азу тістерінің қажалғандығына көз жеткізді, яғни, бұл олардың ауыздық салғандарын, қолға үйретілген жылқы екендігін білдіретін бұлтартпас айғақ еді. Сонан соң ағылшынның үлкен генетигі Алан Отрам Ботай қонысындағы үлкен құмыралардың түбіндегі жұғындыларды, органикалық заттарды зерттегенде жылқының сүті, яғни қымыз екендігін дәлелдеді. Ал Герадот өз жазбаларында осыдан екі жарым мың жыл бұрын сақтардың қымызды қалай пайдаланатынын, қалай сақтайтынын жазған-ды. Ал мына археологиялық зерттеулер осыдан 6000 жыл бұрын ботайлықтардың жылқыны қолға үйреткенін, екіншіден, мініске пайдаланғанын, үшіншіден, жылқының сүтін ішкенін дәлелдеп шықты. Төртіншіден, Ботай қонысында ет сақтайтын үлкен қамбалар табылған. Жан-жағын таспен қалап, ішін күйдіріп, жылқының етін сонда қысы-жазы бұзылмайтындай етіп сақтаған. Осындай ет сақтайтын қамбалар ХХ ғасыр басына дейін Сарыарқа қазақтарында сақталып келген.
– Енді осы тұста ежелгі дәуір, орта ғасырлардан бері жақындасақ. Қазақтың ең үлкен байында қанша жылқы болғаны жайлы деректер не дейді?
– «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қарабайдың 90 мың жылқысы болғандығы анық айтылады. Ал Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырда Ақтайлақ деген байдың 17 мың жылқысы, Орталық Қазақстандағы Алда мен Жұман деген байлардың 24 мың жылқысы, Сапақ, Азынабай деген байлардың 18 мың жылқысы болғанын жазған. Қазақта «бай болсаң, Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» деген сөз бар. Хан Кененің әскерін жасақтаған – халқымыздың осындай жылқылы байлары. Біз қазақ жерінің өзін үш жүздің қоныстануына қарай, Жетісу – ұлы жүз, Арқа – орта жүз, Батыс кіші жүздікі деп бөлеміз ғой. Соның барлығында да төрт түлік мал болды, бірақ әр жердің табиғи ерекшелігіне қарай, жетекші түліктері болды. Мысалы, қазақ: «Арқаға барсаң, жылқышымын деме, Жетісуға барсаң, қойшымын деме, Үш қиянға барсаң, түйешімін» деме», – дейді. Үш қиян, яғни Маңғыстау – нағыз түйенің жері. Арқада жылқылы байдың көп болуы, мінекей, ол жердің жылқы малына жайлылығынан. Ал сол замандағы шынжыр балақ, шұбар төс осы жылқылы байлар мен бүгінгі байларды немесе әлемнің басқа елдеріндегі байлармен салыстыру, солармен теңестіру – мүлдем қате. Расында да, ұлтымыз бай деген, мырза деген кереметтей атақты қоғамда өзіндік орны бар адамдарға ғана берген. «Байдың тасуы» деген дәстүр іспетті болған, онда дәулеті тасыған бай соны берген Жаратқанға алғыс ретінде бір жеті ме, он күн бе, халыққа, елге мал таратқан. Одан алушылар да тек «пайдаға кенелсем» не «тегін малға қарық болсам» деп емес, тәбәрік ретінде үлес алып, сондай құрметті дәрежеге көтерілсем деп ырымдап алуға тырысқан. «Шүлен тарату» деген де – осыған ұқсас құбылыс. Қазақ қоғамының ең басты ерекшелігі: онда орыс не Еуропа қоғамындағыдай бай мен кедейдің арасында өшпенділік болған емес. Бұл жай біздің құр кеуде соғу, мақтануымыз емес, барлығы да – белгілі орыс, түркі ғалымдарының кезінде жазып кеткен ғылыми деректеріне сүйеніп айтылған дерек.
– Адамзаттың әр дәуірде, әр ғасырда түрліше тарихи даму эволюциясын бастан өткергенін ескерсек, жылқы да сонау қолға үйретілгелі бергі 6 мың жыл ішінде антропологиялық өзгеріске ұшыраған ба?
– Әрине, жалпы жылқы өзгеріске түскен, оның тұқымын асылдандыру үшін адамдардың өзі оның өзгермесіне қоймаған, алайда бір қызығы, қазақы жабы тұқымы түпнегіздегі қалпын сақтап қалғандығы дәлелденіп отыр. Алысқа бармай-ақ, Ботайдан табылған жылқы сүйегінің өлшемдері мен қазіргі қазақтың жабы жылқысының өлшемдерін салыстырғанда, ешқандай айырмашылық табылмаған. Міне, жылқының отаны осы біздің жеріміз екенін дәлелдейтін де осы жайт қой. Ағылшынның таза қанды тұлпары немесе түрікменнің ақалтекесі, арабтың кереметтей сұлу аттары десек те, бәрінің де түбі – қазақтың жабысынан бастау алады, соның тұқымы. Қазір оған ешкімнің сенгісі келмейді, себебі ағылшынның сүліктей сұлу арғымағы мен жабының түрі жер мен көктей, алайда анығында осылай. Ал жер мен көктей айырмашылықты тудырған – жылқы тұқымын асылдандыру жолында жасалған селекциялық жұмыстар. Мысалы, арабтардың атқа мінгеніне көп бола қойған жоқ, ары кеткенде 1500-1700 жыл болды. Ал араб жылқысының даңқын шығарған Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Алланың Елшісі арабтардағы жылқы тұқымын асылдандырып, оны жетіге бөлген. Арабтардың ислам дінін таратуымен бірге, араб жылқыларының да даңқы шықты.
– Арабтардың жылқы етін жемеуінің астарында не жатыр? Жылқыға деген құрмет пе, әлде адам ағзасына зиян деп білу ме?
– Біріншіден, арабтарда жылқы өте аз болды. Сондықтан оны соғыс құралы ретінде құрметтеп, қастерлеу керек еді. Екіншіден, Арабияның климаттық жағдайы жылқының етін жеуге келмейді. Күн қатты ыстық, шөлді жерде жылқыға қазы бітпейді. Ал ондай ет жағымсыз иіс шығарып, адам оны өзі де жемейді. Сондай-ақ соғыстарда жеңіс жылқының арқасында келді ғой. Сондықтан да арабтар жылқыны ерекше қастерлеп, жеуге тыйым салды. Араб аңызында айтылған мынадай сөздер бар: «Алла жылқыны жаратқанда оған «Сенімен ешқандай жануар теңдесе алмайды. Бүкіл жер-жаһанның қазынасы сенің көз алдыңда жатады. Сен менің дұшпандарымды таптап, достарымды алып жүресің. Сенің атыңнан маған арнап аят оқылады. Әлемде сенен бақытты жануар болмайды, себебі сен олардың барлығынан жоғары бағаланасың. Себебі сен Жаратушының махаббатына ие болғансың».
– Сіз зерттедіңіз ғой, мысалы, атқа байланысты қандай бір ерекше ойындарды атай аласыз?
– Айталық, «Атпен табақ тарту» деген бар. Ат үстінде тік тұрған шабандоз құрметті қонақтарға табаққа салынған етті ұсынған. Жорғаның 6-7 түрлі жарысы бар. «Шауған» деген ойын бар. «Конный поло» сияқты, ат үстінде отырып, допты ұрып, межеге бағыттау. Негізі, осы ойынның түбі бізден шыққан, ғұндар оны алғаш – Қытайға, одан әрі Үндістанға апарған. Кейін Еуропа оны көрді де, бірден қағып алып, өз ойындары ретінде дамытып жіберді. Қазір «конный полосыз» ағылшын мен испанның бірде-бір тойы өтпейді. Жалпы ат ойындары – әрі театр, әрі спорт. Сосын «Қайыс тарту», «Ат ерттеу» деген ойын бар. Мен жоғарыда атаған 50 шақты ойынның барлығын қалай ойнау керек, ережелерін зерттеп, осы еңбегімде жаздым. Тағы бір үлкен мәселе, Жапония, Ресей, Испания, Англия секілді өркениетті деген елдердің бәрінде дерлік Жылқы музейі бар. Ал бізде, жылқының отанында осы жануарға арналған бірде-бір музей жоқ. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қазақ ұлттық аспаптарының қандай керемет музейін ашты. Бүгінде оған әлем таңғалады, себебі бір ғана саладан музей ашу деген – қиын, сонымен қатар, мәдениетіміздің соншалық бай екендігін паш ететін іс. Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын адам, құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек, бәрін қамтитын концепциясын да түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қытай, түп шекара сырты елдерді аралағанымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйе жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді ашуға, жабдықтауға бас-көз бола алар едім. Мемлекет қолдаса, не болмаса, қаржылы азаматтар қолдаса, мен бұл Жылқы музейінің күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына жүз пайыз кепілдік бере аламын.
– Музей төріне қою керек деген елді ең бір елең еткізерлік жәдігерді атаңызшы...
– Өткен ғасырда орыс ғалымдары біздің жерімізге келгенде он жылқының терісінен тігілген қымыз пісетін алып сабалар көргенін жазған. Ол сабаларды орыс ғалымдары цистерна деп атаған. Сондай-ақ бес жылқының терісінен жасалғаны да болыпты. Мысалы, осы бес жылқының терісінен жасалған Ағыбай батырдың сабасын Абайдың арғы атасы Өскенбайдың асына 1853 жылы апарған екен. Сонда төрт жылқының терісі сабаның жан-жағы, бесіншісі түбі болады екен. Оны кісі ат үстінде тұрып піскен. Сосын сабаны екі түйенің ортасына кереге қойып, солай қозғалтып, алып жүретін болыпты. Түйелер бір-бірінен озып кетпей, тең жүруі үшін алдыңғы аяқтарын құрмалдап Өскенбайдың асына алып келген. Қазір дәл сол сабаларды қалпына келтіріп, жасап беремін дейтін шебер де бар. Ал он жылқының сабасы Ақтөбе облысы, сосын Сарыарқаның Ұлытау жағында болыпты. Оларды арбалы түйеге тиеп, асқа алып баратын болған. Осындай сабаларды әлгі музейге қойса, қандай тамаша! Сосын қымызға арналған 15-тей ыдыс түрі болған екен. Өрмелі саба деген болыпты. Біз қазір тек қамшының өрілген түрін білеміз ғой. Ал енді осы сабаның әрбір талын өріп жасаған. Мен осындай сабаны күні бүгінде Қытай қазақтарынан көрдім, одан өзім қымыз да іштім. Сол сабаның арасынан бір тамшы қымыз да сыртқа тамбайды ғой. Не деген шеберлік! Самар деген де ыдыс болған. Жылқы терісі мен ағаштан жасаған бұл ыдыс Батыс Қазақстанда тұратын қазақтарда кеңінен қолданылса керек. Осының бәрінің технологиясын зерттеп, жаздым. Мен Жылқы музейінің де, Жылқы театрының да концепциясын жасап қойдым. Жалпы, жылқы жайлы зерттеуді, оны дәріптеуді қолға алудан біз өз бойымыздағы қазақы рухты оятып, ұлт ретінде бір дүр сілкінер едік.
Алашқа айтар датым...
1. Әлемде автомобиль құрастырып, экспортқа шығару жағынан үстемдік етіп отырған Германия мен Жапония болса, біз жылқыны алғаш қолға үйреткен халықтың ұрпағы ретінде басқаларға үлгі болуымыз керек. Осы тұста менің нақты ұсынысым бар: орта ғасырларда мамлюк сұлтандарында біздің қыпшақ жігіттерінен құралған Жылқы театры болған. Ол жерде құрметті қонақтарға кереметтей сән-салтанат көрсетудің ең биік шыңы – осы театрдың өнерін ұсыныпты. Қазір Қазақстанда 56 театр бар дейміз, ендеше 57-ші етіп осы Жылқы театрын дүниеге әкелсек, әлем жұртшылығы аузын ашып, көзін жұмар еді. Репертуары дейсіз бе? Бізде, жылқыға байланысты 50-ден астам ұлттық ойындар бар. Оның барлығын мен зерттедім.
2. Біздің ат мамандары, жылқы өсіретін қалталы азаматтар Еуропадан миллиондаған қаржыға тұлпар алып келіп жатыр. Ол дұрыс емес. Себебі ол – еуропалық жылқы мәдениетін дамыту деген сөз. Тарихта қазақтың аламан бәйгелері 100-120 шақырымға дейін созылған, қазақ сәйгүліктері соған шыдайтын болған. Сондықтан бірінші кезекте байырғыдай 100 шақырымдық аламан бәйгелерді қайта қалпына келтіруіміз керек.
Оқшау ой
Кезінде қазақ даласына орыс генералы Броневский келіп, 18 мың, 25 мың жылқы айдаған қазақ байларымен кездескеннен кейін: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», – деген. Расында, қазақ ұғымындағы бай, ол – арнайы статус. Ру болу үшін өзі үш нәрсе болуы керек болған: бірінші – бағатын байы, екінші – жаудан қорғайтын батыры, үшінші – топқа түсетін биі. Осы негізгі үш элементі болғанда ғана «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп, ту бие сойып, жаңа рудың шаңырағын көтерген. Сондықтан да қазақтың байлары қазіргідей өзіне бәлен үй салып алып, түген мәшине мініп, жеке бас мүддесін күйттеп кеткен емес. Бүгінгідей зейнетақы қоры, сақтандыру секілді дүниелер жоқ жалпақ жұртты сол әр рудың байлары асыраған: рудың соғымға соятын малы бар ма, жарлының баласы отау құра алмай жүр ме, тағы сол сияқты материалдық қажеттіліктің бәрін бай өз мойнына алып отырған.