Алматы агломерациясы қай бағытта дамып жатыр?
Соңғы жиырма жылда Алматы территориясының кеңеюі бірнеше мәрте жүргізілген құбылыс. Кеңестік кезеңді былай қойғанда, соңғы он бес жылдың өзінде Алматы батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстік бағыттардың барлығында ұлғайып отырды. Бір кездері қала сыртындағы саяжайлар, жайылымдар мен егістіктер орналасқан жерлердің бірсыпырасы қазір қала территориясына кірді. Бүгінде Қазақстанда Алматы агломерациясынан басқа мегаполис атануға лайық қала жоқ. Сол Алматымыздың өзін шетелдіктер мегаполис ретінде мойындамайтынын тағы білеміз. Өйткені көптеген елдерде «мегаполис» термині халық саны он миллионнан басталатын қалаларға қатысты қолданылады. Дегенмен біздің ұғымдағы мегаполис әзірге осы Алматы болып тұр.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соның нәтижесінде қала территориясы 11920 гектар аумаққа кеңейді. Атап айтқанда, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты 8360,52 гектар, Талғар ауданына қарасты 3560 гектар жер енді.
Қала территориясын кеңейтіп отыру үрдісін әлемдегі ірі мегаполистердің кез келгенінің тарихынан кездестіруге болады. Жалпы, қалаға шоғырлануды, урбанизациялық құбылысты мемлекеттің дамуындағы негізгі қозғауыш күш ретінде бағалайтындар бар. Осыдан төрт ғасырдай бұрын Батыс елдері «ірі қаланы одан ары кеңейтіп, биіктетіп, өсіре беру керек пе, әлде жеке-дара шағын қалаларды көбейтіп, әрбірін бөлек орталық ретінде ұстау қажет пе?» деген сауалда пікірталас жүргізген екен. Сол сауалдың біржақты жауабы әлі де қалыптасып үлгерген жоқ. Әр елдің, әр халықтың өз ерекшелігіне, географиялық жағдайына байланысты өзіндік даму жолдары болады. Сол сияқты жер көлемі бойынша әлемдік алыптардың қатарындағы Қазақстанның да өзіндік ерекшеліктерін айта кету керек. Жалпы, сейсмология ғылымы жерден таршылық көріп отырмаған елдердің зәулім үйлерге құмар болмағанын жөн көреді. Ендеше, Қазақстанның табиғаты биіктіктен гөрі кеңдікке қарай дамуға сай келеді.
Алматы әлемдік мегаполистердің даму тәжірибесін көшіре алмайды
Қала дамуының әлемдік тәжірибесі мол. Әр қайсысының өзіндік даму тарихы, даму үрдісі, ерекшелігі бар. Мәселен, Лондон, Париж, Нью-Йорк, Бейжің сынды қалалардың даму ерекшеліктері Алматыға мүлде келмейді. Себебі бұл қалалардың құрылысы ғимараттардың неғұрлым зәулім, неғұрлым көп адамды қамтамасыз етуге қабілетті болуды көздейді. Бізге халық саны аз дамыған елдердің тәжірибесін іздеу қажет. Дегенмен кез келген дамыған қаланың бір ерекшелігі, қаланың әр ауданының өз алдына бөлек әлеуметтік агломерациясы қалыптасқан. 2011 жылы Мәскеу территориясы 2,5 есеге дейін кеңейтілгені белгілі. Алғашқы жылдары Ресей әкімшілігі бұл шешімін асығыс жоба болды деп те мойындап үлгерген болатын. Себебі көп уақытқа дейін Мәскеуге қосылған аудандардың көлік қатынасы жолға қойылмады. Ал табиғи қорғауға алынған орманды жерлер қала территориясына енген соң, ол аймақтарда саяжайлар қаптап кетіп, экологиялық проблемалар тудырды.
