Ана тілі – ардың ісі
Қазақтың тілі – сіз бен біздің ардақты ана тіліміз қашан біз күткен биіктен көрінеді? Қайтсек ол біртұтас қазақ мемлекетінің басынан бақайшағына дейінгі сан-салалы тамырын қуалай соғатын қуатты күшке айналады? Мемлекеттік жиындар мен еларалық келіссөздерден бастап, дүкендегі сауда-саттыққа дейін тек қазақ тілі жүретін күнге жетеміз бе? Жауап қарапайым: әр қазақ, барша қазақ, сіз бен біз, қаным қазақ деген әрқайсымыз сол үшін қылдай болса да қарекет қылғанда ғана сондай арайлы күн туады! Сонда ғана толқыннан толқын туып, бір игі іс екінші бір ізгі қадамға түрткі болары анық.
Аллаға шүкір, біздің бүгінгі қоғамда осыны түсініп, бірінші кезекте қызметтестеріне, айналасына өнегелі үлгі болып жүрген азаматтар баршылық. Олар қазақ тілінің мәртебесін өсіруге күнделікті қызметімен, қажырлы еңбегімен, одан қала берді, қаржылық-материалдық қолдауымен өз үлестерін қосып келеді. Бірақ олардың ешқайсысы бұл қызметін бұлдаған емес. Олар мұны азаматтық парызым деп түсінеді. Абай айтқан «Сүйер ұлың болса, сен сүй» дейтін азаматтар, міне, осылар. Өткен дүйсенбі күні «Тіл» журналы мен «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында сән-салтанаты келіскен жиын өткізіп, қазақ тілінің өрісін әр салада кеңітуге атсалысып жүрген осындай атпал азаматтарымыздың бір шоғырын «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттады.
«Тіл жанашыры» – тілшілер
Айтпақшы, биылғы тіл жанашырлары, негізінен, осы тілдің жайын үнемі көтеріп, билік пен қоғам назарына жалықпай тартып келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасынан таңдалыпты. Олардың қатарында еліміз Тәуелсіздігін алғанда алғаш мойындап қоймай, «атажұрттағы бауырым» деп жеткен Түркия Президенті Тұрғыт Өзалмен бірге қазақ жеріне аяқ басқан түрік азаматтарының бірі, бүгінде «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас директоры Ахмет Аляз бар екен.
Сахнаға шығып, қазақ тілінің жанашыры белгісін төсіне қадаған ол тебіренісін жасыра алмай: «Қазақ тілімен өстім, қазақ тілімен осы күнге жетіп отырмын, қазақ халқына, Аллаға ризамын», – деп тебірене, төгілте сөйлегенде біздің 30-40 жыл бойы Қазақстанда тұрып, әлі қазақша сөйлей алмайтын шенеуніктеріміз, шіркін, бір шіміркенді ме екен?!
Қазақ тілін нарық тіліне айналдыруға күш салсақ...
«Тіл жанашыры» құрмет белгісіне лайық деп танылған «Алаш айнасының» бас редакторы, белгілі журналист Серік Жанболат та кеудесіне төсбелгісін тағып тұрып: «Қазақтың тілі нарық тіліне айналуы тиіс. Нарық тілі қазақ тілінде сөйлегенде ғана қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі. Біздің бәріміз сол үшін қызмет қылуымыз керек», – деген тілдей ойын ортаға тастады. Расында да, нарық, яғни бүгінгі экономиканың барлық саласы, техника, технология, интернет – бәрін қазақ тілі игерсе, қазақ тілінің бүгінгі проблемасы өз-өзінен күн тәртібінен түспек. Тек ол үшін бәріміз соған жұмылып, нақты іске көшуіміз қажет. Серік Мейрамбекұлы да осыны нықтап тұрып айтты.
Сонымен, бұл жолы тілшілер қауымынан «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібай, Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы, «Вики білім» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, «Қазақстан» ҰТК-ның жүргізушісі, тілші Майя Веронская, Жетінші телеарнаның бас редакторы Бибігүл Жексенбай, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса ағамыз осы марапатқа ие болды. Қай-қайсысын алсақ та, ел үшін, мемлекеттік тіл үшін тіресіп, сірескен саясаттың құрсауын табанды еңбектерімен, қайрат-қажырымен бұзып, қазақ халқының рухын оятуға, мемлекеттік тілін көркейтуге жан аямай қызмет етіп жүрген азаматтар. Оған дәлел – басқарып отырған газет, журнал, телеарналары.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Тіл жанашырларынан тілдей ой
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:
– Тілге байланысты жеткен жетістіктеріміз бар екендігін біз жоққа шығармаймыз. Бірақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп той тойлап жатқан кезде, сол Тәуелсіздікпен құрдас, тәуелсіздікпен тілі шыққан балалардың тілі шүлдірлеп жүргенін көргенде жүрек ауырады, жанға батады. Сондықтан әсіресе жастарды намысшыл болуға, ұлтшыл болуға, мемлекетшіл болуға, осы халықтың тілін шын жүрегімен қорғауға шақырамын. Ол үшін мемлекет істейтін тірліктер бар, әрбір азаматтың істейтін тірліктері бар. Яғни банкоматқа барсаңыз, бірінші қазақ тілін таңдаңыз, телефоннан SMS жолдасаңыз, қазақша теріңіз. Өмірдің барлық саласында өзінің кезегін тосып тұрған жұмыс жетерлік. Интернетте, м-агентте, автобуста, көшеде, пойызда берген сәлемді қазақша алып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп жатсақ, қазақтың тілінің мерейі үстем болатыны сөзсіз.
Оразкүл Асанғазы, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бәріміз бір-бірімізді көріп, теңізге құйған тамшыдай әркім өз әрекетін істеп жатқанына құдайға шүкір деймін... Бабаларымыз «Ананың сүті бой өсіреді, ананың тілі ой өсіреді» деп ана тілін қалдырған. Сондықтан ұялмайық, өз тілімізде өмір сүрейік. Сонда бізге Алланың бергені көбейе береді. Биыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығын осылай ашсақ, Елбасымыз айтқан 2017 жылға бес-ақ жыл қалды, жүзіміз жарық болып, бабалар аманатын орындап 80 пайызымыз, 2020 жылы 95 пайызымыз ана тілімізде сөйлейік, ағайын!
Халқым деген кәсіпкер несібесіз қалмайды
Жоғарыда жазғанымыздай, биылғы «Тіл жанашыры» марапатының иегерлері, негізінен, тілшілер қауымынан құралды. Дей тұрғанмен олардың қатарында баймын деп, байлығын бауырына басып жатып алмай, барын Ана тілінің дамуына жұмсап жүрген кәсіпкер азаматтар да жоқ емес. Солардың қатарында ерекше айтатын азаматтар, «Тіл жанашыры – «2011» құрмет белгісінің иегерлері – «Алтын қыран» компаниялар тобының президенті Исламбек Салжанов пен «Нәтиже» сүт зауытының (Қарағанды) директоры Ерлан Мұқатайұлы бар. Бұл екі азаматты да тіл жанашырлары деп нық сеніммен айтуға болады. Мәселен, Исламбек Салжановтың түрлі қайырымдылық шараларын тізіп жатпай-ақ, қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін жарыққа шығарудан бастап, бүкіл әлем балаларының сүйікті телетуындысына айналған Уолт Диснейдің «Тачки-2» – «Көліктер-2» мультфильмін қазақ тілінде сөйлету үшін аудармасынан дыбысталуына дейінгі барлық қаржылық шығыстарын көтеруі оның нағыз азаматтық бейнесін, Ана тіліне деген құрметін көрсетсе керек. Осындай атпал азаматтың арқасында «Көліктер» фильмі қазақтың төл туындыларындай-ақ балаларымыздың жүрегінен орын алды. Бұл ретте, осы мультфильмді қазақша аударып көрсетуге шетелдік компанияны көндіріп, соның басы-қасында болған «Болашақ» қауымдастығының төрағасы Бауыржан Байбек мырзаның да ұлтжандылығын атап өтпеу әділдік болмас. Бауыржан мырза да осы кеште «Тіл жанашыры» марапатына ие болды.
