Адам құқығын желеулеткендер нені көксейді?
Жер бетінде адам пайда болғалы бері қоғамның дамуында адам құқы үшін күрес маңызды рөл атқарып келеді. Адам – әділ қоғамды аңсайды және сол мінсіз қоғамды орнату жолында заман сынын бастан өткереді. Замана ағымы өткен ғасырдың бел ортасына келгенде «адам құқының қорғалуы» атты термин әлемдік деңгейге көтерілді. Ал ХХІ ғасыр басында бұл құндылықтың маңызы еселей артып, геосаясаттың да құралына айналды.
Адам құқығының әлқиссасы
1948 жылы Парижде БҰҰ жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларация қабылдап, әлемнің барлық елдеріне мемлекеттік құрылымына қарамастан декларацияда келтірілген ұстындарды ұсынды. Аталған декларацияда келтірілген шарттар азды-көпті әлемнің барлық мемлекеттеріне енгізіліп жатыр. Батыс жұрты төрелік ететін бұл заманда әлем халықтары адам құқығы барынша қорғалатын қоғам құруды өмірлік мотивация ретінде қарастырып жүр. Адам құқығы қызғыштай қорғалатын қоғамның баламасыз үлгі екендігіне шүбә келтіретіндер де аз. Америка ғалымы, саясаткер Фрэнсис Фукуяма өзінің «Тарихтың ақыры немесе соңғы адам» деген еңбегінде адам құқының қорғалуына негізделе отырып құралған либералды демократияны қоғам дамуының соңғы сатысы етіп көрсетеді. «Адамзат дамуында енді өзге жол жоқ және болуы да мүмкін емес» деп қорытындылайды ол. Өзінің саяси даму жолына Еуропаны құбыла етіп сайлаған Қазақстан қоғамы да «адам құқының қорғалуы» деген ұғыммен жиі ұшыраса бастады. Сондықтан бұл ұғымның бізге берер жемісі мен терісін таразылауға тура келеді. Еліміздің конституциясы «Қазақстан өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген жолдармен басталады. Конституция барысында БҰҰ қабылдаған жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның негізгі ойларының барлығы бар екендігін шетелдік сарапшылар әлдеқашан мойындаған. Әйтсе де, оны жүзеге асыру мәселесі өз алдына бөлек тақырып.
Қазақстанда адам құқығы қалай қорғалып жүр?
Бұл тұрғыдан Қазақстанды Кеңес Одағы ыдырап, мәре сызығында қатар тұрған елдермен салыстырсақ, айтарлықтай алға ілгерілеу бар. Бастысы, мемлекет саясаты адам құқығы барынша ескерілетін азаматтық қоғам құруға концептуалды түрде бағытталды. Дегенмен, Батыс үлгісіндегі азаматтық қоғамды, либералды демократияны және адам құқын қорғаудың үлгілерін екі көзді тарс жұмған күйде қабылдай салсақ, бұл надандық болар еді. Мәселен, әлем саясаткерлері Қытайды коммунистік режиммен қымтанып отыр деп жиі сынға алғанымен, ондағы коммунистік идея барынша бейімделген жаңа пішінмен жемісін беріп отыр. Соңғы кездері батыс мемлекеттері өзге аймақтағы елдерді адам құқының қорғалуы бойынша сынағыш болып алды. Саяси, экономикалық санкциялармен қыспаққа алып Батыс құрастырып шыққан механизмді мәжбүрлі түрде қабылдатуға қадам жасайды. Әрине мұның астарында бармағы бүгулі қитұрқы саяси мүдде көлбеңдейді. «Адам құқығы» деп аталатын әдемі термин Еуропа үшін епті құрал, бір жағы қисық механизм. Жеке тұлғаның құқығын қорғау жолында Батыс ұсынған тәсілдерге неғұрлым терең беттесек, соғұрлым мемлекеттік мүдде әлсірей бастайды. Түптеп келгенде, бұл құбылыстың апарар соңғы аялдамасы – жаһандану. Экономикалық та, мәдени тұрғыдан да доминанттылық көрсетіп тұрғандықтан, Еуропа халқы жаһанданудан қорықпайды. Керісінше, осы бағытта көп еңбектенеді. Мәселен, ЕҚЫҰ ұйымы о баста Еуропаның қауіпсіздігі үшін құрылғанымен, қазіргі кезде өз арнасынан алшақтап, өзге елдердегі адам құқығының қорғалуын, сөз бостандығы мен діни сенім бостандығын талап етумен айналысатын саяси күшке айналды. Қазақстанда адам құқығын қорғау керек деген желеумен жат пиғылды әртүрлі діни сенімдердің шашбауын көтерушілік байқалады. Біз қабылдаған либералды демократияның заңдылығы бойынша көпшіліктің ғана емес, азшылықтың да құқы қорғалуы керек. Осылайша, адам құқын қорғауды желеулеткендердің ұранымен елімізде сырттан келген азшылықты құрайтын жат идеологиялар мен діни ұйымдардың мәртебесі еселей артты. Осындай жағдайда көпшілікті кимелеп, азшылықтың мүддесін күйттеп, адам құқын дабыралатқан ала шұбар либералды демократияның ұлттық қауіпсіздікке, әсіресе ұлт мәдениетіне нұқсан келтіретінін қаперден шығармаған ләзім. Бұлар үшін ұлттық, мемлекеттік мүддеден адам құқы асқақ.
Адам құқығы - Батыс үшін
Батыс менталитеті – индивидуализмге негізделген. Сондықтан олардың адам құқығы туралы түсінігі де соның аясында қарастырылады. Батыс үшін жеке адам, жеке адамның қалауы жоғары тұрады. Мемлекет мүддесі екінші орынға ысырылады.
Адам құқығы – Шығыс үшін
Шығыс менталитеті – коллективтік санаға негізделген. Шығыс адамдары үшін жеке адамнан гөрі мемлекет мүддесі әрдайым жоғары тұрады. Жеке адамның мүддесі ел мүддесінен кейін тұрады.
Бір пікір
Марат Башимов, Еуропалық құқық және адам құқығы институтының төрағасы:
– Мен адам құқығының қорғалуы деген ұғым Батыстан пайда болды дегенге келіспеймін. Адам құқығы адамзат баласы үшін ортақ құндылық. Бірақ әр халық адам құқығы деген мәселені әрқалай түсінуі мүмкін. Мысалы тарихқа назар қойсақ, қазақтардың арасында адам құқығы таңғаларлық жоғары дәрежеде қорғалатын кездер бар. Жай ғана мысал, құл иеленушілікті алайық. Адамды құлдыққа салуға болмайтындығын Еуропа халқы кеше ғана түсінді. Ал біздің қоғамда ондай ұғым мүлде болмаған ғой.
Ой-тұжырым
Адам құқының қорғалуы қажет екендігін ешбір саясаткер, пәлсапашы жоққа шығара алмайды. Әрбір жесір мен жетімнің өмірдегі сыбағасы ескерілген, төрелік айтар билері қара қылды қақ жарып ақиқатын айтатын, аузы дуалы би-шешені ел мүддесін төре алдына тікесінен қоятын сөз бостандығы бар, бірақ бірде-бір түрмесі мен зынданы жоқ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан қоғам басқаны қайдам, қазақ жеріне тән болғанын ешкім жоққа шығара алмас.