Әлем кіндігі Азияға ауыса ма?

Әлем кіндігі Азияға ауыса ма?

Еуропалық одақтың дағдарысы ушығып жатқан кезде әлемнің маңызды орталықтары Азияға ауысуы мүмкін деген төрт-бес жыл бұрынғы батыл болжамдар расқа айнала бастағандай. Себебі сарапшылар алғашқы жаһандық дағдарыстың ошағы АҚШ болса, екінші толқынның бастауы Еуроодақ тығырығы мен еуро дағдарысы болғалы отыр. Расында, олардың тығырыққа тірелгенін көріп тұрып, стратегиялық бағытымызды пысықтай кеткен артық болмайтын сияқты.
Дағдарыстың түпкі себебін бір полюсті әлемнің кесірінен деп білетін Еуропарла­мент­тің бұрынғы депутаты Джульетто Кье­заның пікірінше, әлемдегі маңызды қар­жылық орталықтар Азия құрлығына қарай ойы­са бастаған. «Қазір халықаралық қар­жы орталықтары Азияға ауысып үлгерді. Әлемдік үш ірі банк – Қытайдікі. Бұдан өз­ге Бразилия, Үндістан күшейіп жатыр. АҚШ осы ойыншы­лардың пікірімен санас­пай шешім қабылдай алмайды. Амери­калық империяның дәуірі аяқталды деп есептеймін. Император бағы­ныштыла­рымен санасуға мәжбүр болса, онда ол им­пе­ратор емес. «Империяның ақыры» де­ген­де мен осыны меңзеп отырмын» деген Джульетто Кьеза ойының жаны бар. Ғалам­дық экономикалық дағдарыс әлем орталық­тарының Азияға қарай ауысуына ықпал ете бастады деген ойды сан мәрте айтқан Әлем­дік банктің экс-президенті Джеймс Вуль­венсонның бұл пікірінің шындыққа айналатын күн­інің ауылы алыс емес секілді. Әлбетте, Вульвенсон 2050 жылға қарай Үндістан мен Қытай әлемдік ЖІӨ-нің 50 пайызын берген кезде әлемдік орталықтардың Азия құр­лығына ойысатынын айтқан-ды. АҚШ-та білім алып жатқан үнділіктер мен қытайлық­тардың саны 500 мыңдай, олар болашақ әлем­нің тізгінін ұстайтын көшбасшы, менед­жерлер мен саяси басқарушылар болмақ.
Айтса айтқандай, соңғы 20 жылда АҚШ-тың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 25 па­йыз­дан 20 пайызға азайған. Кәрі құрлықта да осындай ахуал қалыптасқан. Керісінше, Азияның әлемдік ЖІӨ-дегі үлес салмағы 25 пайыздан 44 пайызға дейін өскен. Қазіргі кезде әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 13 па­йыздан асқан Қытай елі көп ұзамай Еуро­паны басып озады. Жалпы Азиядағы бир­жалар NYSE және LSE инвестициялық орталықтармен бұрыннан үзеңгі қағысты­рып келе жатқанын ескеру керек. Жақында АТЭЫ саммитін Влади­вос­токта өткізген Ресейдің Сібір мен Қиыр Шы­ғысты одан әрі игеру саясаты қарқынды жүр­гізе баста­уының үлкен астары бар. «Ресей қанша­лықты еуропалық болса, соншалықты азиялық ел» деген қағиданы басшылыққа алатын орыстар құрдымға кету қаупіне душар болған Еуропаның кебін киюді қала­майды, енді азиялық векторды дамы­туға бел шеше кіріскен. Өйткені Еуропа өте жоғары әлеу­мет­тік кепілдемелерге малты­ғып, патер­нализмге бой алдырса, Азия экономикаға ондай артық салмақ салудан аулақ болғанын олар да көріп-біліп отыр. Жалпы, Батыстың, Еуро­одақ­тың сауда сая­са­тындағы протекционизм үрдісі бел алып жат­қан кезде азиялық елдер бұған қатысты өз саясатын айқындайтыны анық. Азияның әлемдік экономикада күшеюі­мен аме­ри­ка­лық доллар мен еуроға балама бірнеше ре­зервтік валюталар пайда болуы мүмкін. Азия­да автокөліктің – 67 пайызы, теле­ди­дар мен радиоқабылдағыштың – 77 пайы­зы, алюминийдің – 50 пайызы, болат­тың – 54 пайызы, кемелер мен синте­ти­калық талшықтардың үштен екісі өн­діріледі.
Қытай мен Үндістанның сара жолы өзге азия­лық елдерге: Жапония, Оңтүстік Ко­рея, Тайвань, Индонезия, Малайзия, Таи­ланд және Вьетнам секілді мемлекет­тер­ге зор мүмкіндіктер ашады. Әлемдік қаржы орталықтарының рейтингінде Азиядан Сингапур, Токио, Қытайдың үш қаласы Гонконг, Шанхай, Шенчжень қалаларының еніп отырғаны көп нәрсені аңғартады. Ақпараттық технологиялардың құлағында ойнайтын үнділік жастар «Шығысқа қа­рай!» деген ұранмен еліне, өзге азиялық мем­лекеттерге оралып жатыр. Гонкгонг елі де үнді мамандарын көптеп жұмысқа қабылдауда.
Қазақстан Азиялық векторға басымдық беруі керек
Өкінішке қарай, Қазақстанның Қытай­ды қоспағанда АСЕАН-мен тауар айналы­мы өте аз, 0,4 пайыз ғана. Бұл көрсеткіш көңіл көн­шіт­­пейді. Кедендік одақ шеңбе­ріндегі Қа­зақ­станға Азиялық елдермен тығыз эконо­ми­калық байланысты дамыту маңызды. Ке­ле­шекте Еуропалық одақ отандық экспорт­ты тұтынуды азайтатын жағдай туындаса, қа­рыштап дамып жатқан Азия елдеріне нарық­ты айқара ашу қажет. Еуропамен дағдарыс бат­пағына батып кететінін сезінген Ресей ал­дын ала Азия-Тынық мұхит аймағына шикі­зат тасы­мал­дау үшін көліктік-транспорттық ин­фра­­құ­ры­лымды жасап жатыр. Әлемде осын­дай үлкен трендтер болып жатқан кезде Еура­зия­­ның кіндігіндегі Қазақстан не істеуі керек?
Біріншіден, Азия елдерімен эконо­ми­ка­лық байланысты нығайту үшін ЕурАзЭҚ-ШЫҰ форматында, сонымен ШЫҰ-АСЕАН-АТЭЫ фор­матында ынты­­мақ­­тастықты тереңдету қажет. Батыс Еу­ро­па-Батыс Қытай магистралі осы үлкен стра­тегияны жүзеге асыруға серпін беруі тиіс. Екіншіден, «Еуропаға жол» бағдар­ла­ма­сы секілді «Азияға жол» бағдарламасын қа­былдау қажет сияқты. Елімізде Еуропаға маман­данған кадрлар жеткілікті, енді Азия векторы бойынша жан-жақты білікті ма­ман­дарға сұраныс арта бастады. Бұл жө­нінде Сыртқы істер министрлігіне Елбасы тап­сырма берген болатын. Үшіншіден, Еуропаға бала­малы әртүрлі ин­теграциялық құрылымдар Қазақстанға ауадай қажет. Себебі, геосаяси кепілдікке себін тигізеді.

Бір пікір
Әділбек Ермекбаев,
халықаралық қатынастар маманы:    
– Жалпы, қазіргі Еуропадағы экономикалық дағдарыс алдыңғы қатарға Үндістан мен Қытайдың шығуына мүмкіндік туғызуда. Алайда Еуропа елдері саяси билікті өз уысында ұстап отыр. Ал Азия елдері саяси шешім қабылдауда рөл атқармайды, себебі дәстүрлі қалыптаскан тепе-теңдіктің  бұзылғанын олар да қаламайды және олар Еуропа мен АҚШ-қа әлі де тәуелді. Сондықтан да Азия орталыққа айналады деуге ерте, бұл үшін кемінде 50 жыл керек.

Ой-түйін
Қалай дегенмен, әлемде бұрыннан қалыптасқан көптеген парадигмалар өзгеріп жатыр. Әлбетте, Азия әлемнің кіндігіне айналады деп асығыс сөз саптаудан аулақпыз. Дегенмен айнымалы әлемде кез келген жайтқа қам-қарекет жасап, сарапшылар ұсынатын баламалы нұсқаларды бір ауық естен шығармағанымыз дұрыс болмақ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста