Ата Заңымызда Алаш ардақтыларының арманы көрініс тапқан
Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясында араға 80 жыл салып барып, ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері бекіткен білім алу, кең ауқымды әлеуметтік құқықтарды жариялау және оны бекіту секілді ережелердің біразы қайта көрініс тапқан. Кеше «Нұр Отан» партиясында ҚР Конституциясы – мемлекет пен қоғамның орнықты дамуының негізі» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференцияда саяси ұйымның хатшысы Ерлан Қарин осылай деді.
«Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақ елін демократиялық, зайырлық, құқықтық және әлеуметтік жағынан нығайту жолында өз міндетін толықтай атқарып отыр. Алайда біздің міндет осымен тоқталып қалу емес. Ата Заңымызға Алаш ардақтылары армандап өткен адами құндылықтарды сынамалай енгізу басты мақсат болуы тиіс. Бұлар адамның денсаулығына қолайлы жағдай жасау, қоршаған ортаны қорғау, белгілі санаттағы азаматтарға қолдау көрсету секілді ережелер», – дейді Ерлан Қарин.
«Нұр Отан» ХДП хатшысының айтуынша, бұл аталып өткен артықшылықтар тіпті өзге елге үлгі болып отырған Еуропа мемлекеттері Конституцияларына қарағанда, нақтырақ көрсетілген. Бас құжатта батыстың Конституциялық құқықтық дәстүрі де қалыс қалмаған. Ата Заңымыз 15 жылдық тарихында елде терең экономикалық және саяси реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. Осының арқасында бәсекеге қабілетті экономикасы бар, демократиялық қоғамы бар мемлекет қалыптасты.
Алайда әлі де болса ол тікелей қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге айнала алмай отыр. Конституция заңдылығын үстем ету жолындағы мұндай кемшіліктер, әсіресе азаматтардың құқықтары мен бостандығын сақтау және оны қамтамасыз ету салаларында кездесіп жатады. Сол себепті конференцияға қатысушылар Ата Заңымыздың үстемдігін қамтамасыз ету үшін заңнаманы жетілдіру жолында мемлекет пен қоғамның күш-жігерін бірдей пайдалану керек деп есептейді. «Конституцияның әлеуеті оны жүзеге асыруға мемлекет қана емес, сонымен бірге күллі қоғам болып белсене қатысқан жағдайда ғана ашылады. Бүгінгі күні мынаны ұғыну қажет: Елдің барлығы негізгі заңға бағынған жағдайда ғана Конституция толықтай елге қызмет ететін болады», – деп атап өтті Конституциялық Кеңестің мүшесі Аманжол Нұрмағанбетов.