Әкімдер сайланса, не өзгереді?
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін сайлау қажеттілігін айтқан еді. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп барлық әкім атаулысына тілек айтар біз үшін бұл қаншалықты қажетті қарекет болмақ? Ресми деректерге сүйенсек, алдағы уақытта 2533 әкімді сайлау арқылы лауазымды қызметке бекітеді екенбіз. Бұл бастама биылдан бастап жүзеге аса бастайды. Яғни селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімдерінің (бұл мөлшер еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7 пайызы) қызметтік тағдырын сайлау шешпек. Бұл бастама бізге не береді? Саралап көрелікші…
Демократияға қадам
Ауыл – алтын бесік. Сол алтын бесіктің ырғақты тербелуі, сәбидей пәк көңілді ауыл жұртшылығының тіршілігінің ұршықша иірілуі – тікелей сол ауылдың басшысының қолында. Десек те, бүгінгі күнге дейін ауыл, кент және аудандық маңызы бар қалалардың экономикасын, әлеуетін, мәдениетін көтереді деген әкімдерімізді жоғарыдан (яғни ауыл әкімдерін аудан әкімдері, аудан әкімдерін облыс әкімдері) тағайындап келдік. Мұндай жағдайда көбіне ауыл тізгіні саналы, іскер азаматтың қолына тие бермейтіні белгілі. Яғни қызметке тағайындалған адам «тағайындаушының» ығына жығылуға бейім болады. Бұл орайда «тағайындаушының» жүгі «сайлаушыға» артылса, сол «сайлаушы», яғни жергілікті мәслихаттар халықтың таңдауына құлақ асары сөзсіз. Яғни демократияға бір қадам жақындай түсеміз.
Бұл сайлаудың пайдасы қандай болмақ?
1. Мәслихат депутаттарын халық таңдайды. Ал әкімдерді мәслихат мүшелері сайлайды. Демек, халық тарапы сайланған әкімге әрдайым да өз талаптарын қоя алады. Халық сайлап отырған соң, әкім де белсене жұмыс істеуге мүдделі.
2. Халық таңдауы алдымен елдің мұң-мұқтажын бес саусағындай білетін, ел ішіндегі жұмысты шебер ұйымдастыра алатын азаматқа түсері хақ.
3. Әкім сайлауы арқылы кейбір өркениетті елдердегідей электорат үшін күреске, бәсекеге жол ашамыз. Озық ойлы, қолынан шаруа келетін, іскерлігі, жауапкершілігі бар азамат қана сол электоратты жинай алады. Демек, сайлау – жауапкершілікті күшейтеді деген сөз.
4. Жергілікті жерлердегі әкімдер сайлауалды бағдарлама жасайды. Сол бағдарлама негізінде жұмыс жүргізеді.
5. Әкімдердің құзыреті кеңейіп, құрығы ұзарады. Бюрократия шекпенi шешіліп, халықпен ашық араласу жанданады.
6. Әкім әр кезде халыққа берген уәдесінен тайқып кетпеуге тырысады. Бұрын округ әкімдерін орындарынан аудан әкімдері алып тастайтын болса, ендігі жерде оларды халық та қызметінен кетіре алатын болады.
7. Өңірлердегі талай мәселені орталықтардағы кабинеттерде емес, сол жердің өзінде шешуге зор мүмкіндіктер туады. Мысалы, әкім бюджеттен қаржы бөлінетін 15 бағдарлама аясында ауыл ақсақалдарымен, белсенді тұрғындарымен келісе отырып, қомақты соманы қай салаға бөлуге болатынын ұсыныс арқылы шеше алады.
Әкім қалай сайланады?