Дәл осындай мәселе алдағы уақытта Алматыда да туындауы ғажап емес. Қала территориясына қосылып отырған бұрынғы Қарасай ауданына қарасты таулы жерлерден алдағы уақытта «Көк-Жайлау» курорттық тау шаңғысы орталығының құрылысы басталатыны жарияланып үлгерді. Демек, сол бағытта тау бөктеріне жол салынады. Ал сол жолдардың бойында ортағасырлық бекіністерге бергісіз үйлердің құрылысы қаптайтыны айтпаса да түсінікті.
Қала территориясының кеңейіп отыруы кептеліс мәселесін шеше ме?
Өткен жылы бір адам қалалық әкімшілікке «Алматының экологиясын жақсарту үшін жол бойындағы ағаштарды кесу керек» дегенді айтқан еді. Алғаш естігенде күлкіңді шақыратын бұл пікірдің де жаны бар. Жол бойында өсіп тұрған ағаш бір күнде өндіретін оттегіні кептелісте тұрған бір көлік жарты сағатта жарамсыз етуге қабілетті екенін ешкім қаперге алып жатқан жоқ. Бір заманда Верный қаласының іргесі тұрғызылғанда оның бір жарым, екі миллионға дейін халқы бар қалаға айналатыны ескерілмегені анық. Соған қарамастан, қаладағы көптеген көшелердің кеңеюге мүмкіндігі бар. Кез келген Еуропа елдерін алып қарасаңыз, көшелер зәулім үйлерге тақалып тұрады. Көше бойында тек жаяу жүргіншіге жол қалады. Ал су жүретін арықтар жер астымен өтеді. Байқасаңыз, жарнама тақтайшалары, билбордтар тек ғимараттарға селбесіп «тіршілік» ете алады.
Шалғайдан мысал іздеп жатпай-ақ, Алматыны өзіне ұқсас мегаполиспен, «кедендік одақтасымыз» Белоруссияның астанасы Минскімен салыстырайық. Жер көлемі жағынан екі қала түйдей сәйкес (Алматы 332 шаршы шақырымды, Минск 348 шаршы шақырымды құрайды). Халық саны жағынан Минск Алматыдан 400 мың адамға артық. Соған қарамастан, Минскіде кептеліс жоқ. Жергілікті тұрғындар таңертең және кешкісін он көліктің қатар жиналып қалуын «кептеліс» деп атайды. Минск қаласының бұл ерекшелікті, ең алдымен, көшелердің кеңдігімен, екіншіден, көптеген кәсіпорындар мен ірі мекемелердің қаланың шеткі аудандарына орналастырылуымен түсіндіруге болады. Қалааралық қатынастағы автобекеттер, теміржол бекеттері әкімшілік орталықтан шалғайда орналасқан. Ал Мәскеу депутаттары қазір кептелістерден құтылу үшін әкімшілік мекемелерді қала сыртына көшіру мәселесін көтеріп жатыр.
Дәурен Сатыбалды, Алматы қалалық үй иелері тұтынушылар кооперативінің төрағасы:
– Қала территориясының кеңейіп отыруын табиғи құбылыс деп қабылдасақ болады. Дегенмен ол өте үлкен ұқыптылықты қажет етеді. Мен Алматының даму тарихын сонау кеңестік кезден бақылап жүрмін. Қай жылдары қанша территория қосылып отырғанын нақты цифрларымен білемін. Дегенмен Алматы басшылығында Виктор Храпунов отырған жылдары қала территориясының 4 жарым мыңнан астам гектармен кеңеюі есебінен жемқор шенеуніктер өздерінің қалтасын толтырумен айналысып кетті. Сол көріністің қайталанбауы қатаң бақылауда болу керек. Қалаға жер қосылған сайын қаланың проблемасы да көбейе береді. Мысалы, қала территориясына осыдан он жыл бұрын қосылған қазіргі «Қалқаман-3» ықшамауданы әлі күнге дейін ауызсуға ие бола алмай отыр. Бұған дейінгі әкімдер де, қазіргі әкім де оған назар аударып жатқан жоқ. Қала басшылығы қарамағындағы жердің неғұрлым көп болғанын қалайды, бірақ соны өздері игере алмайды.