Азық-түлік импорттаушы елден экспорттаушы елге айналу керек
Бүгінде Жер шарындағы жан саны 6 миллиардтан асып кетті. Тоза бастаған табиғат-ана тойдыра алмаған адамдар саны айтарлықтай көп. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сенсек, әлемде 31 мемлекет азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Яғни азық-түлік өнімдері еселеп өндіріліп жатса да, жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам аштық алапатын жамылып отыр. Осы айтылған мәселелер кешегі Сенат қабырғасында өткен парламенттік тыңдау барысында терең талқыланды. Әрине, онда әлемдік жағдай емес, өз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі жайы сөз болды.
«Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру міндеттері және бюджет қаражатын тиімді пайдалану шараларын арттыру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселенің мәнін ашып бергендей болды. Төрағаның айтуынша, азық-түлік тауарларының құны соңғы екі-үш жыл көлемінде 60 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Сондықтан БҰҰ азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін әлемдік климаттың өзгере бастауы және ядролық қарудың таралуы секілді ғаламдық жаңа қауіп-қатерлердің қатарына қосқан.
Шөкеев тетіктерді тезге салмақ
Парламенттік тыңдауға келген Премерь-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніне мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың тетіктері өзгеретінін жеткізді. Мәселен, енді субсидияны суша төгу тоқтатылады. Нақтырақ айтқанда, субсидиялар бірден ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларын шығарушылардың қолына тіке беріледі.
Үкіметбасының бірінші орынбасары ауылды жерлердегі шаруашылық ошақтарын аяғынан нық тұрғызуға да баса көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның бір көрінісі – ауылдық тұтыну кооперативтерін құру. «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін дайындау орталықтарын құруды бастағанбыз. Ол бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді техникамен, астық тұқымдары және тыңайтқыш сынды қажетті заттармен, дайын өнімдермен қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында жасалып, 22 орталыққа 1 354 шаруашылық бірікті», – дейді Өмірзақ Естайұлы.
Сапасыз етті Ресей менсінбейді
Дәл қазір қазақ малының етін ресейліктер көзге ілмей тұр. Себебі – сапа төмен. Бұл мәселенің түйінін Сенатқа келген вице-министр Шөкеев айтты. Қазіргі күні заманауи бордақылау алаңдарын құру, мал сою желілерін дамыту шаралары қолға алынуда. Онда қазақстандық мал етін қабылдайтын елдер талап ететін барлық санитарлық нормалар енгізілген. «ҚазАгро» холдингі арқылы Ұлттық қор қаражатына мал бордақылайтын жайлар мен сою цехтарын, ет өңдеу кәсіпорындарын құру жұмысы басталып кеткен. Еліміздің әр аймағында осындай бес жобаны қаржыландыру мақұлданып та үлгеріпті. Сонымен бірге қазақстандық ет өнімдерін ресейлік органдардың ыңғайлы бағалауы үшін нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру да ескерілген.
Ауыл шаруашылығы төмен деңгейде
Парламенттік тыңдау барысында ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мырза да келіп баяндама жасады. Осы саланы дамытуды көздейтін тыңғылықты ойларымен бөлісті. Жалпы, азық-түлікті бөлу және зерттеу жөніндегі дүниежүзілік ұйымның бағалауынша, азық-түлік саласындағы импорттың қауіпсіздік деңгейі жалпы тұтыну деңгейінің 17 пайызынан аспауы керек. Қазақстандағы азық-түлік импортының үлесі өнім түрлеріне қарай 40-60 пайыз аралығында өзгеріп тұрады. Айта кету керек, Елбасы «Нұр Отан» ХДП съезінде экономика мен экспортты әртараптандыру үшін, аграрлық секторды дамыту үшін 2015 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін жалпы экспорт көлемінің сегіз пайызына дейін жеткізу міндетін тапсырған болатын.