Дербес деректерді қорғау туралы заң қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете ала ма?
Жеке басыңыз, туған-туысыңыз, мал-мүлкіңіз жайлы ақпараттың қоғамға ашық болғанын қалар ма едіңіз? Мұндайды қалайтын адамдар кемде-кем. Сондықтан «Дербес деректерді қорғау туралы» заң жобасы көптің көңілінен шықпай жатқан сияқты. Аталған заңға қарсы шығып жатқандардың басым көпшілігі жеке азамат туралы ақпараттың құпия сақталмай, түрлі «есіктер» мен «тесіктерден» сыртқа шығып кетіп, қоғамға жариялы болып қалуынан сескенеді. Енді біреулерге «бұл жоба қазақстандықтардың еркіндігіне нұқсан келтіреді» деген күдігін жасырмайды.
Қалай десек те, бұл тақырып қазір қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Жуырда оны Мәжіліс талқылап, депутаттар аталған заң жобасының кем-кетігін көрсетіп берген болса, енді оны сарапшылар қауымы ортаға алып қарастыруда. Саяси шешімдер институтының бастамасымен өткен сарапшылар клубының отырысында «Дербес деректерді қорғау туралы» заң жобасының артықшылықтары мен кемшіліктері, болуы мүмкін салдары мен зардабы сөз болды.
Жалпы, заң жобасы бойынша азаматтар туралы дербес деректің тізіміне мыналар кіреді: азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты, ұлты, жынысы, туған күні, жері, ИИН, тұрғылықты жері, байланыс құралының абоненттік саны, қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкі, білімі, кәсібі және биометриялық дербес деректері. Заң жобасында азаматтар жөнінде дерек жинау олардың рұқсатымен жүзеге асады делінген. Сөйте тұра, ол заң бойынша міндеттелінетін себептер көрсетіледі, яғни: құқықтық тәртіптің сақталуы, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, халық санағы және әскери қызметке байланысты жүзеге асырылады. Ал жеке тұлғаның келісімінсіз мәлімет жинау – тек лаңкестікке қарсы бақылау, барлау, жедел іздестіру шаралары кезінде, сонымен қатар мемлекеттік құпия деректеріне және азаматтардың өмірі мен денсаулығына, заңды мүдделеріне орай қолданылады.
Жалпы, әлемнің көптеген елдерінде азаматтар жөніндегі мәліметтер қоры бар және ол бұрыннан жинақталған. Ал оған қатысты заң жобасы «Дербес деректерді қорғау туралы заң» деп аталады. Атауы көрсетіп тұрғандай, мұндағы негізгі басымдық сол деректердің құпиялығын қорғауды көздейді. Яғни мемлекетте өзінің азаматтары жөніндегі мәліметтердің қоры болған дұрыс, бірақ ол үшін мәліметтерді тиісті деңгейде қорғай алатын қабілеті болуы керек.
Саяси шешімдер институтының сарапшылары «Дербес деректерді қорғау туралы» заң жобасында негізінен сол деректердің қорғалуына қатысты көптеген олқылықтар кеткенін айтады. Әлішер Тастеновтің айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың мәліметтер қоры банктердегідей жоғары деңгейде қорғалмайды. Яғни азаматтар жөніндегі мәліметтер мемлекеттік мекемелердің қолында электронды түрде сақталатын болса, олардың сайттарын бұзып кіріп, барлық ақпаратқа қол жеткізуге сауаты жететін қылмыскерлер жетерлік. Қазақстан Ұлттық телекоммуникациялар қауымдастығының директоры Евгений Малишевский «жеке адам туралы жинақталған барлық ақпараттың қылмыскердің қолына түсуі қорқынышты жағдай болар еді» дегенді айтады. «Әр адам өз өмірінде сан түрлі құжаттар жинайды. Сондай-ақ мекемелер де жекелеген адамдарға қатысты мәліметтерді қағаз жүзінде жинақтайды. Соның себебінен қағаз құжаттар тау-тау болып үйіліп кетеді. Ал оның электронды форматқа өтуі, әрине, қуантарлық жағдай. Дегенмен оның қауіпсіздігіне кепілдік бере алмаса, одан гөрі бұрынғы қағазымыз жақсы болып шығады. Ақпараттың құпиялылығы мен қауіпсіздігі осы заң жобасының күн тәртібінде бірінші болып тұруы керек еді», – дейді Е.Малишевский. «Қазақстанның Интернет қауымдастығының» вице-президенті Александр Ляхов бұл бастаманы жата кеп жамандай берудің қажеті жоқ дегенді айтады. «Азаматтар жөнінде дербес мәлімет жинап, оны электронды жүйеге орнату заман талабы болып есептеледі. Осыдан екі жыл бұрын Евгений Касперский әлемге интернет-төлқұжат енгізуді ұсынған болатын. Алайда жалпы жұртшылық бұл бастаманы сынға алып, сөгіп, іске жарамсыз етіп тастады. Алайда көп ұзамай-ақ сол бастаманы Барак Обама қайта көтерді және жақын болашақта АҚШ-та енгізілгелі жатыр. Меніңше, бұл бастамаға қарсы шығудың орнына оны қалай жүзеге асырамыз деген бағытта ой қосу керек», – деді ол.
Сергей ЗЛОТНИКОВ, «Транспаренси Қазақстан» қорының атқарушы директоры:
– Қазір бізде Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік мекемелерде ақпараттың қалай құпия сақталатынын сол орталықтардан-ақ көруге болады. ХҚО-ларда 6-7 мәлімет қоры бар. Солардың барлығы сатылады. Сол мәліметтер бір қолдан бір қолға заңсыз өте береді. Басқаны былай қойғанда, қылмыскерлер де пайдаланады. Бізде қаржылық мониторинг туралы заң бар, ол да тиісті деңгейде қорғалып жатқан жоқ. Бір әйел жеке куәлігін жоғалтып алған екен. Оны тауып алған екінші біреу сол құжатпен СТН және ӘЖК жасатып алып, несие алған. Ал мына дерек қорында жеке адам туралы барлық мәліметтер жинақталады. Ал ол қолды болып жатса қандай былыққа айналары түсініксіз.
Петр СВОИК, Монополияға қарсы қоғамдық комитет төрағасы:
– Мұндай заңның қолданысқа енуін қолдаймын. Қазіргі жағдайда адамдардың барлығы ақпараттық қоғамның объектілері мен субъектілеріне айналып отыр. Сондықтан бұл бізге қажет нәрсе. Әрине, кемшіліктер айтылып жүр. Бірақ оның барлығы уақытша деп ойлаймын. Қазір оны түзететін мамандар бар. Дегенмен, меніңше, ақпараттың таралуы мәселесіне қатысты жеке бір кодекс болуы керек сияқты. Ақпараттандыру дегеніміз не, жеке дерек дегеніміз не, қандай жағдайда оны тарату заңсыз болады деген сияқты түсінікті талаптар болуы керек.