Сол сияқты сүт зауытының барлық іс-қағаздарын қазақ тілінде ғана жүргізіп, бар ұжымымен Наурызды ғана тойлайтын Ерлан Мұқатайұлының Қарағандының қазақ мектептері мен балабақшаларына тұрақты демеуші болып жүруінің өзі қандай десеңізші.
Айтыстың жанашыры – қазақтың жанашыры
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра десек, сол домбырасын қолына алған қазақтың дара өнері – айтыс. Қазақтың рухын көтеріп, делебесін қоздыратын да – осы айтыс. Қазақ тілінің құнарын, баға жетпес байлығын, мәйегін де әйгілейтін айтыс екеніне дау жоқ. Ал айтысты айтсақ, біздің көк жәшіктен көзімізді ашып көргеніміз, ес білгелі естіген есіміміз – Жүрсін Ерман. Ендеше, нағыз тіл жанашыры – айтыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Жүрсін ағамыздың да марапатталуы өте орынды деп білдік. «30 жылдан астам тартысып, айтыс деп алысып жүргенімде алып тұрған алғашқы ресми марапатым екен», – дейді ағамыздың өзі бұл жайында.
Сөзден іске көшкен...
Сөз басында айтқан едік, өз ісімен өзгеге үлгі болып, тіл игілігі үшін тұшымды жұмыстар атқарып жатқандар туралы. Сол сөзіміздің жарқын мысалы – «Тіл жанашыры» марапатын ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген, «Тіл» журналын шығарып отырған Алтынбек Әбішев және Нұргүл Қарағойшина. Олардың атқарып жүрген осынау қызметтерін нағыз қоғамдық бастама деп бағалауға болады. Тіліміз мемлекеттің барлық құрылымдары мен экономиканың әр саласында кеңінен қолданысқа түсіп, заңды үстемдігін құруы үшін бізге бүгінгі таңда нақ осындай қоғамдық бастамалар аса қажет. Қоғам талап етсе, билік те жөнге келеді. Сондықтан қазақ мемлекеті бола тұрып, қазақ тілінің жанашырларын іздеп, марапаттау кейбір көзқарас тұрғысынан ұяттау болса да, ресми тілдің бүгінгідей үстемдігі жағдайында оның насихаттық маңызы әшейін айғай мен қарекетсіз аттанның жанында әлдеқайда басым түсетініне күмәніміз жоқ. Сол сияқты олардың ұйымдастырған осынау игі шаралары да ондаған, жүздеген адамдарға ой салып, жүрек түкпірінде бұғып жатқан Ана тіліне деген құрметін оятып қана қоймай, іске, қарекетке талпындыратынына да шүбәланбаймыз.
Айтпақшы, «Тіл» журналы мен «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі биылғы іс-шараларын да құр марапаттау қылып қоймай, кешті қазақтың дара өнері – айтыспен әрлеп, әнмен көмкеру арқылы жиылған қауымның шексіз ризашылығына бөленді. Сегіз жасар Жамбыл ақын Алматыдан арнайы келіп, өлеңдерін оқығанда, жұртшылықтың ризалығында тіпті шек болмады. Бәріміз түрегеп тұрып қол соқтық. Бала Жамбылдың титтей жүрегін жарып шыққан бір өлеңінен үзінді былай болып келеді екен:
Тілім сені өксітіп жылатқандар,
Шұбарлантып ластауды ұнатқандар,
Туған ұлттың тұнығын лайлаған
Жүзіқара, жүрексіз, суайт жандар.
Тілім сені менсінбей қорлағандар,
Өгейсітіп араша болмағандар
Опасыздық жасаған отанына
Олар нағыз НАМЫССЫЗ
оңбағандар!
P.S.
Қазақ тілінің мәселесі үнемі қазақтілді ортада ғана айтылып келеді. Ал орыстілді жазарман әріптестер бұл мәселеге қатысты не үнсіз қалады, не Елбасының болмаса басқа бір лауазымды шенеуніктің «қазақ тілі дамуы тиіс, бірақ орыс тілін шектеуге болмайды» деген мағынада айтылған сөзінің бір үзігін ғана берумен шектеледі. Сондықтан қазақ тілінің мәселесіне орыстілді журналистер шын жанашыр ретінде атсалысса, құба-құп болар еді.