Әлемдік нарықта теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдердің рөлі артады
Кеше Алматыда Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ 30 елдің сауда министрлерінің төртінші кездесуі болды. Шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, халықаралық ұйым мүшелері қатысты. Жиында әлемдік экономикада географиялық қолайсыз жағдайдағы елдердің толық бірігуіне қол жеткізу мақсатында халықаралық сауда келіссөздерінде негізгі ұстанымды айқындап, теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдердің сауда әлеуетін нығайту жайы талқыланды.
Расында, бүкіл әлемде теңізге шығуға мүмкіндігі шектеулі 40 шақты елдің мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Оның ең көбі Африка, Еуропа мен Азияда екен. Ал екеуі – Латын Америкасында. ТМД елдері ішінде Армения, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен Еуропадағы теңізге шыға алмайтын елдердің дамушы емес, дамыған елдер екенін ескерген жөн.
БҰҰ-ның тақырыптық жоспарына сәйкес, бұл кездесу 2014 жылы өткізілетін теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдердің Алматы іс-қимыл бағдарламасын қарастыру бойынша 10-ыншы жазғы конференцияға дайындық болып отыр.
Бағдарламаның басым бағыттары – ДСҰ Дамушы және транзитті елдердің шұғыл кіру бағдарламасында қарастырылған халықаралық сауданың дамуына ықпал ету, дамушы және транзитті елдер экспортының барлық нарыққа енуін оңайлату, ДСҰ-да келіссөздер мен сауда процедураларын оңтайландыруға жәрдем беру, шекара бекеттерінде сауданы жақсарту, халықаралық келісімдер мен конвенцияларды тиімді жүзеге асыру, жеке секторды қосқанда ірі стейкхолдерлер (акционерлер) үшін комитеттер мен ұлттық сауда және көлік кеңестерін күшейту. Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, министрлер кездесуі әлемдік саудада теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ елдердің рөлін арттырып, бұл елдердің сауда-саттық, транзит, көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. «Теңізге шыға алмайтын, экономикасы артта қалған елдердің дамуына ықпалдастық жасау үшін БҰҰ олардың өз өнімін теңіз арқылы өзге елдердің нарығына шығаруына көмек көрсетуде. Мұндай кездесулер, конференциялар бұл елдерге инфрақұрылымдық өзгерістер енгізіп, кедендік, әкімшілік кедергілерді жоюға әрекет жасауда», – деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен бірге ол ДСҰ-ға кіру Қазақстанның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданғалы бері Қазақстан көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жетілдіру бағытында, сондай-ақ халықаралық сауданың дамуында көптеген кедергіні еңсеріп, айтарлықтай жұмыстарды атқарды. Қазақстан өзінің географиялық орны мен экономикалық әлеуетіне, тарихи дәстүрлеріне сай әлемдік халық шаруашылығы жүйесі мен ғаламдық экономикалық процестердің халықаралық интеграциялауының белсенді жақтаушысы болып табылады», – деді Б.Сағынтаев. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровтың айтуынша, еліміз Алматы іс-қимыл бағдарламасының және Алматы декларациясының бастамашысы ретінде теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің қызметін үйлестіруді одан әрі жалғастыра бермек. «БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына сәйкес, 2014 жылы Алматы әрекеттестік бағдарламасын жүзеге асырудың 10 жылдық жұмысы қорытындыланады. Оның нәтижесі бойынша ғаламдық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл теңізге шыға алмайтын елдердің қызығушылығын қорғауда халықаралық ынтымақтастыққа қосымша серпін бермек. Қазақстан теңізге шыға алмайтын ірі мемлекет ретінде ашық теңізге тауар тасымалдаудың еркін қолжетімділігін шешуді басымдықтардың қатарына қояды», – деді Қайрат Омаров.
Сауда министрлерінің төртінші кездесуінде Астана EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге қазақстандық өтініш таныстырылды. Отырыстың қорытындысы бойынша министрліктердің декларациясы қабылданды.
Нам Виякет, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының өнеркәсіп және сауда министрі, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобының төрағасы:
– Теңізге шыға алмайтын елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тауар айналымын өсіріп, әлеуетін арттырады. Қазір біз өз әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Көліктік тасымалда зор шығындарға ұрынып отырмыз. Сондықтан бұл шығынды азайтып, ғаламдық нарықтарға шығу үшін атқаратын жұмыстар әлі өте көп. Біз теңізге шыға алмайтын елдерге өз мақсатымызға қол жеткізу үшін нақты әрекеттер жасауды ұсынамыз. Біздің дамушы елдер үшін зерттеу орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Одан кейін барлық елді келісімді ратификациялауға шақыруды көздеудеміз.
Мануэл Мария Касерес, Парагвайдың сыртқы істер министрлігінің экономикалық мәселелер жөніндегі вице-министрі:
– Осыдан 10 жыл бұрын Алматы іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған болатынбыз. Бұл бағдарлама теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің алдағы өмірінде маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Бүгінгі тақырыптар біздің Парагвайда да кеңінен талқыланады және бізге жауапкершілік жүктейді. Біз әлі күнге дейін дағдарыстың салқынын сезініп отырмыз, экономика саласында шектеулер мен қиындықтар өте көп. Сол себепті де әлемдік нарыққа еркін қол жеткізіп, жан-жақты сауда-саттықты дамытуға мүдделіміз. Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер БҰҰ аясында бірлесіп, өздерінің экономикалық дамуы үшін қиындықтарды еңсеріп, кемшіліктермен күресуі тиіс.
Гьян Чандра Ачарья, БҰҰ бас хатшысының орынбасары:
– Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдер тасымал мәселесін шешіп, инфрақұрылымды жақсартуы, инвестициялауды ынталандыруы керек. Бұл арада экспорттың әркелкі болмауы әлемдік нарыққа шығуға қиындық келтіріп отыр. Сондықтан бізге халықаралық қауымдастықтың қолдауы керек. Халықаралық комитеттер теңізге шыға алмайтын елдердің әлеуетін қолдауға бағытталған белгілі бір бағдарлама қабылдауы қажет деп санаймын. Осының нәтижесінде ғана өз мақсатымызға жете аламыз.
Валентина Ругвабиза, Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары:
– Өзім теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ елдің өкілімін. Әлемдік экономикада жаппай жұмыссыздық өршіп тұр, экономикалық өсім төмендеп жатыр. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, дамушы елдердің экономикасы мен жалпы ішкі өнімінің өсуі жалғасып жатыр. Әлем бойынша соңғы жылдары теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ елдердің ЖІӨ көлемі 3 пайыздан 6,6 пайызға артқан. Осындай оң өзгерістер, жағымды тенденция байқалуда. 2000 жылы экспорт көлемі 30 млн болса, қазіргі кезде 100 миллиардқа жетті. Дегенмен теңізге шыға алмайтын елдердің бұрынғы қиындықтарына қоса, жаңа күрделі мәселелер қосылып отыр. Географиялық жағдайларды ескере отырып, әлемдік нарықта қалыптасқан протекционизмге қарсы шаралар қабылдауымыз керек. ДСҰ-ға кіруге қатысты туындайтын мәселелерді шешуіміз керек.