Атлант мұхитынан балық аулағанмын
Майра АЙСИНА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Майра Арапқызы, сіз партиялық мектепте шыңдалған саясаткерсіз. Партия жұмысына араласу, жалпы үлкен саясатта жүру әйел адам үшін қиын шаруа емес пе?
– Жұмыстың оңайы жоқ қой. Сол сияқты қоғамдық жұмыстың қаншалықты қиын екенін көпшілік жақсы біледі. Мен өзім осы жолды таңдап алғаннан кейін барымды салып жұмыс істеймін. Ер адамның істеген жұмысын әйелдер де атқара береді. Сондықтан өзімнің жұмысыма етім үйреніп кеткен.
– Біз шығыс өркениетіне жататындықтан ба, қоғамда әлі де болса әйел адамдардың саясатқа араласуына қырын қарайды. Сіз осыны байқайсыз ба?
– Бұл мәселе қазақтың менталитетінде бар дүние ғой. Бірақ қазіргі заман үздіксіз қимылды, қозғалысты талап етеді. Барлық мемлекет бәсекеге түсіп жатқан қазіргі заманда біздің жас мемлекетіміз де қабілеттілігін барынша арттыра түсуде. Осындай кезеңде ер демей, әйел демей, мемлекеттің игілігіне жұмыс істеудің әбестігі жоқ. Әйелдер мемлекетке өз пайдасын тигізіп жатса, оның несі айып? Қазақстанда әйелдер 52 пайыз екен. Біздің партияда да дәл осындай. Парламентте 21 нәзік жанды депутат бар. Облыстық, аудандық мәслихаттардың 1/5-і әйелдер екен. Сондықтан ескі көзқарастан арылу керек сияқты.
– Сіз педагогсіз, саясаттану ғылымынан да хабарыңыз бар. Заңгерлік мамандығыңыз тағы бар. Егер депутат болмағанда, саясатты кәсіп етпегенде қандай шаруамен айналысар едіңіз?
– Мен ең алғашқы еңбек жолымды мектептегі пионерлердің тәлімгері болып бастағанмын. Егер депутат болмағанда, білім саласында қызмет ететін едім деп ойлаймын.
– Саясаткерлер арасында достарыңыз көп пе?
– Қазіргі әріптестерімнің барлығын сыйлаймын. Қарым-қатынасымыз өте жоғарғы деңгейде. Мәжілісте – 19, Сенатта екі әйел депутат бар. Солар 2007 жылы жұмыс басталғанда мені өздерінің старостасы етіп сайлап қойған. Туған күндерімізде, қуанышты-қайғылы сәттерде бірге жүреміз. Сонымен қатар комсомолдың кезінен келе жатқан достарым өте көп. Демократиялық мемлекет болғаннан кейін сол достарымның саяси көзқарастары әртүрлі болып шықты. Бірақ саяси көзқарастарына қарамай, оппозицияда, билікте жүрген жора-жолдастарымды бөле-жара қарамаймын.
– Сіздің өзге ұлттың өкілімен бас қосқаныңызды білеміз. Таңдауыңызды түсіндіріп берсеңіз.
– Мен емес, ол мені таңдады ғой (күлді). Алланың бұйрығы, тағдырдың жазуы солай болған шығар, өзге ұлтқа келін болып түстім. Бірақ бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Менің осы деңгейде жүруім – сол жолдасымның арқасы. Үйдің шаруасына қолғабыс тигізіп, балаларымның тәрбиесіне ерекше мән берген Геннадийді өзім де қатты құрметтеймін. Шыдамсыз, күйгелек мінезі бар маған Алла сабырлы, тұйық адамды кезіктірді. Егер екеуіміз бірдей күйгелек болсақ, отбасымыз осы күнге дейін жетер ме еді, жетпес пе еді, кім біледі?
– Кәріс ұлтына келін болу қиын емес пе?
– Жоқ, қиын болған жоқ. Мен келін болып түскен отбасы зиялылардың арасынан болды. Жер аударылып келген кездегі қазақтардың құрметпен қарсы алғанын айтып, өле-өлгенше қазақтың дарқан мінезін аңыз етіп айтып өтті. Мені де қазақтың бір қызы ғой деп, мәпелеп отыратын.
– Балаларыңыз қай тілде сөйлейді?
– Балаларым қазақ, орыс тілін еркін меңгерген. Енді ағылшын тілін үйреніп жатыр. Үш тілді меңгеру уақыт талабы болып отырғандықтан, балаларымның қарым-қабілетіне қарай шет тілін де оқытып жатырмыз.
– Аралас некеге қалай қарайсыз? Ертең балаларыңыз өзге ұлттардың өкілдерімен бас қосып жатса...
– Егер екі жас бірін-бірі түсініп, сыйлап тұрса, еш қарсылық білдірмес едім. Оның бәрі бір Алланың бұйрығына байланысты. «Теңін тапса, тегін бер» демей ме. Ең бастысы, бақытты болуын тілер едім.
– Майра Арапқызы, сіз ауа райына қарамай, балық аулағанды жақсы көреді екенсіз. Балық аулауды ермек етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Бұл менің бала күннен бері айналысып келе жатқан тірлігім емес. Балық аулауды күйеуім үйретті. Міне, жиырма жыл болыпты, отбасымызбен балық аулауды әдетке айналдырып алдық. Кәрістерді көпшілік бай деп ойлайды ғой. Менің күйеуімнің тіпті жеке көлігі де жоқ. Демалыс күндері көліктері бар отбасылық достарымызбен бірге балыққа барамыз. Олар бармаса, Ақорданың жанына барып Есілге қармақ саламыз. Бір қызық айтайын, осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-қа жұмыс сапарымен барғанымда Атлант мұхитының жанында кездесулер өткіздік. Сонда жергілікті балықшыларды тауып алып, солармен бірге мұхиттан балық аулағанмын. Қазақстанда кездесе бермейтін бітімі бөлек балықты қармағыма ілгенім әлі есімде. Күнделікті жұмыста жүріп ойлануға да мұрша болмай жатады ғой. Сондай кезде балық аулауға шығу жалпы философиялық ой ойлауға таптырмайтын уақыт.
– Саясаттан қолыңыз қалт еткенде өзге қандай істермен айналысасыз? Хоббиіңіз не?
– Қазір аптасына төрт мәрте ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Шетелге шыққанда қайдағы бір Зимбабве деген елден келген делегаттар ағылшын тілінде сайрап тұрғанда, мылқаудың күйін кешіп зығырданың қайнайды. Соған намыстанып, осы бір әлемдік тілге зейін қойып жүрмін. Содан кейін Парламент үйінің астындағы спорт залға барып, үлкен теннис ойнаймын. Теннистен Тәуелсіздік күніне өткізілетін дәстүрлі турнирлерге қатысып тұрамын. Жазда велосипед тебемін.
– Туған күніңіз жақындап қалыпты. Қалай атап өтпексіз?
– Бұрыннан келе жатқан отбасылық достарымызбен бас қосамыз. Ән айтып, тілек айтатын дәстүріміз бар. Биыл да сол достарымызға дастарқан жаятын шығармын.
– Ендеше алда келе жатқан туған күніңізбен біздің ұжымның атынан құттықтауға рұқсат етіңіз.
– Көп рақмет, басылымдарыңыздың оқырмандары көбейе берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!