Енді «бұл сайлау қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға келсек... Аудан әкімі аудандық мәслихатқа кемінде екі үміткердің кандидатурасын ұсынады. Мәслихаттағы халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы әкімдерді сайлайды. Мұндай жағдайда алдымен қаперге кандидаттың білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасы алынады. Бұл орайда жұртшылық әкімдік қызметке «басқару ісінен мүлдем бейхабар, іскерлік қабілеті, қаржылық сауаты төмен адамдар өтіп кетпей ме?» деген сауал қояры анық. Сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, оны өкілеттілігінен айыру жөнінде шаралар қабылдай алады.
Сіз не дейсіз?
Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:
– Біз 2006 жылы әкімдерді сайлау арқылы қызметке тағайындап, арнайы сынақ өткізген болатынбыз (2006 жылы елімізде 59 әкім сайлау арқылы қызметке тағайындалған болатын). Яғни бұл мәселеде еліміздің «ненің жаман, ненің жақсы» екенін айырарлық тәжірибесі бар. Қазір «әкім сайлауының жалпы ережелері қандай болуы керек?» деген сауал қаралып жатыр. Бұл орайда мәселені алдымен ауыл әкімдерін сайлаудан бастайтынымызды ескеруіміз керек. Мысалы, Президенттік сайлау кезінде жұмыссызы бар, басқасы бар, неше түрлі адамдар өз кандидатурасын ұсынып, елді біраз әбігерге салғаны белгілі. Осындай жайттар орын алып, сайлау үрдісіне кедергі болмауы үшін белгілі бір дәрежеде шектеулер қажет секілді. Яғни егер де азаматтар әкімдікке өз кандидатурасын ұсына алатын болса, оның тәжірибесі, ел арасындағы беделі, білімі, еңбек өтілі, т.б ескерілуі керек. Десек те, бұл науқан барысында әлеуметтік топқа мүмкіндік бергеніміз жөн. Әр азаматтың еркін бәсекеге түсуіне жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар рушылдық-жершілдік қарама-қайшылықтарға жол бермеу жағын да қарастырып, шараның ең тиімді механизмін жасайық дегім келеді.
Халық бақылауы күшейеді
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы халыққа Жолдауында: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», – деген болатын. Яғни жоғарыдан келетін пәрмен азайып, әкімдердің шешім қабылдау құқығы кеңейіп, қажетті ресурстар орталықтан өңірлік биліктің қолына ауысады деген сөз.
Нұрәкім ЕСЖАНОВ, Алматы облысы, Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы:
– Бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына тың серпіліс әкеледі деп ойлаймын. Яғни, біріншіден, сол жергілікті өзін-өзі басқарудың сапасын арттырады. Екіншіден, ауылдық, аудандық деңгейдегі әкімдердің өкілеттілігі кеңейеді. Үшіншіден, арнайы Кеңестер арқылы қоғамдық бақылау күшейіп, халық әкімдіктердің шешімдеріне тікелей қатыса алады. Сонымен бірге осы мақсат жергілікті жерлердің өзіндік бюджетін қалыптастыруға, жұмыстарын жүйелі жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл орайда бізге, яғни жергілікті Мәслихаттарға зор жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан да халық назарда ұстап тұрған мәселеге Мәслихат депутаттары ықтиятты қарауы қажет.
Түйін
Ел басқару – өнердің өнері. Білікті басшы әрдайым да халықтың жүрегінен орын алады. Мысалы, Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевты алыңызшы. Кеңестік кезеңде сусыз Сарыбастауды егістік алқабына айналдырды. Өзі басқарған алақандай ауылдың экономикалық өсіп-өркендеуіне мұрындық болып, колхоз қаражатымен екі мектеп, Мәдениет сарайы, кірпіш зауыты, стадион, 30000 бастық мал бордақылау кешені, инкубатор стансысы, әк күйдіру цехы, т.б. өндіріс ошақтарын іске қосқызды. Бүгінде Әшімбаевтың бұл істерін мемлекеттің жәрдемінсіз-ақ атқарғанын аңыз қылып айтамыз. Мұны айтып отырған себебіміз, алдағы әкім сайлауында Нүсіпбектей оғландарды таба білсек, болғаны.