Ауған соғысының тарихи бағасы қалай берілуі керек?

Ауған соғысының тарихи бағасы қалай берілуі керек?

1989 жылдың 15-ақпан күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Міне, содан бері тура ширек ғасыр өтіпті. Ауғанстандағы 10 жылға созылған сол соғыстың жарасы жазылды ма? Қазақ халқы осы бір нәубет жылдардың тарихи бағасын толық бере алды ма? Ресми деректерге сүйенсек, 22 269 қаракөз сарбазымыз Ауғанстанда қан кешіпті. Олардың 21-і із-түзсіз жоғалып, мыңға жуығына Ауған жерінен топырақ бұйырған. 1015 азаматымыз елге мүгедек болып оралған. Қазір Ауған соғысында от кешкен 18 мыңнан аса азаматымыз арамызда жүр. Біз олардың ерліктерін өз дәрежесінде ұлықтай алдық па? Бұл сұрақтарға «Алаш айнасы» жауап іздейді...

18 мыңнан астам қазақтың төккен қанының  өтеуі немен өлшенбек?
Басқаны айтпай-ақ қоялық. Соңғы 25 жылдың ішінде саясатымыз сан құбылды. Бір кездердегі интерноцианалдық патриотизмнің орнын ұлттық құндылықтар басты. Әр тарихи оқиғаға ұлттық көзқараспен қарайтын болдық. Әлемдік үрдістерге, я болмаса ғаламдық саясатқа үңіліңіз. Біздің Ауғанстанға «алты аласымыз, бес бересіміз» жоқ. «Ол елді жаулап алып, өз идеологиямызды жүргіземіз» деген амбициямыз болған емес. Болмайды да... Тіпті, Ауған соғысын тарихи тұрғыда ақтап, әспеттеуге де құқылы емеспіз. Бізді қинайтыны, сол қанды майданға өз қандастарымыздың атсалысуы ғана. Қазір өмірде бар 18 мыңнан астам қазақтың  төккен қанының  өтеуі немен өлшенбек? Олар не үшін, кім үшін шайқасты?
Ауған соғысына қатысты 800-ден астам кітап жазылыпты. Жиырмаға жуық деректі һәм көркем фильм түсірілген. Бірақ, сол туындыларда бар шындық айтылды ма?  КСРО мен АҚШ атты екі алпауыттың мүйіздесер алаңына айналған Ауғанстан халқының не кінәсі бар еді? Рас, ауғанның бейбіт халқының шөкімдей де кінәсі жоқ-ты. Социализм мен каптиализмнің арпалысы сол кінәсіз халықтың қанын 10 жыл төкті. Сол 110 айға созылған сұрапыл кезінде 2,5 миллион ауған халқы жер бетінен жойылып кетті. 15 мыңнан аса Кеңес әскері опат болды. Тура осындай сипатқа ие Кеңес-ауған соғысына тәуелсіз Қазақстанның тұрғысынан қандай саяси баға берілуі керек?
Біріншіден, 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанда болған сұрапыл КСРО мен АҚШ-тың күш сынасар алаңы ғана емес екенін ескеруіміз қажет. Бұл мемлекет ислам атын жамылған радикалдық күштердің  шоғырланған аймағы болатын. Яғни, Ауғанстанда адамзат қауіпсіздігіне қатер төндірер жанкештілер дайындалғанына, әлі де дайындалып жатқанына ешкім шүбә келтіре алмайды. Ауған соғысына қатысқан қандастарымыз ең алдымен сол жанкештілермен күресті.
Екіншіден, 1979 жылдары біз социализм идеясына толығымен сендік. Ауғанстанға көп көлемде есірткі егілетін, емін-еркін қару-жарақ сатылатын мемлекет ретінде ғана қарай алдық. Ол аймақтағы этникалық және діни топтардың әркелкілігін ескеруге, бағалауға мүмкіндігіміз болған жоқ. Бұл соғыс біздің ырқымыздан тыс тұтанып, біздің қалауымызсыз-ақ аяқталды. Содан болар, «кім жеңді, кім жеңілді?» деген сұраққа ешкім де жауап бере алмайды.
Үшіншіден, Ауғанстанды толық билеуді мақсат тұтқан әртүрлі саяси топтардың, сондай-ақ сол мемлекетті отар қылғысы келетін алпауыттардың ашкөздігіне біз жауап беруге міндетті емеспіз. Бірақ, жанама түрде сол алпауыттар бізді, біздің боздақтарды қару ретінде пайдаланды.
Төртіншіден, бұл әділетсіз соғысқа қаншама ұлт өкілдері қатысты. Сол ұлттардың арасында біздің қазақтардың шоқтығы биік тұрды. Қазақ батыр ел екенін КСРО мен АҚШ-қа тағы да бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алды. 2265 жерлесіміздің жоғары наградалармен марапатталуы осыны айғақтайды.
Ол кезде саяси ахуал қандай еді?
Шындығын айту керек, Кеңестер Одағы дәуірлеп тұрған тұста «Ленин көсем аз ұлттарға теңдік алып берді» деген идеология салтанат құрып тұрды. Сондықтан да, КСРО-ның 1979 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған Ауғанстанға әскер кіргізу туралы шешіміне қарсылық танытуға қауқарымыз болған жоқ. КСРО мен КОКП-ның жетекшілері Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, Д.Ф.Устинов, М.А.Сусловтар қазақтардың ойымен санасуы мүмкін емес болатын. Есесіне, 1970 жылдары Ауғанстанда билікті төңкеріспен басып алу үйреншікті жайт еді. Мысалы, 1973 жылғы төңкеріс монархияны құлатып, Ауғанстан республикасын құруға мүмкіндік әперді.  1978 жылы Ауғанстан республикасын құрған Мұхаммед Дауд отбасымен бірге өлтіріліп, билікке М.Тараки бастаған Ауғанстан коммунистік халықтық-демократиялық партиясы келді. Осы Тараки тұсында КСРО мен Ауғанстан арасы жақындасты. КСРО-ның ықпалымен Ауғанстан коммунистік ел болу жолына түсті. Бірақ, Таракидің билігін өзінің орынбасары Хафизулла Амин бір күнде төңкеріп тастап, КСРО-дан сырт айналды. Кеңестік империяға бұл ұнай қойған жоқ. 1979 жылы Мәскеу «Шторм-333» арнайы операциясы арқылы Хафизулла Аминнің көзін жойып, оның орнына Бабрак Кармальді қойды. Осы шешім елді екіге бөлді. КСРО үкіметтік күштерді, ал АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Мысыр, Израиль секілді елдер үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, соғыс отын тұтатып жіберді.
Енді не істемек керек?
Ауған соғысы – әділетсіз соғыс. Ауған соғысы – мықтылардың текетіресі. Ендігі бар мәселе «тәуелсіз қазақ елі ол соғысқа қандай баға беру керек?» деген сұраққа ғана келіп тіреліп тұр. Мұндай сұрақтың қойылуында да мән бар. Мысалы, қазір «1941-1945 жылдарда болған екінші дүниежүзілік шайқасты «Ұлы Отан соғысы» деп атамайық, біздің Ұлы Отанымыз – Қазақстан» дейтін пікірлер айтыла бастады. Кейбір мамандар мұны бір дәуірдің ерлігін жоққа шығарып тастау десе, екінші біреулері мұны тәуелсіз санаға ұмтылудың белгісі санайды. Миллиондаған ата-апаларымыз қан кешкен Ұлы Отан соғысына осындай ойлар айтылып жатқан тұста, мыңдаған азамат от кешкен Ауған соғысын ақтап алу оңай емес. Бірақ, ақтауға болады. Өйткені, бұл соғысқа қатысқан ардагерлердің еш кінәсі жоқ. Олар осы дәуірдің батырлары. Олар қазақ ұлтының оғландары қандай екенін әлемге танытты. Сондықтан да, тәуелсіз ел ретінде Ауған ардагерлеріне арнайы статус беруге тиіспіз. Ел үшін, ұрпағы үшін Ұлы Отан соғысында от пен оқ ортасынан оралғандар мен ауған соғысында қан кешкендердің мәртебесін бөле-жара қарамауымыз керек. Өйткені, соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Қай-қайсысы да Отан үшін, мемлекет үшін басын оққа байлады. Мемлекеттің бұйрығын орындаған, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген ардагерлерді ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы...
