Батыс пен шығысты қасаң стереотиптер бөлмеуі тиіс
Кеше Алматыда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның бірқатар саясаттанушылары бас қосты. Орталық Азиялық демократияны дамыту қоры мен литвалық геосаяси зерттеу орталығының ұйытқы болуымен өткен дөңгелек үстелде Еуропа мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас мәселесі талқыға салынды.
Жиында сөз алған Орталық Азия мемлекеттерінің сарапшылары алыс Еуропамен ынтымақтастықтан бұрын, аймақтағы сенімділікті нығайту керектігін алға тартты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өңірдегі интеграция мәселесіне аса мүдделі екенін әрдайым еске салып келеді. Алайда айналдырған бес мемлекеттің ортақ мәмілеге келе алмай жатқанына 20 жылға жуықтапты. Саясаттанушы ғалымдар Еуропа елдері мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтеріле алмағанын айтады. Өзбек ғалымы Фарход Толипов Орталық Азияны жеке бір аймақ ретінде қарастыруға құлықсыз халықаралық қатынастар ғылымының көне көзқарастарына түбегейлі өзгерістер қажеттігін айтып салды. Еуроцентристік көзқарастармен жазылған халықаралық қатынастар ғылымының кейбір парақтарын қайта қарауға мүдделі орта табылса құба-құп. Аркадий Дубнов: «Еуропа мен Орталық Азияның мемлекеттері бірнеше ұйымға мүше болғанымен, батыс пен шығыс арасындағы стереотиптің қалыптасқаны жасырын емес», – деді. Саяси шолушы бір айдан кейін Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде осы мәселе күн тәртібіне шығарылады деген үмітін білдірді. «Батыс пен шығыс арасындағы тоңды жібіту үшін қандай қадамдар жасау керек?» деген мәселені тақырып еткен басқосуға өзіндік ұсыныс-пікірлерімен келген шетелдік сарапшылардың пікірін білген едік.
Грета Тучкуте, Литва геосаяси зерттеулер орталығының директоры:
– Бүгінгі көтеріліп отырған батыс пен шығыс арасындағы қарым-қатынасты жоғары деңгейде көтеру мәселесін алғаш рет Қазақстанға ЕҚЫҰ эстафетасы тапсырылар сәтте Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Бейнежолдауда бір ұйымға мүше бола тұра, қарама-қайшы ұстанымдары бар, мүдделері әртүрлі мемлекеттердің арасын жақындатуды Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде қолға алатыны туралы айтылды. Меніңше, сіздің ел төрағалық етудегі алғашқы 10 айды сәтті өткізді. Ұйым территориясындағы жанжалды аймақтардағы проблемаларды барынша реттеуге тырысты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты іргелі құрылымды шығыстық елдің де басқара алатынын дәлелдеді. Бір жылдық жұмыстың қорытындысы тура бір айдан кейін Астана қаласында өткізілетін саммит барысында шығарылады деп ойлаймын. Қырықтан астам елдің басшылары келетін сол жиында Қазақстанның жұмысына лайықты баға берілуі тиіс. Әрине, бір жыл – дипломатиялық жұмыстар үшін өте қысқа мерзім. Десе де, көзге көрінетін іс тындырған сіздің ел келесі жылы төрағалық эстафетасын қолына алатын менің еліме үлгі болуы керек деп ойлаймын. Литва биылғы төрағаның тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстанның бастамаларын әрі қарай жалғастырары сөзсіз. Сабақтастық үзілмесе, ұйымның да беделі арта береді.
Рашид Абдулло, тәуелсіз саясаттанушы (Тәжікстан):
– ЕҚЫҰ еуроцентристік көзқараспен құрылған ұйым екенін жалпақ әлем жақсы біледі. Ұйымның атқаруы тиіс жұмыстарының аясы тарылып кеткен еді. Қазақстан бір жылдың ішінде ұйымның бойына қан жүгірткендей болды. Сонымен қатар Қазақстан шығыстық мемлекеттің, мұсылман елдің халықаралық беделді ұйымды басқара алатынына көпшіліктің көзін жеткізді. Шыны керек, еуропалық державалар Орталық Азияны өз мүдделеріне ғана пайдаланғысы келеді. Халықаралық масштабтағы мәселелерге келгенде бізді көзге ілмей, жеке мүдделеріне келгенде ғана көңілімізді тауып жүретін. Бәлкім, жас мемлекеттердің қолынан ештеңе келмейді деп ойлайтын болуы керек. Бірақ Қазақстан осындай қасаң стереотиптерге нүкте қойғандай болды. Мұны мен ғана емес, барлық сарапшылар жақсы түсінеді. Тіпті Ыстамбұл саммитінен кейін бас қоса алмаған мемлекет басшылары Астанада бас қосуды құп көріп отыр. Осыған қарап-ақ, Қазақстанның Орталық Азияда ғана емес, халықаралық қауымдастық алдында да қандай беделге ие болғанын бағамдай беру керек шығар.
Түйін
Батыс шығысқа қанша қырын қарағанымен, дүние алма-кезек. Мұсылман ренессансынан кейін ғана Еуропаның қайта өрлеуі орын алған. Яғни өркениеттер ауысып отырады. Осыдан барып халықаралық саясатта өркениеттің ауысуы деген ұғым қалыптасты. Қазіргі кезеңдегі демографиялық жарылыс болып жатқан шығыс пен демографиялық дағдарыста қалған батыстың ертеңгі қарым-қатынасында адам капиталы да үлкен әсер етпек. Сондықтан қалыптасқан қасаң стереотиптерді жою бүгіннен басталуы керек шығар.