Берік Уәли жаңа қызметке тағайындалды
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесі мүшелерінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақстан» РТРК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Бұл ақпаратты бүгін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы таратты.
Берік Уәлидің қазіргі уақытта Президенттің баспасөз қызметі лауазымын атқаратындығы белгілі.
Директорлар кеңесі жоғарыда айтылған сайланбалы, яғни, өкілетті орын болып табылады. Берік Уәли аталған кеңестің төрағасы қызметіне 2019 жылы сайланған. Яғни, төрағалыққа ол осыменен екінші қайтара сайланып отыр.
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Қоғамның жоғары басқару органы - Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атынан Жалғыз акционер болып табылады.
Акционердің мүдделерін қамтамасыз етуді бақылау және құқықтарын сақтауды Қоғамның стратегиялық басқару органы болып табылатын Директорлар кеңесі жүзеге асырады.
Қоғамның ағымдағы қызметіне Басқарма басшылық етеді.
Қазіргі уақытта «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметін Ләззат Танысбай атқарады. Ол бұл қызметке 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын.