Басшыға қарсы шығуға болмайды деген үрейден арылу қажет - кандидат Х.Қожа-Ахмет
Президент сайлауына қатысуға өтініш берген тағы бір үміткер - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-публицист Хасен Қожа-Ахмет мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссиядан өтті. Енді, президенттікке кандидат болып ресми түрде тіркелу үшін 90 мыңнан астам дауыс жинау қажет. Х.Қожа-Ахмет оның бәрін әлі жинап шықпаса да, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды "Алаш айнасы" порталы.
Бағдарламаның атауы - "Жаңа сана". Оның негізінде "Адамзат қайда барады?" деген сауал жатыр. "Енді, қараңыз, қазір өркениет деп отырмыз. Ал осыдан 2500 жыл бұрын Сократ пен Эзоптардың, Баласұған мен әл-Фарабилердің адамзатқа қатысты айтқан сындары - бәрі-бәрі әлі күнге дейін шешімін таппай жатқан мәселелер. Соған қарағанда, адамзат өзін-өзі, жалпы адамшылық қасиетін дамытпаған. Анау қолындағы шоқпарын ғана дамытып, ядролық қаруға дейін жеткізді. Сөйтіп, біржақты дамып кеткен. Меніңше, адамзат өзінің адамшылығын дамытуға бет бұрмаса, экологияға, экономикаға, жалпы жер шарына үлкен қауіп төнеді", - дейді Х.Қожа-Ахмет. Үміткердің айтуынша, бағдарлама саяси-философиялық сипатқа ие. Қазір жазушы осы тақырыпқа арнап кітап жазып жатыр.
Кеңестер одағы кезінде Х.Қожа-Ахмет ұлтшыл деген айыппен екі рет сотты болды. Соңғы рет 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, 4 жылға сотталған. Алайда белді қоғам қайреткерлерінің арқасында екі жылдан кейін бостандыққа шықты. "Одан кейін Қазақстан тәуелсіздігін жариялауды талап етіп, акция жасап жүрген кезде сайлау басталып кетті. Сол кезде "Желтоқсан" демократиялық партиясы мені президенттікке кандидат ретінде ұсынған. Мен болсам, басшыға қарсы шығуға болмайды деген халық ішіндегі тоталитарлық үрей жойылсын деп сайлау бәсекесіне түскенмін. Міне, мен қарсы шығамын. Қарсы болғанда, заңмен. Заң бар ғой. Ол рұқсат етіп отыр. Неге қорқу керек?", - дейді Х.Қожа-Ахмет.
Ал "Сол кезден бері не өзгерді?" деген сұраққа: "Сол кезден бері...(күлді) үлкен өзгеріс болды деп айтуға болады. Одақ тарады. Бірақ сол одақтан қалған тоталитарлық психология әлі бізбен бірге келе жатыр. Халық санасында да, мемлекеттік қызметте жүргендердің санасында да әлі де сол сталиндік механизм бар. Халықты таптап-жаншу арқылы ғана басқаруға болады деген психология әлі көп өзгеріске ұшырамай жатыр. Ол Қазақстанда ғана емес, ол бүкіл посткеңестік елдердің бәрінде де бар. Балтық жағалауы елдерін айтпағанда, басқа жерлердің барлығында, өкінішке орай, үрейде ұстап басқару сақталған. Сол үрейді жою үшін біз де сайлауға түсеміз. Айтатынымызды айтамыз", - деп атап көрсетті Х.Қожа-Ахмет.
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу