Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін сауаттылығы жоғары елге айналу керек
Кеше ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының отырысы өтті.
Біздің Елбасымыз өзінің «Қазақстан – 2050» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғандығына баса назар аударды. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Ерекше сенімді Елбасымыз жастарға: «Мен сіздерге, жаңа буын қазақстандықтарға, сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым», – деп айтқандығын Мемлекеттік хатшы өз сөзінде атап өтті.
«Болашақ» президенттік стипендиясының тағайындалған күнінен бері маңызды міндет – халықаралық деңгейдегі мамандардың бірінші толқынын даярлау табысты орындалды. Қазіргі уақытта Елбасының отандық білім беру деңгейі мен сапасын арттыру бойынша саралы саясатының арқасында, әсіресе Назарбаев университетінің ашылуымен, «Болашақ» бағдарламасы магистрлер мен PhD докторларды ең үздік шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында мақсатты даярлауға бағытталып отыр. Бізге отандық білім және ғылым жүйесінде өткізілетін реформаларды уақыт талабымен, әсіресе «Қазақстан – 2050» стратегиясынан туындайтын міндеттермен үйлестіру қажет. Және алға қойылған, жалпы, ұлттық мақсатқа – жоғары білімді ұлт болуға еш тоқтаусыз қол жеткізу қажет.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру бойынша 2012 жылғы жұмыс қорытындылары жөнінде мәлім етті. Ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде маңызды жобаларды іске асыру үшін, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және басқа да салаларға қажет мемлекеттік қызметшілер, ғылымипедагогикалық, инженерлік және медициналық кадрларды мақсатты даярлау жоспарының бірінші кезеңінің орындалу барысына талдау жасады.
Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында 704 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 316 адам – магистратураға, үшеуі – докторантураға және 385 адам тағылымдамаға жіберілді.
Олардың көпшілігі Ұлыбританияда оқуға құжаттарын тапсырған – 159 адам, одан кейін АҚШ – 91 адам, Ресей – 34 адам, Германия – 19 адам. Қалғандары Франция, Италия, Австралия, Қытай, Нидерланды, Норвегия, Чехия, Канада, Словакия, Австрия, Швейцария сияқты елдерді таңдаған.