Астанаға қандай мамандықтар қажет?
Астана қаласының басшылығы жастарға кәсіптік бағыт-бағдар берудің жаңаша әдісін қолға алды. Енді бос жұмыс орындары жәрмеңкесімен бірге, қалаға қажетті мамандықтар көрмесі ұйымдастырылатын болды. Оның басты артықшылығы сол, мектеп түлектері нақты сұранысы бар мамандықтармен етене танысса, колледж және университет шәкірттері өздеріне қажетті жұмыс орындарын таба алады. Осындай шара кеше Астанада алғаш рет өтті.
Бұған дейін елордада өткен жиындардың бірінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің заңгер мен экономистердің тым көбейіп кеткенін айтып, елордаға қажетті нақты мамандықтарды атап көрсеткені есімізде. Сол кезде ол: «Астанада экономистер мен заңгерлерге сұраныс жоқ. Бүгінде олардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 87 пайызға жетті. Бізге IT-технолог, программист, инженер-механик, электрик, монтажшы-құрылысшы және электр-газ дәнекерлеуші ауадай қажет. Міне, бұл мамандықтар болашақта да өз сұранысын жоғалтпайды», – деген еді. Сөйтсек, қала әкімінің тізімі онымен бітпейді екен. Астанаға аспазшы, даяшы, бармен, нан-тоқаш өнімдерінің шебері, тігінші, автомеханик, құрылысшы-сылақшы, ұста, техник-сантехник, токарь, медбике және тағы басқа 30-дан астам мамандық иелері аса қажет. Осыған орай Конгресс-холл сарайында арнайы көрме ұйымдастырылып, мектеп оқушылары қалаға қажетті мамандықтармен етене танысуға мүмкіндік алды. Аталған шара жастардың кәсіптік бағыт-бағдарын айқындауға көмектеседі деген сенім бар.
Олжас ОМАРОВ, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:
– Көрмеде елордаға аса қажетті мамандықтармен танысуға болады. Ал бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жастар өз білімдеріне сай қызмет орындарын таба алады. Біздің негізгі мақсатымыз да осы болды: мектеп пен колледж түлектерін сұранысы жоғары мамандықтармен таныстыра отырып, жұмысқа орналастыру. Жастар қалаға қажетті мамандықтармен танысып қана қоймай, ол мамандық бойынша қай жерде оқи алатындығын да біле алады. Негізі, қазіргі кезде елорданың құрылыс саласына ғана сан алуан мамандар қажет болса, медицинаға шамамен 200-дей қызметкер керек.
Шынымен де, бас кезінде барлығы жаппай жоғары білімді қуып кеткен кезде кәсіптік-техникалық мамандықтардың ұмыт қалғаны жасырын емес. Оны біз енді ғана түсініп жатырмыз. Қазақстан халқы адам басына шаққандағы үлесі жағынан әлем бойынша «ең білімді ел» деп танылды. Бірақ сол елдің бәрі жұмыспен қамтылмай қалды. Себебі отандық экономикаға заңгер мен қаржыгерлер емес, қарапайым жұмысшылар қажет. Мамандардың айтуынша, бүгінде қарапайым жұмыс істеп те әжептәуір пайда табуға болады. Ол үшін қазіргі жас ұрпақтың, әсіресе қазақ жастарының психологиясын өзгерткен жөн.