«Алаш айнасының» түйіні
Қазақстан әлемдік геосаясатта өзіндік орны бар – тәуелсіз ел. Халықаралық саясаттың талаптары бойынша алдағы уақытта НАТО немесе ҰҚШҰ шеңберінде Таулы Қарабақ, Ирак, Ауғанстан т.б. аймақтарға өз бітімгершілік күштерін жіберуі мүмкін. Бітімгершілік күштер қанша жерден ерікті болған күннің өзінде саяси шешімдерді орындауға міндетті. Сондықтан кешегі соғыс сабақтары келешек саяси шешімдердің игілігі үшін қажет. Демек, біз Ауған соғысының ардагерлерін қастерлей алмасақ, сол бітімгершілікке баратын батырларды да құрметтемейміз деген сөз. Ал, мұны білген жастарымыз сырты былай қойып, өз Отанын қорғауға құлшыныс танытпайтын болады. Бұл бізге қажет пе? Жоқ. Ендеше Ауған соғысының ардагерлерін құрмет тұтатын уақыт әлдеқашан жетті деп ойлаймыз...
Ардагерлер естелігі
Госпитальдан шықаннан кейін әйгілі Хара оқиғасына тап келдім. «Үш күннен соң көрге де үйренесің» дейді ғой халқымыз. Бұл кезде біздің де әбден төселіп, оққа да, отқа да үйреніп алған кезіміз. Десек те, мына бір жағдайға үйрене алмай-ақ қойдым. Ауғанстанның таулары біздің таулар сияқты емес, жалаңаш келеді. Міне, осы таудың арасында келе жатқанда, сені дұшмандар көріп отырғанын сезесің. Олар әрине сені бірден атпайды, жақындатып, оңтайға келтіріп барып атады. Бұны бәріміз де ішіміз сезіп, біліп келе жатамыз. Сондықтан да бірінші оқты олар асықпай, дәлдеп атады. Бірінші атылған оқ міндетті түрде біреумізді жайратып түсіреді. Көбінесе бастан атады. Құж-құж қара тастардың арасында келе жатқанда «Кімді атар екен? Дұшмандар қайсымызды қарауылға іліндіріп, қайсымызды көздеп отыр екен?» деген ой миыңнан шықпайды. Осы ойдың жүйкеңді жаулап алғаны соншалық, өз-өзіңнен басыңды қылтың-қылтың еткізесің. Үй тауығы басын қайта-қайта қылтыңдатқаны сияқты. Бір кезде дәл сенің алдыңда бір адым, немесе сенен бір қадам артта келе жатқан қарулас досыңның басына оқ тиіп, мұрттай ұшады. Атыс басталады. Қырғын атыс... Тауға, тасқа өрмелеу қайдан оңай болсын! Арқаңда 45 келі ауыр қапшық, оның үстіне өзің әбден қажып, шаршап-шалдығып келе жатырсың, соған қарамастан атыс басталғанда тастан-тасқа арқардың құлжасындай қарғисың. Қимылың да жылдам, қозғалысың да әбжіл болып кетеді. Хараға жіберудің алдында біздің бәрімізге әскери билеттеріміздің сыртына аты-жөнімізді, туған жерімізді жазғызды. «Бұларың не?» деген сұрағымызға – «Егер өле кетсеңдер, сүйектеріңді табытқа салып, үйлеріңізге жөнелту үшін» деп ашық айтылды.
***
«Асадабад деген жерде Құнар деген өзен ағады. Ол Пәкістан мен Ауғанстанның шекарасын бөліп тұрады. Сол жерде Кеңес әскерлерлерінің көбісін пуштундар бауыздап кетіп жатты. Сол саланы ешкім игере алмай жатқаннан соң, кейін бұл жерге Бақытжан Ертаевті апарды. Ол кезде Ертаев 28 жастағы жігіт, шені аға-лейтенант. КСРО-ның маршалы Соколов өзі тағайындады. Б.Ертаев бұл орынға таныс-тамырдың арқасында емес, қиын-қыстау кезде жол таба білетін білгірлігінің арқасында тағайындалды. Ол өзін тек әскери адам ретінде ғана емес, ұшқыр саясаткер, білгір дипломат ретінде көрсете білді. Қирап қалған мешітті қайтадан салдыртып, қалпына келтіріп берген – Б.Ертаев. Ауғанстанда Ертаевтің атында Бақытжан-Тоғай деген тоғай бар. Пуштундар бұл тоғайды Бақтияр-Тоғай деп атайды. Мұның бәрі кезінде «Комсомольская правда» газетінде жазылды да».
«Қара майор». Бұл полковник Борис Керімбаевтың Ауғанстан соғысы тарихында аңызға айналған лақап аты. «Қара майор» атын ол ешбір шен-шекпенге тең көрмейтініне өз басым сенімдімін. Өйткені оны жоғары билік басындағылар емес, дұшпаны мойындап, бағалаған. Жаугершілікті көп көрген қазақ елінің тарихында - дұшпанының мысын басып, оны мойындатқан сарбаз ғана Батыр атанған! Ақиқатын айтсақ, 177-ші жанкешті отряд командирі Борис Керімбаевтің бір басына 1 миллион АҚШ долларын тіккен Ахмет шах та осал жау емес болатын...».
Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» кітабынан үзінді

                                                                      Болат Сайлан, Ауған соғысының ардагері, тарихшы:
Ауған соғысының ардагерлерін қоғам пайдаланып отырған жоқ
– Аға, ауған соғысына қатысқан ардагер ретінде сұрайын... Шағын әңгімеңізді сұрапыл майдан кезіндегі әділетсіздіктерден бастасақ.
– Бұл соғыстың әділетсіз тұстары көп болды ғой. Мәселен Ауған соғысында көптеген батырларымыз өз деңгейінде марапатқа ие бола алған жоқ. Өйткені, ол тұста Кремль мүмкіндігінше, қазақтың батыр жігіттерін шеттетуге тырысты. Қазақтар жасаған ерлікті орыс ұлт өкілдеріне телу секілді әділетсіздіктер көп болды. Осының салдарынан қазақтың қарапайым баласы жасаған ерлігі үшін кеудесіне бір медаль таға алмай елге оралды. Меніңше, бұл соғыс орыстық шовонистік көзқарастың шырқау шегін көрсетті. Мысалы, өзіңіз қараңыз, батыр атағын алғандардың дені – орыстар. Біздің қатарымызда болған қаншама бауырларымыз осы әділетсіздікті көзімен көріп, іші қан жылады.
– Сол соғыстан кейінгі жағдайлар да мәз емес қой.
– Ауған соғысына қатысқандардың соғыстан кейінгі жағдайын айтудың өзі қиын. Олар не үшін, кім үшін қан төкті? Жастық шақтарын не үшін құрбан етті? Бұған жауап таба алмай қаншама бауырларымыз іш-құса болып жүр. Мемлекет оларға дер кезінде психологиялық тұрғыда көмек ала алмады. Олар әлі күнге өздерін жапан түзде далада қалғандай сезінеді. Қазақ – рухты халық. Мысалы, мен білетін біраз азаматтар Ауғанстанда жүргенде намыстанып, денсаулығын дәрігерге тексертпеген. Соның азабын бүгін тартуда. Мүгедектік алайын десе, сол жақтағы құжаттарын талап етеді. Ал, ол жақта дәрігерге қаралмаған. Қазірдің көптеген намысты жігіттердің ауруы асқынып, қозып жатыр. Олардың көбі жылына бірнеше мәрте дәрігерге жүгінуге мәжбүр. Дәрінің де бағасы шарықтап тұрған кезде оларға кім қол ұшын созады.
– Осы көмек дегеннен шығады. Кеңестік кезеңде ауған ардагерлеріне көмек қалай көрсетілетін еді?
– Жамандап қайтейін, кеңестік кезеңде Ауған соғысы ардагерлеріне жап-жақсы көмектер көрсетіліп тұрды. Жылына бір мәрте ұшаққа тегін мінуге, пойызды тегін пайдалануға, дәрі-дәрмекті арзан алуға мүмкіндіктер қарастырылды. Ал, қазір мұның бәрі жойылды. Оның орнына айына 10 мың теңге жәрдемақы беріледі. Ол 10 мың теңге неге жетеді? Басқаны былай қойып, бұл ақшаға жеткілікті етіп дәрі-дәрмек те ала алмайсыз. Яғни, бұл жәрдемақының нарықтағы бағасы өте төмен деген сөз. Көптен бері Ауған соғысы ардагерін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіріп, арнайы статус берсе деген мәселе де қозғалып жүр. Бірақ, бұл мәселе де өз шешімін тапқан жоқ. Оған себеп, арнайы заң шығуы керек екен. Ауған соғысына қатысқандар «мемлекетіміз қашан еңбегімізге сай баға береді екен» деп сол Заңды күтіп жүр. Ауған соғысында қан кешкендердің алды 60-тан асты, арты қырықтың қырқасына шығып үлгерді. Олардың саны жыл сайын кеміп барады.
– Ауған соғысына бүкіл ТМД елдерінің әскері қатысқаны белгілі. Көршілеріміздегі ахуал қандай екенін білесіз бе?
– Ресей – агресивті ел. Өз жауынгерін біз секілді ешқашан да шетте қалдырмайды. Ресейдің тарихын алып қараңыз. Өмір бойы соғысып келеді. Сондықтан, біз де Ресей секілді жауынгерлерімізді әспеттеуіміз, олардың ерліктерін насихаттауымыз, оларды далада қалдырмауымыз қажет. Әрбір мемлекет өз жауынгерін, өз батырларын көтермелеп отырмаса, ол елді қорғайтын адам қалмайды. ТМД елдері ауған соғысына өз әлетінше дұрыс баға беріп жатыр. Ол елдердің көбінде ауған ардагерлері мемлекет қамқорлығына алынған. Ал, біздің ауған соғысының ардагерлері әлі күнге комуналдық төлемдерді толығымен төлеп отыр. Бұл мемлекетімізге сын емес пе? Облыстық, қалалық бюжет көтеріліп жатыр деп тақиямызды аспанға лақтырып жатамыз. Сондай сәтте ауған ардагерлеріне кішкене ғана жеңілдік жасасақ, болмас па еді? Ауған ардагерлері тәуелсіздік алғалы бері қолын жайып, Үкіметтен ештеңе сұраған емес. Бірақ, «олар ештеңе талап етпейді» деп, шеттете беруге де болмайды.
– Біз ауған соғысы ардагерлерінің потенциалын толық пайдалана алып отырмыз ба?
– Қазақта «өмір көріп келді» деген түсінік бар. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, барлық ардагерге жұмыс беріп, кеңестік қоғам тиімді пайдаланған еді. Олар соғыс көрген тәжірибелі адам ретінде үлкен қызметтерге тағайындалып отырды. Ардагер ретінде қоғамды алдыға сүйрейді деп бағалады. Ал, ауған соғысының ардагерлерін қоғам пайдаланып отырған жоқ. Мәселен, қазір Ауғанстанда соғысқан қаншама саяси сауатты, білімді, білікті мамандар қызметсіз бос жүр. Олардың потенциалын тым болмағанда ұлттық патриотизмді көтеруге пайдалануға болады ғой.
«Алаш айнасы» үшін айтқан әңгімеңізге рахмет.

«Алаш айнасының» деректері сөйлейді
•    Ауған соғысы 10 жылға, 110 айға, созылды
•    КСРО құрамында Отан алдындағы міндетті арқалаған 22 000 қазақстандық толарсақтан қан кешіп, ауған жерінде 2238 күнге созылған соғыс қимылына қатысты.
•    22 000 адамның 924-і опат болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қалды және 21 адам хабарсыз жоғалып кетті.
•    Соғыстан қайтқандардың көпшілігі «ауған синдромынан» айыға алмай жүрді.
•    90-шы жылдардың басында өткізілген тест соғысқа қатысқандардың 30-40 пайызы кәсіби психологтардың көмегіне зәру болғанын көрсеткен.
•    Бұл соғысқа жалпы КСРО елдерінен 620 мың азамат қатынасты. Олардың 21 мыңы жұмысшы және қызметші кәсібін атқарды.
•    200 153 батыр мемлекеттік марапатқа ұсынылды. Олардың 10 955 соғыс даласында опат болды.
•    Ерлігі үшін 2 265 қазақ марапатталған.
•    Елге аман оралған 18 мың сарбаздың 3 мыңы мүгедек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста