Абылай орыс пен қытайдың боданын қабылдады деген әңгіме еш қисынға келмейді
Абылай ханның туған жылына байланысты әртүрлі деректер бар. Абылайды бірі 1711 жылы туған десе, енді бірі 1713 жылды алға тартады. Сол себепті біреулер биыл Абылай ханның туғанына 300 жыл толып отыр десе, енді бірі ол мерейтой 2013 жылы болады дейді. Десек те, қай жылы туса да, бабаның осынау мерейтойы қарсаңында елімізде дүбірлеп өтіп жатқан тойды көрмедік. Осындайдан кейін «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?» деген заман өтіп кеткен екен-ау деп ойлайды екенсің.
Десек те, кеше Астанадағы республикалық «Ұланда» ханның мерейтойына орай «Абылай хан тұлғасы және мемлекеттік мүдде» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны Астана қаласының әкімдігі, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры және Республикалық «Ұлан» өткізіп отыр. Дөңгелек үстелдің модераторы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, профессор Дихан Қамзабектің айтуынша, бұл дөңгелек үстел Абылай ханның 300 жылдығына орай Астанада өтіп отырған шаралардың біріншісі екен. Әкімдіктің осындай шараға бастап мұрындық болғанына қуандық.
Дөңгелек үстелде жасалған баяндамалар Абылай ханға қатысты тарихтың біраз парағын ақтарып тастады. Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Бақытжан Тобаяқов Абылай ханның тұсында жауға шапқан батырларды түгендеп баяндама жасады. Абылайдың батырлары дегенде, негізінен, ең бірінші Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай батырлар ойға оралады. Десек те, Абылайдың тұсында елге пайдасы, жауға найзасы тиген батырларымыз да бар. Бұл батырлар жайында насихат әлі де болсын аз. Мәселен, солардың ішінен Нияз батыр Барқыұлын айтуға болады. Бақытжан Тобаяқовтың келтірген дерегі бойынша Нияз батыр Төле бимен қалмақтардың қолында тұтқында жатқан Абылайды босатуға барған екен. Тағы бір аты аталмай жүрген батырдың бірі – Құлсары батыр. «Құлсарының Абылай ханның ең сенімді батырларының бірі болғанын айғақтайтын деректер бар», – дейді Бақытжан Тобаяқов. Сонымен қатар, Нұрмұхамбет Жанқожа, Сеңкібай батыр, Байғозы, Өтеген батырларды да Абылай ханның батырлары деп атауға болады.
Бүгінде бізде Абылай ханның бейнесін толықтай ашатын әлі күнге дейін бірде-бір көркем фильм жоқ. Ханға арнап түсірген «Көшпенділер» фильмі сыннан көз ашқан емес. Бұл фильмге халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың да көңілі толмаған екен. «Біз тарихты келешек ұрпаққа дұрыс жеткізуіміз керек. Абылайды тек бір ғана қырынан емес, оның батырлығын, дипломаттығын, мемлекетшілдігін дұрыс дәріптеуіміз қажет», – дейді ол.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес Абылай ханға қатысты даулы-дамайлы мәселелердің басын ашып берді. Ол Абылайдың 1713 жылы туғанын дәлелдейтін негізгі үш дерекке сүйеніп, Абылайдың 300 жылдығы 2013 жылы болады деп отыр. Сондай-ақ бүгінде қазақ тарихшыларының арасындағы Абылайдың төре, төре емес екеніне қатысты да түрлі пікірлер бар. Бұл мәселеге қатысты ол Шәді төре Жәңгірұлының Абылайға қатысты жазған деректерін алға тартып, оның төре екеніне күмән келтіруге болмайтынын айтады. «Абылайға қатысты біздің тарихта айтылып жүрген тағы бір өтірік бар», – дейді ол. Оның айтпақ болған мәселесі – Абылайдың біресе орыстың, біресе қытайдың боданын қабылдағаны туралы өріп жүрген әңгімеге қатысты. «Бұл мәселе Моисеевтің еңбегінде жақсы айтылған. Абылай орыстың да, қытайдың да бодандығын қабылдаған адам емес. Оны Левшиннің жазбаларынан да аңғаруға болады. Ол былай жазады: «Алайда, Абылай мұндай жағдайда ант беруден бас тартып, табандап тұрып алды. Осылайша, Ресейдің оған қойған талап-тілектерінің бәрі сәтсіздікке ұшырады», – дейді. Шоқан Уәлиханов та: «Абылай ант беру үшін орыстың шекарасына барғысы келмеді. «Мені хан етіп халық сайлап, көктің ұлы өзі сеніп, хатымен бекітті», – деп жауап берді Абылай», – дейді. Сондықтан да «Абылай орыс пен қытайдың боданын қабылдады деген әңгіме еш қисынға келмейді», – дейді Мақсат Алпысбес.