Әлемнің саяси картасы өзгеріп жатыр
Өткен аптаның соңында әлем картасында тағы бір мемлекет пайда болды. Судан Республикасының үкіметі Оңтүстік Судан аймағының тәуелсіздігін мойындайтынын жариялады. Оңтүстік Судан өзінің тәуелсіздік декларациясын жария етіп үлгерді. Бұл – ХХІ ғасырда әлем картасында пайда болған бесінші мемлекет. Жаңа мемлекеттің астанасы – Джубадағы мерекелік шараларға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл, Судан Президенті Омар әл-Башир және тағы басқа ресми өкілдер қатысты.
Тәуелсіздік үшін күресуші 50 аймақ бар
Жалпы, жаңа мыңжылдықтың табалдырығында тұрып тәуелсіздік алған елдердің қай-қайсысына болса да оңай тиген жоқ. Тіпті қарулы айқасқа бармай, істі заң жүзінде жүзеге асырған елдердің өзінде дау-дамайлар, күрделі саяси тартыстар орын алды. Әрине, мұндай құбылыстарды баз бір елдің ішкі шаруасы деп қана келте қайыра алмаймыз. Бұлардың қай-қайсысы болса да геосаяси құбылыстарға жатады. Мәселен, күні кеше тәуелсіздік алған Оңтүстік Суданның өзі мұсылман және христиандық әлемінде, Азия және Еуропа деңгейінде талқыланды. Себебі тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған Оңтүстік Судан тұрғындары, негізінен, христиандық және өзге діндердің өкілдері болса, солтүстікті, негізінен, мұсылмандар құрайды. Сол секілді идеология және минералды ресурстар бойынша талан-таражға түсіп отырған Африка құрлығы үшін мұсылман әлемі, Еуропа және Қытай сынды алып күштер күрес жүргізуде.
Мамандар есебінше, қазіргі әлемде тәуелсіздік үшін жан-жақты күрес жүргізіп жатқан 50 аймақ бар. Жалпы көлемі 12,7 млн шаршы шақырымды алып жатқан бұл қауіпті территорияларды мекен етуші халықтың саны 22 млн адамды құрайды. Сепаратизм ошақтарының пайда болуы тек этникалық себептермен байланысты емес, ол діни және әлеуметтік-экономикалық факторлар, минералды ресурстарды бөліске салу мәселесімен де тікелей байланысты. Мәселен, Солтүстік Ирландиядағы сепаратизм католиктер мен православтар арасындағы келіспеушіліктен туындауда. Дегенмен әлемдегі діни сарындағы шиеленістердің басым көпшілігі ислам фундаментализмінен туындап жатыр. Қазіргі саяси исламның православиемен (Косово, Солтүстік Кавказ, Солтүстік Кипр аймақтарында), католицизммен (Босния және Герцеговина, Оңтүстік Филиппин аймақтарында), индуизммен (Кашмирде), буддизммен (Мьянмада) шиеленісті жағдайлары бары анық. Өзге діндерді былай қойғанда, ислам фундаментализмі ислам мемлекеттерінің өз ішінде де түрлі бүліктер тудырып жатыр. Оған Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік Африка және бүтіндей Орталық Азия елдеріндегі ислам фундаментализмінің ықпалының артуы дәлел бола алады. Сол секілді Косово тәуелсіздігі де геосаяси ықпалды күштердің мемлекет құрылымдау ісіне тікелей қатысып жатқанын дәлелдейді. Себебі косоволықтар тәуелсіздігін жариялаған сәтте оны бірнеше сағатта Еуропаның басым көпшілігі мойындап үлгерді. Ал сол Косово осы уақытқа дейін этникалық топ бойынша емес, территориялық аймақ ретінде жіктеледі. Косова аймақ ретінде бұған дейін Осман империясының, Сербия Корольдігінің, хорват және словендердің, Югославияның, Сербия Республикасының қол астында болып келді. Бірақ өз алдына тәуелсіз ел, аймақ болған емес. Дәл осындай көрініске ие болып отырған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Еуропаның бірде-бір елі мойындамай отыр.
Қазақстанның қос алып көршісі – Ресей мен Қытай елінде де түрлі сарындағы сепаратистік ошақтар жетіп-артылады. Ұйғыр және Тибет сепаратистері Бейжіңнің ұйқысын қашырса, азаттыққа сұранып тұрған татарлар, башқұрт сынды түркі текті халықтар, шешендер, ингуштар Кремльді алаңдатуда. Аймақта сепаратистік тұрақсыздықтардың көп болуы еліміз үшін тиімді яки тиімсіз деп кесіп айту мүмкін емес. Әдетте ішкі тұрақсыздықтардың себебінен сыртқа ағылатын босқындар өзге бір елдің іргесін шайқалтып та жатады. Дегенмен отаршылдықтың зардабын әлі шегіп келе жатқан түркітектес халықтардың тағдыры түркі мәдениетінің өкілі болып отырған Қазақстанды алаңдатпай қоймасы анық.
Әлем картасы бес мемлекетпен толықты
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында әлем картасында жаңа бес мемлекет пайда болған екен. 1975 жылы Португалиядан тәуелсіздік алып шыққан Шығыс Тимор тоғыз-ақ күн өмір сүріп, Индонезия оккупациясына ұшырады. Ширек ғасырдан кейін, 2002 жылы референдум арқылы тәуелсіз ел атанды. Шығыс Тимор XXI ғасырда ең алғаш болып тәуелсіздік алған аймақ болып табылады. Бір кездері Югославияның қол астынан шығып, Сербиямен селбескен Черногория 2006 жылы жеке-дара ел ретінде бөлініп шықты. Сол Сербия 2008 жылы Косовосын жоғалтты. Косовоны Сербиядан ажырату Еуропа үшін аса қажетті шара болғаны анық.
Абхазия және Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін 2008 жылы алғаш мойындаған Ресей болатын. Әлемдік қауымдастық тарапынан кең қолдау таппағанына қарамастан, бұл аймақ қазір тәуелсіз құрылым ретінде жұмыс жасауда. Маусымның 9-ы күні пайда болған Оңтүстік Судан да – бұған мысал. Сепаратистік қозғалыстардың заңдық жолмен, референдум арқылы жеңіске жетуі – сирек кездесетін құбылыс. Дегенмен мұндай мүмкіндікке ие болып отырған аймақтар да бар. Мәселен, Шотландияда Британиядан бөліну үшін арнайы заңды шаралар жасалуда. Жақын болашақта өтетін референдум барысында жергілікті халық белсенділік танытса, олар үшін тәуелсіздіктің ауылы алыс емес.
Тәуелсіздіктен бас тартушылар бар
Мүмкіндігі бола тұра, тәуелсіздіктен бас тартып отырған аймақтар да бар. Мысалы, Солтүстік Ирландияда осыған дейін бірнеше мәрте тәуелсіздікке байланысты референдум өткен болатын. Соның нәтижесі бойынша, халық Британиядан бөлінуді қаламайтынын жеткізді. Дегенмен мұндай референдумдар Ирландияда әлі талай өте береді. Азаттықты қолдаушылардың үлес салмағы артқан күні Солтүстік Ирландияға қарулы қарсылық болмасы анық. Сондай ақ тәуелсіздік алуға мүмкіндігі зор аймақтардың қатарына Фландрияны жатқызуға болады. Егер жергілікті тұрғындар бастама көтерсе, референдум ұйымдастырып, Бельгиядан бөлініп шығуға кедергі жоқ.
Тәуелсіз болу құқығы үшін Батыс Сахара мен палестиналықтар, АҚШ-тың Техас штаты да күресіп жүр. Ғалымдар бұл аймақтарды сепаратизм ошақтарына жатқыза бермейді. Себебі бұл аталған аймақтарда барлығы заң айналасында жүргізіледі деп есептелінеді.
Қазір Еуропалық одақта барлық сепаратистік қозғалыстардың басын біріктіретін Еуропалық тәуелсіз альянс жұмыс жасауда.
Сарапшылар
Қазіргі әлемдегі сепаратизмнің негізгі ошақтарына мына аймақтарды жатқызады:
Шотландия, Солтүстік Ирландия, Фландрия, Валлония, Каталония, Корсика, Батыс Македония, Қырым, Татарстан, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Шешенстан, Дағыстан, Таулы Қарабах, Солтүстік Кипр, Сомалиленд, Күрдістан, Ішкі Сахара, Оңтүстік Йемен, Оңтүстік Әзірбайжан, Ауғанстан, Тәжікстанның шығыс аймақтары, Кашмир, Шыңжаң, Тибет, Оңтүстік Судан, Гренландия, Квебек.